Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақтың тілі 7316 0 пікір 1 Қыркүйек, 2014 сағат 01:01

ТІЛДІ БҰЗУ - ҰЛТТЫ ӨЛТІРУГЕ ҮЛЕС ҚОСУ (жалғасы)

                                                       

VІІ

Қазақтың ең қастерлі құндылығы сөз болған. Бар жиған-терген ілімін, тұрмыс даналығын, сезімі мен сенімін бабаларымыз сөзбен жеткізді, сөз өнеріне сыйғызды, сөзге сеніп тапсырды. Қазақтың сөздік қорындағы көптеген ұғымдар, теңеулер дүние жүзіндегі ешбір халықта кездеспейді. Сөздің қадіріне жетпей, орынсыз қолдану көбіне білімсіздіктен туындайды. Қазақ ақпарат кеңістігі сөз өнеріне баулитын құралдардан кенде емес. Мәселе соны игеруге деген құлшыныстың, сөз алдындағы жауапкершіліктің болмауында.

Бір ғана көркем әдебиетті алайық. Қазақтың баға жетпес сөз құнары сонда жинақталған. Соңғы он-он бес жылда көркем әдебиеттің насихатталуы қалай төмендеді, солай қоғамда жауапсыз, орашолақ сөйлеу үрдісі белең алды. Жиырма бес-отыздардағы замандастарымыз «біздің ұрпақ» деген тіркесті ойланбай қолданатын дәрежеге жетті. «Ұрпақ» деген ұғымды қазақ өзінен өрбігендерге, негізінен немере, шөберелеріне қатысты қолданады. Отыздағы жастың арғы ұрпағы тұрмақ, бел баласы бес-он жасқа жаңа ілікті ғой. Ол әлі өз сөзін айтатын дәрежеге жеткен жоқ. Сонда отыздағы жас қай ұрпағы туралы әңгіме айтып отыр? «Біздің ұрпақ» емес, «біздің буын» болуы керек еді дұрысы. Бір ғана «буын» деген сөздің орнымен қолданылмауы қазақтың сөздік қорын осыншама жұтатып, түсініксіз етіп отыр. Осы сөздің қолданысына ең ақыры басалқалы сөз айтатын аға буын әріптестеріміз де мән беріп жүрген жоқ.

Мен соңғы кездері қазақша жазатын кейбір жас ақын-жазушыларға да «қазақ тілін үйреніңіз» деп айтуға мәжбүр болып жүрмін. «Жасандылық» пен «жасампаздықтың» ара-жігін ажырата алмай-ақ көркем шығарма жазып жүргендерді көзіміз көріп отыр. Тауға қолданатын теңеуді тасқа қолданып, жер мен судың сипатын қарадай шатастырып жүргендер де аз емес. Бұқаралық ақпарат құралдары тілбұзарлардан аяқ алып жүргісіз болып барады. Олардың кейіпкерлері қашан көрсең «пікірлерімен алмасады» да жүреді. Тілі сау қазақ «пікірлерімен алмаспайды», «пікір алмасады». «Басынан бал-бұл ұшты» деп бір журналисіміз сайрап тұр. Қазақта «бастан бақ таюы», «дәурен көшуі» мүмкін, бірақ не ұшса да «көзінен ұшады» және «бал-бұл» емес, «бұл-бұл ұшады». Әлгі журналист «көзінен бұл-бұл ұшты» мен «жүзі бал-бұл жанды» деген тұрақты тіркестерді қосып-шатып, қалаған жерінен ұшырып, қалаған жеріне қондырып отыр.

Қоғамымыздың сөз ұстарлары – көркем әдебиет пен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жағдайы мұндай болғанда, тілдің ертеңі кімдердің қолында болғаны? Тіл өлсе, ұлттың өлетінін бәріміз де білеміз. Ендеше, тілді бұзу арқылы ұлтты өлтіруге күн санап, бір тамшыдан үлес қосып жүргенімізді неге ұғынбаймыз? «Тіземнен сүріндірсең сүріндір, тілімнен сүріндірме» деген қазақ едік. Сөз қадірі кетсе, қазақта қандай құндылық қалмақ? «Ойланбай тұрып, ойлан» деген нақыл бар Шығыста. Біз тым болмаса, сөйлемей тұрып ойлануды үйренсек, аз олжа болмас еді.

Сөз киесінен қорқу – қазақтың қанына біткен бір қасиет. Сол қасиетті санамызда сақтап қала алмасақ, ұлт болып ұйысып тұрмағымыз да екіталай. Сөз қадірін жоғалтқан ұлт өз қадірін жоғалтады. Біздің үлкен-кіші замандастарымыз өзін сыйлағысы келсе, сөзін сыйласын, сөзге жауапкершілікпен қарасын, сөз үйренсін, сөз ұғынсын. Өкінішке орай, біздің қоғамда тілбұзарларға арналған заң жоқ. Сөз алдындағы жауапкершіліктің бәрі арға жүктелген. Ендеше, арымызға абай болғанымыз жөн.

...Көркем әдебиеттің міндеті неде? Уақыт озған сайын жиі жаңғыратын осы сауалдың қаламгер мен оқырманға бірдей өзекті екені анық. Сөз – құдіреттің елшісі. «Құдайым көңіліме ақыл салды» деген сөз қазақ қисса-дастандарында жиі айтылады. Алла тағала көңілге – ақыл, жүрекке сезім салып, бойға талант бітірген соң, аманат-дарын да адам үшін өтелмеген парыз болып тұрады.

Шектелушілік болған жерде даму болмайды. Базбір қаламгерлердің өз туындысын ғана үздік санайтын рухани агрессиясы сол шектелушіліктен туындайды. Көркем сөздің мақсаты – рухани агрессияны ояту емес, керісінше одан құтқарып, рухани тепе-теңдікке келтіру. Әлімсақтан ақырзаманға дейін көркем сөздің міндеті жалғыз болып қала бермек: ол – рухты, рухани құндылықтарды сақтау, көнергенін жаңғырту, жұртшылықтың жүрегіне жеткізу. Қандай әдіс-тәсілдерді қолданады, қандай жолдармен адам жадына әсер етеді – ол басқа мәселе. Көркем сөздің құдіреті арқылы адамның ішкі психологиялық иірімдерін ашу, түйсікке, түпсанаға қозғау салып, жан сарайын тазарту (катарсис) дегеннің барлығы да сол әдебиеттегі әдіс-амалдардың нәтижесі болып табылады. Түпкі нәтиже – пенде-ғұмырдан биік тұратын рухтың аңсар-мұратына ұластыру. Әдебиет адамзаттың рухын құтқаратын бірден-бір құрал деуден аулақпыз, бірақ ол – ең пәрменді құралдардың бірі.

Қаламгерден қашанда жоғары деңгейдегі сауаттылықтың талап етілуі заңды. Ал «Оқырман талғамы нашар» деген ұғым түбірімен қате. Жазушы оқырманға түсініксіз болып қалудан қорқып, өзгенің деңгейіне түсуі қажет емес, керісінше, өз биігінде жазып-жырлап, оқырманды сол биіктікке тартуға, тәрбиелеуге тиіс. Парасатты оқырман солай қалыптасады. Жазылып жатқан дүниелердің асылы мен жасығын ажыратпай жариялай беретін кебір талғамсыз баспалардың тірлігі – мәселенің екінші жағы. Басылған дүниелерді қабылдау-қабылдамау жеке тұлғаның – оқырманның еркінде. Таңдау еркі мен пайымдау қабілеті ешбір дәуірде қазіргідей ауыр сын таразысына түсіп көрген емес...

Көркем әдебиеттің насихатталуы күшейсе, талғампаз оқырман қатары көбейері де анық. Оқырманды көркем әдебиетке тарту тұтастай халықтық іс-шараға айналса да артықтық етпейді. Бұл бағыттағы жұмыстар апталық, айлық шара деңгейінде емес, жылдық бағдарлама ретінде жүргізілгені жөн. Мемлекет деңгейінде «Көркем әдебиет жылы» жарияланса, көптеген іс-шараларға ұйытқы болып, талай идеяларды туындатып, ойға ой қосылар еді. Халықтық ой-сананы іске қосудың тиімді жолдарының бірі осындай жалпыхалықтық ауқымдағы іс-шаралар жүргізу екені анық. Мұндай жауапты да шешімтал қадамдар қаламгерлер қауымын да серпілтіп, туындыларын кемелдендіруге, құндылықтарын қайта безбендеуге құлшынтары сөзсіз. Мұның барлығы оқырман мен қаламгердің өзара байланысының жандануына, бір-біріне деген  құрметінің артуына, қаламгердің оқырман сынынан мезгілінде хабардар болып отыруына, оқырманның қаламгер ұстанымдарын лайықты бағалауына ықпал етіп, нәтижесінде ортақ қазынамыз – шығармашылық әлемінің жаңа биіктікке көтерілуіне жол ашар еді. Талант шеберлігінің табиғи таразысы қалыптасса, көркем әдебиет те өзінің лайықты тұғырына орнығары анық.

Алдыңғы буын ағалар қалыптастырған «Әдебиет – ардың ісі» деген киелі ұғым ескірмеуге тиіс. Әдебиет – өнер. Адамтану, ақиқаттану өнері. «Ақиқаттанудың табалдырығынан айтарың болса ғана атта, әйтпесе ардың ісін былғама!» деген ұстанымға жаңа буын қаламгерлерінің де ұйығаны абзал.

Соңы.

Айнұр Әбдірәсілқызы,

ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі

филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322