Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 9071 0 пікір 22 Сәуір, 2014 сағат 10:19

АҚИҚАТТАН АЛЫСТАҒАН АРАНДАТУШЫЛАР!

Апта алдын елді дүр еткізген оқиға былай басталған еді: Жұмыр жер бетінде тіршілік еткен саналы пенделер арасынан дараланып, күллі жаханға есімі мәшхүр болған кісілер жайлы ақпарат беретін, айына бір рет баспадан шығатын «Жұлдыздар отбасы-Аңыз адам» жорналының осы айдағы саны күллі адамзат баласына ортақ қайғы әкелген, фашизим басшысы - Адольф Гитлерге арналды.

         Мұнда не тұр? Кім Гитлер жайлы жазбай жатыр?

Ия, осындай ойда едік, бірақ аяқ астынан сәуірдің 18-і күні әлеуметтік желі бетінде жарыса жарияланып кеткен пікірлерден соң ойланып-ақ қалдық. Сансыз пікірлер туындатқаны сол, жорналдың Гитлерге арналуы. Бүгінде «тірі Гитлерлер» қаптаған заманда, жаны жаханнамға кеткен ол байғұсты насихаттау кімге керек болды? Жә, жарыса Гитлерді «насихаттады» дегендей, расында аталған жорнал Гитлерді насихаттады ма?

         Жорнал жарыққа шықпай тұрып  осы басылымның бас редакторы Жарылқап Қалыбай Facebook әлеуметтік желісінде басылымның келесі санында Адольф Гитлер туралы жазылатыны, бірақ, ол дегені Гитлерді насихаттау емес, адамзат баласына орасан қайғы-қасірет алып келген жауыз диктатор жайлы тарихи шындықты жазу екендігі ашық айтылған еді.

         Дегенмен мұқабадағы Адольф Гитлердің «Аңыз адам» деген атаудың астында бейнесі бейнеленгенін және ішкі беттегі мақалалардың бірінің атауы «Гитлер – фашист емес, ұлы тұлға» деп аталуы оның ашық насихатталуы деген пікірге көпшілік тоқтап өтіпті. Дегенмен, зер сала қарасаңыз мұқабада Гитлер бейнесі жанына «Адамзат қасіреті» деп анық етіп жазып қойылған... . Көрмес түйені де көрмес, демекші, ақиқатты емес, қазақ жорналын жабу ниетіндегі арандатушылардың әзірге көргені сол «Аңыз адам» жазуы болып тұр... .

         Өмірі асығыс жүретін Байланыс және ақпарат агенттігіміз де: «Аңыз адамның» мазмұнында Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңнамасын бұзушылық, атап айтқанда әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру (ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы) белгілері бар. Аталған факті бойынша агенттік тиісті шаралар қабылдауда» деп, БАҚ арқылы таратыпта үлгеріпті.

Айтар уәжі: журналист Нағашыбай Есмырза «Гитлер фашист емес» деген тақырыппен жариялаған мақаласы Гитлерді және фашистік идеологияларды ақтап алуға  арналған.

«ДАУДЫҢ БАСЫ, ДАЙРАБАЙДЫҢ СИЫРЫ»

«Аңыз адам» журналын айыптаушылармен сынға алушылар пікірі интернет газеттер мен әлеуметтік желілердің бетінде қаптап кеткен. Ресейлік regnum.ru сайты «Аңыз адам» журналы «бұл материалды Адольф Гитлердің 125 жылдығына арнаған, фашистік идеологияны ақтап алуды көздеген және Ресей президенті Владимир Путинді Гитлермен салыстырған» деген пікір білдіріп өтті.

Ия Путинді Гитлермен салыстырған екен, Жириновский-Лимоновтардың әрекетіне жауап бермеген орыс алдында, біздің журнал не үшін айыпты екен? Осы орында Бекболат Тілекханның сөзі ойға түседі: «Жириновский-Лимоновтардың арандатуына өзiмiздiң азаматтардың "түсiп" қалуы кездейсоқтық па, әлде арнайы жоба ма? Арзан популизм аса қауiптi!»

Facebook әлеуметтік желісінде «Аңыз адам» журналындағы Гитлер туралы жарияланған материалдарға қарама-қайшы, түрлі пікірлер айтылуда. Бірі елімізде Гитлерді ашықтан ашық насихаттаушылар жазаға тартылуы керек деген ойға келсе, екіншісі, Гитлер насихатталып жатқан жоқ, сондықтан да оның кім екендігін ашығырақ оқып білген дұрыс деген пікір айтады.  

         Ең сорақысы – «Аңыз адамның»  2011 жылғы қыркүйек айындағы санын «Қызыл террор» аталған 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің бас ұйымдастырушысы  Йосиф Сталинге арнағанда  біздің осы агенттігіміз ләм мим деп жақ ашпаған еді.

         Жарылқапты қаралап жатқан қазақ журналистері де аз емес екен. Кеше ғана ұлттың мәселесі айтылса, ұстамасы ұстап қалатын, үнемі үрей шақырып отыратын бір порталда жарияланған    мақала осы сөзімізге дәлел. 

         «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші,  Гитлер туралы материалдар топтамасының  «Аңыз адамда» Жеңіс күні қарсаңында шығуы да кейбіреулердің шымына тигендей, әйтпесе, әлемде Гитлердің суреті басылған жорнал шықпады дейсіз бе? Бұл да бір арандатушылық қой, орыс тілді басылымдардың бейбіт күнде «тырнақ астынан кір іздеуі» секілді!

 Жарылқап жазса, ескертіп жазды...

Басылым басшысы Жарылқап Қалыбай Facebook-тегі парақшасы арқылы: келесі жорнал саны Гитлерге арналатындығын, кімде қандай ұсыныс бар екендігін сұрағанда, пікір қалдырған оқырмандардың кейбірінен «Путинмен салыстырып жазсаңыздар» деген ұсыныс түскен, жауап ретінде Жарылқап Қалыбай: «Гитлерді Путинмен салыстыру мақсаты үшін   жазатынын» хабарлаған. Жарылқап Қалыбайдың бұл пікірі Адольф Гитлер туралы «Аңыз адам» журналының сәуір айындағы 8-нөмірінде де қайталанған. «Біз не үшін Адольф Гитлерді жазып отырмыз?» дейтін алғашқы беттегі түсіндірме мақаласында ол екі себепті көрсетеді: «Бірінші, мемлекет басына, Адольф Гитлер сияқты адам кездейсоқ келіп қалған жағдайда, оған ерген бүкіл халықтың орға жығылатынын көрсету үшін, екінші, ұлтшылдық-шовинистік идеяны қайта жалаулатып келе жатқан Ресей империясының қазіргі билігінің аса қауіпті саясатынан қорғану мақсатында жазып отырмыз!»

         Жарылқап «Ресей империясының аса қауіпті саясаты» деп Кремльдің Украина мен Қырымдағы әскери әрекеті мен Еуразиялық интеграциялық одақтарды жеделдету ниетін меңзейді. Ақиқаты да сол, Путин қарусыз-ақ Украинаның бір бөлігін «басып» алған жоқ па? Путинді сынға алу үшін Путинен рұқсат сұралмайды... .

«МАЙДАН», «АҢЫЗ АДАМ»...

Кеше (21.04.2014 ж) Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында ауған соғысы ардагерлері ұйымының бірнеше  өкілі Адольф Гитлер туралы материалдар басқан «Аңыз адам» журналына қатысты наразылық акциясын өткізді.

Ұйымдастырушылар жорналдың Гитлерге нөмір арнауын айыптап, «Фашизмнің қайта тірілуіне жол жоқ!» деген ұран ұстап шыққан. Белсенділер жорналдың Гитлерге арналған нөмірін өртеп жіберді.

Акция өтіп жатқан кезде жорналда фашизмді қолдайтын емеурін жоғын айтпақ болған бір адамды «фашизмге қарсы»  белсенділер сөйлетпеуге тырысқан. Әлгі адамды «кім екенін анықтау үшін» полиция өкілдері ұстап әкеткен... .

Алланың өзі сақтасын, өздері тұтандырған шоқ отқа айналған украиндарға ұқсағандай болды. Бізде де сол алаңда қазақ жорналы бықсып жанды, артында біреу күліп тұрғандай... .

Ботакөз Жүсіп деп еді: "Аңыз адам"тарихта қалады ғой деп жүрсем, аяқ астынан табан астында қалды-ау! "Атың шықпаса жер өрте"деп жүргенде журнал өртенді... Сөз-ақ қой. Ел болып, халық болып әлдекімдердің сойылын соққанша, ақиқатты көре білейік. Келешектен от болып жанатын жорналдарды емес, ішіндегі мақалалары «өрт» болып жанатын жорналдарды көрейік. Жорнал біздікі, абыройы да қазақтікі, арандатушылардың соңынан ермейік!!!

Қожакелді Алданов, тәуелсіз тілші.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5292