Еркеғали БЕЙСЕНОВ. НАР ТҰЛҒА
Поэма
(Иманғали Тасмағамбетовке)
І
Бірі етіп бос мадақ, ұрандардың,
Қолданбаймын құралын құр алдаудың.
Ал, ұлтымның мақтаны болған ұлға
Реті келді бір жақсы жыр арнаудың.
Арттырғанда арынды Құдайым нық,
Ауыздықпен алысу – шынайылық.
Жантықтанған жай емес...
Жалалы топ,
Шырайы құт сырымның сыңайын ұқ!
Оң қадамды бағытын дәл анықтар,
Имекеңнің бойында даралық бар.
Жұрт мүддесін жығылмай ала жүрген
Ақ жолында – тек игі жаңалықтар!
Ердің ісін еш етпей, ел елейді,
Шен-шекпенді екен деп шенемейді.
Сөйтсек, сезік қоспақ боп зор сенімге,
Кертартпалар... құрысын... не демейді?!
Қыңырезу қырсықтық – іштарлықтан!
(Заман жоқ-ау, мықтыдан мыстан ыққан!?).
Ешкім өсек өрбітпес, өзінің де
Жөні болса ілкімді іс мандытқан.
Бұл қазаққа бас исем мен бекерге,
Нөпір өлең нөсерше селдетер ме?!
Тапсаң егер, досым-ау,
Ұсақ-түйек,
Ұмытылар міндерін сен де терме!
Көтергендей көрінсем аса бағын,
Танығаным тұлғасын, рас, адамның.
Оза шапқан одашы шалдарша тек,
Пендеден пір, пайғамбар «жасамадым».
Төңіректеп жүргем жоқ қарамағын,
Лауазымға бек мүмкін жарамауым.
Кеңсе сәні – жағымпаз қызметкер,
Тектен-текке былғанбас адал арым!
Сырттай ғана сыйласса ақын, әкім,
Қапталдасар тым алшақ заты бәлкім?..
Ол – Нар тұлға!
Ал, менің нарқым осы –
Таным талғап, басымды қатыратын!
Нұрағаның* ұтымды ұстанымы –
Ұлтты ұйыту. Әр Жолдау – тұспал, ымы.
Сол сенімге еш селкеу түсірмеді
Имекеңдей ерлердің күш-дарыны.
«Қайтсем қалың қазақты күйлі етемін?..»,-
Дейтін мұңы мәлім ғой Имекеңнің.
Нұраға да оны жай уәзір етіп
ұстамады.
(Тумас хан, би де тегін!..).
Күмбірлетсем мазмұнды, міңгірлемей,
Бірегейдің бүкпесін білдір, көмей!
Әлгілер де... әйтеуір... құп алады,
Іштерінде бұққан соң бір-бір «өгей»!
Саясаттың салмағын сезінгеннен
Сағы сынып, еңсесі езілмеген.
Шыдамы да шыңдалып әжептәуір,
Кезі келген міндеттен безінбеген.
Абырой – зор, сыйы – мол, бедел – биік,
Келбетіне келіскен кемел кейіп.
Ашық айтсам, «асыра мақтады» деп,
Ашуыма тиер жұрт...
Е, не дейік?!.
___________________________________
*ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
ІІ
Е, не дейік?!.
Қай білгіш жыр тыңдапты?!
(Жылан тілі қыранға жылтыңдапты)...
«Еркеғали өтірік айтты» деме,
Иманғали сүйеді ұлтын қатты!
Әрқашан да қазаққа еміренді,
Әр сөзінде «қазақ» деп тебіренді...
Ұлттың ұлы, сені де ұрпақ танып,
Алақанда ұстайды елің енді!
Шымыр шыққан шындыққа иланалық!..
Имекеңе дарыған иман анық.
Ұлттық рухы залды тез ұйытады,
Елге есеп бергенде жинап алып.
Мәңгүрттерді тұрады мысы басып,
Мәңгіргеннің кетеді құты қашып...
Мән берсеңіз, оқырман, мәнеріме,
Мәңгілікпен отырсыз ұшырасып!
Жасамайды, әрине, адам мәңгі!
«Мәңгі» сөзі Аллаға алаңдаулы.
Айтпағым, бұл тақырып – тарихыңда,
Сия кетті қойнауға, қалам қалды.
***
Тәуелсіздік таңының атқанында,
Рухым әлі табанға тапталуда.
Тіліміз тіс тасасын қалқан етіп,
Көп жыл өтті тұтығып жатқанына!
Әлі күнге әркімге жалтақтаймыз,
Ми, жүрексіз, мес қарын, талтақ баймыз.
Орыс бермей ерікті,
Ербидік-ау,
Ит сарыған иесіз шартақтай біз!
Тас мүсін мен Исаға сыйынғанға
Мәз ұл-қызың пысқырмас Нұр-Иманға!
Түп-тегінен жерініп, қатып қалған,
Қатыгездік қалыпқа құйылған да.
Қорқақ құлдар, санасы бұғауланған!
(Өлі намыс тірілмес сыналғаннан...).
Жатыпішер кержалқау анау бауыр,
Жеңіл ойлы, жел сөзді мынау қарғам!
Тірліктері тіреп тұр түңілуге,
Жанайқаймен ісі жоқ бірінің де.
Оңай олжа іздеген оңбағанның
Қорқынышты қорқаудай түрі мүлде!
Шошқа майын кескенде шылқылдатып,
Босағада болып жүр шыр-пыр бақыт...
Тамырынан бөлінген шірік бүрді
Салып алшы тезіңе, шіркін, уақыт!!!
Қаптағанда қасыңа азғын, ылаң,
Қорқасың, ә, жақынды жазғырудан?!.
Бұл мәселе туып тұр негізінде,
Имекеңдей қазақтың аздығынан!
Ел билігі кенделеу хас ұланнан,
Елдің қамын ойлайтын басы бардан.
«Төрден төре үңілсе тұрмысыма...», -
Дегеніміз – бұрыннан асыл арман!..
ІІІ
Жә, Елбасы қойғандай билік беріп,
«Ірілердің» ісіне килікпелік!..
Жыр арнасын бұрайын,
Халайыққа
Тұрған сәтте тосындау сый діттеліп.
Діттелген сый мынау ғой жырды бұрар –
Имекеңде мұра мол үлгі қылар.
Әншілігі – бір төбе... Тағы басқа,
Жидашы деп танылған бір қыры бар.
Талпыныстың тамыры тік ендейді,
Ұшы жалғыз хоббиға тірелмейді.
Асыл, көне бұйымдар топтамасын
Ұлт мирасы ретінде түгендейді.
О, кезінде болмапты арзан жақұт!
Жарқылдапты, қонғандай бар жанға құт.
Алтын, күміс зерінің үйлесімі –
Інжу, гауһар, меруерт, маржан, ақық.
Алтын ұшқын тергендей әрбір ізден,
Өркениет алған-ау, нәрді бізден!? –
Ер қаруы, әйелдер әшекейі,
Ат әбзелі... сәулелі сәнді түзген.
Бабам бәрін сұқ көзден жасырған да,
Енші еткен ғасырдан ғасырларға.
Бауырында жартысы Жер-Ананың,
Ал, жартысы – уақытқа масылдарда.
Қадірінен арзандап кейін құны,
Саудаланды жәдігер жиынтығы.
Мыстандардың мысы боп шыға келді,
Сол мирастан құралған тиын-пұлы...
Қағылғанын түйсініп дабыл қалай,
Кейбіреулер тәубадан жаңылмағай!
Сезсек игі көненің қасиетін,
Тұрмыстық зат күйінде қабылдамай.
Кейіпкерім – тарихқа адал адам,
Топтамасын тауарға баламаған.
Бәссаудада бәсеке қыздырмас қор,
Мұражайдың бұрышын «паналаған».
Текті жанды теңейтін сынығына,
Асыл лайық ұлтымның ұғымына.
Имекеңдей тұлғаны іштен шалып,
Түкірмесін тексіздер тұнығыма!
ІV
Ол сарқылмас күшіне мінді тегі,
Қалай енді қарқынын ілбітеді?!
Біліп еткен еңбегі берекелі,
Жүріп өткен жолына гүл бітеді!
Қай салаға барса да, қай қалаға,
Нәсіп сеуіп кетеді айналаға.
Кей кездері арсыздар арандатқан
Зиян – бөтен.
Тигізді пайда ғана!
Ең алдымен аулалар абатына,
Одан кейін тас жолдар қабатына,
Одан кейін орманды көркейтуге
Атсалыса кетеді ара-тұра.
Өзі бас боп жүрген соң,
Жұмысшылар
жігерленіп, мың істі бір іс қылар.
Әрі кірген қалаға бәрі бірден
Басқа үлес қосса да, дұрыс тынар.
Тазалықтан құп алдық бастағанын,
Лас болса, сол – көкесі масқараның!..
Дәл өзінің кіршіксіз көңіліндей,
Көшелері Алматы, Астананың!
Беу, Астана!
Жайттарын бастан кешкен
Ғалым «тарих», ақындар «дастан» дескен...
Беріректе, Ақмола кезіндегі
Ел біледі сықпытын астан-кестең.
«Астана» деп ресми бекіткелі,
Тегістелді ескілік тетіктері.
Құлпыруы – арқасы Имекеңнің,
Батпақ, сатпақ кеткендей етіктегі!
Тынысы кең тұлпарға тұсау бар ма?!
Маңайы бай маңызды мысалдарға:
Жандануда тұрғын үй құрылысы,
Бойын түзеп сәулетті нысандар да.
Керуенше жіберген алтын артып,
Дала шамын тастады жарқыратып.
...Тұрғылықты мекеннің ажар-көркін
Мақтан тұту – біз үшін жарты бақыт!
Қырқасындай жайлаудың гүлзар қандай!
Жер жүзінің бар гүлі бүр жарғандай.
Ұлттық нақыш аңғартқан «Нұржол» бойы
Даламыздан табиғи түрді алғандай.
Көмкергендей көрінсе гүл қырқаны,
Жалғасындай бұлақтың субұрқағы.
Жан сергітер осында біраз ақын,
Таңдайына түскенше жырдың табы.
Жиналып қап жан-жақтан тұрпаттар мың,
Түсті дені жолдарға құр таптаурын.
Ескерткіш боп оралып біртуарлар,
Қадамына қарап тұр ұрпақтардың...
Қала қылып тік еңсе, көркі нұрлы,
Төбесіне қазақы бөркін ілді...
Ең бастысы, ерекше елордамыз –
Елбасының көзіндей төлтуынды!
Салынғандай сиықпен қызғанышқа,
Жалған айтып, тимейміз біз намысқа.
Айғақтайды Нұрағаң қолтаңбасын,
Бас жоспарын жасаған сызбанұсқа.
Ал, Имекең – «бас көзір» бас қаламда!
Бәсі басым көрінді басқаларға.
Ерек еткен Елбасы тапсырмасын,
Тиянақты тындырып тастаған да.
V
Несіне біз жетісіп есіреміз?!
Кедейлікпен қашанда кесір егіз!
Кері қарай кетеді өсіп-өніп,
Несиеміз боп келген несібеміз.
Жалтақ бала, момын ер, ақырған жар –
Көрер таңын көзімен атырғандар.
«Отбасылық бюджетте» нан, сүт алып,
Жолақысын төлейтін бақырлар бар.
Өзімнің де тұрмысым, күйім қиын,
Көзге күйік сапасыз киім, бұйым!..
Қадірімді қашырған кердеңдер мен
Керзаманға қалайша күйінбейін?!
Қолда бардың қажетін дәл ептейміз,
Ештеңе де ешкімнен дәметпейміз.
Сыртқа жүнін қомпайтқан көк бөріше,
«Қоңыр тірлік – қазақы әдет» дейміз.
Сүрлеуіміз бұралаң, кедір-бұдыр,
Бір байғұстың бір байғұс серігі-дүр:
Ішкені бір ерлердің құсқаны – бір,
Жегені бір қатынның жерігі – бір.
Уақыттары ой-қамсыз өтпеген еш,
Еңбекқорлар босқа тер төкпек емес.
Айлық пұлдан шайлық құн шықса егер,
Басшыларға ешқашан өкпелемес.
***
Осындайды Имекең сезіп-білді,
(«Көк аттыдан» көкейге сезік кірді).
Еншісінен адасқан кей отбасын
Игілікпен жан-жақты кезіктірді.
Үй кезегін күткендер анықтаулы,
Жас пен сала бойынша парықталды.
Көрінбейтін үнемі көлеңкеден
Қаламгерлер жағы да жарып қалды.
Қуаныштан көз жасы нақ төгілген,
Шапағатты, шуақты шақты көргем.
Арқа-жарқа ағайын бірін-бірі
Қоныс тойға шақырды шат көңілмен.
Жамау көңіл, жыртық бұт қошақаны
Күлген сәтте атқандай қоса таңы,
Шын мұқтаждың дірілдеп кілт сүйгені
Еріктен тыс көңілді босатады.
Үлескерлер жағалап Үкіметті,
Шаршаса да үмітті үкілепті...
Әкіміне жаудырып алғыс, бата,
Құдайына мың мәрте шүкір етті.
Бұйрық бұлтсыз еткенде көрер күнін,
Өрістейді өр рухы өрелінің.
Босағада боздаған тіленшідей
Жағдайынан жаңылды өнер-білім.
Бағыт сілтер бас қала жастарына,
Руханият, тіл жетті асқарына.
Көңіл бөлді көп жылдық тарихы бар
Аға газет «Астана ақшамына».
Жаратушы жаратса құлықсыз ғып,
Өн бойыңда жатады ырық мызғып...
Жеңіп келіп зіл-батпан жалқаулықты,
Жеңілдетті салмағын жұмыссыздық.
Естілердің мұң-зары былай қалып,
Бақыт құсы бастарын жүр айналып.
«Екі қолға – бір күрек» бұйырған соң,
Шыға келді жүздері шырайланып.
Өз жұмысын мандытса пешенелік,
Жақсы маман жатқан жоқ кеш еленіп.
Күнгей жаққа бұрылды күнкөрісі,
Еңбекақы көлемі еселеніп.
***
Азсынғанды мөлшерін мына құттың
Құлағына қарап-ақ шырамыттым.
Пиғылына береді Құдай өзі,
Қанағаттан қағынған жылауықтың!..
Жүгіргеннің күйені ала салып,
Талғамына тағдыры жараса, құп.
Әкімдікте тым жиі болмайды ғой,
Қамқорлыққа бөлейтін шама-шарық!
Астарына «ойбайдың» күрес бүгіп,
Қызғанышты қызықпен тірестіріп
Керегі не?!.
Имекең көрінгенге
Жеке мүлкін бергендей үлестіріп!
Нарық қарық қылардай оңайлықпен,
Несібемді өмірден олай күтпен!
Таппаудамын, алайда, нақты бағыт,
Түсіп тұр да оң-солды жолайырық тең.
«Жазып жатқан жырыңның құны қанша?»,-
Дейді досым, жылмаңдап ұрыларша.
Таңым бар-ей, тоғышар түсінікке,
Деп ойлайтын «Болды ғой пұлын алса...»!
Ал, айтайын, тұрса да пайда дайын,
Бұған баға жетпейді, айналайын!
Берсін Алла кедейге адалдықты,
Және иман, сананы байға лайым!
«Жалпағынан жалғанға құнығып қал!»,-
Десе біреу, жан емен бұны құптар!
Құнанбайдың дәулетін көздеп пе екен,
«Абай жолын» жазарда ұлы Мұхтар?!
(Қымбаттығын жөнім жоқ қозғайтұғын,
Әдет еді әдептен озбайтыным...).
Дәлелдеген зар-заман заңғарлары,
Сөзден соққан ескерткіш тозбайтынын!
Оған лайық Имекең бар қырынан.
Тағылымы бөлінбес тағдырынан.
Әкесіне мың алғыс, ер өсірген!
Анасына мың алғыс, арлы қылған!
Жомарттыққа келгенде, жарқын жанды.
Жантықтарды көргенде, салқынқанды.
Елей жүрді ел-жұртын шын сүйгенді,
Демей білді қияға талпынғанды.
Жүрегінен айналдым, қан қайнаған!
Жігерінен от көріп, таңдай қағам.
Тілегімен халқының өрлеп өрге,
Білемін мен болғанын қандай маман...
VІ
Шалыс қадам жасатар шала безбен...
Ал, ол оқу қамымен қала кезген.
Жаратылыстануға құмарлығы
Іргетас боп бекіді бала кезден.
Болғандықтан пәлсапа ұлық ілім,
Білімпаз ұл меңгерген бұны бұрын.
Кейінірек жілігін шағып тастап,
Майын ішті саясат ғылымының.
Сол саясат тартпаса тереңге нық,
Жасар еді басқаша ерен ерлік.
Географ, эколог, биолог боп
Кетуі де тиіс-тін, кемелденіп.
Биік билік басына жарағаннан,
Мығым жүріс күтілді нар адамнан.
Жарты ғалам ілімін тауыспаққа
Талап қылған таланты бағаланған.
Жоғарыға жетерін растау үшін,
Саясаттың сатысын басқаны – сын.
Жүрексінбей, Имекең лауазымды
Басқарудан бастады жастар ісін.
Айналғанды мадақтың арқауына,
Үйіреді иірім, тартады да.
Комсомолдар Кеңестік кезеңдегі,
Төриенің бас иді қауқарына...
Азат аспан сейілтіп сұр тұманды,
Азаматтық ұстаным, құқы қалды.
Президент жағынан пәрмен келіп,
Кеңесшілік қызмет күтіп алды.
Мансабына береке қонып тәуір,
Арасында күн, айлар жолықты ауыр...
Біріккенде Білім мен Мәдениет,
Бақ сынады министр болып та бір.
Төбе тұстан төменге сәл үн қатты,
Бар мәселе ретімен мәнін тапты.
Сосын... туған өңірі Атырауда
Әкімдіктің дәйекті дәмін татты.
Сенім бекіп бірінші бастамаға,
Бері тартты Батыстан «қасқа бала».
(Екіншісі – барғаны Алматыға,
Үшіншісі – келгені Астанаға).
Алаңдатпай артына көш егесін,
Қазағымның ұлдары өсе берсін!..
Отырғанда Үкімет басшысы боп,
Көгерткен-ді халықтың көсегесін.
Ең жауапты жұмыстар бұйырғалы,
Ақорданың маңайын шиырлады.
Бас кеңесші, ПӘ*-нің жетекшісі
Болғандағы міндеттің қиын бәрі!
Сәттен бері өрісті іс бастаған
Күндер сирек түн қатып, түс қашпаған.
«Қажу бар ма, тұлпарға?..»,
Өмірінде
Білім, білік жайдан-жай ұштаспаған!
Қабылдады бойдағы зор ынтаны,
Мемлекеттік хатшының орынтағы...
Жыр-картаға түсірген бұл тізбектен
Жүріп өткен теп-тегіс жолын таны!..
***
Ыстық, суық... Саясат – құбылмалы.
Кландардың шығып жүр ығырлары.
Сүрінгені қалады сүмірейіп,
Басқа жаққа безеді жығылғаны.
Орынтаққа жеткені есінеді,
Бос отырып, ақшадан мес үреді.
Бір-ақ жұтты...
Мендейдің миллионын
Жарылқауға жететін несібені!
«Бюджет қорын халыққа арнағанда,
Жаза неге болмайды жалмағанға?
Мемлекеттің қаржысын қадағалар,
Менен басқа ешкім де қалмаған ба?..»,-
деп Елбасы еріксіз қынжылғанда,
Әсер ете қоймады тұнжырларға.
Қарап тұрып қан қайнап, жан ашиды,
Бір жағынан, түседі ұнжырғаң да.
Арам қарға деңгейлі адамдарға
Кейде жем боп жатады адалдар да.
Текті, іскер, талапшыл Имекеңдей
Бола алмаса...
Нұраға-а-ау, амал бар ма?!.
_____________________
*Президент әкімшілігі
VІІ
Көргенсіздер көзінше жалбақтайды,
Іштей сыбап, сырт көзге сәл даттайды.
Анығында көп білген, көпті көрген,
Айтары бар ағайын ардақтайды.
Дуалы сөз термелеп тектілігін,
Еп, білігін елеулі етті бүгін.
Зиялының аты шын зиялы ғой,
Биіктерден естіртер бектің үнін!
Нар тұлғаның атына сай ықпалы
Асқақтады, қанатын жайып бабы.
Бұқара да бас қоса қалысқанда,
Шешендігін тамсана байыптады.
«Шуылдаспай, табуда жұрт тыным...»,- деп,
«Шынымен әр қадамы нық бұның!..»,- деп
Студенттер соғады саясатты,
Оқушы да өзінше тұтты құрмет.
Қала жақтан сыр тартып ауыл, аудан,
Шалғайдан-ақ тәп-тәуір танып алған.
Көкжиегі көңілдің кеңейген де,
Сансыраған санадан сағым ауған.
Тіл тірнегін тіршілік көшіруде,
Қайысуда Арқаның төсі мүлде.
Қарапайым халыққа байланысты,
Ұл-қызының өсуі, өшуі де!..
Түйін
Жыр үдесе, жалғасар тағы, тағы,
Соны соқпақ ойды тез дамытады.
Пәк пейілден пенделік жасалғандай,
Ынтықтыра бермейін, ал, ынтаны!
Ынтаның да түгі жоқ ел індетпек!
Жалғыз жауап мынау-ақ менен күтпек:
«Шекпенімен қабылдап, кейіпкерге
Қарай салған қиянат «шенеунік» деп!».
Ұлтын сүйген ұмытар ұланды кім?!
Қырағының таныдық қырандығын!..
Мықтылықты мықтылық мойындайды,
Жазылған жоқ бұндай жыр бұдан бұрын!
Оқи қалса көңілдің хошы бары,
Шынайылық шарттарын дос ұғады.
Кемді ғана «көргені» кей сабаздың –
Айнадағы пошымнан шошығаны!
Ақтаңдаққа айналып бұл арнауым,
Күтіп ұстар кітапқа құмар қауым...
Иә, иә, қақ төрге шығарар-ау,
Имекеңдей Алаштың ұландарын!
Жарқ еткізген сындымын жарқын жанын...
Бірақ, Шабыт, сен әлі сарқылмағын!
...Алтын құрсақ аналар бұл жалғанға
Әкеледі талайын Нар тұлғаның!!!
Астана
30.03.2014
Abai.kz