Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6607 0 пікір 12 Қыркүйек, 2014 сағат 17:33

МҮЛІКТІ ЖАРИЯЛАУ – ТАМАША МҮМКІНДІК

Ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегінде Қазақстанда ақша мен мүлікті жариялау акциясы басталды. Осыған орай, біздің сауалдарымызға Қаржы Министрлігі Салық комитетінің заң басқармасының жетекшісі Ораз Аманұлы Әбдрахманов жауап береді.

- Ораз Аманұлы, ақша мен мүлікті заңдастыру акциясы басталғаннан бері халықтың көкейінде әртүрлі сауалдар туындауда. Мысалға, ұзақ уақыт салық төлеуден жалтарып келген адамдар да әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Осыны қарапайым тілмен түсіндіріп беріңізші.

- «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның өзінде анық жазылғандай, аталған заңның 13-ші бабында қарастырылған тізімдегі бірқатар қылмыстар мен заң бұзушылық іс-қимылдар жүзеге асырылған жағдайда рақымшылық жасалады. Солардың қатарында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 209 және 212 баптары да бар. Тарқатып айтатын болсам, егер субъекті өзінің ақшасын жоғарыда көрсетілген қылмыстар мен заң бұзушылық іс-қимылдардың нәтижесінде жинаған болса, оған кешірім жасалады. Бұл жердегі ең басты шарт – оның ақшасы міндетті түрде заңдастырылуы қажет.

- Қазақстан азаматтарының көпшілігі өз капиталын шетелдерде ұстайтыны жасырын емес. Ол «көлеңкедегі қаражат» деп аталады. Мемлекет қазір сол ақшаны заңдастыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал, осы мүмкіндікті пайдаланбаған азаматтарымызға 2017 жылы елімізде жалпыға ортақ декларациялау үдерісі жүргізілгеннен кейін не болмақ?

- Иә. Бұған дейін мәлім болғанындай, 2017 жылы Қазақстанда жалпыға ортақ декларациялауды енгізу жоспарланып отыр. Яғни, табысын ресми жариялайтын адамдар кірісін де, шығысын да ашық көрсетеді. Сол кезде ақшасы мен мүлкін заңдастырмағандарға қатысты құқық қорғау органдары тарапынан: «Бұл ақшаны қандай жолмен таптыңыз?» деген сұрақтар қойылуы мүмкін. Екіншіден, олар әлгі ақшасын өзінің жеке басының табысы ретінде пайдалана алмайды. Неге? Мысалға, олардың жұмсайтын ақшасы тапқан табысынан көп болуы мүмкін. Міне, сол кезде құзырлы құқық қорғау органдары оларға қатысты заңды тексеру, тергеу жұмыстарын жүргізе алады. Сондықтан, менің ойымша, мүлікті жариялау – тамаша мүмкіндік! Ендеше барлық қазақстандықтар көлеңкедегі айналымдағы барлық ақша, мүлкін заңдастырып алуы үшін осы мүмкіндікті пайдаланып қалуы қажет. Үшіншіден, әркімнің табысын ашық көрсетіп, ештеңеден қорқып-үрікпей өмір сүретін қақысы бар ғой.

- Оралмандарға қатысты сұрақ. Мысалға, оралмандар тек Қазақстан аумағында ғана тапқан ақшасын заңдастыра алады ғой. Солай ма?

- Иә. Егер де олардың іс-қимылы рақымшылық шарттарымен сәйкесетін болса... Басқаша айтқанда, олар заңсыз жолмен тапқан капиталын ешкімге көрсетпей ұстап келді делік. Яғни, мұндай жағдайда олар да жария етудің субъектілері болып отыр. Сондықтан, олар да Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей құқыққа ие. Яғни, аталған заңда көрсетілген барлық жеңілдіктерді, мүмкіндіктерді пайдалана алады.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394