МЫҚТЫ ҰЛТ БОЛУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ – НАМЫС
Халықаралық байланыстарда кейбір ақылгөйлердің алға тартатыны: амал нешік, жетіскеннен емес, алып державаларға бас имесек, айтқанына көнбесек, басып алады. Басып алмаса да, қиын сәтте қорғамайды, өйтсе болды, елімізді басқа державалар жаулап алмақ сықылды.
Осындайда Израиль деген кішігірім мемлекет тәжірибесі есіме түседі. 1947 жылы құрылған аталмыш ел халқының саны болғаны жарты миллионға жетер жетпестей еді. Сөйтсе де, айналасы 120 миллионнан астам жаугер араб елдері болса да, еш мойымады. Содан бері екі арада майдаларын былай қойғанда, ірі соғыс оты алты мәрте тұтанды және оның бәрінде еврейлер, яки жәһүдтер жеңіске жетті. Қалайша? Жауап біреу: намыс, сол намыстың арқасында кішкентай бір нәрседен айрылғандық түбінде қолдағы бармен қош айтысқанмен тең екенін дер кезінде аңғару. Сондықтан болар, жұмылған еврейлер әр соғысты өмірі мен ары жолында ақырғы арпалыс ретінде қабылдады. Арабтар болса, бүгін жеңілсек, ертең жеңерміз деген өзді-өзін жұбату кесірінен жеңілістен бас көтермеді. Дәп сол жігер, ұлттық болмысын асқақтату арқасында бүгінде Израиль әлемдегі ең дамыған әрі қуатты мемлекеттер санатына енді. Демек, ұлттың өркендеуі мен мемлекет игілігі әлдебіреу алдында иіліп құл болғаннан туындамасы анық. Құлдық сана-сезім құлдықтан басқа ешнәрсеге әкелмек емес. Мықты ұлт, гүлденген экономика, берекелі мемлектет, ұлағатты қоғам болудың жалғыз көзі – НАМЫС.
Расул Жұмалы, саясаттанушы.
facebook парақшасынан алынды.