Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5211 0 пікір 28 Мамыр, 2009 сағат 20:26

Жүргеновтер әулетiнiң ақиқаты

Жүргеновтердың арғы бабалары – Шөмекейдiң Бозғұлынан тарайтын Сарғасқа руынан шыққан Жәрiмбет би. Жәрiмбет бидiң есiмi 1803, 1805 жылдардағы Ресей құжаттарында жазылып, оның Шөмекей руының айтулы 6 биiнiң бiрi екенi көрсетiлген. Жәрiмбет бүгiнде ру атын алған. Осы Жәрiмбет биден туған Әлен, одан тараған Қуаң (iрi байлар болған), Қуаңнан Жүрген, Тұрған тағы басқа ұрпақтар өсiп-өнген. Жәрiмбет бидiң тiкелей алтыншы ұрпағы болып табылатын Темiрбек (Темiрше) Қараұлы Жүргенов және Жүргеновтер әулетiнен тараған ұрпақтардың кеңестiк жүйеден көрген зорлық-зомбылықтары ауыр трагедиялық жайт.
Әрине, оқырман қауым 1933-1937 жылдарда ҚазССР Халық ағарту комиссары болып қызмет iстеген Т.Жүргенов туралы, оның 1938 жылы атылғанын, кейiннен есiмi толық ақталғанын бiлерi сөзсiз. Алайда, оның бiрге туған iнiлерi, әкесi мен Тұрған ұрпақтарының басына түскен зобалаңды бiле бермеуi әбден мүмкiн.
Колхоздастыру кезiнде мал-жанды бiр орталыққа ұйыстыруға қарсы шыққандар арасында Жүргенұлы Қара, оның балалары Қосжан, Досжан, Жұдырық баласы Нұржан болған.

Жүргеновтердың арғы бабалары – Шөмекейдiң Бозғұлынан тарайтын Сарғасқа руынан шыққан Жәрiмбет би. Жәрiмбет бидiң есiмi 1803, 1805 жылдардағы Ресей құжаттарында жазылып, оның Шөмекей руының айтулы 6 биiнiң бiрi екенi көрсетiлген. Жәрiмбет бүгiнде ру атын алған. Осы Жәрiмбет биден туған Әлен, одан тараған Қуаң (iрi байлар болған), Қуаңнан Жүрген, Тұрған тағы басқа ұрпақтар өсiп-өнген. Жәрiмбет бидiң тiкелей алтыншы ұрпағы болып табылатын Темiрбек (Темiрше) Қараұлы Жүргенов және Жүргеновтер әулетiнен тараған ұрпақтардың кеңестiк жүйеден көрген зорлық-зомбылықтары ауыр трагедиялық жайт.
Әрине, оқырман қауым 1933-1937 жылдарда ҚазССР Халық ағарту комиссары болып қызмет iстеген Т.Жүргенов туралы, оның 1938 жылы атылғанын, кейiннен есiмi толық ақталғанын бiлерi сөзсiз. Алайда, оның бiрге туған iнiлерi, әкесi мен Тұрған ұрпақтарының басына түскен зобалаңды бiле бермеуi әбден мүмкiн.
Колхоздастыру кезiнде мал-жанды бiр орталыққа ұйыстыруға қарсы шыққандар арасында Жүргенұлы Қара, оның балалары Қосжан, Досжан, Жұдырық баласы Нұржан болған.
Жүргеннен – Қазыбай, Қара, Жұдырық т.б. балалар өсiп-өнген. Осы ұрпақтың iшiнде Қара есiмi ерекше құрметпен аталады. Қара Жүргенұлы 1858 жылы Қазалы уезiне қарайтын Қаракөл-Қуаңдария болысында көшпелi отбасында өмiрге келедi. Жоғарыда айтқанымыздай, Жәрiмбет, Әлен, Қуаң да өз кезеңiнiң тұлғалы азаматтары болған. Есiмi Сыр мен Арқаға бiрдей таныс, Сыр сүлейлерiнiң ұстазы атанған Сарыбай Әзiлкеш ақынның Болық қызбен айтысында:
“...Ақ Болық жiңiшке мен жуан қандай?
Сыймайды-ау қамзолыңа сыбанғандай!
Мақтайсың оның несiн, ей, ақ Болық,
Қоздатқан сексен мыңды Қуаң қандай!”
Мiне, сексен мың қой қоздатып, 3 мың жылқы өргiзген Қуаңның бел балалары Жүрген, Тұрған, Дәгiр мырза. Байлығы демекшi, ел аузындағы әңгiмелерде ХIХ ғасырдың 40-50 жылдарында Қарақұмда Дәгiр мырза қайтыс болғанда көш 40 күн еру болып, Шатырлыда күмбездi үй-там салайын десе, құмдақ жерде кесек құя алмайтын болады. Сонда Қуаң екi мың жылқының жалы мен құйрығын күзеп, күнде мың биенi саудырып, құмды сүтке илеп, кiрпiш бастырады. Осы әдiспен үй-там салғызып, ұсталардың тамағына 90 қысырақ байлатыпты. Сол үй-там сол кезден берi Дәгiр тамы аталып келедi.
Жәрiмбеттен басталған билiк, байлық Қара Жүргенұлына да жеткен. 1898-1901 жылдарда болыс болған.
Қазақстан үкiметiнiң 1927 жылғы iрi байларды тәркiлеуiне Қара Жүргенұлы 1928 жылы iлiнедi, ал оның үлкен балалары Қосжан мен Досжан тәркiлеуден қашып, Қарақұмды паналаған.
Мемлекеттiк мұрағаттағы сарғайған құжаттар арасында Қара Жүргенұлы, оның баласы Ысқақ пен немересi Миназардың iс-қағаздары кездестi.
Бұрынғы Жаркөл болысының ауылында тұрушы Қ.Жүргеновты 1928 жылы 4 қаңтарда Қазы деген жерде малдарын алдын-ала есепке алып, оның жазда Мамытта, қыста Қазы мен Сырдария бойында болатындығын және 100 iрi жылқысы, 40 құлын-тай, 120 түйе мен ботасы, 50 сиыры, бар екенiн, қой-ешкiсiнiң 500 басты құрайтынын iске тiгiптi. Сонымен қатар осы құжатта: саманнан салынған үйi, 4 жалшы ұстайтыны, жеке күймесiнiң де барлығы тiркелiптi. Мұнда және оның жеке қыс қыстауы, жаз жайлауы, майса шабындығы, оған бөтен ешкiмнiң малы жiберiлмейтiнi, 1919-20 жылдардағы қызметi, 1926 жылы жеке қаражатымен мешiт салдырғаны да жазылған.
Ақтөбе округтық комиссиясының 27-тамыз бен 4-қыркүйектегi қаулылары бойынша Қара Жүргенұлының мал-мүлкiн тәркiлеп, осы жылдың 27-қарашасынан қалмай (9 жанымен бiрге) Қарқаралы округiне барып тiркелуiн мiндеттеген.
Ырғыз аудандық тәркiлеу комиссиясының мәжiлiсiнде (4-қараша, 1928 ж.) №27 санды шешiмiмен Ысқақ Қараұлының мал-мүлкiн тәркiледi. Миназардың шаруашылықтары бөлек емес, Қ.Жүргенұлымен бiрге деп қаулы шығарған. Бұған қарсы Ысқақ Қараев, Миназар Ноғайұлы: “бiздiң еншiмiз бөлек” десе, 1928 жылдың 22-қарашасында А.Бәйiмбетов өз малдарының Досжан, Қосжан Қара балалары мен Қ.Жүргенов малдары iшiнде кетiп отырғанын, тәркiлеу комиссиясынан малдарын қайтаруды сұрап арызданған. Қаншама арызданса да, олардың еншiлерi (мал-мүлкi) Қарамен бiрге деп ұйғарым жасалған.
8-қараша 1928 жылы Ырғыз ауданында өткен жалпы жиналыста салық төлемегенi үшiн: 1). Жүргенұлының малын алуға. 2). Алты құлынды бие, 2-бойдақ байтал, бiр айғырын сатуға ұйғарым да жасапты.
Құжаттар дерегiн қарап отырсақ, жазбалар түрлiше болып, тiптi бiр-бiрiне қайшы тұстары кездеседi. Бұл кезеңнiң (1928-1929 жылдары) нағыз аласапыран болып, байларды аяусыз қуғындағаны, тiптен олардың арасында кедейлер мен орташалардың да жапа шеккендерi айқындала түстi.
Қ.Жүргеновтың 1928 жылдың 10-тамызында комиссиялардың есептеуiнше 388 бас (iрi қараға шаққанда) малы болса, қазiр 204, жасының 65-те екенi құжатқа түскен.
Тәркiлеуге (iрi байларға) жатпайтынын айтып Қара Жүргенұлы Қазақ үкiметiнiң басшысы Елтай Ерназаров пен Бүкiлодақ ақсақалы атанған М.Калининге дейiн арызданған. Алайда оның бұл арыздары қанағаттандырылмапты. Сондай-ақ ол арызында: “Мал шаруашылығымен айналысқанын, 3 отбасында 14-жанның барлығын, мал бағудан басқа ешнәрсе бiлмегенiн, көрмегенiн, жазығының жоқ екенiн айта отырып, Қ.Жүргенұлы Қазақ ССР Жоғарғы тәркiлеу комиссиясына тағы да арызданған.
“...Менi актiлегенде Ырғыз ауданында едiм. 27-тамызда байларды тәркiлеу туралы шығарылған декретi бойынша ұстап отыр. Декреттегi заңға малым жетпейдi, малымның саны – 66 iрiлi-уақты жылқы, 18 түйе, 65 қой, 1 бұзаулы сиыр. Менi бай деп ұстап отыр. Тәркiлеуге алдын-ала есептеген жоқ, қыстау, там да, қымбат мүлiк те жоқ. Ырғызда ешбiр жұмысқа араласқан емеспiн. Болыс болғаным жоқ, қайта патшалық кезеңде 2 жыл Ырғызда абақтыда, түрмеде болдым. Ол туралы қолымда құжаттарым да бар. Алашорда кезiнде кеңеске жақ болдым. Сол үшiн Алашорда бастықтары А.Темiров, Қ.Сейдалин дегендер 300 түйе айып салып, малымды талады және өздерi қашып кеткеннен кейiн де менiң басымды жауапкершiлiктен шығармады. Кеңес кезiнде жаман сөзге iлiккен емеспiн, жауапты болғаным жоқ. Жайыма көшiп жүрген шаруамын”. (Әкесi хат танымайтын болғандықтан, әкесi Қара үшiн, растап қол қойған баласы Ысқақ).
Қара Жүргенов арызында жоғарыдай баяндаса, 1928 жылдың 8-қарашасындағы Ырғыздағы №18 ауыл адамдарының жалпы жиналысында Қара хақында былайша жазылыпты: “Қара Жүргенов Николай заманында 3 жыл болыс болған. Болыс болып жүргенде өзiнiң хатшысы Зарқұм дегенмен қас болады. Сөйтiп айтысып жүргенде араға пара кiрiп, Зарқұмды Сiбiрге айдатады. Ол да қарап қалмай Қара Жүргеновтi 1902 жылы 24 айға түрмеге жапқызады. Сондай-ақ, Қараның кейбiр озбырлықтарын тiзбелеген”.
Жүргеновтер әулетiнiң өмiр жолдарын 45 жылдан берi зерттеп жүргендiктен, сол кезеңдегi құжаттардан Қара жайлы жазбаларының (байлығы, iс-әрекетi, қызметi) кейбiрiнiң шындыққа жанасатынын аңғардық. Қ.Жүргеновтiң жоғарыда үзiндi келтiрiлген арызында болыс болғаным жоқ деуi өтiрiк те, 2 жыл түрмеде болғаны шындық. Өйткенi 1901 жылдың 25-наурызында Қара Жүргенұлы пен Қөшпан Айтбаевтың үстiнен қылмыстық iс қозғалып, №362 бап бойынша сотқа тартылып, iсi қаралған. Бұл жөнiнде “Туркестанская ведомость” газетiнде хабарлама да басылған.
Қараның мәлiмдеме арызында үш отбасының бiрге екенiн жазса, баласы Ысқақ пен немересi Миназар Ноғайұлы: “...1923 жылдан Қарадан еншiлерiнiң бөлек екенiн, жеке малдарына салық төлеген түбiршiктерiнiң (квитанция) барлығын, Ысқақта 24 жылқы, 13 түйе, 9 сиыр, 50 қой-ешкiнiң, Миназарда 14 жылқы, 11 түйе, 6 сиыр, 30-майда малының Қара Жүргеновтың малдарына қосылып есептелгенiн айтып арызданған”. Олардың арызын Қызылорда округтiк нотариус Құрымшин бекiтiп, қолын қойған.
Жергiлiктi ұйымдар мен тәркiлеу комиссиясынан басқа Қазақ үкiметiнiң басшысына арызданған. Е.Ерназаров 1928 жылдың 30-қарашасында Ысқақ Қараұлы мен Ноғаев Миназарды тәркiлеуден босатуды тапсырған. Бұл кезде Миназардың қарауында шешесi Сұлу, қарындасы Сымбат болса, Ысқақта екi жан ғана екен. Мұрағат деректерi осылай дейдi.
Мұрағат құжаттарын қарап отырсаңыз әке мен баланы, iнi мен аға арасын шатастырған, бiр-бiрiне қарсы қойған деректер де бой көрсетiп қалады. Сондай деректiң бiрi Қараұлы Ысқақтың Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң екiншi хатшысы Iзмұқан Құрамысовқа жазған хатында:
“Iзмұқан ағай!
Ғапу ете көрiңiз, аз ғана менiң арызым бар. “Мақтаған кiсiдей, шаққан өлтiрет” деп нақақтан сорлап отырмын. Өзiм екi бастан өткен заманда жас болдым, кеңес өкiмет басында ауыздығын аузынан сүйiп аққан жасының бiрi емеспiн бе? Бiр алжығанның қылмысына айырбасып, нақақтан түсiп, жас басым көктей солып, қыршыннан қиылып, құқығынан айыратындай жаңа өкiметке не жазығым бар. Әдiлеттiлiк келедi ғой деп едiм, олай болмады. Аяғында, осындай болдым.
Ендi Iзмұқан аға, ұрсаңыз да сiзден басқа жылайтын адам таба алмадым. Өз қолыңыздан өлтiрiңiз. Жаңа заңға қарсылығым емес. Бiреу үшiн күйiп барамын. Баяғыда екi-үш күн болса да етiгiңiздi тартып, төсегiңiздi салған, қосшылық ақымды екi дүниеде сұраймын?”, – дейдi.
Әкесi мен баласын қарсы қойған кеңестiк саясаттың нәтижесiнде баласы бар кiнәны әкесiне аударып, оны “алжыған” , “бiреу үшiн” деген сөздердi ерiксiз айттырып, жаздырып отыр.
1928-1929 жылдар аралығында жүргiзiлген тәркiлеудiң көрiнiсi осындай болса, 1930 жылғы шаруалардың кеңес өкiметiне қарсы қарулы көтерiлiсi осы тәркiлеуден, колхоздастыру кезеңiнде басталған. Қара Жүргенұлының ең үлкен ұлы Ноғай тәркiлеуге жетпей қайтыс болған, одан кейiнгi үлкендерi Қосжан, Досжан Қарақұмға қашып барып, сарбаздар жасақтап, бүгiнде “Қарақұм көтерiлiсi” деген атпен белгiлi көтерiлiс басшыларының бiрi болған.
Алайда, кеңес өкiметi басшыларының тарапынан кеңшiлiк болады деген сөзге сенiп, ақыры түрмеге қамалды. Қараев Қосжан, Досжан екеуi ОГПУ алқасының 1932 жылдың 19-қаңтардағы қаулысымен атылған. Ал Қара Жүргенұлының өзi 1929-1932 жылдары Қарқаралы округiне жер аударылып, ақыры 1933 жылы Жалағаштағы №16 ауылға келiп ашаршылықтан әупiрiм деп аман қалады. Кейiн тыныш өмiр сүрiп жатқан Жүргеновтер әулетi басына тағы да зобалаң түседi. Ең алдымен Қазақстан Халық ағарту комиссары қызметiндегi Темiрбек Жүргенов 1937 жылдың 2-тамызында КСРО прокуроры Вышинскийдiң санкциясымен ұсталып, қамауға алынып, РСФСР қылмыстық кодексiнiң 58-1а, 58-6, 58-7,58-8 және 58-9 баптары бойынша айыпталған.
1937 жылдың 6-қыркүйегiнде тергеушiлерге берген жауабында Т.Жүргенов: “...Мен өзiмдi кiнәлiмiн деп есептемеймiн. Себебi ешқандай контрреволюциялық ұйымға мүше болғаным жоқ және ондай ұйымның бар-жоғы маған мүлде белгiсiз” деген. Т.Жүргенов кейiнгi жауаптарында тағылған айыптардың бiразын мойындаған. Шын мәнiнде оны зорлап мойындатқан. Сондай-ақ тергеушiлердiң iсiне республикалық басылымдардың жала жапқан мақалалары да көмектескен тәрiздi.
КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының көшпелi мәжiлiсiнде Темiрбек Жүргеновтiң қылмыстық iсi қаралып, ату жазасына кесiлген 19 комиссардың бiрi болды. Үкiм 1938 жылдың 25-ақпанында қазiргi Жаңалық ауылында орындалыпты.
Алматыдағы Темiрбектiң ұсталуын күтiп отырғандай Қармақшы аудандық НКВД бөлiмшесiн басқарған сержант С.А.Пяткин Оңтүстiк Қазақстан облыстық НКВД басқармасына қатынас жолдап, Қара Жүргеновтi 1 категориямен тұтқындауға рұқсат сұраған.
Басшыларынан келiсiм алған Пяткин Қ.Жүргеновтi 17-тамызда қамап, 15-қыркүйегiндегi Оңтүстiк Қазақстан НКВД басқармасының “үштiгiнiң” шешiмiмен атуға бұйрық шығарылып, ол үкiм 1938 жылдың 25-қыркүйегiнде Қызылорда қаласы маңында орындалған.
“Халық жауының” әйелi атанған Дәмеш Ермекова бас бостандығынан айырылып, “Алжирде” болады. 1946 жылы ғана Алматыға келуге рұқсат етiлген. Ал Темiрбек Қараұлы Жүргеновтың өзi 1957 жылдың 18 -көкегiндегi КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының шешiмiмен толық ақталды. Алайда Д.Ермекова, М.Байдiлдаев т.б. азаматтардың iзденiстерi нәтижесiнде алғаш рет Т.Жүргеновтың 70 жылдығы 1968 жылы аталды. Мiне, содан берi 80,90,100,110 жылдық мерейлi жылдары аталып өтуде. Көптеген мектептер мен мәдени орындарға, көшелерге Т.Жүргенов есiмi берiлдi. Алматыдағы өнер академиясы Т.Жүргенов есiмiмен аталады.
Жүргеновтер әулетiнiң басынан кешкендерiн осымен тоқтатуға болар едi. Алайда Жүргенов ұрпақтарының бiрi “Құдайға шүкiр, бiз бармыз” деген Қосжанов Қиназар (1927-2000) ағайдың жазған мақаласы қамшылап отыр.
1937 жылы айы, күнi көрсетiлмеген қамаудағы Қ.Жүргенов туралы анкетада оның 1858 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Қызылорда ауданында Қаракөл деген жерде туып, Қармақшы ауданының №16 ауылында тұрғаны жазылып, отбасы мүшелерi түзiлген. Әйелi Кәнпит Демесiнова 49 жаста, ұлдары: Қосжан Қараев 44, Досжан Қараев 43, Темiрбек Жүргенов 40, Ысқақ Қараев 30, Кәпназар 29, Миназар Ноғаев 17, Қараев Айназар 12, Зағипа Қараева 5 жаста деп көрсетiлiп, айыптау құжатының №937 iс екенiн де анық жазған. Мiне осындағы тiзiмде Ташкентте оқуда жүрген Биназар (Битай) Қуаңовтың есiмi жоқ, ол 1920 жылы туылған.
Қара Жүргеновтi ұстап, үйiне тiнту жүргiзгенде (1937 жылдың 17-тамызында) мынандай заттары тiзiмге алынған:
1. 6250 сом ақшасы (1919 жылғы үлгiдегi);
2. 160 сом ақша (бұл ақшасы қайтарылып берiлген);
3. Қойын дәптерi (қазақтың руы жазылған);
4. Ақшаны айырбастау туралы “Нарком Финге” жазған арызы;
5. Пенсияға шығуы туралы өтiнiш қағазы көрсетiлген.
Қара Жүргенов КСРО Жоғарғы Кеңесi президиумының 1989 жылғы 16-қаңтардағы “30-40 жылдары 50 жылдың бас кезiнде орын алған жаппай куғын-сүргiннiң құрбандарының праволарын қалпына келтiру туралы” жарлығына сәйкес 1990 жылы 28 қарашада Жүргенов Қара ақталған. Осылайша әкелi-бала ақталды. Ақталса да олардың үрiм-бұтақтарының жүрегiнде орны толмас қайғы, ауыр жылдардың өксiгi мен ащы запыраны қалды. Бұл ойларды Қараның кенжесi – Зағипа Смағұлова мен немересi Қиназар Қосжановпен сөйлескенде анық аңғаратын едiм.
Жүргенов Қарадан тiкелей тараған ұрпақтары: Қосжан, Досжан, Темiрбек, Ысқақ, Алматыдағы “Тау-кен” институтының студентi Кәпназар, Айназар ОГПУ-НКВД құрығына түсiп, атылып кетсе, кiшi баласы Биназар, немересi Миназар, Жұманазар соғысқа қатысып, майданнан Биназар (Битай) ғана аман оралды. Бiр Қараның ұрпағынан (өзiн қоса есептегенде) 7 адам атылса, Қарамен бiрге туған Жұдырықтың баласы Нұржан (1893-1973) Владивостокқа 10 жылға жер аударылып, көп азап тартып елге келдi. Жүргенмен бiрге туған Тұрған ұрпақтары Қарақұлдың (1848- жылы туған) алымды туған баласы Пiрназар Қарақұлов (1902 жылы туылған қазiргi “Жаңаталап” колхозының алғашқы басқарма төрағасы болған тұсында Қараның баласы Ысқақпен бiрге 1937 жылғы 29 желтоқсан НКВД “үштiгiнiң” үкiмiмен ұсталып, 1938 жылдың 27 қаңтарында сотсыз атылған. Сондай-ақ Қара Жүргеновтiң немере iнiлерi Жарасбай, оның ұлдары Смахан мен Ысқақ та Қарақұм көтерiлiсiнде опат болады.
Жүргеновтердiң кейiнгi ұрпақтары да қабiлет-қарымы мол, сауатты бола тұра кеңестiк кезеңде зорлықтан құтыла алмады.
Т.Жүргенов жайлы жазылған бiр мақаланың соңында:
“...Социалистiк қоғамның – қатыгез жүйенiң қорлығы мен мазағына ұшыраған бiр шаңырақтың тұқым-теберiгi осылай түгел құрып, бiржола жоқ болды” деп жазған-ды. Осыны оқыған Жүргеновтер әулетiнiң бiрi, ұстаз Қиназар Қосжанов “Жұлдыз” жорналы мен “Егемен Қазақстан” газеттерiнде “Құдайға шүкiр, бiз бармыз” деп өзiнiң көкейiнде жүрген ойларын ортаға салған-ды. Бiз де 31 мамыр – саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi қарсаңында бiр әулеттен қаншама кiсiлердiң кеңестiң кесiр саясаты нәтижесiнде құрбан болғандығын нақты құжаттардағы деректермен сөз етуге ұмтылдық.


Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi
«Түркістан» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377