КӨКПЕКТІ СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ КӨКЕСІ
Кеше ғана «Көкпекті су қоймасының иесі – жын-шайтан ба?» деген мақала жариялағанбыз.
Өздеріңіз білетіндей, Қарағандыға іргелес жатқан Көкпекті ауылындағы су қоймасы жарылып, сол маңдағы тұрғындар апаттан зардап шеккен, 5 азамат көз жұмған. Ал Төтенше жағдай министрі Божко мырза болса әдеттегідей «көріпкелдігін» айтып, ауа райының күрт жылынатындығын бір апта бұрын білгендігін еш жасырған жоқ. Үкімет болса зардап шеккендердің қамқорлықсыз қалмайтындығын айтып жар салып бағуда.
Бір қызығы, барлық Үкімет мүшелері жиылып, жергілікті мекемелер күш біріктіріп қанша іздеседе «апатты су қоймасының» иесі кім екендігін әлі күнге таба алмай жатыр.
Ендеше құлақ түріңіздер. Оны біздің оқырман анықтапты. Аталмыш мақаланың астына пікір жазған «Азамат» есімді оқырман: «Көкпекті су қоймасының қожайыны - Парламент депутаты Рауан Шаекиннің әкесі Михайл Шаекин. Сол ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін біледі мұны. Оның несі жұмбақ?», - деп пікір қалдырыпты.
Яғни адам өліміне әкелген апаттың бір себепкері депутаттың әкесі болғаны. Бірақ тұтас бір ауылды су алып, жұрттың шаңырағы ортасына түсіп жатса да құзырлы орын қызметкерлері «тымпи-жымпи» деп жақ ашпай отыр.
«Абай-ақпарат»