Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 10675 0 пікір 1 Сәуір, 2014 сағат 17:39

Тіліміздің мемлекеттік мәртебесі Конституциямызда айқындалған

Ербол ТІЛЕШОВ, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жыл­ғы Жолдауында еліміздің бірқатар стра­те­гия­лық бағыттарымен бірге тіл тақырыбын да қам­тыды. Осыған орай тіл саласында қандай стра­те­гия­лық ұстанымдар болуы қажет? 

– Біріншіден, тіліміздің мемлекеттік мәр­те­бесі Конституциямызда айқындалған. Осы мәр­тебені нақты іс жүзіне асыру үшін тілдерді да­мыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарламасы қабыл­дан­ған. Бағдарлама ауқымында қазақ тілінің бүгінгі жә­не таяу болашақтағы барлығын болмаса да, көптеген мәселелерін шешуге боларлық. Менің ойым­ша, Елбасының жоғарыдағы сөзінен соң қазіргі тілдік ахуал сараланып, атқарылар шаруа­лар тиянақталғаны жөн. Бұл ретте әсіресе, қазақтілді ортаның болашақта өріс жаюына аса қажет жұмыстар қазіргіден де жандануы керек. Екіншіден, Елбасы тарапынан «2025 жылы баршамыз қазақ тілінде сөйлегенде Қазақ елі бо­ламыз» деген стратегиялық ой айтылды. Енді осы межеге жеткенде жаппай қазақтілді орта болу үшін болашақта нәтиже берерлік қандай ке­зеңдік, қажет десеңіз, дәуірлік міндеттерді орын­дауға тиіспіз, соларды қазірден бастауымыз қажет. Ол үшін алдымен балабақшалар мен мек­тептердің барлығы қазақ тілінде болуына қол жеткізуіміз міндет. Қазіргідей 300 мыңнан астам қазақ баласы орыстілді мектептерде біліммен бірге өзге тілде тәрбие алып жатқанда қазақ ті­лінің мәселесі күні ертең шешіле қалады деу тым ертелеу. Сонымен бірге мынадай деректерге де на­зар аударғанымыз жөн. Ол қазақ мек­теп­те­рін­дегі өзге ұлт өкілдері балаларының мүлдем аз оқи­­тындығы. Елімізде бір жарым миллионнан аса бала қазақ тілінде оқыса, солардың 34 мыңы ғана өзге ұлт өкілдерінің ұландары. Бұл бар-жоғы 2,1 пайызды құрайды. Ал орыстілді мектептердегі қа­зақ шәкірттерінің үлесі 30,1 пайыз. Бұдан шы­ғатын қорытынды өзіміз өз тілімізден гөрі өзге тілді таңдаймыз, ал өзгелер біздің тілімізге, біз­дің емес-ау мемлекеттік тілге әлі де нем­құ­рай­лы­лық танытуда. Елбасы белгілеген уақытта елі­мізде қазақ тілі толық салтанат құру үшін, әлбетте, ілгеріде келтірілген сандар күрт өзгеруі тиіс. Үшіншіден, «мемлекеттік тіл ретіндегі қа­зақ тілінің мәселесі еліміздегі саяси, эко­но­ми­ка­лық, әлеуметтік өзгерістер мен жаңалықтардан кейін қалған жоқ па?» деген мәселе бізді ой­лантуы тиіс. Егер қазіргі қоғамдағы жаңалық­тарды таразыласақ, Қазақстанның тәуелсіздік ке­зіндегі жетістіктерін сараласақ, елімізге қар­қынды түрде еніп жатқан жаһанданудың екпінін аңғарсақ, онда мемлекеттік тілдің қолданысында әбден интеграцияланған ғаламдасу заманында кейіндеп қалушылық байқалады. 

– Сонда тіліміз бүгінгі дәуірлік сұраныстарға жа­уап бере алмай отыр деп ойлайсыз ба? Егер олай болса, оның себептері неде? 

– Дәуірлік сұраныстарға жауап бере алмай отыр­ған тіліміз емес, әрине. Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Оның сөздік қорын айт­пағанның өзінде, тіліміздің стилистикалық тар­мақ­тары сараланған, сол стильдердің қай-қай­сысында да жазба дағдымыз бен мәдениетіміз қалыптасқан. Сондықтан мәселе тілдің өзінде емес, оның қолданысында болып тұр. Тіл де қо­ғамның өзі сияқты ішкі өзгеру, жетілу, даму үде­рістерін басынан өткереді. Мұндай үдерістер, әсіресе, тілге толық мүмкіндік берілгенде және әлемдік байланыстар күшейген кезде қарқынды жүреді. Қазақстанның тәуелсіздік алуы, оның әлемдік қауымдастыққа жедел қадамдармен енуі, әлбетте, қазақ тілінің бойындағы осындай үдерістерді күшейтеді. Қараңызшы, жиырма жыл ішінде қаншама терминдер мен атаулар дүниеге келді, жаңадан қаншама сөз тіркестері жасалды, сөйлемнің синтаксисіне жаңалықтар енді, лексикамен бірге стилистикамыз да жаң­ғыру дәуіріне аяқ басты. Жалпы, тілдің стилис­ти­касының дұрыс қалыптасуы тілдік нор­ма­лар­ды айқындайды. Бізде тілдік нормалардың ғы­­­­лыми негіздері 1950-1970 жылдары белгілен-ген. Қа­зіргі кезде оларды толықтыру жұмыстары кешеуілдеуде. Тіпті біз орфографиялық сөз­ді­гімізді тәуелсіздік тұсында Үкімет тарапынан бе­кітпеген елміз. Сондықтан кейбір сөздердің дұ­рыс жазылуында әлі күнге дейін екіұдайылық бай­қалуда. Осы жайт қазақ тіліне қатысты орыс­тілділердің әңгімелеріне арқау болып, тілімізді әл­дебір нормаланбаған тіл ретінде көрсетуге се­беп енуде. Терминдер мен атаулар саласында да осындай құбылыс, әсіресе, байқалады. Күн­д­е­лікті БАҚ-тан тілдік жаңа қолданыстарды аңға­рып жүрміз. Бәлкім, олардың кейбіреулері сәтті не­месе сәтсіз болар. Бірақ жаңалықсыз бол­май­ды. Жаңалық болу үшін кейде батылдық пен тәуе­кел қажет. Онсыз ілгерілей алмаймыз. Ал бұл үдерістер қалай жүріп жатыр, тіліміздің та­биғатына нұқсан келмей ме, терминдер мен атауларды таңдауда дұрыс бағыттамыз ба, жал­пы, бұл кезең тілімізге, сөйлеу қалпымыз бен әде­бімізге не береді, осыларды саралап алу бү­гінде аса маңызды дер едім.

– Осы арада тіл саласының өкілдері қандай жұ­мыстар атқаруы тиіс? 

– Терминология, сөзжасам саласында ең ал­ды­мен мамандар ортақ келісімге келуі қажет. Қа­зіргідей әрқайсысы өз білгенінше термин, атау ұсынып жүргенде тіліміздің дұрыс қолдану тәртібін қалыптастыра алмаймыз. Сонымен бірге мамандар ресми стилімізге еніп жатқан өзгерістерді талдауы қажет. Мысалы, заңнама саласындағы сөйлемдерді оқыңыз. Орыс тілінен тікелей аударылған сөз тіркестері мен сөйлемдер көп жағдайда, тіпті қазақ тілін жақсы біледі-ау деген адамдардың өзіне түсініксіз жағдайда қа­лыптасуда. Тура осы жерде қазақ тілінің төл та­биғаты бұзылып жатыр. Әр тілдің өзіне тән сөй­­леу жүйесі, реті болады. Біз құжаттарды ау­да­ратын түпнұсқа тіл болып тұрған орыс тілінің синтаксистік жүйесінен, стилистикалық та­би­ғатынан қазақ тілінің ерекшелігі мүлдем өз­геше. Соған қарамастан, қазір қазақ тілінің ресми қолданысы орыс тілінің аудармасы деңгейінде болып қалуда. Бұл қазақ тілінің табиғатына сөз­сіз кері әсерін тигізуде. Еліміздің мәңгілігі сияқ­ты тіліміздің мәңгілігін ойлағанда осыған мән беруіміз қажет. Ол үшін тіліміз өзінің ішкі мүм­кіндіктерін молынан пайдалануы қажет, дұрысы – оған сондай мүмкіндік берілуі қажет. Қазіргі аударма тіліне айналып бара жатқан қазақ ті­лінде ондай мүмкіндік болмай тұр. Кезінде орыс тілінің білгірі В.И. Даль: «Егер тілге өзінің таби­ғи тамырынан, сөлінен өніп, ішкі қуатынан қай­нап шығуға мүмкіндік бермесе, онда ол білім беру үдерісіне де, заманауи қажеттіліктерге де іле­се алмайтын күйде қалмақ» депті. Міне, біз­дің тілге осындай табиғи еркіндік қажет. Сонда ға­на тіл өзінің бай ішкі мүмкіндіктерін, дүниедегі құ­былыстарды белгілеу, бейнелеу әлеуетін то­лық аша алады. Әрине, қазақ тілінде сөйлеме, жазба деп тыйым салып отырған ешкім жоқ екені түсінікті. Бірақ қоғамда қазақ тілінің қа­жет­тілігі мен сұранысы да қалыптасты­рыл­ма­ған. Қандай қоғам болсын қажеттілік болмаса ешқандай идея толық жүзеге асырыла алмасы да мәлім.

– Сонда тіл дәуір қажеттіліктеріне жауап беруі тиіс қой. Ол үшін алдымен не жасалуы керек деп ой­лайсыз? 

– Біздің ойымызша, ең алдымен жоғарыда айт­қанымыздай қазақ тілі барлық саладағы жетекші тілге айналуы керек. Сонда тіл жетіледі, ысылады, ұшталады. Кейде: «Қазақ тілі дамыған, оны дамыту қажет емес, тек қолдану керек» деп жатамыз. Тіліміздің бай, икемді, бейнелі екен­дігін бәріміз білеміз. Дегенмен толық абсолютті дамыған тіл болмайды. Тарихтың әрбір дәуірінде бұрыннан бар сөздердің жаңа ұғымдармен то­лығып, ауыспалы көркем мағыналар туып, солардың негізінде жаңғырып тұратыны белгілі. Сонымен бірге сөздердің өзара тіркесу мүмкін­дігі артып, жаңа сөз тіркестері, оралымдар да жасалып жатады. Оны бүгінгі өмірімізден көріп отырмыз. Тілдің даму үдерісі тоқтамайды. Егер ол тоқтаса, ол тіл заман талабынан кенжелеп қа­лады. Тілдегі бұл үдерістердің туындауы, әл­бет­те, қоғамдық өзгерістермен тікелей байла­ныс­ты. Шынында да, солай. Атау ойдан туады. Мұны сонау ХХ ғасырдың басында Ахмет Бай­тұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары терең тү­сін­ген. Қазақ тіліне жат сөздердің көптеп ке­летінін аңғарған Алаш қайраткерлері ондай сөздерді қазақшаға аудару қажеттігін немесе қазақ тілінің заңдылығына сәйкес тұрқы өз­гер­тіліп берілуін ескерткен. Өйткені тілді жанды ағза дер болсақ, сырттан енген сөздер де тілдік ағзаға зиян келтірмейтіндей болуы қажет. Фран­цуз, ағылшын немесе орыс тіліне сырттан сөздер қабылданғанда осы тілдердің фонетикалық, грам­матикалық заңдылықтарына бағынды­ры­лып енгізіледі. Қазіргі кезде біз тілімізге қо­сы­лып жатқан сөздерге осыны қолдана ал­мау­дамыз. Оның да негізгі себебі бар. Біз бұл сөз­дерді түпнұсқадан емес, орыс тілі арқылы қа­былдаудамыз. Өзіміз орыс тілін білгендіктен және бұл тіл күнделікті құлағымызда, көзімізде, ау­зымызда жүргендіктен, әлгі сөздер осы тілде са­намызға әбден қабылданып қалғаны сондай, енді оларды қазақ тілінің табиғатына орай таң­баласақ немесе айтсақ, бізге бұрмаланғандай әсер етеді. Бұл – санаға сіңген стереотип. Айта­лық за­в­одты зауыт, товарды тауар дегенге оқ­шы­рая қа­раған кейбір ағайын вагонды багон, футболды путбол дегенді қабылдамайтындай. Дегенмен тіл табиғаты осыны қажет етеді. Оны пуризммен шатастыруға болмайды. Ең бастысы, тіліміздің төл табиғатына не қайшы келеді, соны бол­дыр­мағанымыз жөн. Әлбетте, бұл арада мәселе қа­зақ тілін оқшаулауда, өз қазанында ғана қай­нату­да емес, тіл сақтаудың табиғи қағидаттарына берік һәм адал болуда. Біз қазір тіл, дәстүр, тұрмыс деген әр ұлт үшін қымбат құбылыстардың ғаламдық ортақ қазанға түскен «жаһандану» дегеннің заманында тұрмыз. Ол ұлтыңызға, дініңізге, діліңізге қарап жатпайды. Ерсілі-қар­сылы ақпарат пен ақша жүретін бұл заманның билігі бизнесте, пайдада солар арқылы дегенін іс­тетіп, айтқанын орындатады. Мұндай шека­ра­сыз қатынастар өршіген заманда төл та­би­ға­тыңды сақтауға қаншалықты күш жұм­сасаң, сон­шалықты сақталмақсың. Осындай аса жауап­кершілікті кезеңде ең алдымен тілді сақ­таудың және өркендетудің бірнеше мәселелері туындайды дер едік. Біріншіден, қазақ тілінің Конституцияда бекітілген мемлекеттік мәрте­бесін толық жүзеге асыру қажет болмақ. Мұндай мәр­тебе тілімізге мақтану үшін немесе соған ғана алданып тоқмейілсу үшін берілген жоқ. Тілдің заңдық мәртебесі – оның пәрменді, еш­кідіріссіз, бөгетсіз қолданысын толық қам­та­масыз етуі тиіс. Өзге ешбір тіл оның осындай құқықтық мәртебесіне ортақтаса алмайды. Се­бебі елімізде мемлекеттік тіл тек қазақ тілі ғана. Екіншіден, тілдің табиғи болмысын сақтау, да­мыту. Бұл арада оның қоғамның жаңа сұра­ныс­тарына орай құрылымдық, мазмұндық, сти­лис­тикалық бай мүмкіндіктеріне мән беру. Сон­дай-ақ бізде ұмыт қалып бара жатқан тіл мәдениеті деген аса маңызды мәселеге де назар аудару қажеттілігі туындайды. Үшіншіден, тілдің сөзжасамдық қызметіне маңыз беріп, оны тер­минология және аударма салаларында бас­шы­лыққа алу. Төртіншіден, елімізде жаңадан қа­былданатын барлық құжаттардың түпнұс­қа­сын мемлекеттік тілде дайындауға күш салу. Бұл арада мұндай құжаттардың саяси, әлеу­мет­тік, қоғамдық пәрменімен бірге олардың түпнұсқасы мем­лекеттік тілде болуы – тіл табиғатын сақ­таумен орайлас екендігіне айрықша мән беру. Бесіншіден, бізде тілдің қолданыс аясы не­ғұр­лым кеңісе, сонда қазақ тіліне мән берілуде деп ойлайды. Әрине, бұл дұрыс. Десек те, ең алды­мен, тіл өзінің табиғи қалпымен сақталуы қа­жет. Ол үшін ең алдымен, мектептегі, жалпы бі­лім беру орындарындағы оқулықтардың тіліне мұ­қияттылық танытқанымыз абзал. Яғни тілдік дағды қалыптастыру мәселесі жақсылап тол­ған­дырғаны жөн. Әлбетте, бұлардан да өзге шаралар болуы әбден мүмкін. Біз бұл арада өзімізді ай­рықша ойландырғандарын ғана тізбеледік. 

– Сонда сіздің ойыңызша, ең алдымен тіл та­би­ғаты сақталуы қажет қой. 

– Әлбетте. Біздің ойымызша, жиырма жыл­дан астам уақыт қазақ тілінің мәртебесін ай­қын­дауға, орнықтыруға, оны қоғамның барлық са­ласына енгізуге жұмсалды. Яғни тілдің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәселелері көтерілді. Алдағы уақытта біз тілдің төл табиғатына мән бергеніміз абзал. Әрине, бұл тіліміздің қоғамдық мә­селелері толық шешілді деген сөз емес, ол жұ­мыстар да жалғасын таба бермек. Тіл таби­ғатын зерттеуге арналған сандаған ғылыми еңбектер де жазылды. Соның нәтижесінде, бүгінде қазақ тіл білімінде айтарлықтай ғылыми қор қалыптасты. Енді осыларды саралап қажетке жарататын уа­қыт келген сияқты. Бұл ғылыми еңбектердің көпшілігі тілдің статистикалық күйіне арналған лек­сикадан, грамматикадан жазылған жұмыстар ғой деп топшылаймыз. Бізге барлығы да қажет. Дегенмен қазақ тіл білімінде стилистика және әлеуметтік лингвистика мәселесіне жете назар аударылмағандай. Қазақ тілінің тұтас мем­лекеттің тіліне айналуы, әлбетте, оның қолда­нылу арналарын зерделеуді қажетсінбек. Осы мәселе өз деңгейінде зерттелмегендіктен кейде терминология, аударма, ақпарат тіліне қатысты сындар айтылып қалады. Кез келген практика өзінің қолданылу логикасын, жүйесін жасайды. Одан теория тумақ. Бұл теория өзінің қағи­дат­тарын, әдістері мен тәсілдерін қалыптастырады. Бізде стилистикадан, әлеуметтік лингвистикадан теориялық қорытындылар жасалмағандықтан да үстіртін пікірлерге орын беріледі. Егер әлгі құбылыстың себебі, салдары ғылыми тұрғыдан ұғын­дырылса, баршасы да тезге түсер еді. Ай­қындалмаған, ажыратылмаған нәрсеге әдетте әр­түрлі пікірлер, алуан ойлар айтыла бермек. Сон­дықтан да көбіміз жобалап, төңіректеп сөй­лейміз. Мұның бәрі ғылыми нақтылық, әдісна­ма­лық һәм теориялық қисындар бол­ма­ған­дық­тан. Мәселен, қазір қоғамда белсенді кө­­­теріліп жүрген латын әліпбиіне көшу мәселесін алайық. Тіл­дің дыбысталу жүйесінен хабары аз көп ағайын өз «әліпбилерін» ұсынып және өзде­ріні­кін ең дұрыс, ең ыңғайлы жоба ретінде жалау­латып жүр. Тіптен кейбірі қазақ тілінің фо­не­ти­калық ерекшеліктерін кейінге ысырып, тұрпаты да, табиғаты да мүлдем бөлек ағылшын тілінің әліпбиіне еліктеуге дейін жетіп, компьютерлік нұсқалармен әуестеніп кетті. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ тілінің фонетикасын зерттеп жүрген, тіліміздің әрбір дыбысының та­биғатын дәл айыратын Әлімхан Жүнісбек сияқ­ты ғалымның уәжіне тоқтамақ түгілі, оның өзі­мен таласуға дейін барды. Әрбірден соң әлгі жо­баларын өздерінің атымен айдарлап, ғасыр­лар бойы қалыптасқан тілдің дыбыстық жүйе­сіне автор болғылары да келді. 

– Сіздің ойыңызша тілді сақтау мен қолдану­дың арасында қандай айырмашылық бар?

– Бұлар бір-бірімен сабақтас ұғымдар десек те, әлбетте, мағыналары абсолютті тең ұғымдар емес. Тілді сақтау кем дегенде екі бағытта жүре­ді. Алғашқысы оның бар байлығын сол тілде хат­қа түскен қорда сақтау да, екіншісі – сол ұлт­тың өкілдерінің өз ана тілдерінде сөйлеуі. Яғни тіл­ді сақтау әлеуметтік һәм қоғамдық фактор.  Ал тілді мемлекеттік деңгейде қолдану әлеу­мет­тік және қоғамдық факторлармен бірге саяси фактор. Яки, белгілі бір тілдің қолданылуы бү­гін­гі­дей өркениетті дүниеде заңмен белгіле­не­ді. Сөй­тіп, ол мемлекет аумағында белгілі бір ха­лық­тың ғана тілі емес, сол елде тұратын барлық азаматтардың ортақ тіліне айналады. Сөйтіп, тілді қолдану оны сақтаудың ең пәрменді те­тігіне айналады. Бізде тілді сақтау мәселесі ше­шілген деп ойлаймын. «Қазақ тіліне қауіп төніп тұр, тіліміз құриды» деген ағайындарды қол­да­маймын. Ғалымдар 1 миллион адам сөйлейтін тілдің болашағы бар деседі. Қазақстандағы 11 мил­лион қазақтың ең кем дегенде 9,5 – 9,7 мил­лионы қазақ тілін біледі, сырттағы 5 миллион қа­зақтың 4 миллионы қазақ тілін біледі. Айта­лық, Қытайдағы 1,8 миллион, Өзбекстандағы 1,5 миллион, Моңғолиядағы 150 мың қазақ, Ресейдегі 700 мың қазақтың 200 мыңы, сондай-ақ Қырғызстандағы, Түрікменстандағы, Тә­жік­стандағы қазақтардың да барлығы дерлік ана тілдерін біледі. Мұнда Түркия, Еуропа, Амери­ка­дағы қазақтарды қосып отырғанымыз жоқ. Сонда шамасы 13,5 миллион қазақ ана тілін біледі. Сондықтан тіліміз сақталады, мәселе оны қуатты мемлекеттің заманауи тіліне айнал­дыру­да. Тіліміздің байлығы мен мүмкіндіктері тұр­ғанда басқа тілден саулатып сөз құюдың, сөйтіп, ді­лімізден туған құбылыстың бетін шимайлай беру­дің қажеті шамалы. Әлбетте, қазақ тілі әлдебір жан баспас арал немесе тас қамал емес, шет тілдерінен сөздер қажетінше енуі сыйымды, бірақ тіліміздің фонетикалық, грамматикалық табиғатын бұзбауы тиіс. Айталық, Байқоңырды ағылшындар, орыстар және басқалар тура «Бай­қоңыр» деп жазбайды ғой, сол сияқты «English» дегенді ағылшын деп жүрміз емес пе?! 

– Қоғамда қазақ тілінің беделін арттыру үшін, ең алдымен, қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деп ой­лайсыз?

– Бұл арада ең алдымен, қазақ тілін қоғамдағы сәнді, бүгінгі лексикамен айтсақ престижді тілге ай­налдырудың қамын ойлағанымыз мейлінше абзалырақ. Әсіресе, ол жастардың қалауына ай­налса, шын мәніндегі басты тіл болмақ. Ол үшін тартымды кинофильмдер, телехабарлар тү­сірілсе, сонымен бірге интернет кеңістігінде лайық­ты орын алса. Яғни қазақтілді оқушы, студент өзі қалаған материалдың қазақ тілдегі нұс­қасын интернеттен таба алса, ондағы осы мате­риал сапалы болса, бүгінгі адамдарды қы­зықтыратын ақпараттар мемлекеттік тілімізде болса, сонда тілге деген қажеттілік пен сұраныс кү­шейеді. Біз бүгін тіліміздің қолданыс аясын кеңей­туде консервативті әдістерге бейім сияқ­тымыз, дәуірдің шабысынан қалмағанымыз аб­зал. Әр кезеңнің тарихи міндеттері болатыны сияқ­ты тілдік міндеттері де болады. Мұндай тіл­дік міндет мамандарға, сол саладағы меке­мелерге жүктелгенімен қоса, сол ұлттың барлық аза­маттарына да жүктеледі. Тіліміз ғасырлар бойы халқымызды сақтады, ұйыстырды. Дү­ние­дегі «қазақ» деген ұлт бар екенін айғақтайтын ділімізді жасады. Ғасырлар бойы халқымызды сақтаған тілімізді мына заманда халықтың өзі сақтайтын күйге жеттік. Халық пен тіл біртұтас болғандықтан, халықты сақтағанымыз – тілді сақтағанымыз, ал тілді сақтағанымыз – халықты сақтағанымыз болып шықпақ. 

– Ал бүгінгі қалыптасқан жағдайда қазақ тіл бі­лімінің мақсаты не деп ойлайсыз?

– Қазіргі қазақ тілінде мамандар, ғалымдар әлі де мән бермей жатқан тілдік үдерістер бар­шылық. Осыларды зерделеу қажет болмақ. Бұл арада қазіргі қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, академик Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тіліндегі ес­кіліктер мен жаңалықтар» деген еңбегі бол­маса, көзге көрінерлік ғылыми жаңалығы бар өзге бір еңбектерді байқамадық. Мұндай жағ­дайда мәселе ғалымдардың бел шешіп кіріс­ке­нін күттіріп отырмастан, тиісті министрліктер та­рапынан қолға алынуы қажет деп ойлаймыз. Ең алдымен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында стилистика бөлімін ашу, сонымен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлт­­тық педагогика университетінде, Еуразия ұлт­­тық университетінде қазақ тілінің стилис­тикасы кафедраларын ашу қажет болмақ. Міне, осындай ғылыми-әдістемелік құрылымдар қазіргі қазақ тілін зерттеуді қолға алғаны жөн. Мұндағы «қазіргі» деген анықтауышты соңғы 20-25 жылға қатысты қолданып отырмыз. Сонымен бірге қазір әлеуметтік лингвистиканың нағыз өркен жаятын кезеңі болуы тиіс еді. Бұл бағытта да профессор Бақытжан Хасанұлы бол­маса әзірше білек сыбана кірісіп жүрген басқа ғалымды көрмедік. Әрбірден соң тіл білімінің осы саласы жеке пән ретінде оқытылуы тиіс. Біз бүгінде қазақ тілінің төл табиғатын зерттеуден кенде болып отырғанымыз жоқ, қайта тіліміздің қолданыс аясын кеңейтудің ғылыми негіздерін тұжырымдай алмай жүрген жоқпыз ба?! Және бір ғылыми мәселе – ұлттық діліміз бен тіліміз­дің табиғи сабақтастығы ашылмай жатыр. Тіл білімінде «тіл мен ойлау», «сана мен тіл» деген іргелі категориялар бар. Жалпы, тіл білімі ая­сында қарастырылатын мұндай категориялар ұлттық ғылым тұрғысынан бізде шешілмеген. Біздің оқулықтарымыздағы бұл жөніндегі мағ­лұматтар – аударма мағлұматтар. Сондықтан ұлттық сана мен тілдің, қоғамдық орта мен тіл­дің, ұлттық құндылықтар мен тілдің байла­нысын әлі де толық ажыратпаған халықпыз. Бұл тақырыптар төңірегінде жалпы сөздер, ғылыми негізделмеген әлдебір тұжырымдар жасалынған жоқ. Айтқанымыздың да, жазғанымыздың да көбісі жалынды ұрандар, әбден таптаурын бол­ған сонысымен ешкімді елең еткізбейтін тал­дауға құрылмаған, бүгінгі күннің шынайы бол­мысына бойламаған құрғақ уәждер. Сондықтан да тілге қатысты кейбір сөздерден 20 жыл бұрын жаңалық болған бүгін де жалықтырған ойлардың табы сезіледі. Жаңа заманда ескіше өмір сүруге болмайды. «Заманына қарай – амалы» дегендей сапаға көшпесек, жалаң насихат, арзан үгіт бір тыңдағанға жақсы. «Бір көрмеге тым тәтті, қа­заны мен қалбаңы» деп данышпан Абай айт­қан­дай, көсемдік – сөзде емес, істе. «Ұлтын керек қы­­лып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ ба­лалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай, кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы» депті ұлт көсемі Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы. Осыны әрбір Алаш ба­ласы ұғынса, қазақ мемлекетінің болашағы баян­ды, ертеңі кемел болары хақ. 

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Әңгімелескен Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970