Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 13759 0 пікір 19 Сәуір, 2014 сағат 18:42

«Қазақстан-2050»: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті

 

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан-2050»  Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы болып өтті. Оның жұмысын Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, сөз сөйледі.

18-04-01

18-04-02

«Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті

Қымбатты отандастар!

Қадірменді қауым!

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының 21 сессиясының ашылуымен баршаңызды шын жүрегімнен құттықтаймын!

Ұлы Жамбыл ақынның «Жі­герлі болса ер болар, Бірлікті бол­са ел болар» деген сөзі бар. Бүгінгі сессияның өзегі – бейбіт­шілік, руханият және келісім мәде­ниеті біздің осындай бірлікті Ел болуымыздың кепілі. Мәдениет – тіршіліктің тірегі, ортақ игілік­терді ұлықтап, ұлтты ұлы істерге ұйыстырудың бірегей тетігі. Бей­бітшілік, руханият пен келісім: бәрі­нің тамыры – мәдениетте. 21 ға­сыр­дың ең басты заңы – татулық!

Келісім – экономика мен сая­сат­тың, қауіпсіздіктің, өмірдің заңы. Біз келісім мәдениетін дәс­түр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Келісім мәдениеті Мәң­гілік болуы керек.

 

Құрметті Ассамблея мүшелері!

Құрметті отандастар!

Мен сіздердің бәріңізді Қа­зақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы жұмысының басталуымен құттықтаймын!

Осы залға біздің үлкен Ота­нымыздың барлық өңірлерінен өкілдер жиналып отыр! Біздің форумға бірлескен адал еңбегімен елімізді құрып және дамытып жатқан түрлі жастағы, ұрпақтар мен кәсіптердегі қазақстандықтар қатысып отыр. Мен өзінің қажырлы және еңбектегі даңқымен біздің достығымызды қорғап, мәңгілікке бекіткен барлық ардагерлерді ерекше құттықтаймын. Мен менімен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған және сол идеяға адал болғандардың бәріне ризамын. Олар күнделікті жұ­мысында бейбітшілік пен келі­сімнің ұлы қағидаттарын қорғап және дамытып келеді.

Осы залда көптеген жас­тар, соның ішінде біздің Тәуел­сіз­дігіміздің құрдастары отыр. Мен бұдан толеранттылық, дос­тық пен бауырластық идеяларын қазақстандықтардың жаңа буынының бүкіл ғасырларға қа­былдауының жақсы нышанын көремін. Бұл біздің босқа жұ­мыс істеп жатпағанымызды білдіреді! Бұл бейбітшілік пен келі­сімді сақтаушы ретіндегі Ассам­блеяның сенімді тірегін кез келген сөзден артық бейнелейді. Бүгін біздің сессиямызға ше­телдік меймандар мен дипломаттар қатысып отыр. Мен Қа­зақстанның барлық шынайы достарын шын жүректен құт­тықтаймын!

18-04-03

18-04-04

Құрметті сессияға қатысушылар!

Тәуелсіздіктің алғашқы кү­нінен біз өңірлерде, қалаларда, ау­дандарда, ауылдарда мың­даған кездесулер өткіздік. Осыдан жиыр­ма жылға  жуық уақыт бұрын, Ассамблеяны құра оты­рып, біз әлемдегі барлық мәлім болған модельдерден де озық шыға білдік. Біз халықты ор­тақ патриоттық тұғырнамада топ­тастырудың бірден-бір сенімді тетігін таптық. Оның мәні әркімге де түсінікті және қарапайым адами сұраныстарды – жұмысты, отбасындағы әл-ауқатты, балалар үшін білім беруді, денсаулықты, тұрғын үйді, қауіпсіздік пен демалысты қамтамасыз етуге кө­мектеседі.

Біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәрі­міздің мақсатымыз бір – біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз.

Бұл осы жылдар бойына Мем­лекет басшысы ретінде мен жүр­гізіп келген, жүргізіп отырған және жүргізе беретін саясат.

Тұрақтылық пен келісім – әр­бір әкімнің, әрбір басшының, әр­бір азаматтың күн сайынғы жұмы­сы!

Ассамблея әр кезде де уақыт­пен бірге қадам жасауда. Оның қолдауы біздің Тәуелсіздігіміз тарихының барлық тағдыршешті сатыларында шешуші болып келді. Мен бірлік пен топ­тас­қандықтың қоғамның ең бас­ты құндылықтары екенін қайта­лаудан ешқашан жа­лықпаймын. Соның арқасында біз экономиканы көтердік, халықтың әл-ау­қатын нығайттық, елдің бо­лашағын көрсеттік. Біз 2030 Стра­тегиясының мерзімінен бұрын орындалуына қол жеткіздік.

Бүгінде біздің бірлігіміз –  жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Ең дамыған мемлекеттердің 30-на ену – біздің мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ор­тақ тағдыры. Стратегияда біздің ұлы көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқан. Ол біз­дің бітімнің, рухани келісімнің ай­рықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқаулық табады.

Бірінші. Ол этностық, тіл­дік, діни және әлеуметтік айыр­ма­шылығына қарамастан, бүкіл қазақстандықтардың тең құқы­лығы. Бізде қысым жасаудың кез келген түріне, бейбітшілік пен келісімге қол сұғушылықтың кез келгеніне мейлінше жол жоқ және ол заңмен қатаң қудаланады.

Екінші. Ол біздің экономи­камыз­дың дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруы үшін ортақ жауапкершілік. Түрлі этнос­тағы қазақстандықтар индус­трия­лан­дыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, ғылымға, білім беруге, денсаулық сақтауға, спортқа бел­сенді атсалысады. Біздің эконо­микамызда ешкім этносына қарап бөлінбейді. Бәрі көпұлтты ұжымдарда тату-тәтті еңбек етеді.

Үшінші. Қазақстанда мем­ле­кеттік тілдің рөлі, орыс тілі­нің ресми мәртебесі және бар­лық этнос­тар мен олардың мәдениеттерінің тең жағдайда дамуы туралы мәселе шешімін тапқан. Биыл біздегі тілдер туралы алғашқы заңнамаға 25 жыл толады. Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді бі­­луі бізді бұрынғыдан бетер тең­дестіріп, бірлікті нығайта түсе­ді. Міне, ширек ғасырдан бері біз тіл саясатында айқын бағыт­пен келеміз – мемлекеттік тілді біртіндеп дамытудамыз және бү­кіл этностар тілдерінің дамуы үшін жағдайлар жасаудамыз. Бү­гінде тұрғындарының көпшілігі кем дегенде екі тілде сөйлейтін және ойлайтын елдер көп емес.

Қазақстан солардың қата­рында, бұл біздің ұлттық бай­лы­ғымыз. Біз үш тұғырлы тілді дамыту бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Бізде 15 тілде 60 БАҚ жарық көреді, оның ішінде этномәдени орталықтардың 34 газеті мен 26 сайты бар.

Төртінші. Мемлекеттің зайыр­лылығы Қазақстанда бар барлық діндердің ұлы рухани мұраларына құрмет көрсетуден, әркімнің таң­дау еркіндігінен арқаулық та­бады. Конфессияаралық толерант­тылықтың мұндай ахуалы, сірә, әлемде еш жерде жоқ. Сонымен бірге, біздің еліміз зайырлы және дін мемлекеттен бөлінген. Біз сон­дай-ақ діни ұрандар ұстанған экстремизмді, діни ілімдерді сырттан саясиландыруға деген тал­пыныстарды, біздің халқы­мызға біз үшін бөгде діни көзқа­растар мен идеяларды күш­теп таңуды барынша теріске шы­ғарамыз.

Ислам діні әу баста Жара­ту­шыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның ешбір хақы жоқ. Сондықтан, мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, барлық және әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адас­қандарды ақылға шақырып, оларды оқыс қадамдардан сақтан­дыруға тиіспіз.

Бесінші. Жалпыға Ортақ Ең­бек Қоғамын қалыптастыру – қа­зақстандықтарды жұмыспен қамту, біздің бүкіл еңбекшілеріміздің өмір сапасы үшін басты шарт. Еңбек, жауапкершілік және тәртіп – тек осылай ғана бүкіл Қазақстан дами алады.

Алтыншы. Қазақстандық мәдениет елдегі бүкіл этностардың мәдени қатпарларының тығыз қарым-қатынасы арқасында қалыптасады. Бізде қазақ өнері мен дәстүрлері дамуда, сонымен бірге, бүкіл этностардың мәдени мұраларының дамуы да қамтамасыз етілген. Біз өз еліміздің, кез келген этносқа жататын біздің отандастарымыздың әлемдік өнерге, әдебиет пен спортқа қосқан үлестерінің артып келе жатқанын мақтан тұтамыз.

Жетінші. Қазақстан халқы Ас­самблеясы – әрі іргетас, әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты. Ассам­блея – бүкіл азаматтардың бүкіл­халықтық өкілдері мүдде­лерінің инновациялық моделі және біздің жас демократияның табысты құралы. Ол бүкіл ел бойынша 820 этномәдени бірлестіктер қызметін шоғырландырады. Бұл дегеніміз 70 мың белсенділер. Ал осы жұмысқа барлығы 3 миллионнан астам адам қатысады.

Ассамблея халық егемендігін шоғырландырушы саясатүстілік органға айналды. Ассамблеяның депутаттық тобының құрамына бүкіл парламенттік партияның өкілдері болып табылатын 25 мәжілісменнің кіруі үлгі тұтарлық жағдай. Ассамблея мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етеді. Тек өткен жылы ғана Ассамблея 10 мың іс-шара ұйымдастырып, оларға 3,5 миллионнан астам адам қатысты. Көптеген өңірлерде Достық үйлері құрылып, жұмыс істеуде, оларда жыл сайын 720 мыңнан астам адам болып тұрады. Біздің Ассамблеяны 2020 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасы жү­зеге асырылуда. Сұрау са­лын­ған қазақстандықтардың 97,5 пайы­зы біздің Ассамблея біздің бүкіл халықтың мүдделерін бейнелейді деп есептейді. Бұл жақсы мойындау.

Қазақстандық бейбітшілік, руханият пен келісім мәдениетінің 7 арқаулық қағидаттары осындай. Бұл енді біздер өз ұрпақтарымызға ұлт байлығы ретінде беретін ортақ мәдени мұрамыз.

 

Құрметті сессияға қатысушылар!

2050 Стратегиясы бізді ХХІ ғасырдың күрделі жағдайында шынайы да қиын жұмысқа бағыт­тайды. Біз – ашық елміз. Сондықтан, біз күмбез астында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бізді бүкіл әлеммен мыңдаған экономикалық, саяси және қарапайым адами қарым-қатынас­тар байланыстырады. Бізге жаһан­дық және өңірлік сипаттағы көп­теген сын-қатерлермен бетпе-бет ұшырасуға тура келеді. Ол туралы мен өз Жолдауларымда ашық та тура айтып жүрмін.

Турасын айтайын, бейбітшілік пен келісімді нығайту – 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың бас­ты критерийі. Ағымдағы жүз­жылдықта әлемнің қандай күр­делі болатынын өзіміз жаһан­дық саясатта көріп отырған оқи­ғалар нақты бейнелеуде. Бүгінде Украинадан жетіп жатқан мә­лі­меттерді жүрек сыздатпай оқу мүм­кін емес. Бұл ел біздің ТМД бой­ынша жақын әріптестеріміздің бірі. Бізді өзара тиімді ынтымақтастықтың он жылдығы ғана байланыстырмайды. Бізге тарихтың ортақ парақтары да тән. Дүрбелең жылдарда Қазақстан біздің елі­мізге күштеп көшірілген, Ұлы Отан соғысы жылдарында эва­ку­а­цияланған және осында жүрек қалауымен өнеркәсіп алыптарын тұрғызуға және тыңды көтеруге келген жүздеген мың украиндар үшін екінші үйге айналды.

Биыл біз тың эпопеясы бас­та­луының 60 жылдығын атап өтеміз және елдің астық қамбасын құру үшін жұмыс істегендердің бәрін еске түсіреміз. Мен ауыр жағдайда тыңды көтеріп, ашық далада инфрақұрылым тұрғызғандардың бәрін құттықтаймын. Бүгінде біздің азаматтарымыздың үш жүз мыңнан астамы – украиндар. Украина жерінде оны фашизмнен азат ету жолындағы шайқастарда ерлікпен қаза тапқан мыңдаған қазақстандықтардың аруақты рухтары жатыр. Мыңдаған қазақ Украинада білім алды. Сіздер менің солардың бірі екенімді білесіздер. Онда мен металлург өнерін үйрендім. Сондықтан біз, қазақстандықтар, украин халқы үшін алаңдаушылық біл­ді­ре­міз және украин қоғамында тұрақ­тылық пен бірліктің тез орнығуына туыстық көңілмен сенім артамыз. Біз украин халқының ішкі проб­лемаларды сырттың араласуынсыз, барлық мүдделі тараптармен бейбіт келісім жүргізе отырып, өздерінің шешуі керек екеніне сенімдіміз.

 

Құрметті отандастар!

ХХІ ғасыр бізге Бес Мызғымас Шындықты көлденең тартады.

Біріншіден, тұрақты экономика – тұрақты қоғам, әр адамның тұрақты өмірі. Кейбір елдерде бұл шындық түрлі партиялар мен топтардың саяси көксегендеріне орай жиі-жиі екінші кезекке ысырылады. Ал бізде экономиканы дамыту – өзіміз күн сайын шешімін тауып келе жатқан ең басты «2050 Стратегиясы».

Екіншіден, мемлекеттің Тәуел­сіздігі Конституция мен заңдар мүлтіксіз сақталғанда ғана, ең алдымен, ел азаматтарының өздері сақтағанда ғана мызғымайды.

Үшіншіден, этносаралық қа­рым-қатынастар, азаматтық тең құқылық мәселелері, тіл саясаты – мұның бәрі саяси ойындар үшін алаң емес. Оларды «кейінге» қалдыруға болмайды. Оның үстіне мойындамауға және билік үшін таласта дәйек ретінде арсыздықпен қолдануға болмайды. Ол мемлекет үшін де, халық үшін де, әрбір адам үшін де қауіпті. Сондықтан шовинизмді немесе ұлтшылдықты ашық неофашизмнен оп-оңай аттап кетуге болатындай өте әлсіз сызықтық ғана бөліп тұрғанын әркім де түсінуі керек.

Біздің халқымыздың және бүкіл ТМД халықтарының Ұлы Отан соғысында сұрқия сипатты обаны жеңіп шығу үшін қандай ұлы құрбандықтарға барғанын әр кез есте сақтауға тиіспіз. Ол әр кезде де отбасында, мектеп пен жоо-да, еңбек ұжымдарында әрбір жаңа буынды тынымсыз тәрбиелеудің тақырыбы болуы керек. Фашизмді талқандаған Жеңістің ешқашан санадан өшпеуінің маңызы зор! Сондықтан 9 Мамыр – барша үшін де маңызды күн.

Астана әкіміне даңқты генерал Иван Васильевич Панфиловқа ескерткіш орнату және астаналық жаңа көшелердің біріне оның есімін беру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Таяуда ғана, сәуір­дің басында Ресейдің Псков облы­сының Невель қаласында біздің жерлесіміз, павлодарлық Әбіл­қайыр Баймулдин 1944 жылдың қаңтарында жерленген орталық алаңға оның есімі берілді. Жеңіс күніне орай оның зиратына қола мүсін орнатуға дайындалу­да. Біз бүкіл соғыс батырларын есте сақтап, құрметтегені үшін Ресей халқына алғыс айта­мыз. Біз Ұлы Отан соғысына қатыс­қан барлық қазақстандық батыр­лар­дың аты-жөндерін біліп, оларды құр­меттеуге міндеттіміз. Жас­тарға пат­­риоттық тәрбие беру ісін, әсі­ресе, фашизмді талқан­дау­­дағы Жеңіс­тің алдағы 70 жыл­ды­ғы шең­берінде Ассамблея жұмы­сы­ның басты бағыты ретінде дамыту қажет.

Төртіншіден, кез келген елдің интеграциялық таңдауы – халықтың әл-ауқат мәселесі. Саяси конъюнктураға емес, мықты эконо­микалық прагматикаға негіз­делген интеграция ғана табыс­ты­­ және тиімді болады. Ол адам­дардың өмірін жақсартып, еңбекпен қамту және бизнес үшін лайықты жағдай туғызады, эко­но­­миканы дамыту үшін кең мүм­кіндіктер береді. Міне, нақ осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Беларусь­пен және Ресеймен бірге Еура­зиялық экономикалық одақ құрады.

Осында, Алматыда, осы инте­грациялық бірлестік құру туралы тарихи шартқа қол қою жоспарланып отыр. Мен 1994 жылы ММУ қабырғасында ілгерілеткен Еуразиялық одақ құру туралы идеяның 20 жылдығында келісім жасалатынының символикалық мәні бар. Біз ХХІ ғасырда бірге технологиялық секіріс жасау үшін экономикалық одақ құрамыз. Үш ел жаһандық бәсекелестікке төтеп беруде бір-біріне көмектесу үшін интеграцияланады. Оның қатаң болатынына ешқандай күмән жоқ. Мен ХХІ ғасырда еуразиялық интеграцияға басқа стратегиялық тиімді балама жоқтығына сенім­дімін.

Цифрдың объективті тілі Қа­зақстанның Кеден одағы елдерімен тауар айналымы ол құрылған уақыттан бері 88 пайызға өсіп, 24 миллиард доллар құрағанын айтады. Оның ішінде осы елдерге біздің экспорт 63 пайызға артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Қазір барлық интеграциялық қа­дам­дардың «халықтық дипло­ма­тиямен», бірінші кезекте, Ассамблея тарапынан кең қо­ғамдық қолдаумен бекігені маңызды.

ХХІ ғасыр – интеграция ғасыры. Ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойластырылған интеграцияға қарсы болу – заманауи үрдіспен дамуға қарсы болу. Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз – дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады. Интеграция – ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді, алыс-беріс пен барыс-келісті арттырады, бәсекелік қабілетімізді шыңдайды.

Бесіншіден, әлем үлкен өз­ге­рістер жолағына аяқ бас­ты. Халықаралық қатынастар айтар­лықтай дағдарысты басынан кешіп жатыр. Мені жетекші ядролық державалардың ядролық материалдарды физикалық қорғау саласындағы ынтымақтастықты тоқтатуы ықтимал деген ақпарат алаңдатады. Бұл әлемдегі барлық ядролық таратпау үдерісіне айтар­лықтай нұқсан келтіріп, соңғы ондаған жылдарда осы салада, оның ішінде, жақында өткен Гаа­гадағы Жаһандық саммитте қол жеткізілген барлық табыстарды құр­дымға жіберуі мүмкін. Біз халық­тың ерік-жігеріне арқа сүйей отырып, Семей ядролық поли­гонын жаптық, сөйтіп, ядро­сыз мәртебе иелендік. Біз, қазақ­стандықтар, ядролық өзін өзі жою қатерінен ада бейбітшілік идеалына сенімді қалпымызда қаламыз.

Бүгін біз халықаралық саясат­тағы өткір дағдарысты көріп отырмыз. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан мен Ресейдің ізгі ниетті көршілер, одақтастар және стратегиялық әріптестер екенін мәлімдеймін. Біз өткен жылы ХХІ ғасырдағы ізгі көр­шілестік және одақтастық туралы шартқа, Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық. Таяу уақытта екі ел осы келісімдер бойынша барлық ратификациялық ресімдерді өткізеді. Ресеймен қарым-қатынас – біздің сыртқы саясатымыздың маңызды тармағы. Тағы да атап көрсеткім келеді: Орталық Азия елдері, Ресей, Қытай – біздің көршілеріміз және сондықтан бізде қашанда ең жақын достық болған, бар және бола береді.

Жаһандық саясаттағы қазіргі жағдай – әлем құрылысының көпқырлылық жағына қарай ауысу парадигмаларының драмалық актісі. Бұл туралы мен алғаш рет G-GLOBAL бастамасын ілгерілете отырып 2012 жылы-ақ айтқан болатынмын. Мен егер халықаралық құқықта, сыртқы саяси практикада, мемлекетаралық қатынастар тәсілдерінде терең өзгерістер жү­зеге асар болса, қазіргі жаһандық сын-қатерлер еңсеріледі деп есеп­теймін. Сондықтан біздің G-GLOBAL қағидаттары туралы ұсыныстарымыз әлемдік қоғамдастыққа қай кездегіден де пайдалы. Мен олардың әлемнің дамуына қазіргідей бей-берекет емес, сындарлы сипат беруге қабілетті екеніне сенімдімін.

Ассамблеяның бай халы­қ­аралық байланыстары бар. Мен барлығыңызды G-GLOBAL идея­сын ілгерілету үшін өз­деріңіз­дің халықаралық байланыс­­тарыңызды пай­дала­нуға шақы­рамын. Сондай-ақ, Ассамблеяда еліміздегі Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көр­месі мен Алматыда өтетін Уни­версиада-2017 сияқты аса ірі ха­лықаралық шараларға дайын­дыққа қатысу бойынша өзінің нақты Іс-қимыл жоспары болуы тиіс. Осы шараларда біз әлемге мәдениетімізді, еліміз халқының полиэтностық толеранттылығын, бейбітшілік пен келісім жағ­дай­ындағы табыстарымызды көр­сетуге тиіспіз.

Құрметті сессияға қатысушылар!

Біздің қоғамымыздағы тұ­рақ­тылық пен бірлік – Стратегия жолымен дамуымыздың аса маңызды факторы. Сондықтан толеранттылық пен келісімнің қазақстандық моделін одан әрі ілгерілету бойынша бірқатар жаңа шаралар қабылдау қажет.

Бірінші. Алдағы жылы Ассам­блея құрылғанына және референдумда ел Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толады. Бұл – біздің жылнамамызды біртұтастандыратын екі ұлы оқиға. Нақ Ассамблея өзінің алғашқы екі сессиясында 1995 жылғы Конституцияны қабылдауды қолдады. Ол барлық қоғамдық институттар арасынан алғаш болып халықты референдумда Конституция үшін дауыс беруге шақырды. Сондықтан келесі 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауды ұсынамын. Үкіметке Ассамблеямен бірлесе отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығын өткізу бойынша Ұлттық іс-шара­лар жоспарын дайындап, жүзе­ге асыруды тапсырамын. Осы­мен байланысты алдағы жылы Астанада Қазақстан халқы форумын өткізуді ұсынамын.

Екінші. Бір жарым ай бұрын, 1 наурызда, Ассамблеяның 20 жылдығына арналған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының жаңа кезеңі басталды. Әр қалада, аудан орталығында, ауылдар мен селоларда жұмыстарға ерекше екпін түсірілуі тиіс. Әр үйге, әр отбасына жететіндей деңгейде жұмыс істелуі керек. Бүгін Ассамблея туы астында құ­рылған жергілікті жерлердегі Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін күшейту қажет.

Үшінші – Ассамблеяның өңір­лік деңгейдегі құрылымдарын күшейту. Менің тапсырмам бойынша барлық облыстарда, Астана және Алматы қалаларында кіші ассамблеяларды дамыту тұжырымдамасын қабылдау керек. Ассамблея Хатшылығына Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында Достық үйлерін салудың барлық мәселелерін бақылауда ұстауды тапсырамын. Елордамыз Астанаға қатысты айтатын болсам, ол толерантты этносаралық қатынастардың лайықты үлгісі болуы керек. Мұнда Тілдер туралы заңның барлық талаптары үлгілі орындалуы тиіс. Атап айтқанда, жол инфрақұрылымы, қала көлігі, көшелер, даңғылдар мен өзге де қала нысандары толықтай заңнама талаптарына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде нұсқаулануы шарт.

Бүгін бұл барлық жерде қам­тамасыз етілмеген, автобус­тар­дағы аялдамалар, неге екені белгісіз, тек бір ғана тілде ха­барланады, олардың маршрут­тарының нұсқаушалары да бір тілде. Неге Астананың кіші ас­самблеясы мұны бақыламайды, заңдылықтарды сақтауға жауапты өкілетті органдардың құлағына неге жеткізбейді?! Бұл еліміздің басқа да барлық қалалары мен елді мекендері үшін маңызды. Алдағы Бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көр­месіне орай қала топономикасы мен нұсқаушаларды ағылшын тілінде қамтамасыз ету қажет. Мұ­ның Универсиада-2017-ні қабылдау мен Олимпиада-2022-ні өткізу құ­қығына күресу міндеті тұрған Алматыға да қатысы бар.

Екіншіден, 2015 жылды «Ас­тана – бейбітшілік пен келісім қа­ласы» ұраны аясында өткізіп, бұған барлық республикалық эт­но­мәдени бірлестіктерді тарту қажет.

Төртінші. Бүгін Ассамблеяның барлық ағымдағы жұмыстарын басқаруды қамтамасыз ете алатын тетік құру мәселесі пісіп-жетілді. Үкіметке 2014 жылдың 1 маусымына дейін Алматыдағы Достық үйі арқауында ҚХА қыз­метін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік мекеме, сондай-ақ, облыс әкімдерімен бірлесіп, кіші ассамблеялардың жұмысын қамтамасыз ететін өңірлік мекемелер құрудың барлық мәселесін қарастыруды тапсырамын.

Бесінші. Өңірлік ассамблеялар хатшылықтары меңгерушілерінің мәртебесін жоғарылату қажет. Мемлекеттік қызмет істері жө­нін­­дегі агенттікке облыс­тарда, Астана және Алматы қала­ларында ҚХА хатшылығы меңгерушісінің лауазы­мын Мемлекеттік қыз­метшілер лауазымдары реестрінің D2 категориясына ауыстыруды тапсырамын.

Алтыншы. 22 сәуірде «Жасыл Ел» – Жастар еңбек жасақ­тары республикалық штабы­ның мерейтойлы 10-шы маусы­мы ашылады. Бұл – біздің жас­тарымыздың патриотизмі мен еңбексүйгіштігінің тағы бір жарқын көрінісі. Осы бағ­дар­ламаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде 200 мыңнан астам жас қатысып үлгерді. Олар 44 миллионнан астам ағаш отырғызып, 111 мың гектар жерді абаттандырды! Мен еңбек жасақтарының барлық сарбаздарына шынайы сәлемімді жолдап, оларға Отанымыздың игілігі жолында жемісті жұмыс тілеймін! Үкіметке бір ай мерзімде «Жасыл Елді» әрі қарай дамыту бойынша ұсыныс енгізу қажет. Маған жастар өкілдері кейбір өңірлерде бұл жұмыстың мүлдем ақсап жатқаны туралы бірнеше мәрте шағым айтты.

Бұл – жай ғана экологиялық шара емес, терең өмірлік мәні бар аса маңызды шаруа. Жасыл Ел дегеніміз – Мәңгілік Ел. Біз елімізді жапырағы қуармайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын Мәңгілік Жасыл Елге айналдыруымыз керек. Кейінгі ұрпаққа желде ық, суықта пана, ыстықта сая болатын Мәңгілік Бәйтерек тұрпатты Жасыл Елді табыстауы­мыз қажет.

Осы шаралардың барлығы Ас­сам­блеяның қоғамдағы рөлін ны­ғайтуға, оның біздің ортақ қазақ­стандық үйіміздегі бейбітшілік пен келісім үшін жауапкершілігін арттыруға қызмет ететін болады.

 

Қымбатты достар!

Бірде менімен әңгімелесуі кезінде, өкінішке қарай, жақында ортамыздан кеткен біздің аса көр­некті ақынымыз Фариза Оңғар­сынова үлкен істер жасау – баршаға белгіліге бір нәрсе қоса білу, өз жаныңның бір бөлшегін, жеке тәжірибеңді бере білу дегенді данышпандықпен меңзеген еді. Бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті –  әр күн сайын біздің қасиетті жеріміздің өсіп-өркендеуіне өзінің жаны мен жүрегін салып жүрген барлық 17 миллион қазақстандықтың жанды шығармашылығы. Бізде әр этнос басқа этностардың өрнектерімен үйлестіре отырып, өз өмірінің өрнегін құрып келеді. Және бәріміз бірге Қазақстан атауындағы ғажайып, түрлі-түсті, баға жетпес Ұлы Тарих полотносын салудамыз.

Жақында «Казахстанская прав­да» газе­тінен жерлесім, қараған­дылық, украин мәдени орта­лығының жетекшісі Нико­лай Матияшиннің бүгінде қазақ­стан­дықтар бей­бітшілік пен келісім ауанына «шомылып», рахат сезімге бөленуде деген пікірін оқыдым. Бұл баға жетпес сөздер! Мен адамдар достықта, түсіністікте өмір сүріп жатқан біздің қоғамымызда әлем әрқашан жарқын және кең болатынына сенімдімін.

Бүгін біздің сессиямыз екі күннен кейін барлық отандас-хрис­тиандар бір мезгілде атап өтетін Пасха мейрамы қарсаңында өтіп, сонымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – сенім-нанымына қарамастан, барлық қазақстандықтардың мейрамы. Дәл сол секілді, бәріміз мұсылмандар мен Қазақстанның басқа да конфессияларының мере­келерін бірге атап өтеміз. Көк­темнің осы жарқын күндерінде мен барлық қазақстандықтарға бей­бітшілік, ізгілік, өзара түсіністік пен игілік тілеймін.

 

Құрметті отандастар!

«Дамудың сыры – бірлікте, Табыстың сыры – тірлікте» екенін баршаңыз білесіздер. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этнос­тар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар.

Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат. Сонда ғана Қазақстан «2050» Стратегиясында айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан! «Саусақ ашса – қылдырық, жұмса – жұдырық» екенін көкейге берік түйе отырып, ұлы мақсаттарға бірге сапар шегейік, қымбатты отандастар! Бірлігіміз берік, тірлігіміз серік болсын! Еліміз жарқырап, жайнай берсін!

——————————————

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969