ПУТИН ОТАНШЫЛДЫҚТЫ ОРЫСШЫЛДЫҚПЕН ШАТАСТЫРУДА
Әуелі сәл шегініс: Бүгінгі адамзатқа белгілі тарихта 1500-ге жуық ірі-ірі соғыс болыпты. Қарап отырсаңыз, солардың ішіндегі ең адам баласы көп қырылған 1-ші және 2-ші дүниежүзілік соғысты да мұсылмандар кәпір (кәуір, гяур) деп атайтын Батыс Еуропалықтар мен орыстар жасаған екен. Айтпақшы, сол 2-ші дүниежүзілік соғыста 50 миллион адам опат болса, 500 мыңдай қазақтың сүйегі орыстың орманы мен батпағында қалды. Олар «Отан үшін», «Сталин үшін» деп жан тапсырды. Ол аңқау байғұстар сол «Отаны» соның алдында 5-6 жыл бұрын ғана Мәскеу Қазақстанда әдейі ашаршылық ұйымдастырып 4 миллиондай қазақты шыбындай қырып тастағанын көзімен көрген еді. Сол аңқау байғұстар соның алдында ғана біресе орыс патшасының, біресе орыс коммунистерінің әскері қазақты кезекпен қырып салғанын да білетін еді. Бірақ ол байғұстардың миына ұлттық намыстан, қасиетті дінінен гөрі Кремльдегі орыстардың адамды өз ұлтынан, өз дінінен, өз тілінен, өз ата-бабасынан безіндіретін сұмдық сұрқия үгіт-насихаты күштірек әсер еткен болатын. Оны айтасыз-ау, күні кеше дерлік бейбіт жатқан Ауғанстанға Мәскеудің бұйрығымен орыс сардарларының (офицерлерінің) қолбасшылығымен, баса-көктеп кіріп бала-шағасына шейін қырғынға ұшыратуға қатысып келген қазақ жігіттерінің арасында әлі де «Отан үшін шайқастық» деп мақтанатындар бар. Сол «отаншылдықтың» бәрі Ресейдің қашаннан қанына сіңген басқыншылығы екенін, орыстар өздерінің сол басқыншылық, шовинистік саясатын патриотизм яки, отаншылдық деп атайтынын біздің қазекең әлі де түсіне қойған жоқ.
Иә, орыстың отаншылдығы, яғни, патриотизмі қашанда әсіресе қай жерде де орыс тілін үстем қып қою, бір елдің халқын бір-біріне «үритсоқ» деп айдап салу арқылы қырылыстыру, сөйтіп, сол мемлекетті екіге жарып бір бөлігін өзіне қосып алумен ұштасып жатады. Қысқасы орыстың отаншылдығы басқыншылықпен көп ретте ұштасып жататыны тарихтан белгілі. Мысалы, 1783 жылы Қырым ноғайларын жеңе алмаған Суворов ақыры таң алдында бала-шағасы ұйқыда, қалғандары таң намазын оқып жатқан 10 мың ноғайды қырып тастағанын да Суворовтың ерлігі, патриотизмі деп оқытады. Қысқасы, орыстар патша кезінде де, КСРО кезінде де, бүгін де өздерінің басқыншылық, жаулап алушылық, отарлау сияқты арамза, залымдық саясатынан айныған емес. Орыстың бұл отаншылдығы яғни, патриотизмі ұрпақтан ұрпаққа қан арқылы (генетикалық жолмен) беріліп келеді. Ренжісеңіз ренжіңіз, керісінше орысқа құлдық ұру яғни, құлмінез қазақтың ұрпағынан-ұрпағына тұқым қуалап қан арқылы беріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Қазақтың «сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегені тап-таза шындық екенін құлдық мінез де қан арқылы тұқым қуалап берілетінін осыдан-ақ көруге болады. Ал орыстың мұндай жабайы патриотизмі әлемдегі ең ірі, ең қуатты империя болған Алтын Орда құлап, кейін Қырым хандығы, Қазақ хандығы, Ноғай ордасы болып тарам-тарам боп кеткеннен кейін басталды. Орыстар Алтын Орда ыдырағаннан кейін ғана есін-жинап ел бола бастады. Ресейдің содан бергі ең басты саяси кәсібі –көрші елдердің жаулап алу. Оның бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Ресей бүкіл Сібірді басып алды, онысын басып алу емес, игеру яғни «освоение Сибири» деп жазады. Қазір олар бүкіл Сібірді орыс жері дейді. Қазақтың Орынбор, Жаманқала, (Орск), Хажы Тархан (Астрахан(, Сарытау (Саратов) аймағы, Еділ бойы (Волга) сияқты жержұмақ, кең байтақ даласын біресе патшасы, одан соң орыс коммунистері басып алды, бұл жерлерді қазір орыстар Ресей жері деп атайды.
Жақында Ресей адам баласының ары бармайтын ұятсыздықпен, найза бойламайтын арамза қулықпен Қырымды өзіне қаратып алды. Қырымда алпыс екі айламен, алуан қулық-сұмдықпен өткізілген референдум дегенді, оның шешімсымағы бойынша жарияланған Ресейдің құзырындағы мемлекет дегенді халықаралық ең беделді қауымдастық БҰҰ да жеке мемлекеттер де мойындаған жоқ. Сол күндері Ресей президенті Путиннің федерациялық кеңес деп аталатында сағаттан астам сөйлеген сөзін тыңдаған адам егер шын ізгі ниетті, адамгершіліктен айрылмаған адам болса, Путиннің де, оның әр сөзіне қол соғып, шовинистік ауруы асқынған сәтте бірін-бірі құшақтаған орыстардың қандай қараниетті залымдар екенін анық байқар еді.
Ресей бір елді екіге бөліп, бір-біріне айдап салып билеуге құмар дедік. Ол үшін тарихтың тереңіне үңілмей-ақ соңғы жылдары Грузияның қарамағында сүттей ұйып отырған Абхазия мен Осетияны ала тайдай бүлдіріп, грузиндермен қырқыстырып өздеріне қосып алғанын, біртұтас Молдавияның ішінен Приднестровье деген қуыршақ мемлекет құрып, оны да өз айтқанымен жүріп-тұратын ел қып қойды.
Енді Приднестровьенің орыстары да біз Ресейге қосыламыз деп шуылдай бастады. Ондайлар Қазақстанда да баршылық екенін интернеттегі арамзалық пиғылдарынан көріп жүрміз.
Ресейдің надандығы ма, әлде өзгеден өзін артық санайтын пасық менмендігі ме қайдам олар қыпшақты да, ноғайды да, татарды да, бурят, моңғолды да, шүршітті де, татарлар деп атай береді. Немесе «турки» дейді. Сол ауруынан айыға алмаған орыстар ноғайларды да қырым татарлары дейді. Орыс не айтса соны қайталап айтып, орыс не істесе соны істейтін қазекемдер де «қырым татарлары» деп сөйлейтін болды. Көзін ашқаннан қай жерде қандай иіс-қоңыс бар деп тіміскіленіп жүруге ғана машықтанған «кэгэбэшник» тарихты қайдан білсін осы федерация кеңесінде сөйлеген сөзінде де «қырым татарлары» деп лағып кетті. Бірақ ол Ресей федерациясының құрамында 400-ге тарта ұлт ғұмыр кешіп жатқанын біле тұра бастан-аяқ «русский народ», «русский язык», «русскоязычные» деген сөздерді жағы сембей қақылдаумен болды. Оның тарихтан бейхабар тек иісшіл «разведчик» қана екенін егер жиналғандар көзі ашық, мәдениетті адамдар болса «Крым исконно русская земля» деп өзеуреуінен-ақ байқаған болар еді. Амал не, олар өйтпек түгіл Пұтекеңнің осы лақпасына дуылдата қол соғып, тіпті кейбір орыс қатындар бірін-бірі құшақтап сүйіп жатты. Соларды көріп отырып Маркстің «русский шовинизм когда достигнет предела, он превратится в садизм» дегені еске түсіп, мыналардың қолына түссең не боларыңды ойлап, тұлабойың шымырлайды екен. Тіпті, ел аузында қатыгез атанған Сталиннің өзі «В прошлом Россия– Россия царей и палачей. Россия жила тем, что угнетала народы входившие в состав Российской империй»,–дей келіп, «Ресей өзі қанап отырған халықтардың қан-сөлін сорып, солардың күшін пайдалану арқылы ғана өмір сүрді. Және бүкіл халықтар Ресейді қарғап-сілеумен болды»-дегені шындық екеніне көзің жетеді екен. Иә, Путин өз сөзінде РФ-да тұратын 400-ге жуық ұлттардың атын атамай, тек екі сөзінің бірінде «русские», «русский народ», «русский язык» дегенді қайталап жатқанда мына жақта –Қазақстан телеарналары мен қазақша газет-журналдар Қазақстандағы 130 ұлттың өкілдері туралы бір әкенің баласындай бауырлас екені аузы көпіргенше лепіртіп жатты. Ал соның арасында Қазақстанның түкпіріндегі орыстар «Россия –мы с тобой!», «Так держать Россия!» деп теріс пиғылдарын ашық білдірумен болды. Ақыл-есі түзік, ұлттық ар-намысы бар әр қазақты олардың осынысы-ақ ойландырар еді ғой. Ресей Грузияны, Молдавияны, Украинаны, Чеченстан, Дағыстанды анадай қылғанда, бүкіл Сібірді де орыстың жері деп, онда тұратын жергілікті халықтардың құжатына ұлты орыс деп жаздырып, оларды тілінен, дінінен айырып жатқанда, Қазақстан шонжарлары 24 жылдан бері өз елінде қазақ тілін от басы, ошақ қасының ғана тілі қып қойды. Қазақстанда тұратын орыстар қазақ тілін тіл екен деп менсінбей жүргенін, Ресейдің белді-белді саясаткерлері Қазақстанның солтүстік облыстарын берсе бейбіт жолмен, бермесе әскер күшімен тартып аламыз деп күніге төбеңнен әңгір-таяқ ойнатып отырғанын көре-тұра қазақтың не басшылары, не қосшылары қарын тойғанына мәз болып, «130 ұлттың көңілін тауып» үнсіз отыруына қандай атау беруге болады.
Еліне ашықтан-ашық іштен де, сырттан да қауіп-қатердің қара бұлты қоюлана төніп келе жатқанын көре тұра көрмеген болып жүре беру ажалға амалсыз көнген ауру адамның әрекетсіздігі емес пе? Пендеміз ғой, егер Украинадағыдай жағдай Қазақстанның басына туа қалса, «тілді айтатындар сол арқылы бедел жинағысы келеді» дейтін Н.Ерімбетовтер мен Данияр Ашымбаевтар КТК мен «7» арнадан қазақтың салт-дәстүрін мазақ қып тиын-тебен тауып жүрген Н.Адамбаев пен оның қасындағылар өзіңді басқыншылармен қосыла сабай ма деп те қорқады екенсің.
Иә, патриотизм, яғни, отаншылдық, әркім ең алдымен өз ұлтының тілінің, дінінің салт-дәстүрінің, өз жер суының қамқоршысы болудан басталады. Бірақ Құдай орыс шовинистерінің, әсіресе Путин, Жириновский, Дугин, Лимонов, Просвирин сияқты орыстардың патриоттығынан, олардікі сияқты отаншылдықтан сақтасын.
Ұтыры келгенде надандық пен шовинистік адамды қандай есалаң күйге түсіретініне бір мысал келтіре кетелік. Осыдан 1-2 жыл бұрын осы Путин–Пұтекең Ресей тарихын қайта жазуға нұсқау берді. Яғни, оның айтпағы Ресейдің татар-моңғолдардың қоластында 300 жыл болғанын орыстың бүгінгі балалары білмеуі керек екен. Сонда бұл Путин–Пұтекең ол 300 жылдың орнын қалай, немен толтырыңдар демекші? О заман да, бұ заман 300 жылдық өтірік жаз дегенді орыс патшасынан басқа кім айтар дейсің? Әнебір жолы Мемхатшы боп тұрған кезінде Марат Тәжиннің «ұлттық қадір-қасиетті білу, ұлттық тарихты білуден басталады» деген өте ұлағатты сөз айтып, жақсы бір бастаманы бастап еді. Әттең, ол кімнің жолына көлденең келгенін біз білмейміз. Бір ғана білетініміз, біздің Кеңес заманындағы тарихымыз да, бүгінгі тарихымыз да Ресейден ғасырлар бойы көрген қорлық-зорлығымыздың мыңнан, он мыңнан бірі айтылмайды. Біздің бүкіл тарихымыз өзімізбен қыз алысып, қыз беріскен, өзіміз сияқты ішкені қымыз бен шұбат, жегені ет, ХҮІІІ ғасырдың ортасында қытайлар қырып тастаған жоңғарларды жамандаулармен ғана толы. Осыдан біраз жыл бұрын «Түркістан» газетінен жап-жас корей жігітінің сұхбатын оқыдым. Сонда ол: «бізді корейлерді жапондар 40-50 жылдай ғана отар қып ұстады. Соның өзінде біздің жап-жас балаларымыз бен қарттарымыздың жүрегінде жапондарға деген үлкен бір кек әлі де тұрады. Ал Ресей қазақтарды–сіздерді 300 жылдан астам езгіге салып келді. Мен байқап жүремін, сіздер, қазақтар соның өзінде орыс көрсеңіздер соның ыңғайына жығылып, соған жәреукеленіп сөйлеп тұрасыздар. Сірә, бұл сіздерге өз тарихыңыздың дұрыс оқытылмауынан шығар»– дегенін оқығаным бар. Бұған не дейсің, бүгінгі қазақ? Біз Путиннен онікіндей патриоттықты, онікіндей отаншылдықты үйренбей-ақ осы жігіттен де біраз нәрсені көкейге түюімізге болар еді ғой. Амал не...
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Abai.kz