1012,23 ГЕКТАР ЖЕР ҚЫТАЙЛАРҒА ЖАЛҒА БЕРІЛГЕН
“Қазақ-Зерно” атты басылымның тілшісі Өңірлік даму министрлігіне еліміздегі ауылшаруашылығына пайдалануға арналған қанша гектар жердің шетелдік кәсіпорындарға пайдалануға берілгені туралы сауал қойды.
Министрліктің Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Қазыбек Чиканаевтың хабарлауы бойынша, 2014 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет мынадай: шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға пайдалануға 23588,9 гектар жер берілген, соның ішінде, Қытайдың заңды тұлғаларына 1012,23 гектар жер телімдері жалға бөлініпті.
Ең сорақылығы сол: бұл комитет кімнің негізгі жалға алушы (арендатор), ал, кімнің жанама жалға алушы (субарендатор) екендігін білмейтін болып шықты.
Сонда әрбір жерді жалға алаушының кім екендігін, қайдан келгендігін білмесе, оның жеке немесе заңды тұлға екендігі туралы мониторинг жасамаса, аталған мемлекеттік орган немен айналысып отыр?..
Жер кодексінің 16 бабына сәйкес жер телімдерін беру жергілікті атқарушы биліктің құзыры болғандықтан, министрлік жауапкершіліктен қашқақтаған сыңай танытады...
Осының арасында кейбір БАҚ-тарда Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында қытай инвестициясы тартылып, мамандары мен арнайы техникалары жеткізіліп, бұршақ егуге бірнеше мың гектар жердің бөлінгені туралы хабар тарады.
Шетел қаржыларын тартуды, әлемдегі алдыңғы қатарлы технологияны ендіруді, елдің ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекелестігін арттыруды сылтау еткен билік, өкінішке қарай, былтырғы жылдың көктемінде қазақтың төрт түлігін қырып кеткен аусыл дертінің Қытайдан келгендігін естен шығарып алды...
...Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың қайсар тұлғасы Мұхтар ШАХАНОВ бастаған қазақ қоғамының белсенді басым бөлігі аштық жариялап, Қытайдың қазақ топырағында бұршақ егуіне қарсылық білдіріп, биліктің бетін қайтарып еді. Енді бұл бітпес “жыр” өңір басшысымақтарының деңгейіне түсіріліп, жаңаша “шырқала” бастады...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Abai.kz