КӨКЖАЙЛАУ - "ҚОЛДАН КЕТТІ"
Алматыда 200-ге тарта бизнес-қауымдастық өкілдеріне «Көкжайлау» курортының жобасы таныстырылды деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі Гүлмира Ғосманәлі.
Естеріңізде болар, осы «Көкжайлау» төңірегінде үлкен дау туындаған. Мэльс Елеусізов бастаған табиғат жаншырлары «демалыс орыны» керек болса «Шымбұлақты дамытсын», «Көкжайлаудан аулақ жүрсін», «Таза табиғатты жеке меншік үйлерге беруге болмайды» деп шыр-пыр болып еді. Енді міне ол сөздердің бәрін естір құлақ болмағанына көз жетіп отыр.
Курорт жобасын Сингапурдағы дизайнерлік компания жасаған. Тапсырыс берушілер
жобаны жасаған дизайнерлерге қазақтың бірегей мәдениеті мен ұлттық нақышын паш етіп қана қоймай, қоршаған ортаға залалын тигізбейтін ықшам нысанның жобасын жасауды тапсырған.
Нәтижесінде сингапурлық мамандар ежелгі Жібек жолын еске түсіретін керуен сарайдың эскизін таңдап алыпты. Олар «Көкжайлау» сараптау кеңесінің мүшелерініңде пікірін қаперге алды.
Кеңес мүшесі, «Доломиты Суперски» итальяндық курортының директоры Алессандро Марцола таныстырылған жобада барлық қажетті талаптар ескерілгенін атап өтті.
«Маған дизайнның жобасы ұнады. Бұл жерде 2 нәрсе ескерілген: біріншіден, курорт өзге нысандарға ұқсамайды. Екіншіден, курортта жеке үйлер жоқ, тек қонақүйлер ғана орналасқан. Біз Альпідегі курорттардың қателігін қайталағымыз келмейді. Ондағы жеке үйлерге туристер тарапынан сұраныс жоқ. «Көкжайлау» курорты жыл бойы қызмет ететін болады», - деді ол.
«Абай-ақпарат»