Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 9102 0 пікір 16 Қыркүйек, 2014 сағат 13:29

Тұрсын Жұртбай. МҰХТАР МЕН СӘБИТТІҢ АРАСЫ... (жалғасы)

4.

 

Ол күндер де алаңсыз өткен жоқ. Тіршіліктің қат-қабат қыртысы жазылып-оралып, аударылып-төңкеріліп, аз күнгі тәттісімен алдап-арбап, санаулы таусыншақ сәтке де жетті. Мәскеуге операция жасатуға аттанды. Содан қайтып оның табаны туған жерін басқан жоқ. Бұл операцияны Алматыда жасаса өкінішке ұрындырмайтындай да мүмкіндігі болыпты. Сол санаулы күндерде өзінің даудан арылмаған «Қилы заман» романы мен әңгімелерін А.Пантиелевке орыс тіліне аудартып, артына қамсыз қалдырып кетті. Бұл да М.Тынышбаевтің күнделік дәптеріне: «Туар күнің алда»,– деп жазып қойғанындай, ағалары өзіне аманат еткен алаш идеясын келер күндерге жеткізудің бір амалы еді.

Таланты ашылғаннан бастап талқының дүлейінен құтылмаған Әуезов, енді, атақ-даңқтың бас айналдырар иірімді құйынына тап болды. Ол құйын жан-жағына қаратпастан үйіріп, ой қорытуға мұршасын келтірмей, жарықтың жылдамдығымен шектеулі күнге жақындай берді.

Мұхтар Омарханұлының өзі емес, оның атағы қазақ халқы мен оның ғылымының алдындағы ең соңғы ірі парызын өтеді. Өйткені бұл кезде оның атағының өзі КПСС Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, кеңестік идеологияның «сұр кардиналы» М.А.Сусловты алған бетінен қайыруға себеп болды. Ал бұл дегеніңіз кеңес тұсында екі тұлғаның біріне бұйыра бермеген сес.

Ш.Шокин: «Мәскеуге барғаннан кейін, Әзірбайжан академиясының президенті Әлиевпен бірге КПСС Орталық комитетінің ғылым бөлімінің меңгерушісі Криллиннің қабылдауына сұрандық. Академик Криллин мені докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүрген кезімнен білетін. Ол МЭИ-дің проректоры кезінде менің докторлықты қорғауыма көмектескен болатын. Академик, көп жылдар бойы еліміздің ауқымды салаларын зерттеуге жетекшілік етті, ғылыми зерттеу мен әкімшілік қызметті үйлестіре атқарды. Ірі ғалым-энергетик, көптеген тамаша кітаптардың авторы, оған қоса аса мәдениетті адам. Ғылым жөніндегі кез-келген мәселе бойынша онымен кездесуге құдайдың өзі сәтін сап тұрды. Әлиев екеуміздің алдымыздағы ең басты мәселе – қоғамтану бағытындағы институттардың жағдайы еді. Өйткені олардың көбінің категориясы жаратылыстанушыларға қарағанда төмен еді, соған орай олардың жалақысы аз әрі өзге де психологиялық сәйкессіздіктер тудыратын. Сондықтан да біз академиктен: біздің республикаларымыздағы қоғамтану институттарын бірінші категорияға көтеруді өтіндік. Криллин бізге: мұндай мәселелерді шешуге өзінің өкілеттігі жүрмейтіндігін айтты. Алайда ол бізді Сусловпен кездестіруге уәде берді. Бірнеше күннен кейін қонақүйге нәзік дауыс хабарласып, Михаил Андреевичтің: Әлиев пен мені қабылдайтынын жеткізді. ... КПСС Орталық комитетінің хатшысы әдеттегідей тығыз қосқабатты қоңыр тоқымадан тігілген костюм киген (ол бұл үлгіні қашан көзі жұмылғанша өзгерткен жоқ), мектептің мұғалімі сияқты сұсты, ОК-тің идеология жөніндегі хатшысы сондай болу керек деген менің түсінігіме сай адам екен. Бір ауыз артық сөзі жоқ. Өлшенген, бірақ та өте сусымалы, жаттанды сөздер. Біз ұзын столдың екі жағына жайғастық, Сусловтың әңгімеге шақыруына орай:

– Михаил Андреевич, түсініспестік туып отыр. Ғылымның аты – ғылым. Қоғамтану ма, жаратылыстану ма, бәрі бірдей. Тіпті патша уақытының өзінде олар өзінің сыншылары мен тарихшыларын қорлаған жоқ. Белинскийді қалай сыйлады! Бенуа мен Стасевті ше?, – дедім.

Суслов шыдамсыздана сөзімді бөліп жіберді:

– Патшаның уақытында не болғанын біз білеміз. Қоғамтану ғылымдары қоғамға тікелей пайда әкелмейді. Біз ең алдымен коммунизмді жақындататын нақты ғылымдарға көмектесеміз. Сізге ашық айтайын, біз бұл мәселені Орталық комитетте ұзақ талқыладық. Оны білетін адамдар дайындады, сондықтан да...

Орталық комитеттің хатшысына қарсы шығуға болмайды. Сондықтан да мен әдеттен тыс мәселе ретінде Тіл және әдебиет институтына бірінші категория беруді өтіндім:

– Таяуда жазушы Әуезов «Абай» эпопеясын аяқтады. Ол да осы институтта қызмет істейді және...

Осы арада Суслов мені тағы да бөліп жіберді:

Мұхтар Әуезов пе? Әрине, оны білемін. Онда былай істейік. Ұсынысыңды тастап кет. Бір нәтиже шығрауға тырысып көрейік,– деді».

Бұл 1961 жылдың 6-көкек күні болған сұхбат еді. Бұл күні Қаныш Сәтбаевтің асқазан рагіне ұшырағаны анықталған, Мұхтар Әуезовтен де тура сондай дерттің белгісі байқалған күн еді.

Иә, «сұр кардинал» Суслов Әуезовті білетін. Өйткені, елуінші жылдардағы өзінің «Правда» газеті арқылы салған идеологиялық ойраны мен сергелдеңінің басты нысанасының бірі де осы Мұхтар Омарханұлы еді. Сондағы әділетсіздігінің кінәсін жеңілдеткісі келді ме, жоқ, орынды ұсынысқа тоқтады ма, кім білсін, әйтеуір, Әуезовтің есімі оның «сусымалы, жаттанды» жауабына бір сәт дәміл жасатып, игілікті шешім қабылдауға мұрсат берді.

Адамның алпыс екі тамырын идіріп, жұлын-жүйкеңді босататын сәттің бірі – алыс сапардан отаныңа оралу.

Мың тоғыз жүз алпыс бірінші жылдың наурыз айында үш адам Мәскеу сапарынан Алматыға поезбен қайтып келе жатты. Сырттағы алашұбар далаға терезден көзін сәл қыса қарап тұрған Қаныш Имантайұлына – өңірі өрнектелген ақ көйлек, кең балақ мата шалбар, тері сүйретпе киген Мұхтар Омарханұлы Мәскеуде өткен жазушылардың сьезі туралы әңгімелеп тұр. «Мәскеу» қонақүйінде кездесіп қалған екі академик, кәмелетке толар-толмас кездерінде танысып, бүкіл өмірді бірге өткізген достар емін-еркін шер тарқатысу үшін осы жолды әдейі таңдап алған. Туған даланың көктемгі ауасы мен таныс «кең, биік көк аспан» тыныстарын кеңіткендей болған мезетте әр кім өз бөлмесіне тарасты. Түскі дәмге дейін өз ойларымен өзі боп, ойын жинақтауға мүмкіндік алды. Қаныш қалың-қалың папкаларды ашып, құжаттарды ақтарыстыруға кірісті. Мұхтар «Новый мир» журналындағы әдеби шығармаларды оқуын жалғастырды. Қаныштың шәкірті әрі бауырындай қастерлі Шафиқ Шоқыұлы түстікке шақырғанда барып олардың бастары қайта қосылды. Армян коньягі, «Боржоми» суы, Мәскеуде дәмі ұмытыла бастаған қазы, қарта. Жол ұзақ, оңаша әңгімеге уақыт жеткілікті. Көңілді отырыс. Саратов қаласының вокзалында Шафиқ сыртқа шығып, қайта кіргенде екі ағасының қабақтарындағы кірбіңді байқады. Екеуара әңгімеге еріксіз куә болды.

Ш.Шокин: «Қаныш Имантайұлы мен Мұхтар Омарханұлы менің қайтып келгенімді аңғармады. Екеуіне де жайсыздау аса маңызды әңгіме басталып кетіпті. Сәтбаев Әуезовке қатқыл сөйлеп отыр. Мұқаңның қабағы шытқыл тартқан. Әңгіме – Мұхтар Омарханұлының Сәбит Мұқановпен арадағы қырғиқабақ дүрдараздығы туралы. Президент: Әуезов сияқты жазушының жастарға теріс үлгі қалдырғаны жараспайды – дегенді айтып жатты. Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас бұрыннан бері шиеленісіп келе жатқан. Оны жазушылардан өзге жұртшылық та жақсы білетін. Олардың арасындағы дүрдараздық қазақ әдебиетінің қамын ойлайтын әріптестеріне аз алаңдаушылық әкелген жоқ. Мұқанов пен Әуезов – таланты жағынан да, жұртшылықтың алдындағы беделі тұрғысынан да бір-бірінен алшақ жазушылар, олардың адам ретінде өзара тіл табыса алмауының кесірінен екеуі де аз зардап шеккен жоқ, көп нәрсе жоғалтты. Қайсысының кінәсі басым – ол мен баға беретін мәселе емес. Тіпті оған тіреліп тұрған ештеңе де жоқ. Сәтбаев Мұқаңды: әдебиеттің мүддесі үшін жеке басының менмендігінен жоғары тұруға шақырды:

– Мұқа, өсекшілер сені емін-еркін арандатып, пайдаланып жүргені ешкімге де құпия емес. Пиғылы жаман адамдар Мұқановты аңдып, оның сөзін саған жағымпаздана әсірелеп жеткізеді, сөйтіп, екі үлкен жазушыны жастардың көзінше біріне бірін табалатып қояды. Ал сен ғой сол қаскүнемдердің мойынын қайырып, қасыңнан қуып жіберуің керек. Саған құдай көп нәрсені берген, сондықтан да сенен сұраныс та үлкен. Сондықтан да сен бірінші болып Сәбитке достық қолыңды ұсынуың керек. Саған бүкіл республиканың зиялылары қарайды. Сен өзіңнің жауапкершілігіңді бәрінен де жоғары сезінуің тиіс...

Мұқаң Қаныш Сәтбаевпен келісті, бірақ оған: Сәбит Мұқанов та қазір бала емес қой, – деп қосып қойды. Сәтбаев одан бетер ашуланып: ұсақшылдық – күпіршілдік, бұл саған жараспайды – деген пікір айтты. Мұндай әңгімені тыңдап отыру маған қолайсыз көрінді де шығып кеттім. Жиырма минуттан кейін Әуезов пен Сәтбаев дәлізге шықты. Мұхтар Омарханұлы Қаныш Имантайұлына разылығын білдірді. Менің байқауымша, алғысын шын жүректен айтқан сияқты. Сәтбаевтің өңінен өзінің алаңдаушылығын дұрыс түсінген жазушыға деген риза көңілі білініп тұрды».

Шындығында да екі ұлы адамның ұзақ уақыттан бері оңаша арыла шер тарқатқаны да осы болуы керек. Қос алыптың еске алатыны да, ескеретіні де, алдағы уақытта атқарылар аңсарлы мақсаттары да мол болатын. Олардың осы бір екеуара әңгімесіне өткен өмірдің «соқтықпалы, соқпақсыз», даңқ пен дақпыртқа толы, ауыр да абыройлы шақтары желі тартты. Ойлары тең, қарымы қатар, беделдері қапталдас, екеуі де алаш идеясын мұрат ерткен азамат еді, бірақ алдағы күндердегі армандары одан да зор болатын. Алайда екеуі де осы келе жатқанда олардың тәніне ең ауыр дерт – асқазан рагі дендей жайылып келе жатқанын білген жоқ.

Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында Жүсіпбек Аймауытов жазбақ болып тиісті дайындықтар жүргізе бастаған Абылай туралы романды аңсарына айналдырған Мұхтар Әуезов, енді оны жүзеге асыратындай қуаты мен мүмкіндігінің жоқтығын, жарық дүниенің дәмін үш ай ғана тататынын сезгендей, сол жолы алаш ұранды бұл тақырыпты Әлкей Марғұланға аманаттап, оны қадағалауды Шафиқ Шокинге тапсырады. Өйткені, осы жолда Қаныштың дерті анықталып – емделуге, Мұхтардың дерті анықталып – операция жасауға ұйғарым жасалған болатын.

Бұдан кейін олардың сыр ашып сөйлесетіндей уақыттары да қалмады. Демек, бұл жолғы сырласу – екі ұлы адамның бақұлдасуға мүмкіндік алған ант мезгілі еді. Ал Мұхтар мен Сәбиттің  «достық қолдарын алысуға» өткінші уақыт, қарбалас тіршілік, қатерлі сырқат мұршаларын келтірмеді.

Өкінішке орай, жақсы дайындықпен басталған бұл тақырыпты қилы-қилы тіршіліктің қыспағында ғұмыр кешкен Әлкей Марғұлан да жүзеге асыра алмай кетті. Әлекең марқұм бізге соны армандай айтып, өкінішін жасыра алмай, Ілияс Есенберлинге үміт артумен дүниеден өтті. Абылай мен Кенесары жөніндегі жинастыра бастаған архив деректерінің топтамасы арнайы қорда шаң басып жатыр. Ант мезгілі тақағанда қызы Дәнел арқылы бізді іздетіп, аманаты барлығын сездіріпті. «Аяулы Тұрсын!..» – деп басталған өсиет хаты да аяқталмай қалыпты. Үзілмеген үміттің жібін – үзілмейтін Алаш идеялы ұрпақтың келешекте жалғастыратынына сенім кәміл Алаш идеясын жүрегіне құндақтаған аяулы ұстаз, профессор Қайыржан Бекхожиннің алаш мұрасын зерттеуге дайындап, мұрағаттарға жетелеп апарған үш шәкіртінің біреуі Зарқын (Зарыққан) Тайшыбайдың «Қазақтың ханы – Абылай» атты екі томдық жинақ құрастыруы сол екі ұлы тұлғаның аңсарының орындалуы жолындағы аманатты істің бірі. Ал екінші шәкірттің де, яғни, біздің де сол парызды өтеуге бағытталған талпынысымызға өздеріңіз де куә болып отырсыздар.

Сонымен, сондай алаңы мол арманмен өткен соңғы сәттерінің куәсіндей болған, ұлы жазушының демі үзілер алдында жазылған естеліктер мен өзінің хаттарын келтірумен құжаттарға негізделген бұл баянды да аяқтаймыз. Осы лебіздің ішінде оның өмірге құштарлығы да, өкініші де, үміті де, дәмесі де, достығы да бар.

Е.Исмаиылов: «1961 жылы май айында Мұхаң сырқаттанып, ауруханада жатты. Температурасы жоқ, дені сау сияқты. Сырқат болса да жаңадан ашылған Әдебиет және өнер институтының жұмысымен шұғылданып жатты. Күн сайын М.Базарбаевты, Е.Лизунованы, мені, тағы басқа жолдастарды ауруханаға шақырып, ақыл-кеңес айтып, тынымсыз жұмыс істеумен болды.

Сол кезде Мұхаң жатқан ауруханада ақын Жұмағали Саин да жатыр екен. Оның ауруы күннен күнге меңдеп, халі ауырлай берді. Мұхаң өз сырқаты жайына қалып, күніне әлденеше рет әр жерге телефон соғып, бас дәрігерге жолығып, қайткенде де Жұмағалидың халін жеңілдетуге зер салды.

«Өзіңіз де сырқатсыз ғой»,– дегенімде: «Бәлі, Жұмағалиға қарағанда мен сау адаммын ғой, түрегеліп жүрмін, бір жұмадан кейін Москваға барып емделіп, ар жағында Англияға ұшып кеткелі отырмын (ағылшын қоғам қайраткері, 1956 жылы үйінде қонақта болып кеткен Хьюлетт Джонсонның шақыруы бойынша – Т.Ж.), мені не қыласың, Жұмағали жарымжан ғой, артта әлі жетіп үлгермеген балалары қалып барады»,– деп барлық жанашырлық қамқорлығын айтып отырды.

Мұхаң майдың аяқ кезінде ауруханадан шықты. Екі-үш күннен кейін өзінің сырқаты туралы дәрігерлердің қорытындысы айтылды. Мен сол кеште үйінде болып едім, Мұхаң көңілсіз екен. «Ұлтабарда бір нәрсе бар екен, айтуларына қарағанда өзі сүйел сияқты, соны Кремль ауруханасында емделіп жазу керек немесе операция жасап алдыртып тастау қажет көрінеді»,– дегенді айтты. Осы сырқаттың артында үлкен зіл жатқандығы да, осыған өзі іштей қынжылатындығы да Мұхаңның әрбір сөзінен байқалып отырды.

«Операциясыз емделуге болмас па екен?»,– дегенімізде, Мұхаң осы сөзді ауырлағандай қабағын шытып, «Полиптің арты жаман ауруға, дертті ісікке соқтыру қаупі және бар. Мен оны да сезем, асқындырып алғанша, тәуекел қылып, несіне болсын шыдап баққан мақұл»,– деді. Үзілді-кесілді айтты.

Емделме, операция жасатпа – деп ақыл айтарлық жер емес. Бұл – дәрігерлердің және өзінің кесіп-пішкен байламы. Көркем шығарма тағдыры сөз болса, дауласып бір нәрсе айтар едік. Ал мына жайға келгенде дағдарып отырып қалдық.

Майдың 28-і күні Жұмағали қайтыс болды. Мұхаң қабырғасы қайыса қатты жылады... Бір жағынан Жұмағали өліміне қайғырып, әсіресе, оның семьясына жаны ашып күйінетін болса, екінші жағынан, іштей өз сырқатының жайын да ойланғаны байқалғандай еді. Жұмағалидың жабдығына жұмсалсын деп Мұхаң мен арқылы бірталай қаражат беріп жатып: «Біздің семьямыз дәл Жұмағали семьясындай жетімдік көрмес-ау»,– деп күрсінді. «Біз» деген сөзінен көңілім тағы да бір секем алғандай боп түршігіп қалдым.

Артынша Мұхаң Мәскеуге жүруге дайындалып жатты. Дәл жүрер күні Зейін Шашкиннің «Теміртау» романын менен сұрап, бірге ала кетті. Ең соңғы хаты осы романға арналғандығы жұртшылыққа аян. Июньнің 3-күні Мұхаңды аэродромға шығарып салып, қоштасып қала бердік. Біздің Мұхаңды ақырғы көруіміз еді бұл. Одан кейін екі рет хат жазысып, бір рет телефонмен сөйлесіп хал-жәйін білдім. 18- июнь күні ауруханадан жазған хатын 22-күні алдым. Мен осы хатты алғаннан кейін қатты ойландым, қоштасып отыр ма, өсиет айтып отыр ма? Мен тағы да хат жаздым, екі рет жазып, екі рет жыртып тастадым, ақыры хатты Москваға бара жатқан жұбайы Валентина Николаевнадан беріп жібердім, осы хат Мұхаңа июньнің 25 -күні табыс етіліпті. Хат ашылып оқылған, бірақ ешбір белгі жоқ...».

Ырымшыл адам үшін мұндай тағдырлы тоғыстың жүрегіңді құмықтыра мұңға батырып, мәңгілік аңсары басылмайтын сағынышпен жаныңды күйдіре сыздататыны бар. Өмір мен өлімнің, бар мен жоқтың, пәни мен бақилықтың ыстық өкінішті табы кеудесін қарығаны анық. Осынау бір дертті ақынның көз алдында баяу сөнген ғұмыры Әуезовке жалған дүниенің жалғандығын барынша терең тебірендіре сезіндірген, түршіктіре тітіркендірген, шымырлата шамырқандырған сияқты.

А.Брагин: «Мен оны соңғы рет көргенім жадымда мәңгілік сақталып қалды. Ол ақын Жұмағали Саинды жерлеу кезіндегі зират басындағы мамырдың желді күндерінің бірі еді. Жерлеу рәсімі басталған сәтте ол арадан Әуезов көрінбеп еді. Ол жаңа ғана ауруханадан шықты – дескен болатын. Біз ашық қабірдің басында иықтіресе дөңгеленіп тұрғамыз. Әлдекім бақұлдасу сөзін айтып жатқан. Бір жолдасым:

– Оң жағыңа қарашы,– деп сыбырлады.

Қарасам, Мұхтар жұрттың бәрінен оңаша, жалғыз өзі оқшаулана мұңға батып тұр екен. Денесі ысылған, жүдеген өңі әдеттегідей қара қоңырқайланып, өзінің уайымына өзі батып, қатып қалыпты, оның көзінен парлап тұрған жас тамшылары маған қорғасыннан құйылғандай ауыр көрінді.

– Ол адамдарды шын жүрегімен беріле сүйетін еді, сондықтан да қайғыға қабырғасы тез қайысады,– деді сол күні кеште бір қазақ ақыны. – Ол бәрін де бізден терең сезінетін. Ол өмірдің бағасын білетін, оның еңбекке деген құлшынысының сыры да сонда жатыр.

Сол сәтте тура бір айдан кейін Мұхтар Омарханұлының өзімен қоштасамыз деп ешкімде ойлаған жоқ».

Ал оның өзі сол сәтте қабірдің басында тұрып: өзінің тәні де дәл осы өзінің табаны басып тұрған жерден орын алуы мүмкін – екенін ойлап, құмығып тұрған шығар, бәлкім.

Мәскеуге ұшардың алдында Валентина Николаевнаның есіне салған мына сөзі соған анық сендіреді.

В.Н.Әуезова: «1926 жылдың күзінде біз өз тағдырымызды қосуға бел байладық. Мұхтар Омарханұлы мені алдағы уақытта не күтіп тұрғанын ескертуді өзіне парыз санаса керек, маған біраз жайларды түсіндіріп берді. Соның ішінде есімде қалғаны, Семей қаласында жол-жөнекей жолыққан бір балгердің өзіне бал ашып бергені, өзінің алдағы өмірінің қалай өтетіні туралы әңгімесі. Сол балгердің аты-жөнін, болмаса оған қалай кездескенін Мұхтар Омарханұлынан сұрап алмағаныма әлі де өкінемін. Әлгі балгер әдеттегідей алақандағы сызықтар арқылы емес, Мұхтар Омарханұлына харпі таныс емес бір кітаптағы жазу арқылы болашағын болжап беріпті. Мұхтар Омарханұлы көзін сәл кысыңқырап тұрып: «Оның айтуынша мен өте, тіпті асқан атақты адам болады екенмін»,– деді. Көріпкел оған: 3 рет некеге отырасың, үйленгеннен соң үш жылдан кейін үшінші әйелің дүниеден қайтады немесе мәңгілік айырыласың. Бұл сенің соңғы үйленуің болады, бұдан кейін қайтып үйленбейсің. Сен 56 жаста жарық дүниемен қоштасасың және туғаныңнан бастап үш рет тәніңе пышақ тиеді-міс»– депті. Мен Мұхтарға: «Мүмкін менің пешенеме өмірің қысқа болсын деп жазылған шығар. Соңдықтан да қалған өмірімізді бірге өткізейік»– дедім.

Алайда осының барлығы соқыр сенімге негізделген наным мен ырым сияқты көрінгенімен, көріпкелдің меңзеген мерзімдері біздің тіршілігіміздің қиын да күрделі кезеңдеріне тұп-тура келіп отырды. Үш жыл бірге тұрғаннан кейін ол тұтқынға алынды да, мен Мұхтар Омарханұлының өмірінен ысырылып қала бердім, көз жаздырып кеттім, 1953 жылы тура елу алты жасқа келді... Міне, сол 1954 жылы маған жазған хатының бір үзіндісі мынау: «Бәлкім, сен сезіп те жүреген боларсың. Өміріміздің өткен қиын белестерінде, әділетсіз жазаға ұшыраған жылдарда мен сен үшін қатты толқыдым. Сені қайғыға батырып, балаларыммен бірге қаражатсыз қалдырмас үшін мың өліп, мың тірілуге бармын. Әйтеуір шейіт боп кеткенше сендерге біраз талғажау болатын қаражат қалдырып, алаңсыз өтсем деп тілеп едім»,– депті онда.

Мұны еске алып отырған себебім, сол бір жылдардан кейін әлгі көріпкелдің айтқандары туралы ешқашан да екеуара әңгімелесіп көрмесек те, сәуегейдің сөзі Мұхтар Омарханұлының ойынан кетпепті. Өйткені Мәскеуге аттанып бара жатып ол маған: «Бұл менің соңғы операциям, менің үшінші рет «пышаққа түсуім»,– деді. Ол өзіне жасалған операцияларды санап жүріпті: Семейде соқырішекке жасатты, одан кейін Мәскеудегі Рыжих жасаған операция, енді міне, үшінші және ең соңғы операцияға тәуекел етіп, өзінше ырымдап отыр. Ол мұны әлдебір көтеріңкі көңілмен, бейне бір ауыр жүктен құтылып жеңілдеп қалған адам сияқты боп әзілдей айтты. Мұның соңының қайғыға әкеп соқтыратынын кім болжап білді дейсің, әлдебір кесірлі дерттің алдын алатын сақтық операциясы деп түсіндік қой, оны ешкім де қауіпті қадам деп ойлаған жоқ. Ал оның өзі болса ғой: бұл менің соңғы рет «пышаққа ілінуім», ал содан кейін қауіп-қатерсіз тамаша өмір сүремін – деп есептеп, ерекше қуанып жүрді».

Сөйтіп ол ақырғы сапарға осындай ауыр оймен жеңіл аттанды.

Ғ.Бисенова: «Қазақ интеллигенциясының, әдеби қауымның ағасындай болған Мұқаңның бір жаққа сапарға шығуы мен қайтып оралуының өзі үлкен той болатын. Мұндайда Мұхаң үйіне шығарып салушылар мен тосып алушылар толып кететін-ді.

Міне, жолдас-жоралары, достары, туған-туыстары, шәкірттері тағы да Мұқаңның үйіне жиналды. Бұл жолы ол емделуге Москваға жүргелі отыр. Кісінің соншалық көп жиналғанына риза болды ма, әлде көпшіліктің өзіне деген жақсы тілегін, ниетін ырым етті ме, кім білсін, әйтеуір Мұхаң ерекше көңілді болды. Ол ауру жайын ауызға да алғысы келмеді. Бұрынғысынша әңгіме-дүкен құрып, күліп-ойнап жарқын отырды.

Сөйтіп, көшкен елдей улап-шулап оншақты машинамен аэропортқа да жеттік. Самолеттің ұшуына әлі біраз бар. Ортада Мұхаң, айнала көпшілік. Тағы да тамаша әңгіме, тағы да жақсы тілек. Ақыры әз аға көпшілікпен қоштасып, самолетке отырды. Мұхаңды шығарып салушылар «ИЛ-18» ұшқанша тарамады. Ақыры самолет те көтеріле жөнелді. Мұхаң мінген самолет бірден-бірге биіктей берді, биіктей берді. Самолет емес, Мұхаңның өзі бірден-бірге жоғарылап, әуелеп бара жатқан сияқты. Иә, Мұхаң қашан да аспандай береді, биіктен-биікке шырқай береді!»

Ол өзінің осы ақтық сапарында мұқым ғұмырын көз алдына келтіріп, әр қайсысының дидарын көргенде сол адамға қатысты мейірімді де шуақты, жанына жақын да жылы сәттерін есіне алатындай қимас адамдарының көпшілігімен көзайым болды. Ағайын, туыс, дос, жаран, қимас жандар оны Алматыдан алақанына салып шығарып салды. Мәскеуде оның рухани өсиетінің иесі болып қалған, ол дүниеден қайтқан соң «Қилы заман» сияқты қиын тағдырлы шығармаларын жарыққа шығарған Л.Пантиелев пен З.Кедрина сияқты ерлі-зайыпты жанашыр достары, алақанына салып қарсы алды.

З.Кедрина: «Мұхтар Омарханұлы өзінің қонақта болған өмірінің ең соңғы күнін біздің үйде өткізіп еді-ау. Онымен бірге азербайжан жазушылары Сүлейман Рагимов пен Мехти Гусейн және Дүниежүзі әдебиеті институты директорының орынбасары Арфо Аветисовна Петросян мен қазақ ақыны Әбділда Тәжібаев болды.

Бұл Мұхтар Омарханұлы ауруханаға жатуға тиісті күннің алдындағы ғана күн еді. Кейін ауруханаға сол барған сапарынан оралмады ғой.

Мұхтар Москваға емделуге келеді дегенді бір күн бұрын естіп қатты қобалжулы едік. Өйткені, оның ауруының түрі жөніндегі көңілсіз күдіктерді біз білетінбіз-ді. Әйтсе де, Внуково аэродромында күтіп алғандағы, қонақ үйінде бірге болған күніміздегі оның жайма-шуақ күйі бәріміздің де көңілімізді жай таптырғандай болды. Қонақ үйінде көп адам жиналды, көңілді отырыс болып, жақсы-жақсы тостар айтылды. Мұхтар Омарханұлы жеп-ішіп, әзіл айтып, өте көңілді отырды.

Дегенмен, бұл күні оның өңінде әлденендей бір толғаныс көлеңкесі бар тәрізді еді. Азербайжан достарымыздың үйімізде бірінші рет болуы еді де, Мұхтар оларға біздің үйді таныстырып отырғандай болды. Ол арамызда талай жылдан бері келе жатқан творчестволық достық туралы, біздің семьямыз жайлы, өзбек пен қазақ дос-жарандарымыз жөнінде, сондай-ақ біздің баяғыдан-ақ «Москвадағы тобықты әулетінен» екендігіміз жайында әзіл, күлдіргі аралас көп әңгіме айтып отырды. Біз ас үйге барғанымызда Мұхтар өзінің әдетте келген сайын дастарқан басында отыратын орнына отырмай, оны азербайжан жолдастардың ішіндегі жасы үлкені Сүлеймен Рагимовқа ұсынды.

Мен осы үйде бұл орында көп жыл бойы отырып келдім, деді».

Иә, ол сол күні тек қана осы үйдің ғана емес, мынау жалғанның да төрін босатып беріп еді. Енді оның орынын «әкесі мен баласындай» болған Шыңғыс сияқты аманатын арқалап қалған бауырлары басты.

Ш.Айтматов: «Тағдыр дегенді қойсаңшы. Мұхаңмен ақырға рет 1961 жылы ауруханаға жатар алдында «Москва» қонақ үйінде жолықтым. Өзі аса көңілді екен. елден алып келген қазы-қартасымен асықпай шай ішіп, әкелі-баладай емін-еркін сырласып түнгі сағат 1-ге дейін отырдық. – Кунцево ауруханасына жатқалы келдім. Полип деген залалсыз ісік көрінеді. Күш-қуатым бар, қоңды кезімде құтылғаным жөн шығар, деді. Ұлы ұстаздың ыстық дидарын ақырғы мәрте көріп, қолынан дәм татып, лебізін соңғы рет естіп тұрғанымды білсемші! Келесі күні ойымда түк жоқ мен Фрунзеге ұшып кеттім...».

Қысқа ғұмырдың санаулы күндерінің соңғы сәттерін ол өмірге деген ғашықтықпен, өзі айтқандай, «қомағай ғашықтықпен» сергек өткізді. Ол өзінің ант мезгіліндегі көңіл ауанын:

«Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі  құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол»,– деген өзекті жарған ыстық сезіммен жеткізді.

Айтылмаған аманатым, ұмытқан өсиетім қалмасын – дегендей, жайшылықта сыртқа шығара бермейтін сырларын хатқа түсірді. Тәні – Мәскеуде, жаны – Алматыда, жүрегі – екі ортадағы жолаушы болды. Ол осы күндері киесі қайтып оралған әулиелік қасиетін қайта тапқандай сондай бір көрегенді, көріпкелдік болжаулар да жасады.

17-маусым күні өзі батыл ұсынған Тіл және әдебиет институтының жаңадан тағайындалған отыз жасар директоры М.Базарбаевқа:

«Қадірлі дос Мүсілім! Хатыңды алып қатты ырза болдым. Көңіл, бейіл, тілектестігіңе көп-көп алғыс айтам. Институт өміріне жегіне кіріскен көрінесің... Өндіре тартып, үдеп-үдеп кете барасыңдар – деп нық сенемін. Ендігі біраз мәселелерің шешіліп те қалған шығар... Мен 20-сы күні болатын консилиумды тосып отырмын. Солар операция жаса десе – жасатамын. Бұл хат той үстінде барар. Қазақстанның ұлы той мерекесі кезінде бар-бар коллективіңді, үлкен-кіші дос-жаранның баршасын дос көңілмен құшақтап құттықтаймын!»,– деп тілек білдірді.

Киесінің иесіне қайтып оралғаны сол емес пе, осында айтқаны дәл келді. Қазақстанның қызығы өзінің қаралы хабарымен қабаттаса келетінін сезгендей сол 18-маусым күні «досы, сүйіктісі, тағдыры байланған, аяулы Женечкаға – Евгения Лизуноваға:

«Сендерде, Алматыда мереке өтіп жатқан күні маған операция жасап жатуы әбден мүмкін. Тіпті мұның солай болғаны: оның үстіне тойға қосқан менің де шымшым үлесім бар екенін сезіне отырып, барлық қиялыммен, шын жүрегіммен ол мерекеде сендермен бірге жүрмін – деген оймен өзімнің санамды жұбату үшін де өте жақсы болды»,– деп жазғанынан-ақ, әйтеуір сол күндері оның санасында тосын бір өзгерістің болатынын түйсікпен түйсінгенін аңғаруға болады. 

Мұхтар Әуезов өзінің соңғы жан сырын қапталдас інісі, Кенесары туралы қуғынды бірге басынан кешірген Есмағамбет Исмаиыловқа ашыпты.

«Москва, Кунцево. 18.06.61. Ең қымбат іні-досым Есет! Кеше хатыңды алып ем. Оқта-текте бір айтылатын көңіл-жүрек сөздері айтылған екен. Алғыс деген аз ғана. Орайына сондай шындық жүрек құшағы лайық та. Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет ғылымының ажырамас, қажымас, жылдар жүрсе арымас жегіндісі – еңбек торысы дейім. Сол үшін сүйем де, бек бағалаймын. Адамдығың, адалдық достығың өзіне бір дара. Сенің жұртқа еткен еңбегің аз ба? Сен мені айтыпсың, соны оқып отырып мен сенің өзіңді көп-көп еске алдым. «Өзі ғой осындай көпке көмегі, көп іске себі тиіп, талайда талайдан алғыс алған жан»,– деймін. Соның ішінде, әсіресе, қазақ совет әдебеиетінің үлкенді-кішілі жазушыларына Сені мен сендей бірнеше жандардың сіңірген еңбегі аз ба? Жақында Москвада Әлжаппар, Тахауи, Қалтай үшеуі отырған бір отырыста: сыншы – оқытушы – зерттеуші сен бастаған ғалымдардың жазушылар үшін қадірлі көмек еңбегі қандайлық екенін сөйлеп ем.

Мені көп айтқансың, көп жүрген соң жақсы-жаман ұзақ өмір жолым жамала беретін шығар. «Көп жүрген» дегеннен шығады. Бұрын жасы үлкеннің жақсы белгісі есебінде «Бір көйлекті бұрын тоздырған ғой» – дейтін еді. Көйлекті бұрын тоздыра жүріп өзін де қоса тоздыра жүретіні есепке алынбайтын. Мен тегі өмірдің оры-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы-шатқалы дегенді көбірек көргемін. Кейбіреулер(дің) өмірі бір келкі, тура, түзу, жаттық, жазық жолындай өткен болса, менікі тіпті саушылық жағының өзінен алғанда да жауратқандай тәрізді.

Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі  құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол.

Бұның бәрі былайына айтқанда, өмірдегі «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса – «берерім де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де.

Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырамын? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан) – қайта әлсірей бермейім бе, ал ауру болса күте бермесе, өздігінен кетпеуге мүмкін ғой. Сондықтан түбі бір операциясыз болмайтын болса осындай семіз, күйлі кезімде жасатқаным жөн бе деп тұрмын. Алдағы сейсенбіде – бүрсігүні консилиум болады. Сол не десе де көнемін деп тұрмын.

Жақында сенікі сияқты аса дос қымбат хатты Евг. Вас.-надан (Евг. Вас. Лизунова) алдым. Мүсілім де жақсы толық хат жазыпты. Уахатов тілектестік жайын жазып ВАК-тың хабарын тосып жүргенін айтыпты. Жазылып шыққан соң оның да, Балташтың да жайларын ВАК-тан білемін.

Закиді алса – ең болмаса рукопись бөліміне алсын (егер Әуелбекті алу қажет болса), ал К – ді (танылмады) Лизуноваға беру қажет, қажеті – Әуелбек қой. Мен оның өзіне бұл жөнінде еш нәрсе айтқан емеспін. Үй ішіңе тегіс сәлем. Қош.  Мұхтар Әуезов».

Бұл Мұхтар Әуезовтің өзінің ғылымның  «еңбек торыларына» жолдаған соңғы «қошы». Ажал алдында тұрса да өмірді қандай ғашықтық құштарлықпен сүйген десеңші! Операцияның сәті белгіленген күні түнде жазылған:

«Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі  құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол. Бұның бәрі былайына айтқанда, өмірдегі «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса – «берерім де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де. Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырамын? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан)»,– деген жолдарда қаншама арман, мақсат, ыстық құштарлық, өмірге қанбаған махаббат бар.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303