Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 9294 0 пікір 29 Тамыз, 2014 сағат 12:42

«... НЕСІНЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕП ЖАНЫМДЫ ҚИНАЙМЫН» (жалғасы)

Сөйлеу мәдениетінің төмендеуінен қазір бізде қазақ сөзінің ырғағы өзгеруде. Баршамыз білетіндей, қазақ тілі буындық (силлабикалық) жүйеде дамыған тіл, сондықтан қазақ сөзінде әлсіз ғана екпін бар, ол тек соңғы буынға түседі. Ал орыс тілі екпінді (тоникалық) жүйеде дамыған, сондықтан бұл тілде екпін ауыспалы болып келеді, сөзге мағына дарытуда шешуші роль атқарады. Қазір қазақтың бірқатар жастары сөйлегенде орыс тілінің әсерімен қалаған буынына екпін түсіріп сөйлейтін болды. Нәтижесінде қазақ сөзі қазақша дыбысталмайды, қазақша естілмейді. «Тарих» сөзін «тарих» деп бастапқы буынға екпін түсіру әдетке айналып барады. Соның салдарынан «тарихтан», «тарихтың» деп септеудің орнына «тарихтен», «тарихтің» деп жуан буынға жіңішке жалғау қосуды да қалыпты жағдай санап жүрміз.

Кезінде ортағасырлардағы араб тілінің, араб поэзиясындағы аруздық өлең өлшемінің әсерінен түріктердің тіл ырғағы да үлкен өзгеріске түсті. Байырғы түрік тілінде де екпін соңғы буынға түсетін болса, аруздың әсері сол екпіннің әртүрлі буынға ауысып түсуіне әсер етті, соның салдарынан түрік тілінде бір сөзге екі екпін қойылатын жағдайға жетті. Мысалы, «яғни» деген сөзге қазақшада сөз соңында бір ғана екпін қойылса, түріктер бұл сөздің екі буынына да екпін түсіріп айтады. Екпіннің өзгеруінің салдарынан арада бірнеше ғасыр өткенде түріктер өз сөзін өзі танымайтын жағдайға жетті. Сондықтан да ХХ ғасырдың басында Түркияда тілді тазалау реформасы жүргізілді. Біз әзірге мұндай тақсыреттің алдында тұрған жоқпыз, дегенмен теңіз тамшыдан құралады, үлкен қиындықтар да ұсақ-түйектерден бастау алатынын ескеруіміз қажет.

         Қара сөзден ырғақ жоғалса, өлеңмен жылап көрісетін жағдайға жетеміз. Екпіннің дұрыс қойылмауынан туындаған тағы бір назар аударарлық келеңсіз жайт – бізде жас буынның өлең оқу мәнері өзгеріп барады. Жақында ғана мен орта мектепте өткізілген бір байқауға куә болып, балалардың өлең оқу мәнерін естігенімде не жыларымды, не күлерімді білмедім. Қалаған буынына екпін түсіріп, жасанды сазбен, жалған мәнермен оқу әбден белең алыпты. Өлеңді сезініп оқу деген ұмыт қалып бара жатқан сияқты. Мысалы, байқауда Мұхтар Шахановтың белгілі өлең жолдары оқылды, дұрыс мәнермен оқылғанда ол былай болып шығуы тиіс еді (екпін түсірілетін буындар қою әріппен беріледі):

         «Қайран ақын, наркескен ой, ұшқыр қиял, батыл арман,

Исатайдан айрылғанда жер бауырлап жатып алған.

Бұдан асқан қаралы түн туған емес басына оның,

Досы барда алшысынан түсуші еді асығы оның».

Осы өлең жолдарын байқауға қатысушылардың бірі салтанатты екпінмен, жалған мәнермен оқығанда шамамен мынадай болып шықты (екпін түсірілген буындар қою әріппен беріледі):

«Қайран ақын, наркескен ой, ұшқыр қиял, батыл арман,

Исатайдан айрылғанда жер бауырлап жатып алған.

Бұдан асқан қаралы түн туған емес басына оның,

Досы барда алшысынан түсуші еді асығы оның».

Қысқасы өлеңнің мән-мазмұнынан ештеңе қалмады. Салтанатты екпінмен оқылатындай бұл өлеңнің мазмұнында қуанышты ештеңенің жоқтығын, адам өлімі туралы әңгіме болып отырғанын, өлеңді сезініп оқу керектігін, екпін мен ырғақ ауысса сөздің мәні жоғалатынын өлеңді оқушылар да, оны баптаған оқытушылар да ескермеген тәрізді. Балаң оқушылар өз бастарынан өткізіп көрмеген эмоциялық ахуалдарды бере білмеуі мүмкін, бірақ мұны ұстаздары білуге, үйретуге тиіс еді. Өкінішке орай, оқушылар тұрмақ, кейде танымал театр артистерінің де өлеңді сезіне алмайтынына куә болып жүрміз. Жақында дыбыстық таспадан сондай бір кәсіби актрисаның өлең оқығанын тыңдадым. Өлеңнің қазақы үнмен, қазақы мәнермен жатық та әдемі оқылғандығында талас жоқ, бірақ актрисаның өлеңді түсінбегені және мүлде сезінбейтіні дауыс ырғағынан бірден байқалды.

         Мән бермеген нәрсенің бәрі жоғалады. Қазақ сөзге бай, бірақ байлықтың мәні шаша беруде емес. Тілге деген бұл салғырттығымызды қоймасақ, атамыз қазақтың «ақыр байдың түбі аштан өлер» деген мақалының кері келері анық.

         Тілді сақтаудың басты жолы – оны қолдану. Сөйлеу мәдениеті сөйлей жүріп сақталады, сөйлей жүріп дамиды. Өзге тілдерге деген ықыласымыздың бір бөлігін болса да өз тілімізге аударсақ, қазақ тілінің тамырына қан жүгірер еді.

         Бір ғана мысал. Қазір банктерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтін қазақ жастарының көбі екі тілде сөйлей біледі. Бірақ қазақ тілді тұтынушы болмағандықтан, олардың қазақша сөйлеу тілі мүлде жетілмеуде. Қазақша сөйлей бастасаң, обалы не керек, көпшілігі қолынан келгенше қазақша сөйлеуге тырысады. Бірақ олардың сөзін қиыстыра алмай қиналғанын көрген тұтынушылардың өздері жұмысты жылдамдату үшін керісінше орысша сөйлеп кетеді. Мұндайда қызметкерлердің ойында «онсыз да орысша түсінеді ғой, несіне қазақша сөйлеп жанымды қинаймын» деген ой қалары сөзсіз. Сол қызметкермен қазақша сөйлесу арқылы сіз оның ұмыта бастаған қазақшасын есіне түсіресіз, сөйлеу тілін дамытасыз, қазақ тілінің қажет екендігіне деген сенімін нығайтасыз, тілге деген құштарлығын оятасыз, қазақша білетініне мақтаныш сезімін тудырасыз. Бұл өз кезегінде өз ұлтын мақтан тұту, құрметтеу сезімдерін оятады. Мен тіпті банкоматтарды пайдаланғанда да қазақ тілін таңдаймын, себебі тұтынушылар тарапынан қазақ тілі мүлде қолданылмаса, осы желеумен ол қызмет аясынан шығарылып тасталуы мүмкін. Біздің әрбір қадамымыз тілді өлтіруге емес, тірілтуге бағытталған саналы қадам болуға тиіс. 

         Мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін қолдануда біз шарттылыққа көп бой алдырудамыз. Барлық құжаттар алдымен орыс тілінде жасалады, содан кейін қазақшаға аударылады. Бұл бір айнымастай заңдылық болып кеткен. Сондықтан да қазақ тілді мамандардың қадірі жоқ, олар қашанда екінші кезектегі, екінші сұрыптағы кадрлар саналады. Олардың идеялары пайдаланылғанда орыс тіліне аударылып пайдаланылады, ал аударма барысында идея өзінің қан-сөлінен айырылып, жартылай жансызданып қалады. Себебі көптеген ұлттық тірек ұғымдар мен құндылықтардың өзге тілде дәл баламасы жоқ. Идея бірінші кезекте өзі туындаған тілде таралуы тиіс, себебі сол тілде ғана ол өзінің бар логикалық болмысымен, барлық эмоциялық қырымен танылып, дами алады. Аударма да ақпараттану үшін қажетті үрдіс, бірақ кез келген ақпаратпен алдымен түпнұсқада танысқан әлдеқайда тиімді. Тілдің қашанда идеологиялық құрал болып келгенін де жадымыздан шығармауға тиіспіз. Ол өзі қызмет еткен идеологияны насихаттайтын ақпараттармен байытылумен болады.

Жақында біз қазақ даласындағы діни білімнің дамуы туралы зерттеу жасаттық. Тапсырысты орындаған маман орыс тілді болатын, соның салдарынан біздің белгілеген жоспарларымыз бен берген нұсқауларымызға қарамастан, жасалған дүние қазақ ұлтына қарсы бағытталған көзқарастардан ғана тұратын кереғар дүние болып шыға келді. Себебі қазақ даласындағы діни білімге қатысты орыс тіліндегі материалдардың басым бөлігі сол баяғы отаршылдық көзқараспен қазақты қара танымаған сауатсыз, дін ұстап жарытпаған дүмше ретінде көрсетуге бағытталған сарынмен жазылған дүниелер болып отыр. Орыс тілді мамандардың көпшілігі қазақ тіліндегі мәтінмен жұмыс істей білмейді, соның салдарынан олар тек біржақты ақпаратпен ғана сусындайды. Ал қазақ тілді мамандардың артықшылығы олардың барлығы да орыс тіліндегі материалды еркін пайдаланады, сіңіреді, қорыта алады.

Идеологиялық дүниелер тіл табиғатымен тікелей байланысты. Сондықтан қазақ тарихы да қазақ тілінде жазылып барып, басқа тілдерге аударылуы тиіс...

         Біздің мекеменің қызмет барысында мынадай бір жайт басымыздан өтті. Өзіміздің қызмет бағытымызға қатысты Үкімет қаулысының жобасын қазақша дайындап, содан кейін оны талапқа сәйкес орыс тіліне аударып, тиісті талқылау органдарына ұсынған болатынбыз. Талқылау барысында әрбір сөздің заңдық түсініктемесіне келгенде мамандар үнемі орыс тіліндегі нұсқаны негізге алып, қазақшасын соған сәйкестендірумен болды. Біз қаулының қазақ тілінде дайындалып, орысшаға аударылғанын, түпнұсқа мәтін қазақша болып табылатынын айтқанымызда, мамандар таң қалды. «Таң қалды» деген тым сыпайы айтылған теңеу, дұрысы, айран-асыр болды. Сөйтсек, бұл мекеменің тарихындағы мың-мыңдаған нормативтік құқықтық актілердің арасында тұңғыш рет қазақ тілінде жасалып, орысшаға аударылғаны біздің құжатымыз екен.

Қазақ тілінде құжаттама жүргізу, заң шығаруға келгенде мамандар көбіне біздің тіліміздің кәсіби оралымдарды дәл беруге келе бермейтінін, яғни сындыруға көнбейтінін айтып ақталуға тырысады. Бірақ тілдің қасаң да, иілгіш те болмауы оның кемдігінен емес, байлығынан, бекзаттығынан, беріктігінен деп білген жөн. Тілде мінез де, рух та бар. Ол сындыруға көнбегенімен, байытуға көнеді. Біз де сөзжасам әдістемесін жетілдіру арқылы қазақ тілінің кәсіби тіл ретіндегі мүмкіндіктерін ашуға тиіспіз.

Қазақ тілінің алтын дәуірі бәлкім, баяғы жорық жырауларының жасампаз кезеңінде басталған болар, бәлкім кешегі кеңестік кезеңде сөз өнерінің небір жауһар туындыларын дүниеге әкелген ақын-жазушыларымыздың еңбегімен кемелденген болар, бүгінгі алмас қылыштай жарқылдаған жаңа туындылармен толығып жатқан болар, қалай дегенде де тілдің алтын дәуірін ғұмырлы ету өз қолымызда.

Бар рухани байлығымызды, бар қасиетті құндылықтарымызды, бар аңызымыз мен ақиқатымызды, бар тарихымыз бен танымымызды, бар ізгі сезімдерімізді сеніп тапсырған тіліміз сол аманатты абыроймен арқалап келеді. Сол қара нардай қасиеті үшін біз де ана тілінің қадіріне жетуге тиіспіз. Тарихымызды жасаған, тарихымызбен бірге жасасқан тіліміздің бізден талап етері біреу ғана – ол қазақ тілінде сөйлеу.

(жалғасы бар)

Айнұр Әбдірәсілқызы,

ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі

филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965