Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 6618 0 пікір 16 Сәуір, 2014 сағат 16:30

ЖАННА ИМАНҚҰЛОВА. МӘҢГІЛІК КӨКТЕМ

Жұмыс күні жаңа келген хабарлама оқумен басталды. Басшының өзі жүргізетін маңызды жиналыс басталмақ. Оның не туралы, неліктен шұғыл екені айтылмаған, бірақ міндетті түрде келу керек екені туралы шақыру. 

         Аптығып бұл да жетті. Алып ғимараттың 5 мың адам сыятын залына қосымша орындар қойылыпты. Тек бұл жерде ғана емес, барлық аймақтар жиынды тікелей тамашалау үшін абыр-сабырда. Тайлы тұяғы қалмай шақыртылатын мұндай жиындар ерекше бір бастама айтылар кезде ғана болатыны бұған да аян.

Иә, табиғатыңа үйлеспей тұрса да, шенеунік болған соң, шікіреюің керек. Қызметкерлерді қойшы, тіпті, көршің де, алыстан танитын танысың да өзінен өзі кішірейіп, жалбақтап, орынды-орынсыз мақтап жатады. Кейде сонша жалбақтайтындай осыларға не жақсылығым өтіп еді? деп ойлағанымен, бірақ өзінің қызметі есіне сап ете түскенде қайтадан қоқилана қалады.

         Тыныштық. Басталды. Сөзді бірден Басшының өзі бастады. Алғашында қосымша орындықтардың да үстінде арнайы аударма аспаптары тұрғанына көңіл аудармаған екен. Сөйтсе... Басшы бүгінгі жиынды шет тілінде өткізбек екен. Па, шіркін, мұның шет тілін білетіні мұндай жақсы болар ма?! Жанындығалыр, құлақтарына аударма аспабын киіп, түймешелерін баса алмай, әбігерленіп жатқанда бұл жан-жағына маңғаздана қарап қойып, басшы сөзін ұйып тыңдауға кірісіп кетті.

         «Біз дамудың даңғыл жолына түскен елміз. Мұны достарымыз түгіл, қастарымыз да мойындады. Біз экономиканы еңсердік, руханиятымызды, тарихымызды түгендедік. Ғылымда жаңалық ашуда біріншілікке шықтық. Бірақ біз қарап қалмаймыз. Біз әлемде жоқ тамаша жаңалық ашпақпыз. Ол не болды екен, деп барлығыңыз күтіп отырғаныңыз анық. Сондықтан, көп созбай бірден бүгінгі жиынның жаңалығына көшейін.

Алдағы 20 жылдықта «Мәңгілік көктем» жобасын жүзеге асырмақпыз. Бұл дегеніңіз ноу-хау. Таңғажайып, сенсация болмақ. Бүкіл республика аумағы бойынша жыл бойынша 10-25 градус аралығында температура сақталынатын болады. Ол үшін ұлан-байтақ жерімізді түгелдей жабық етіп шығамыз. Жел-құйын, нөсер жауын, қар, суық деген біздің елімізде болмайды. Жасанды аспан арқылы жылу жүйелерін жүргіземіз. Жастықтың, мәңгіліктің символы болатын жыл мезгілі бізде үздіксіз болады. Жыл он екі ай тамылжыған көктемдік табиғат біздің еліміздің одан әрі дамуына үлкен әсер береді. Туристерді тарту үшін де таптырмас амал болады...»

Ол өзі 1 сағатқа жуық баяндама жасады. Одан соң басқарушы бар, атқарушы бар жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелді.

Барлай қарап еді, алдыңғы орындықтағылардың жүзінде таңданыс та, сұрау да жоқ. Мұның шекесі солқылдап, құлағы ызыңдап әкетіп барады. Экономист ретінде кететін қыруар қаржының цифрлары көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр. Оның орнына шындығында әлі тойып тамақ ішпейтін, жарытып киінбейтін үйсіз-күйсіз халыққа неге жағдай жасамаймыз деген ойлар қарадай басып барады.

Сауда бөлімін ұстап тұрған бұл тұрмақ, кез-келген қарапайым есепшінің өзінің көзі де атыздай болмай ма? Мінбеге атып шығып қазіргі шындықты, нақты есептерді айтқысы да келіп кетті. Бірақ... Өзінің кім екені есіне түскеннен пәпігі басылып қалды. Ісі түскендер мұның кім екенін жақсы біледі. Бірақ өзі көзге түсе бергісі келмейді. Енді... біраз... нелер бар ғой... Иә, ол қазір кімде жоқ қой дейсің? Жиында көтерілген тақырып бұл үшін мүлде түсініксіз. Тіпті мұны қабылдау үшін ақымақ болу керек шығар. Бірақ, жоғарғы жақ не айтса сол. Көнеді де. Бүйректен сирақ шығаратындай кім еді бұл... Ақыры ойын тұсап, тілін тістеп отырып қалды.

«Не болса да, жоспар жасалынды, жобаға қарсылық жоқ. Енді өзгелерден бұрын ерекше идеялар тауып, көзге түсетін кез келді. Мына ақылды басты істетпесем болмас, бір орында өспей 5 жыл бойы отырмын» деген оймен жиыннан соң да, жұмысында да, үйге келгенге дейін «Мәңгілік көктем» сөзін бұдан бұрын да  бір жерден естігенін ойлаумен болды. Шай үстінде әйелі:

– Жұмыс, жұмыс деп шапқылағаныңды қойып бір уақ отбасыңа да көңіл бөлсеңші. Осы жолғы демалысыңда «Мәңгілік көктем» аралдарына барып қыдырып қайтайықшы. Менің өзің білетін құрбым... – дей бергенде,

– О, менің ойымды оқып қойғанбысың?  «Мәңгілік көктемнің» үлгісін содан қалыптауға болады ғой. Тез тауып көрсетші – деп дегбірсізденді.

Іштей, «ең алдымен ертеңнен жұмысқа бара салысымен ел басшысының жобасына қатысты көп ойланғанымның, толғанғанымның дәлелі ретінде осы туралы сөз қозғап барып өз жиналысымды ашамын. Кешегі алған тапсырмалардың орындалу үлгісін жасаймын. Оны түгелдей дискіге жазып бас кеңсеге жіберемін» дегеді де, өз-өзіне риза болып мырс етті..

– Міне, қарашы қандай керемет көріністер.

– Есіме енді түсті. Мәңгілік көктем аралы – Тенерифе емес пе?

– Иә.

Оның жаңа идеялары бірден жоғары жаққа жетті. Басшы әкімшілігінен шақырту алысымен, сол жаққа құстай ұшты. Канардағы Мәңгілік көктем аралдарының көшірмесін жасау Басшыға да қатты ұнаған. Мәңгілік көктемнің символы Пинсоль асуль құсының мүсінін көрнекті жерлерге орнату, бұл құстарды әкеліп жерсіндіруді айтқанда Басшы тоқта дегендей қолын көтеріп: «Енді осының бас-көзі өзіңсің. Идеяң жетіп артылады екен. Сендей іскер жігіттерді тартуымыз керек. «Мәңгілік көктем» жобасын басқарушы боласың. Бұл біздің, біздің ғана емес ата-бабаларымыздың арманы болатын. Сенімді ақтайтыныңа сенемін» – деді.

Жұмысын шымшықтан аумайтын, кішкене баланың жұдырығындай ғана көкпеңбек түстегі «мәңгілік көктем» белгісі Пинсоль асуль құсының мүсінін қаптатып тастаудан бастады. Оның әсер күші болатыны сөзсіз.

«Мәңгілік көктемнің белгісіне арналған өлең-жырлар да туындай бастағанына тыңдарман қауым өздеріңіз куәсіздер. Жасанды аспанымыздың өмірімізді жеңілдетіп, әлеуетімізді нығайтып, өмірімізді ұзартып жатқаны дүние жүзінің қызығушылығын тудырып отыр. Жастықтың, сұлулықтың белгісі көктем өзгелерді сағындыратын болса бізде ол – Мәңгілік. Тамаша емес пе? Мәңгілік көктем» жобасын толық аяқтап шыққан мезеттен бастап біз бүкіл шығынымызды туристер есебінен өтей аламыз. Ал енді мына қызық зерттеулерге құлақ түріңіз – еліміздегі ғалымдар «Мәңгілік көктем» жобасын жүзеге асырушы директор ұсынған көктем символы «Пинсоль асуль» құсының түп отаны біздің жеріміз екенін зерттеп біліпті. Ендігі сөзді сол кісілердің өз аузынан естісек...» радионың даусын басты. Өзі жайлы мақтау естіген жағымды болғанымен, басқа бір нәрсеге алаңдаса ойлана алмайтын әдеті бар.

Ол көлігінің жылдамдығын барынша арттыра түсіп, «Тағы қандай жаңа бастама көтерсем екен. Мол қаржыны өзіме қарай құятын жіптің ұшын қалай тарқатсам екен?» деген ойларға сүңгіп кетті.

«Мәңгілік көктем» құрылыыс ауқымды, жан-жақты. Әрі уақытынан бұрын орындалып жатты. Өйтпегенде ше, елдің бүкіл қаржысы осы бағытқа құйылып жатқан соң. Басында бұл қалай болады екен деп өзі де күдік келтірген еді. Онысы бекер болған екен. Кім шатаспайды дейсің? Ал халықтың дәл бұндай алысты ойлайтын басшылары тұрғанда алаңдауларына еш негіз жоқтай көрінді.

Дегенмен, жасандының аты жасанды ғой. Жасанды аспан өзінің астындағы бүкіл тіршілік иелерін де жасандыға айналдырып жібергендей. Жарайды, тұрмыс түзу болса оған да көнер едік. Бірақ егінге жер жыртылып дән егілгенмен, ол жайқалып жеміс бермеді. Қыс бойы жауған қалың қар, бабымен еріп жердің тереңгі қабаттарына дейін сіңіп ылғалдандырушы еді. Жел мен боранның да өз қызметі бар екен ғой. Жеміс-жидек тозаңданбады, шөп жайқалып өспеді. Жан-жануар мен өсімдік, жыбырлаған жәндіктердің де қанша түрі климат өзгерісіне шыдай алмай басқа жақтарға кеткені кетті. Кетпегені жойылды. Қыруар қаржымен «Мәңгілік көктем» аралдарынан әкелінген жан-жануар, ағаштар мен шөптер де жерсінбеді.

Бүкіл тұтынатын тауар шетелден  әкелінетін болды. Бар өндіріс тоқтады. Қымбатшылықтан бұрынғыдан да жүдеу тіршілік орын алды. «Мәңгілік көктем» халықты мәңгіртіп, ашқұрсақ, баспанасыз, шетелден келгендерге алақан жайып қана отыратын, күні үшін шет тілде сөйлейтін тобырға айналдырып бара жатқанын «айтатындар» да шыға бастапты. Басшы өзіне бұл ақпар жеткенде тексеруді тапсырды. Бұлардың тобы бұрын беріп келген жалған ақпараттарынан енді келіп айныса, таяқтың екі ұшы да өздеріне тиетіндіктен, «айтқыштардың» сөздерін жалған етіп, ел арасына ірткі салушыларды қатаң жазалау керектігін айтып бақты. Амалдың жоқтығынан...

***

Бүгін 20 жыл бұрын басталған ауқымды жобаны игерілгендігі туралы есеп жиыны болмақ. Бұл жолы орындықтарда аударманы тыңдауға арналған аспаптар жоқ. Өйткені,  арадағы жиырма жылда шенеуніктер тегіс шет тілінде сөйлесетін еді. «Мәңгілік көктем» жобасының әлемдегі бірден-бір таңғажайып болғандығы туралы сөздерін Басшының өзі баяндай бастаған еді. Кенет жойқын бір гүріл естілді де, іле-шала ғимараттың төбесі опырылып құлады. Айғай-шу, бірін-бірі итермелей қашқан қалың нөпір. Күннен бөлінген алып метеорит «Мәңгілік көктем» жасап тұрған жасанды аспанның да, зәулім ғимараттардың да быт-шытын шығарды. Бұл «мәңгілік» ұғымының бұл дүниеге тиесілі емес екендігін ұғындырған белгі еді...

***

Өзі сияқтыларды жоғарылатқан, оларға мақтау сөздері мен құрметін арнаған, ерекше ақыл иесі санап, қара жұмыстың қандай түрін болса да істейтін, сонда да тойынып тамақ ішпейтін қарапайым адамдар өзгеден емес, тура бұдан «мәңгіліктердің» есебін алатындай отырған орындығының астына кіріп, бүрісе түсті... 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969