Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5255 0 пікір 16 Қыркүйек, 2014 сағат 12:26

АҒЫМҒА АРБАЛҒАН ОҚУШЫ

Таяуда өткен білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясында Ақтөбе қаласының «бас педагогы» – қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева 87 мектеп оқушысының дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргенін мәлімдеп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл мәліметті «бас ұстаз» тарқатып та айтпады, себебін де тәптіштеп жатпады. 

Көп жылдан бері «облыста діни ахуал тұрақты» деп келген жергілікті атқамінерлер елді дүрліктірген атыс-шабыстардан кейін жұмған ауызын ашпай, өзге қызметтерге ауысып кете барды. Сол кездері халықты шошын­дырған жайттар жылдар өте басылып жатқан сияқты көрініп еді, алайда жаңа оқу жылы алдында Ләззат Оразбаева ханым күмәнді ағымдар туралы сөз қозғады. 87 оқушыға қатысты тілге тиек еткен педагог ханымның не айтпағын білмек болып, қоңырау да шалған едік. Қабыл­дау бөлме­сіндегі хатшы қыз арнайы қабылдау күні алдын ала жазылып, кезекпен кіруге ұсыныс жасады. Амалын тауып, ұялы телефонына шықтық. Біздің аты-жөнімізді тәптіштеп сұраған Оразбаева ханым газеттен екенімізді түсінді ме, жиналыста отырғанын алға тартып, тұтқаны қоя салды. Содан қайтып ұялы телефонын көтермеді... 
Ол өзі бастаған істі әрі қарай жалғастырғысы келмеді ме, әлде шынымен жиналыстан қолы босамады ма? Облыстағы дін саласындағы азаматтарды сөзге тартқымыз келген.
«Аңсар» қоғамдық бірлестігінің өкілі Асқар Сәбдин білім бөлімі басшысының мәліметінен хабардар екенін жасырмады. «Бұл мәселе бойынша «Аңсар» бірлестігі зерттеу жүргізді. Тіпті біздің сауалымызға жауап береді-ау деп теолог Төлеген Талдыбаевқа жөн сілтеп, телефонын да тауып берді. Кімнің өтірік айтатынын бір құдайдың өзі білсін, алайда тұтқаны көтерген Талдыбаев мырза ешқандай зерттеудің жоқты­ғын айтып, ант-су ішіп жатты.
«Тізімді (ағымға еріп кеткен оқушылардың тізімі – авт.) мен қайдан білемін, оны айтқан адамның өзінен сұ­рар­сың. Сол кісінің өзі жауап берсін», – деп ат-тонын ала қаш­ты Талдыбаев мырза. Жә, «ахуал тұ­рақты» деп есеп-қиса­бын жүргізе бер­сін, жоспарлы істе­рін (құр отырыс пен нә­ти­жесіз басқосу) дін­дар азаматтар жүр­гі­зе берсін делік! Ең бол­мағанда өз ой-пікірін айтуға дәті жет­пеген дін саласы қызмет­кер­ле­рінен іс өнбей­тінін түсінген соң, тәртіп сақшыла­рына жолығуға тура келді.
Полиция капитаны, жасөспірімдерді тәр­бие­леуде едәуір жұмыс тындырып, об­лыста көпке таныла білген азамат Серік Сағиевті сөзге тарттық: 
– 87 оқушы дәстүрлі емес діни ағымға кіріп кетті деп сенімді түрде, нақты айтуға болмас. Олар шариғат ережелерімен жүрген шығар. Ата-анасы талап етіп отырған шығар. Діни әде­биеттерде тәртіпке бағыну керектігі анық айтылған. Мемлекеттің заңнамасын сақтау керек. Мектепке киетін киімдерге қатысты да заң талаптары орындалуы керек. Мектеп жасындағы балалар діни ағымға ақыл-парасаты толысып, өз еркімен кіріп кете қоймас. Мұхаммедтің (с.а.у.) өзіне пайғамбарлық 40 жасында қонбап па еді?! Егер бала өз еркімен, ақыл-санасымен діни ағымға кірер болса, түсінуге болады. Алайда бұғанасы қатып үлгермеген оқушыны ағымға тарту дұрыс емес. Зайырлы мемлекет заңдарына сәйкес, дін мен білім жүйесі екі бөлек әлем. Егер мектепте арнайы киім үлгісі қарастырылса, оқушы сондай киіммен жүруге тиіс, – дейді құзырлы орган қызметкері Сағиев мырза.
Полиция капитанының пайымынша, өкі­нішке қарай, бүгінде қала көшелерінде араб ұлтының киім үлгісін жиі ұшырастыруға болады. Ал қазақ халқының ұлттық киімін тек той-томалақ, ұлттық мерекеде ғана көруге болады. Осы мәселені о баста сөз еткен білім бөлімі басшысы, бюджеттен қаражат алып, діни ахуалды егжей-тегжей сараптап отыратын діндар сарапшыларымыз да жөні дұрыс әңгіме айтудан қашқалақтайды. Әлде «сақалды» әңгіме қылса, ізінен біреулер шам алып түседі дей ме екен? Жоқ, әлде «қысқа балақтыны» сөз қылсақ, құзырлы орындардың қыспағына ұшыраймыз деп қорқа ма? Тым болмағанда, өз пікірін білдіруге болатын еді ғой. 

P.S. Ақтөбе облысында 1200 сәбидің вакцина жасаудан «бас тартқаны» анықталды. Діни көзқарасы бөлек ата-аналардың кесірлерінен сәбилерге бірде-бір рет вакцина егілмепті.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
"Жас қазақ" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434