БІЗ ЖУНГЛИДЕГІ ЖАБАЙЫ ТАЙПАНЫҢ БАЛАСЫМЫЗ БА?
Кітап ең құнды рухани қазына. (Бұл жерде біз кітап ұғымын жазу толы парақтары бар, баспадан шыққан зат ретінде ғана айтып отырған жоқпыз) Бұны көкірегінде түйсігі бар жанның бәрі түсінеді. Бүгінгі күні кітап төңірегінде сөз бола қалса, «кітап оқитындар өте аз» деп басталатын мңұлы әңгімелердің куәсі боламыз. Шынымен де солай. Ал, бұның себебі неде?
Кітап оқудың өзі танымдық деңгейдегі ақпарат алудың бір түрі. Ал, қазір ақпарат ғасыры екенін ескерсек, озық технологиялардың көмегімен ақпарат дауылы соғып тұрғанын бірден аңғарасыз. Әрі бұл ақпараттар өте жедел және ол адамдардың ой-таным, білім деңгейін көтеруден гөрі көңіл көтеру, уақыт өткізу, тосын оқиғаларға құмарту, жеңіл-желпі тұрмыстық арзан хабарларға үйір қылу секілді тек стихиялы тұтыну тұрғысында ғана сипат алып отыр. Және ол бүгінгі қоғамдағы адам санасын әрекетсіздендіріп, ақпаратты талғамсыз, ойсыз қабылдайтын формация қалыптастырып үлгерді.
Біздіңше бұның бәрі уақыттық, өтпелі кезең. Себебі, қазақ қоғамының бос қалған рухани кеңістігі бұрынғы дәстүрлерінен қол үзіп қалды (Кітап оқу тұрғысындағы). Оның үстіне жоғарыда айтқанымыздай тез жалпыласқан ақпараттық технология біздің әлсіз, қорғансыз, және ессіз рухани кеңістігіміздің жаулануын жедлдете түсті. Соның салдарынан бұрынғы кітап оқу дейтін терең құндылық шапшаң ығыстырылып, жаңа заман технологияларының, интернеттің (бұл да тек санасыз түрде тұтынушылық деңгей) қызығына қойып кеттік. Қазір содан бас ала алмай жатырмыз. Ііпті, кейбір жағдайда өзіміздің кім екенімізді, тегімізді, болмысымызды, жан-дүниемізді ұмытып кететін деңгейге де жетіп қалдық. Қысқасы, ісік-желігіміз әлі басылмай, қызыл-жасыл ойыншықты жаңа көрген жунглидегі жабайы тайпаның баласы құсап, есіміз кетуде. (Әрине, біз жаңа технология жетістіктерін жоққа шығармаймыз, ол даму заңдылығы. Тек соны қай тұрғыда пайдалану төңірегінде айтып отырғанымызды ескертеміз.)
Ал басқа дамыған елдер бұл кезеңнен әлдеқашан өтіп кеткен. Олар қазір кітап оқуды мықтап қолға алуда. Себебі, баста айтқанымыздай кітап ең құнды рухани қазына екенін олар біледі және бұл қағиданы ұмытуға болмайтынына әбден көзі жеткен. Сондықтан да әлемнің дамыған бірқатар елдері жас ұрпақты, балаларды кітап оқуға барынша құлшындырып, шабыттандырып жатыр. Өйткені, бала жасынан кітапқа қызыққан адам ғұмыр бойы өзі жасайтын қоғамның мықты рухани негізін қалауға қызмет етеді. Сонымен бірнеше мысал келтірейік. Алдымен АҚШ-тан бастайық. Әлемнің ең озық дамыған мемлекеттерінің бірі саналатын бұл елде әрбір оқушы партасының қасындағы шағын кітап сөресінде алуан тақырыптағы кітап тізіліп тұрады. «Жер шары уақыт газетінің» журналисті Лос-Анджелес қаласындағы бір мектепке осы мәселе тақырыбында зерттеу жасай барғанда 1 сыныптың оқытушысы балаларға үй тапсырмасын бермейтіндігін, есесіне 20 минут кітап оқуды міндеттеп, оны ата-анасының бақылауында ұстауды тапсыратынын айтқан. Ал, аталған бастауыш мектеп орналасқан аймақта 100 мың тұрғын болса, онда 10 кітапхана бар екен. Әр жылы жаздық демалыста кітапханалар бастауыш және орта мектеп оқушыларына кітап оқу шараларын өткізіп тұрады. Сондықтан болар саябақтар мен аялдамаларда, метрода кітапқа үңіліп отыратын жастарды қарасы көп дейді тілші.
Аталған мәселеге АҚШ-тың әр кезеңде ел басқарған президенттері де қатты көңіл бөлген. Билл Клинтонның тұсында балалардың кітап оқуы жөнінде мемлекеттік жоспар жасалып, «Орта-бастауыш мектеп оқу-ағарту заңының» 2 тарауына кітап оқуға қатысты тармақтар қосып, оқушылардың кітап оқуын тұңғыш рет заңдық тұрғыда жолға қойған. Бұл істен кіші Буш та қалыстай, кітап оқуда бірде бір бала қатардан қалмау ұстанымын ортаға қойған. Қазіргі президент Барак Обама болса үкімет тарапынан балалар тәрбиесіне бөлінетін қаржыны көбейткізді. Соның нәтижесінде Оқу-ағарту министрлігі «Кітап оқу негізі» секілді бағдарламлар жасап, балалардың кітап оқу құлшынысына қанат бітірді.
Ал, көршілес Қытай елінде оқушыларға арналған «Сабақтан сырт оқитын кітабым» атты бағдарлама орталық телевизия арқылы жүргізіліп, оған қатысқан жасөспірімдер кітап оқу сезімі мен кешірмелерін баяндайды және арнаулы мамандармен ой талқы өрістетеді.
Жапон халқының кітап жөніндегі ой-пайымы тіпті ерек. Олар кітап оқуды тіл үйрену мен сезімдік танымды баулудағы, бейнелеу мен жасампаздық қуатын күшейтудегі, өмірді терең түсінудегі тамаша ұстаз, татымды дос деп біледі. «Кітап оқитын ел» атанған Жапония балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін барын салады. Мәселен, 2001 жылы жапон үкіметі «Балалардың кітап оқуын қолдау заңын» қабылдап, үкімет пен жергілікті әлеуметтік топтардың жауапкершілігі мен борышын айқындаған. Осы заң жүзеге асқан соң үкімет 63 миллиард жапон иенін бөліп, мектептердің кітапханадарын қайтадан жабдықтап берген. «Тәңір тау» торабынан алған мәліметтерге сүйенсек, 2012 жылы Жапониядағы кітапханалар саны 3274-ке жеткен. Оның ішінде 2059 кітапхананың балаларға арналған оқу бөлмесі бар. Ал, балаларға жылына оқи тұруға беретін кітап саны 180 миллион дананы құраған. Жапония балаларының кітап оқуын мектеп пен отбасының тәрбиесінен бөле қарауға болмайды. «Мектеп бойынша кітап оқу» шарасы жыл сайын артып келе жатыр. Отбасында ата-аналардың баласына кітап оқып беруі, бірлікте кітапханаға баруы үйреншікті құбылыс. Ата-аналар мектептегі кітап оқу шаралары балалардың кітап оқу әдетін қалыптастырудан тыс, отбасындағы адамдардың береке-бірлігін арттыруда да маңызы зор деп санайды. Технологиясы дамыған бір ел болса ол Жапониядай-ақ болсын. Алайда жапондар электронды жетістіктерін атыс-шабысқа толы ойыншық құралына емес, балаларға айналған кітап оқу құралына айналдыруда. Бұдан баланы жасынан кітап оқуға әуестендіру, осындай жақсы әдетті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру Жапонияның оқу тарихы өресін көтеріп, халықарадағы бәсекелік қуатын сақтаудың негізі екенін көреміз.
Ресей үкіметі де аталған мәселеге қатты көңіл бөлуде. Олар да кітап оқушылардың азаюын «ауыр қоғамдық мәселе» ретінде қарастыруға көшті. Соған сай В.Путин арнаулы бұйрық шығарып, мектеп оқушыларының сабақтан бос уақыттарында оқитын 100 кітабын белгілеуді міндеттеді. «Сочи олимпиадасының» ашылу салтанатында Пушкин, Толстой, Достоевский секілді орыстың әдебиет алыптарының образадарын бейнелуі де тегін емес. Әлемдік спорт жарысында біртуар тұлғаларын жарнамалау арқылы жастардың әдебиетке, кітапқа деген қызығушылығын арттыру идеясы жатқаны анық.
Жоғарыдағы мысалдардан дамудың биік белесіне көтерліген елдердің өзі адамзаттың түп рухани негізіне тірек болатын кітап сынды асыл қазынаны биік қастерлейтінін көреміз. Себебі ол адамзаттың ой жауһары, ақыл-парасат туындысы.
Біз осы елдерден үлгі алуға тиістіміз. Кітапқа құмар, шын білімді қастерлейтін нағыз саналы буын қалыптастыру үшін оларды бала жастан баулу қажет екен. Қазақстанда бұрынғы Мәдениет министрлігі мен Ұлттық академиялық кітапхананың бірлекен жобасы «Бір ел-бір кітап» акциясы бар. Бірақ, ол кей жағдайда формальды шара түрінде жүріп жатады. Кітап оқуды жалпыластыру үшін бір акция жеткіліксіз. Үкімет осы бағытта арнаулы жоспар құрып, түрлі бағдарламалар түзіп, балаларды кітап оқуға қызықтыруы қажет. Балалардың кітап оқуына арналған бағдарламаны мемлекеттік телеарналарда жүргізіп, кітап пен кітап оқу тақырыбын үлкен деңгейге көтере алсақ жақсы болар еді. Республикалық кітап оқу шараларын жыл сайын үзбей өткізіп, жеңімпаздарына қомақты қаржылық сыйлықтар берсек, жасөспірімдердің қызығушылығын оятуға үлкен септігі тиеді. Шын қолға алатын күн туса талай ұтымды идеяның ұсынылары сөзсіз. Бізге тыңнан жол іздеп, арбаға бесінші ойлап табудың қажеті жоқ. Біз озық елдердің ғылыми жетістіктеріне қалай еліктесек, соған тәуелді болсақ, олардың рухани тұрғыдағы мәнді бастамаларынан да тәжірибе алуға тиістіміз.
Қорыта келгенде, біз технологиялық прогрестерді өз санамызға бағындырған жоқпыз, керісінше санамызды оның жетегіне беріп қойған халыққа айналдық. Бір қарағанда біз ғылым-техниканың жетістіктерін, озық технологияны, интернетті өз қажетімізге пайдаланып отырған өркениетті ададмар секілдіміз. Шын мәнінде, қазіргі жағдайымызда біз аталған құбылыстарға санасыз байланған, соның құлына айналу үстіндегі топпыз. Ал одан құтқаратын бір жол бар, ол – кітап. Себебі, кітап құлдықтан емес, ұлылықтан, тазалықтан туған адамзат ақыл-ой парасатының ұлы жауһары, баға жетпес байлығы.
Мұрат Алмасбекұлы
Abai.kz