Акция. Ақсудың азаматтары
Алматы облысына қарасты Ақсу ауданында «Туыңды туған жеріңе тік» атты акция басталды.
Акцияның негізгі мақсаты – ауданның экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайы мен мәдениетін көтеру бағытында ауданға инвестициялар тарту көлемін барынша жеделдету және молайту, осы жұмысқа аудан аумағындағы белді кәсіпкерлер мен ауданнан шыққан елге танымал іскер азаматтарды, ірі бизнес құрылымдары басшыларын кеңінен тарту, азаматтардың бойында қазақстандық отансүйгіштікті, елжандылықты, өздері туып-өскен атажұрты алдындағы азаматтық борыштарын өтеу сезімін қалыптастыру болып табылады.
Акцияны» өткізуге байланысты атқарылуы тиіс дайындық және ұйымдастырушылық шаралары белгіленді. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар басталып, атқарылуда.
«Акцияның» басты бағыттары:
1. Ауыл шаруашылығы саласында интенсивтік және озық технологияларды кеңінен енгізу арқылы егін және мал шаруашылығын, тағы басқа да тың салаларды (құс, балық,....) барынша дамыту, өңдеу орындарын ашу;
2. Аудан аумағында өнеркәсіп пен өндірістің жаңа орындарын ашу. Шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа бағыттары мен түрлерін кеңінен енгізу, сол арқылы оның аудан экономикасындағы үлестік көлемін арттыру;
3. Ауданда «Жасыл экономиканы» - экологиялық таза, құны арзан энергия көздерін (су, жел, күн энергиясын өндіретін және пайдаланатын құрылыстар салу, қондырғылар орнату,....) кеңінен енгізу ;
4. Аудан халқын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлер (арендалық, несиелік, сату жолдарымен жүзеге асырылатын) құрылыстар жүргізу;
5. Ауданның елді мекендерін қажетті инфрақұрылымдармен, коммуналдық-шаруашылық және тұрмыстық қызмет көрсету нысандарымен толық қамтамасыз ету, олардың сыртқы келбетін жақсарту бағытындағы көркейту, абаттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу;
6. Ауданның білім, денсаулық сақтау, мәдениет-өнер, спорт және басқа да әлеуметтік салалары нысандарының материалдық-техникалық базаларын уақыттың өскелең талаптарына сай нығайту, жұмыс жүргізудің озық, жаңа ииновациялық әдістері мен шығармашылық бағыттарын барынша енгізу болып табылады.
Ізгілікті іске сәттілік тілейік!
Әділбек Далбағаев, Ақсу ауданының әкімі
Серікбек Серпербаев, Аудандық мәслихат хатшысы
P.S. Ақсу-Қапалдан мойыны озып шыққан азаматтар, ғалымдар, бизнес өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері мына үндеуден қалыс қалмайды деген ойдамыз. Байтақ қазақ даласының бар ауыл-аймағы өсіп-өркендеп, шат-шадымен тұрмыс кешуіне бәріміз бек мүдделіміз. Сол үшін де әр азамат игіліктердің бастауын өзінің туған-өскен жеріне жасаса, оның еш айыбы жоқ шығар. Ілияс даңқын асырған ағынды Ақсудың азаматтары, акциядан қалыс қалмаңыздар!
Abai.kz