Тілеуберді ҚАНАБЕКҰЛЫ. БІР ҒАСЫРДАН ҮШ СЫР
Қазақ әдебиетінің бүгінін тану кешегімен қатыссыз деуге ешкімнің қақысы жоқ. Дүние жоқтан бар болып жаралып, бардан байыған. Әдебиеттің мөлшері мен өлшемі жаңа таным орнатып, көркейген. Нағыз көркемдік, мүмкін, автордың көкірек-көмейіндегі жаңа бір алқыныстың жеткен жері болар. Мүмкін, зергердің шегі жоқ өнерінің салған өрнегі шығар. Бүгінде әдебиеттің таным деңгейінде өсу бар десек те, әйтеуір, кешегі күннің сыбағасы мен сыры бөлек болатын. Ол — бүгінгі кең шабыс, сырлы құлып, сиқырлы сұлулықтың арғы жағындағы алтын мен күмістің қырнауы сынды, ойдың шүңет ділдәсі екенін ұғыну керек.
Демек, кешегі ғасыр қазақ әдебиетінің тұлғаларын сарқып бітпеген ғасыры болсын деген ақырғы сөзге тоқтар бұрын, сол ғасырдың көп ел біле бермейтін тым-тырыс жатқан қазынасының сынығы мынау еді деп Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісін», Мұхтар Әуезовтің «Еңлік- Кебегін», Акбар Мәжиттің «Ақсақ құланын» айта аламыз, көрсете аламыз. Бұл шығармалардың күні бүгінге дейінгі шындығы бір басқа да, ондағы шындықтың ашылуы бір басқа болып келген. Бұл сырлар осы үш шығарманың да бір тістем нандай қадірлі мүмкіндігі еді. Құлағы бекем кісі аңғарар. Өткен күнге нәсіп болған шығармалардың мүмкін айтылуы, әлде айтпағы біздің ойымыздай болар деуден аулақ, асқақ биікте жатқан болуы да әбден мүмкін.
Бірінші сыр, биыл 2014 жыл, яғни, «Шұғаның белгісінің» жазылғанына жүз жыл толып отыр. Ал, жүз жыл ішкі иірімінде қазақ даласының танымын, бары мен жоғын сақтап келді. Ондағы көркем ой да тұнық қалпында көкіректерде сызатсыз сақталып қалды. Бірақ, ашылған жоқ, ашуға жүрек пен қол берді. Мүмкін, алданған, адасқан шығармыз. Сонда да бір құдырет мұны өшіре қоймады. Қайта ғасыр аттатып барып менен, мына мен сынды жүректен, бір ұшын шығарды. (Бұдан кейін тіпті де биіктен көрінер) шығарманың құны қазірге дейінгі бағалаулар мен талдаулардан өз кеңістігін, еркіндігін мөлшерлей алған жоқ. Әркім әлінше алысып көрді. Сонымен біз де ол кездегі сол шектегі таным кеңістігі деп құрмет ете отырып, шығарманың жаңа бір қырынан ой салдық.
Тегінде «Шұғаның белгісі» (Бейімбет Майлин: «Шұғаның белгісі», ҚХР, «Толық орта 1-жылдық әдебиет оқулығы» (міндеттемелі 3-кітабы), 1998- жыл, 10- бет.) айтары бөлек, әлемдік деңгейдегі қауыз жарған жаңалық еді. Біз осы күнге дейін «а» деп ауыз ашқаннан айтылар повестің, Шұға мен Әбдірхманды талдау сынды үрдісті қоя тұрып, бір кезек Базарбай арқылы аралауға бел байласақ. Шығармадағы Базарбай образы өте сәтті шыққан образ. Бүкіл повестің жан тамыры да осы баланың жүрегіне оралып тұр. Яғни, Базарбай — Әбдірахман, Қасымжан бастаған жастар жағы мен Есімбек, Айнабай бастаған ел жақтағы екі аралықтың санасын тұжырымдау, ойды ашу, тереңдей зерделеуге қажетті жол.
Қараңыз, шығармада Базарбай Кәрімнің (повесте Кәрім деген есірік те Шұғаға ғашық болып хат жазады) хатын қызға апарып бермей, ағасы Қасымжандарға әкеліп береді. Ойланыңыз, осы кезге дейін жалғыз Кәрім емес, елдегі «Шұға» деп аузының суы құрыған сылқым жігіттердің талайының хатын апарып Шұғаға беріп жүрген Базарбай тап осы жолы неге Қасымжандарға апарып береді?! Енді сіз Базарбай арқылы Шұғаға оралыңыз! Бұл — бала Базарбайдың көкірегіндегі Шұғаның да соншалық сұлулығын көрсетеді. Шұға — сұлулық, сұлулық — адалдық, адалдық — әділдік болатын. Сол сұлулыққа бала көкірек адалдық танытады. Ал елдер, Есімбектер жағы осындай жолға адалдықты жасай алмайды, тіпті, қолынан келгенше сол сұлулық-адалдық-әділдікке қиянат жасауға қарманады. Өйткені, елдегі Базарбай-жүрек өшкен, оларда сұлулыққа адал жүрек қалмаған. Бала Базарбайдың Шұғаны — сұлулықты сезінуі тағы керемет. Ал повестегі Есімбек, Айнабай бастаған топт — бірінші топ — бұлар жүрегі кірлеген сұлулыққа адалдықпен қарамаушылар. Олардың жүрегінен әділетсіздік тамып, Шұғаның өлімін — сұлулықтың, адалдықтың, әділдіктің жойылуын тудырған. Ал екінші топ — Қасымжан, Әбдірахмандар бұл сұлулықты адалдықпен, әділдікпен сүюшілер, сұлулыққа Базарбай-жүрекпен қарап, қарсы топпен күресушілер. Екі топтың ортасындағы Базарбай — арғы тек адамзаттың сәби, періште таза тұлғасы. Ол — баладағы тазалық, баладағы адалдық, ол — сұлулықты сезінуші. Базарбайдың сезінуі әуелден адамзат туылғандағы сана, адамзат тумысында адал сұлулықты сезгіш, адалдықты көргіш, әділдікті айтқыш. Ол — кірлемеген адал жүрек. Әйтседе, уақыт өте келе оның кірлейтіні де, кірлемейтіні де болады. Бұл сәбидің ертеңгі болашағы. Мұнда тумысында кіршіксіз, адал жүректі адамзат есейе келе екіге қақ айрылады да, әлемдегі сұлулық атаулыға, көркемдік атаулыға таласып жүріп, құртып тыныш табады деген идея жатыр. Сосын автордың ұрпақты таза, адал жолда өсіру идеясын көріп отырмыз. Бұл — бүгінде айтылып жүрген сананың екіге жарылуының түп белгісі. Адамзат әуелде бір, сосын өсе келе екіге, тіпті одан да көп топтарға, қоғамдық жіктерге бөлінген. Тағы да мұнда Бейімбеттің айтпақ ой, атпақ оғы — махаббат бостандығы, неке еркіндігі емес, әлемдегі сұлулықты қорғау, сұлулық үшін адалдық. Адалдық үшін ту бастан туған жүректі, сәби сананы дімкәстандырмай өсіру мақсатындағы бұрылыс еді, айтылған, автор аузынан бұрқ етіп шыққан адалдық еді. Сондықтан да сөз — өнер тірі қалды. Бейімбет шығармасына, сөзіне жанын берді де, өзі көкке кетті. Ендігі Бейімбеттің сөздері — идеялары, ойлары бізге тіл қатып жүр.
Екінші сыр, 1920 жылы қазақ даласындағы тұңғыш драма болып ойналған Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы. Құдай-ау, трагедия деп қайдан аузыма салып отыр. Бұл, расында, заманның, адамның ішкі дүниесінің боз-борасыны шығып, сананың жұқанасы қалғанша соққы көрген тұсы екенін айта алған, ешкімнің көкірегінен іздеп таппас шын өнердің кірпияз кейпияты еді. Бүгінге дейінгі таным былай: «Еңлік — Кебек» трагедиясында Кебек сынды жас жігіт пен Еңлік сынды жас қыздың махаббаттары, олардың жетпеген армандары (Кебектің екі бірдей адамның қанына ортақ болғаны көрінбей тұрып) мадақталды, тілекшілер табылды. Шығармада жер дауын қабындатқан құн дауы, құн дауының соңы тағы барып жесір дауына шырмалған қым-қуыт жағдайдың ортасынан барып, Еңлік пен Кебекті тосқан ағасының кегін, жесірінің жолындағы жігіттік намысын жықпау үшін келген Есеннің, оның соңынан елдің би-батыры болып келген Еспенбеттің бой көрсетуімен аяқталған болатын. Ондағы таным Есенді даңғой, Еспенбетті қанішерге соқтырып барып тынған болатын.
Соның соңына көз салсақ, бүгінге дейін Еңлік пен Кебекке тілекші идея мұнан бөлек ойға шома қоймағанын дәлелдеп алар. Бізге бүгінге дейін Еңлік пен Кебек махаббаттың құрбаны ретінде көрінді, ал ел қорғаны Еспенбет батыр би қалай? Мұндағы феодалдық қазақ сахарасындағы екі қашқынды жақтаған ұлт идеясының, дәстүрден, идеядан, еркіндіктен айрылып, мұлде табиғатына жат, теріс ағынға мінгесіп бара жатқанына алақайлап қуанған қазақ қалай? Ол теріс ағын — елдің би батырын, елдің намысын, жоғын жоқтаушыларды бейсаналы түрде жауыз, жемқор, бай деп санап көрдік. Ал, идеял бұл емес екенін айтпай, айнытпай кеткен Мұхтар Әуезов кінәлі емес болар. Ол дәуірдің шындығы, соны ашып берген, әрине, қоғам емес, жазушы қаламы еді. Шындық ізін жасырмақ емес. Бүкіл рулы елді шулатып жүрген қос ғашықтың бірі, ағасын өлтірген, аға кегін, жесір намысын қуа келген Есенді өлтірген Кебек тас басынан:
ـــ Ажалсыз қай найман барсың, көрінші менің көзіме! — деген сәтте Еспенбет:
ـــ Ат, мына мен бар. Найман құрып қалса көрермін! («Еңлік-Кебек», ҚХР: толық орта 1-жылдық әдебиет оқулығы, міндеттемелі 4-кітабы 9-бет) деп кеудесін оққа төсеуі, ой, құдырет! Мұхтар қаламынан оққа кеудесін алдымен төсеген қашқын Кебек емес, батыр Еспенбет болуының өзі де білместікпен, білімсіздікпен айтыла салмаған сөз еді. Бұл рулы елдің намысын қорғап жүрген, қайтпаған ерліктің соңғы семсері еді. Ал келесі күннің кесімін семсер жүзімен өлшеу, семсер жүзіндегі қанның қандай қан екенін өлшеу кімдердің ерлігін жанығанын құдай біледі?! Сіз есіңізге алыңыз, Есеннің ерлігін неге жоққа шығарасыз, ол тым болмағанда ағасын өлтірген жауына (тек қыз үшін емес) жекпе-жекке шыққан арыс азамат екенін, ал Кебектің тек қыз үшін елмен жауласқанын неге ойланбаймыз. Ойлана келсек, бір дәуірдің атсыз-атақсыз кейіпкерлері Есен мен Еспенбет атсыз, атақсыз үлкен идеяларға оранып, жер жастанғандай көрінеді. Ол — қазақтың сахаралық идеясына, сахаралық саналы тәртіпке түскен сызаттай. Шығарма осыған тіреліп тұратындай.
Үшінші сыр, Әкбар Мәжитұлының «Ақсақ құлан» әңгімесі, керемет қазақи ұлттық иіс аңқыған, ұлттық рухты жаңғыртқан әңгіме.
Әңгіменің өзегі бір жіңішке лездік сәтке байланады. Ол: Кетбұғаның Жошының өлімін Шыңғыс ханға естіртуге таң қылаң бере жолға шығып, сол бойда домбырасын асынып келе жатқан бағытында Нариманның алдынан тосуы. Бұл жерде бір нәрсе, сіз шығарманың соңын ойланбай тыңнан оқыған оқырман ретінде ғана ойланыңыз, ол кезде сіздің есіңізге соңына таман айтылатын Кетбұғаның домбырасы, ондағы Кетбұға күй арқылы ханды жеңеді, күй арқылы халқын құтқарады деген ой мүлде болмай тұрған күйде ойланыңыз. Бұл — көріністе қарапайым болғанымен, шындап ойлануға татитын тұс. Ойлантатыны: Нариман Кетбұғаны неге тосады? Шыңғыс ханның айтқаны бар «Үш күнге дейін Жошының жақсы хабары келмесе, қыпшақ даласын қанға бояймын. Ал, кімде-кім Жошының өлімін естіртетін болса, соның көмекейіне балқыған қорғасын құямын» деген. Міне, бұл — үлкен ойдың бірі ғана. Нариман Кетбұғаны жіберсе, оның көмекейіне қайнаған қорғасын құйылып өледі. Ал, жібермесе, Шыңғыс хан қыпшақ даласын қанға бояйды. Осы екі ой екі жаққа кергілегендегі Нариманның Кетбұғаны тосқаны болды. Неге, Нариман Кетбұғаны аман алып қалып, бүкіл қыпшақ даласын қанға бояй ма? Нариман кім? Қыпшақтың жауы ма, ұлт сатқыны ма? Мәселе осында, автор Нариман арқылы ұлттың жанын, ұлттың рухын құтқарудың маңызды екендігін ишаралап отыр. Мұндағы ұлттың жаны, ұлттың рухы деп отырғанымыз да, әрине, Кетбұға. Бұған дейін ол халқының көкірегіне сәуле құйып, қайғырған, тығырыққа тірелген сәтінде жол нұсқап отырған рухани көсемі болатын. Екі күн бұрын күңіреніс пен қайғыны, мұңды бастан кешірген халық кешегі күні кеште де тек Кетбұғаның күйіне ғана сүйеніп, күйге арқаланып, содан медеу тауып отырған. Ондағы батырлық, ерлік жырымен ғана өзінің көкірегін биік ұстаған болатын, ендігі ол — Кетбұға хан қолындағы балқыған қорғасыннан опат болуы қыпшақ даласының рухани жанынан айрылуы болмақ еді. Ол кезде Шыңғыс ханның қыпшақ даласын бір әскер де шығындамай басып алуы көзсіздік еді, өйткені, рухани дүниесінен айрылған ұлттың жер бетінде ұлт ретінде сақталуы да мүлдем жоқ шаруа еді.
Сонымен ұлттың рухани жанындай болған, соның сырын шерткен көркемдіктің құлпын сезген шақта, әдебиеттегі жаратылыс пен осы жаратылысты тану, ол бір өзгешелік, сондықтан да біздегі кеңістік пен бітім біртұлғалануы, танымдық биіктіктен көрінуі қажет дей отырып, бір ғасырға қош айтқан сәтте, кешегі ғасыр қазақ әдебиетінің тұлғаларын сарқып бітпеген ғасыры болсын деген ақырғы сөзге тоқтадық.
"Алматы ақшамы" газеті