Отаршылдыққа қарсы күрес – бүгінгі ұрпақ білуі және қастерлеуі тиіс тақырып
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Досалы Салқынбекпен «Айқын» газетінің сұхбаты.
– Соңғы кезде баспасөз бетінде Қазақстан тарихы пәнінің мектептерде және жоғары оқу орындарында оқытылуы, оқулықтардағы кемшіліктер жөнінде жиі-жиі айтыла бастады. Осы мәселеге орай сала маманы ретінде не айтар едіңіз?
– Елбасымыз өткен жылы шілде айында жарияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамалық мақаласында білім және ғылым саласына қатысты алдымызда тұрған өзекті мәселелерді көтеріп және оны орындау жөнінде тиісті мемлекеттік құрылымдарға тапсырма берді. Білім саласындағы Елбасы айтқан өзекті мәселелердің біріне: «Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулық-тар мен оқу құралдарын талдаудан өткізсін, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде іс-шараларды жүзеге асырсын» деген нақты тапсырмасы жатады. Елбасы мақаласында көтерілген мәселелер тарихшылар қауымы арасында қызу талқылаудан өтті. Отан тарихын орта мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытудың сапасын жақсарту жөнінде, оқулықтарда орын алып отырған кемшіліктер жөнінде және «Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту» жөніндегі ұсыныс-пікірлер қазіргі уақытқа дейін айтылып келеді. Қазақстан тарихы пәні бойынша орта мектеп бітіруші түлектер жоғары оқу орнына түсу үшін, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері мемлекеттік емтихан тапсырады. Бұл – жастарымыздың білімін анықтаудағы үлкен жауапты іс. Тарих ғылымының алдында тұрған проблемалық мәселелер бар екені рас. Бірақ өткен жиырма жылдың ішінде, тарих ғылымы саласында ештеңе істелмеді, ғылыми зерттеу саласында алға жылжу болғаны жоқ деп айту – әбестік. Егер де белгілі бір тарих ғылымдарының докторы соңғы жиырма жыл ішіндегі жеткен жетістіктерімізді жоққа шығаратын болса, онда ол өзін ғалым ретінде жоққа шығарғаны. Ал енді тарих ғылымдарының алдында тұрған объективтік және субъективтік кемшіліктерге келейік. Ең басты мәселе, кемшіліктер барлық ғылым саласында бар. Айталық, кемшіліктер математикада, философияда, тіл білімі және басқа салаларда да жеткілікті. Бірақ мұның ішінде ана тілі білімі мен тарих ғылымы саласының жөні бөлек. Мәселен, орта мектептерге, жоғары оқу орындарына арналған физика, математика, химия, философия және тағы да басқа пәндерді жазарда әлемдік тәжірибелерді үлгі етуге, солар жазған озық оқулықтарды пайдалануға, аударуға әбден болады. Оны пайдаланып та келеміз. Халқымыздың тарихына қатысты әлемдік тәжірибе деген жоқ. Өйткені ол біздің төл дүниеміз. Талай ғасырлардан бері дүбірлеп, әлемдік адамзат көшінен қалмай келе жатқан қазақ халқының өзіне ғана тән рухани мұрасы. Халқымыздың тарихы жөніндегі оқулықтарды тәуелсіздік алғаннан кейін жаза бастадық. Тәуелсіздікке дейінгі кеңестік кезеңдегі орта мектептерде Қазақстан тарихы оқытылмады. Жұп-жұқа оқулық деуге келмейтін, кішкентай ғана бір кітапша болды. Яғни жаңадан үлкен шаруаны бастаған кезде қателіктер болатыны сияқты теориялық және методологиялық тұрғыдан оқулықтар жазуда кейбір кемшіліктердің жіберілгенін мойындамасқа амал жоқ.
Екінші жағынан бұған өзіміз қолдан жасап отырған субъективтік кемшіліктер мен қателіктер қосылды. Мәселен, 8 сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығы жазылды дейік. Кемшіліктері бар екен. Енді осы оқулықтың жаңа басылымында аталған кемшіліктерді түзетіп, дұрыстап жетілдірудің орнына, бітіп тұрған істі қайтадан бастағандай, жаңа авторлардың дайындауындағы жаңа оқулықтарды ұсынып жатамыз. Бұл оқулықтарда да кемшіліктер жеткілікті болғаннан кейін «батпақтап» ілгері жүру болмай жатады. Немесе жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің сынына ұшырап жататын Қазақстан тарихы пәні бойынша құрастырылған тест сұрақтарын алайықшы. Бұл тест сұрақтарында оны дайындаған мамандардың және эксперттік тексеруден өткізген мамандардың жіті қадағаламауының салдарынан кемшіліктер болып жатады. Мектеп оқушылары тест сұрақтарына дайындалғанда бірыңғай оқулықтармен дайындалмайды. Үлкен қалалардағы мектеп оқушылары соңғы шыққан оқулықтармен дайындалса, аудан орталықтарындағы оқушылар бұған дейін жарық көрген оқулықтарды оқуға мәжбүр. Екеуінің арасында біршама айырмашылықтар бар. Тест сұрақтары осы екі оқулықтан құрастырылған. Мектеп оқушысы бұл жөнінде білмейді. Бұның соңы емтихан нәтижесінің төмен болуына және қоғамның наразылығына алып келеді. Осының бәрін бір ізге, бір жүйеге келтіру қажет.
– Қазақстан тарихы пәнінің мектептерде оқытылатыны белгілі. Соған сай, жоғары оқу орындарында оны қайта оқытудың қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз? Бұрынғыны қайталап уақыт кетіргеннен не ұтамыз?
– Елбасы тапсырмасында айтылған «Мазмұны мен пішінін өзгерту» мәселесін алға тартқан кейбір ғалымдарымыз асыра сілтеп: «Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін оқытуды тоқтату керек немесе Тәуелсіз кезеңдегі тарихымызды оқытайық» деген секілді ұсыныстарды айтып жатыр. Бұған мен түбірімен қарсымын. Тарих –фундаментальді ғылым. Оның ауқымы шексіз. Мәселен, біздің арғы ата-бабаларымыз Сақтар мен Ғұндар жөнінде, одан берідегі Түркілер дәуірі кезеңін және Қазақ халқының қалыптасуы сияқты өте күрделі кезеңдерді, орта мектептерде алтыншы, жетінші сыныптарда оқытады. Сонда айтыңызшы, алтыншы, жетінші сыныптың оқушысы осы күрделі кезеңдер жөнінде не түсініп, нендей ой қорытады деп ойлайсыз? Жас ұрпаққа рух берер халқымыздың небір құнды дүниелері жөніндегі мәліметтерді орта мектеп бағдарламасының аясында беріп, олардың санасына сіңдіру мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Жастардың толыққанды ой-санасы жоғары мектепте қалыптасады. Сондықтан алдымызда тұрған негізгі міндеттердің біріне, халқымыздың тарихына қатысты барлық мәселелерді орта мектеп және жоғары оқу орындарының бағдарламаларында жалпылама қайталап бермей, бір жүйеге келтірген жөн. Айталық, Сақ, Сармат, Ғұндар дәуірі, Көшпелілер өркениеті, Қазақ халқының қалыптасуы мен Қазақ хандығының құрылуы, ұлт-азаттық көтерілістер, Қос төңкеріс қарсаңындағы және кезеңіндегі Қазақстан сынды күрделі де өзекті мәселелерді Жоғары оқу орындарында оқытудың еншісінде қалдырып, бірыңғай қайталағанды тоқтату керек деп есептеймін.
Сонымен қатар бұл жерде айта кететін тағы бір түйткіл, жоғарыда айтып кеткен кезеңдерді әлі түпкілікті зерттеп болғанымыз жоқ. Қарама-қайшы пікірлер жеткілікті. Бұл – бір. Екіншіден, жастарымызды өзінің түп-тамыры және Отанының тарихынан ажыратуға мүлде болмайды. Біз бүгінгі күні тарихи санаға, білімге өте мұқтажбыз. Ата-бабамыз «Жау жоқ деме, жар астында» деп жайдан-жай айтпаса керек. Бұл жерде біз, жоқ жерден жау іздеп отырғанымыз жоқ. Қауіп еткеннен айтып отырмыз. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің көршілеріміздің тарихи оқулықтарын парақтап қарасаңыз көп қатерлі жайттардың беті ашылады. Олардың тарихи оқулықтарында қасиетті Қазақ жерінің әр пұшпағы «біздің жер» деп жазылып, жас ұрпақтарының санасына сіңдіріліп келеді. Сонымен бірге, ХХІ ғасыр ғылыми-техникалық прогресс заманы болумен бірге, шикізат көзі үшін талас-тартыс заманы да болып отыр. Осындайда елімізді «майшелпек» көретіндердің әртүрлі жолмен арам қолдарын қасиетті жерімізге салуы, арандатулар арқылы ішкі ісімізге араласпақ ниеттері көрініс беріп жатады. Үшіншіден, ұлтжанды азаматтарымыз «халқымызды рухани отарлау жүріп жатыр» деп баспасөз бетінде шырылдап жазды. Рухани отарлау дегеніміз не? Ол өз ана-тілімізден айыруға, ата-баба дінімізден жеріндіруге, халқымыздың ішінен іріткі салып, тоз-тозымызды шығаруға, тарихымызды ұмыттыруға бағытталған ауқымды да жоспарланған шабуыл. Бұл шабуыл кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұған сыртқы күштер тарапынан өте қомақты қаржы бөлінген. Олар экономикалық тұрғыдан табиғи байлығымызға ие болуға ұмтылса, рухани тұрғыда санамызға иелік етуге ұмтылуда. Оның негізгі төте жолдарының бірі – халқымызды төл тарихынан ажырату, қасақана бұрмалап жазу. Тарихы жоқ халық – елі де, жері де жоқ халық. Содан соң, кең байтақ Қазақ халқының жері деп айтып көріңіз... Елбасымыз университет оқытушыларымен және студенттермен кездесуінде: «Сіздер университет қабырғасында тек білікті маман ғана емес, уақыт талабына жауап беретін тұлға дайындауларыңыз
қажет» деп жоғары оқу орындарының ұстаздарына нақты тапсырма берген болатын. Біздің алдымызда заман көшінен қалмаған, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына жетік, рухани толыққанды өсіп жетілген мамандарды даярлау міндеті тұр. Тағы бір назар аударатын мәселе, көптеген кикілжіңдер, түсініспеушіліктер тарихты білмеуден, қасақана бұрмалаудан өршіп жатады. Қазіргі уақытта (бұрында солай болған) Ресейде Қазақ халқының тарихы бұрмаланған еңбектер көптеп шыға бастады. Тәуелсіз еліміздің тарихы оларға ұнамайды-мыс. Бұған интернет сайттарын қосыңыз. Осындай шала-жансар дүниелерді шынайы тарихтан хабары жоқ адамдар оқымады дейсіз
бе... Оқып жатыр, онысын өзгеге айтып жатыр. Бұған қарсы тұрудың бірден-бір жолы – сапалы жазылған оқулықтарымыз арқылы жастарымыздың бойында отансүйгіштікті, патриотизмді және тарихи сананы қалыптастыра білу. Бұл – рухани-тәрбие саласындағы біздің ең негізгі міндетіміз.
– Соңғы жылдары тарихи тақырыптарға қатысты пікірталас көбейіп кетті. Осындай қисынсыз пікірлерге тоқтау салатын сүбелі тарихи еңбектерді тарихшылар неге жазбайды?
– Жиырма жылдың көлемінде халқымыздың бүкіл тарихын зерттеп, зерделеп жазып тастау мүмкін емес. Тарих – әрбір адамның өмір жолы, жақсыны үйреніп, жаманнан жирендіретін ұстазы. Сондықтан бұл жерде «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейтін қағиданы басшылыққа алғанымыз жөн. Бір ғана тарихи оқиғаны зерттеу үшін көзмайыңызды тауысып, қаншама құжаттарды саралау керек, мұрағат қойнауынан деректерді табу керек, салыстырмалы талдау және тағы да басқа жұмыстарды атқару қажет. Дегенмен тарихшы ғалымдарымыз біраз мәселенің бетін бері қаратып, тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» зерттеп, оқырман қауымның назарына ұсынды. Бірақ сол еңбектерді оқып, пайымына жетіп жатырмыз ба? Мәселенің екінші қыры осында. Әңгімені көп созбай, баспасөз бетінде жиі пікірталас тудырып жүрген «Шыңғыс хан» тақырыбын алайықшы: Шыңғыс хан жөнінде кім не жазбады десеңізші! Әркім өзінің жазғанын дұрыстап
әлек. Ал осы Шыңғыс хан тақырыбы төңірегінде дауласып жүргендер
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше тілді білетін Зардыхан Қинаятұлының қаншама жылдық өмірін сарп етіп, Шыңғыс хан және оның ұрпақтары жөнінде жазған «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» (2004 ж.), «Шыңғысхан және Қазақ мемлекеті» (2010 ж.) атты тақырыптардағы іргелі монографиялық еңбектерін оқыды ма екен деген сұрақ туады. Олардың жазғандарын оқысаңыз, ғалымның еңбектерін оқымағандығына көз жеткізуге болады. Тіпті ондай еңбектер бар екендігін білмейді. Зардыхан Қиянатұлының аталған тақырыпқа қатысты еңбектерін зер салып пайымдасаңыз, дауласып жүрген көп мәселенің беті ашылады. Аузымызды қу шөппен сүрте бермейік. Халқымыздың тарихына қатысты қаншама құнды еңбектерді тарихшы ғалымдарымыз жазды. Тек соны оқитын көзі қарақты оқырман болса – болғаны.
– «Халқымыздың тарихындағы айтулы оқиғаларды, ұлт-азаттық көтерілістерді, отаршылдыққа қарсы күрескен хандарымыз бен батырларымызды еске алу, құрмет көрсету, Ресей империясының отаршылдық саясаты жөнінде орта мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтарда тоқталу, оқыту – республикамызда тұрып жатқан халықтар достығына сызат түсіреді, өткендегі келеңсіз оқиғаларды еске түсіріп қайтеміз?» дейтін пікірлер де бар. Бұған не айтар едіңіз?
– Түбірімен қате пікір. Бұл – кеңестік дәуірден санамызға күштеп сіңдірілген жалған идеологияның сарқыншағы. Кезінде, Мәскеу десе, тізесі дірілдеп, өзінің халқын да сатып жіберуден тайынбайтын жағымпаздар болған. Қазір де бар.
Керісінше, елімізде тұрып жатқан ұлттардың басын біріктіруші факторлардың бірі – Қазақ халқының тарихын білу. Қазақ жерінде тұрып жатқан әрбір ұлттық диаспора өкілі халқымыздың тарихын білумен қатар, құрметтеуі тиіс және өз ұлтының қазақ жеріне келу, өсу, өркендеу тарихын да білгені абзал. Қазақ жерінде тұрып жатқан көптеген халықтар тағдырдың тауқыметін тартып, сол кезеңдегі әртүрлі заман ағымына сай азып-тозып, еріксіз келіп қоныстанды. Сол кезеңде Қазақ халқы «Жығылғанға жұдырық түйген жоқ», қайта қолындағысының барын беріп, бөлісті. Бұл – нағыз бауырмалдыққа, достыққа лайықты тірлік. Бабаларымыздың мұндай тарихын біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Біздің бабаларымыздың ыстық алақанын сезінген, тауқыметті қиын заманда көмегін көрген, өзге ұлттың өкілдерінің ұрпақтары да мұндай тарихты ешқашан ұмытпауы тиіс. Адамшылдықты, жақсылықты, қайырымды көмекті ұмытқан халықтың болашағы жоқ. Осыны әрдайым ұмыттырмай отыратын тарих емес пе? Ал екінші мәселе, отаршылдыққа қарсы күрес. Бұл – нағыз бүгінгі ұрпақ үшін білуі және қастерлеуі тиіс тақырып. Бүгін біз, ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Осы тәуелсіздік үшін бабаларымыз күресіп, ерлікке толы күрес жолында шейіт болған. Олардың ерлік жолы – бүгінгі ұрпақ үшін нағыз отаншылдық тәрбиенің үлгісі. Ел Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы: бір халық, бір ел, бір тағдыр» тақырыбында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біздің ата-бабаларымыздың әлемге мәдениет пен руханилықтың қуаттандырушы үлгілерін көрсетті, біздер олардың істерін жалғастыруымыз керек! Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүрін ұстана отырып, бірлік-тің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс» деумен бірге, тарихи сананың рөлі жөнінде: «Нәтижесінде қазақстандықтардың тарихи сана-сезімі топтасуға, өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға жұмыс істеуі тиіс» деп алдымызға үлкен міндеттер қойған болатын.
– Жақында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырзаның төрағалық етуімен Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы болып өтті. Оған өзіңіз де қатысып қайттыңыз. Не түйдіңіз, тарих ғылымын зерттеу, оқыту, өркендету жолында алдымызда қандай ауқымды шаралар тұр?
– Зерделеп қарасақ, 20 жылдан аса шетелдіктерге еліктеп келдік. Барлық дүниеге шетелдіктердің көзімен қарауға тырыстық. Соларға «табындық», бас ұрдық. Жеткен төбеміз қайсы? Рухани дағдарысқа қарай бет алып барамыз. Сондықтан етек-жеңімізді жиып, оң-солымызды танитын және ақ пен қараны ажырататын мезгіл келді. Рухани құндылықтар мәселесіне енжар қарап, кейінге ысыра беретін болсақ, құрдымға кетеріміз анық.
Осы тұрғыдан алғанда кеңейтілген отырысты Мемлекеттік хатшы тарих ғылымының алдында тұрған кемшіліктермен қатар, атқарылар жұмыстар жөнінде баяндама жасап, Отанымыздың болашағына алаңдап жүрген барша зиялы қауым өкілдерінің көкейінде жүрген келелі мәселелерді көтерді.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Елбасының «Тарих толқынындағы халық» деген атпен арнайы тарихи зерттеу бағдарламасын жасауды тапсырғанына тоқталып, бұл бағдарламаның басты мақсаты: «Алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме базасы арқылы Қазақстандық тарих ғылымына сапалы секіріс жасауға жағдай жасау, қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру Қазақстанның қазіргі заман тарихының екі онжылдық кезеңін ой елегінен өткізу» деп атап көрсетті. Мемлекеттік хатшы өз баяндамасында тоқталған және көрсеткен сан алуан мәселелердің барлығы да бүгінгі қазақстандық тарих ғылымдарының алдында тұрған өзекті мәселелер болып табылады. Жаңа сапалық деңгейде көтерілетін ұлттық тарихымыз қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға тиістігін қадап айтқан Мемлекеттік хатшы Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, шетелдіктердің мұрағаттарында жатқан халқымыздың тарихына қатысты мұраларды зерттеп, республикамызға алдыру мәселелерін қарастыруды, Білім және ғылым министрлігіне Қазақстан тарихы бойынша көне дәуірден тәуелсіздікке дейінгі кезеңді және Қазақстанның қазіргі заман тарихын қамтитын екі базалық оқулық дайындауды, қазіргі заманғы оқытудың озық ғылыми-әдістемесіне негізделген орта мектептер мен жоғары оқу орындарында тарихи білім берудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жасауды, мемлекеттік оқу орындарында жеке «Қазақстан тарихы» кафедрасын ашуды, барлық жоғары оқу орындарында Қазақстанның қазіргі заман тарихын жеке пән ретінде оқытуды тапсырды.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырзаның: «Мылтықсыз майдан жүріп жатқан кезде тарихи жадыңды сақтап қалу, өзіңді сақтап қалу деген сөз», «Қазақтарды еліміздің байырғы халық екенін дәлелдей білсек, кейінгі ұрпағымызға қауіп болмайды» деген терең мағыналы сөздері барша тарихшы қауымның алдына үлкен міндет жүктелгенін көрсетеді.
Тарих әрбір халықтың пайда болу, даму, өркендеу және мемлекеттілігінің қалыптасу тұғыры. Оны оқытуды дұрыс жолға қою – мемлекеттік идеологияның стратегиялық темірқазығы болуы керек. Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани негіздегі стратегиялық жобалары тарихымызды терең танудан, оны оқытуды дұрыс жолға қоюдан басталады. Сондықтан кеңейтілген отырыста айтылған тапсырмалар мен ұсыныстарды зор құрметпен қолдаймыз. Осыған орай халықтың біртұтас тарихи санасын қалыптастыру жолында мынадай қосымша шараларды атқару мемлекеттік органдармен бірге, Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолға алынса деген тілек айтамыз:
1. Ұлттық тарих пен мемлекеттік тіл бір ұғым, бір жүйе болғандықтан орта мектепті бітіруші түлектер жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-да Қазақ тілімен қатар, міндетті пән ретінде Қазақстан тарихынан емтихан тапсыру міндеттелсе;
2. Барлық жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін Қазақ тілінде оқытуға көшетін мезгіл жетті деп санаймыз. Алғашқы кезде Қазақстан тарихы пәнін мемлекеттік тілде тапсырғандарға 20 пайыз жеңілдік жасағаны жөн.
3. Жаңа типтік бағдарлама негізінде барлық мамандықтар бойынша магистратурада оқитын студенттерге «Қазақ елінің тарихы» атты жаңа пән оқытылса;
4. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келген азаматтарға Қазақ тілімен қатар, Қазақстан тарихы пәндері бойынша емтихан тапсыру міндеттелсе, ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұдан да кеңейіп, ұлттық тарихымыздың мәртебесі бұдан да жоғарылар еді.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ғылымы мен білімінің атасы атанған Ахмет Байтұрсынов атамыз: «Сөздің ең ұлысы, ең құдіреттісі – тарих» деген болатын. Лайым солай болсын!
– Әңгімеңізге рақмет.
Тапсырыс беруші:
Мәдениет және ақпарат министрлігі. Орындаған "Абай-ақпарат" қазақ интернеті кеңістігін дамыту қоры" қоғамдық қоры. 2013