Сейсенбі, 26 Қараша 2024
46 - сөз 7396 0 пікір 22 Сәуір, 2014 сағат 12:15

Дәурен Қуат. ИТ ТЕ ЕМЕС, БҰРАЛҚЫ ЕКЕН

«Күшік асырап ит еттім». Жо-жоқ, мен көргенде ол бес-алты қар басқан кәдімгі ит еді. Азу тісі де жетілген. Арп етіп әркімді балақтан ала түсетін. Иттің иттігі емес пе, мені көрген бойда қожайын тұтып артымнан еріп алған. «Иттің сіңгені жақсы». «Сіңген ит құт әкеледі» дейтін бұрынғылар. Содан мен итімнің атын «Құтжол» қойсам ба деп жүрдім. Бірақ, анау-мынау шаруаға алданып, әлгі итіме «ен салып, есім беруді» ұмытыппын. Кейде адамды жаңғалақтығы мен жалқаулығының өзі жақсылыққа бастап тұрады емес пе?.. Сол итке кезінде «Құтжол» деп ат қоймағаным дұрыс болыпты. Әйтпесе осы күні (әлгі бұралқыны қойшы) иесі мен иесінің мүкәмал-мүлкін ұры-қарыға алдырмайтын «құтжолдар» мен «бөрібасарлардың»  алдында ұятқа қалар едім.

Ит деген ит болса ғой, шіркін. Түні бойы саңқылдап үріп, қора күзетіп, атты адамды алып түсердей айбат шексе, арман бар ма? Біздікі ит емес, бұралқы болып шықты. Соның жаныаяулы жақсыларға шабалаңдағанынан тіксініп жүруші едім. Талай рет өзіне «иттің жаманы иесіне сөз келтіреді, балақ көрсең бас салуды қой» деп ескерттіп те бақтым. Алайда ол мені тыңдамады. Кемік қажап кетілген тістерін ырситып, тілін салақтатып, аузынан қан-жынын ақтарып, абалаудан тиылмады. Ақыры қарасын батырған. Сонысының өзін жақсыға жорып: «Жақсы ит өлігін көрсетпейді», - дегем. Сөйтсем, бұралқы немеге жуынды табылса болды екен ғой, жаңа қожайын тауыпты. Бір кезде соны қапқан еді. Жаңа қожайын бұралқының сол кездегі «иттігін» ұмытқан ба, әлде, әдейі аяқ-табағын жалатып жүр ме, оны, әрине, өзі біледі. Және ол бұралқыны құйрығын бұтына қыстыртып қуып жіберетінін де жақсы біледі. Тек бұралқы ғана ештеңден қаперсіз. Шәңк-шәңк етеді. Маған тіпті ызалы өзі.

«Біреуге әкесіндей жақсылық жасағың келеді. Алайда ол сені әкеңнен боқтап кетеді» деген – осы, жігіттер. Адамның арасында да әлгі бұралқы сияқтылар аз ба? Соны әрдайым ескере жүрген жөн екен.

Abai.kz     

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006