СІМ: Журналдың Гитлерге арналған саны - өрескел жайт
Сыртқы істер министрлігі «Аңыз адам» журналының Гитлер туралы сегізінші санына қатысты мәлімдеме таратты.
Аңыз адам журналындағы Гитлер туралы ақпаратқа қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Баспасөз қызметінің түсініктемесі
"Адамзат тарихындағы ең қанішер залымдардың біріне арналған бұл журналдың шығуын мүлдем орынсыз және өрескел жайт деп санаймыз.
Бұл миллиондаған адамдардың, әсіресе фашизмге қарсы қайсарлықпен күрескен, отанымызды жан түршіктірген гитлерлік машинадан қорғаған Ұлы отан соғысы ардагерлерінің және соғыс алаңында қаза тапқан жауынгерлердің сезімдері мен жадын жәбірлеушілік деп білеміз.
Қазіргі таңда Қазақстанның құзыретті органдары аталған журналдың мазмұнына қатысты Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамаларына қарама-қайшылығы тұрғысынан заңды баға берумен айналысуда, соның нәтижелері бойынша қорытындылар шығарылып, тиісті шаралар қолданылатын болады.
Аталмыш басылымның шығуына байланысты Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінен нота келіп түсті, оған жауап дипломатиялық арналар арқылы жолданатын болады».
Бұған дейін яғни, 18 сәуір күні Қазақстандағы Ресей елшілігі Қазақстанның ішкі саясат мекемесіне «Аңыз адам» журналының кезекті санының Гитлерге арналуына қатысты арнайы нота жіберген. Онда «екінші дүниежүзілік соғыстың 69 жылдығы қарсаңында мұндай дүниелердің жарық көруі қорлау болып табылады, сондықтан Қазақстан аумағында мұндай дүниелердің жарық көруіне жол бермуге және журналдың Гитлер туралы санына нақты ресми баға беріп, шара қолдануға шақырамыз» делінген.
Abai.kz