ӘСКЕРИ ШЕРУ: ӘЛДЕКІМГЕ БІЛЕК КӨРСЕТТІК...
7 мамыр былтыр елбасының жарлығымен мемлекеттік мерекелер қатарына ілікті. Бұл шешімнің – саяси сипаты басым, өз армиясы мен оның құрылған күнін арнайы мемлекеттік мереке ретінде тұту, басқа елдің армиясына жүгінбеудің бір мегземі, көрсеткіші.
Әрине, Ресей тарапынан Қазақ даласын қорғауды сылтауратып, оның шекарасын не әуе кеңістігін ортақ әскери кеңістікке айналдырудың неше алуан қитұрқысы ұсынылуда. Әзірге бұлқынудамыз...
Оған дәйек кеше ғана өткен әскери шеру. Бұл жолы халық тарапынан қазақ әскеріне деген ынта ерекше болды. Кейбір сарапшылардың пікірінше 100 мыңға тарта астаналықтар мен қонақтар Қазақ елі алаңына, Тәуелсіздік даңғылына жиналған. Жеңіл көліктердің ұзын саны бірнеше мыңға таяп, сол маңайдың қуыс-қолтығын толтырды.
7 мамыр - халық пен әскер біріккен күнге айналды. Жұрт әскери техникаға қызыға қарап, сарбаздармен бірге фотоға түсіп жатты...
Шеру жинақы, ұйымшылдықпен өтті. Адуын желдің ұйытқысы жиналғандардың біршама күдігін келтіргенімен, ұшақтардың ұшысына кедергі болған жоқ, керісінше аспанда жадыраған күн, ауада ескен самал ондаған ауыр әскери техника отынының иісін лезде аластап тұрды.
Әскер басылары түгелімен қазақтанғаны алаңға жиналған біршама қазақ емес жандарға ғана емес, әлемге аян етілді. Демек, әскери мамандар қазақтандырылу сатысына өтті деген сөз. Ол сатыдан өтіп қоймай, аса биік ұшу деңгейін аспанға Бәйтерек бейнесін сызған әскери ұшқыштардың шеберлігі көрсетті. Халық пен әскер бір бірімен осылай табысты: мыңдап жиналған жұрт әскерге үлкен міндет пен жауап жүктесе, әскер өз тарапынан біршама күдікті сейілтті. Ентелеген әлдекімге білек көрсетіп, ішкі-сыртқы арандатуға әзір екенімізді байқатты.
Abai.kz