ДӘСТҮРЛІ ДІНІМІЗДІҢ НЕГІЗІ – ИШАНДЫҚ МЕКТЕП
Дәстүр мен дін біздің бөліп қарастыруға болмайтын ұлттық болмысымыз. Сондықтан дәстүрімізбен үндеспейтін жат діни ағымдар біздің жаратылыстық болмысымызды өзгеріске түсіреді. Ал ұлттың өзіне тән ерекшелігін қай тұрғыда болсын жоққа шығаруға тырысқан сол ұлттың өкілі, оның тіліне, діліне, дініне көңілі толмаса, не сол ерекшеліктердің өз бойында болғандығын намыс көрсе және содан арылуға тырысса – иманнан ажырайды. Себебі ұлттық болмысты өзгертуге әсер ету, не соған талпыну – бізді ұлтқа, ұлысқа бөлген Алла қалауына қайшы келеді. Рас, көп елдерде дін ұлттық болмысқа әсер етуден қалып барады. Себебі дінді ұлттық болмыстан тыс оқшаулау – саналы түрде жүзеге асырылып келеді. Жеке адамдардың емес, мемлекеттің дінге деген оқшау көзқарасы, яғни мемлекет құраушы ұлт ұстанған дінге оң қабақ танытпауы – ұлттық болмысты өзгеріске түсіреді. Бір сөзбен айтқанда діни ауытқушылық – ұлт жадына кері әсер етеді. Өкінішке қарай біздің дәстүрлі дінімізді өзгеріске түсіруге талпынып жүрген жасырын күштер бізде де аз емес. Сондықтан біздің дәстүріміз бен дінімізді біте қайнастырып жіберген ата-бабамыздың жолы – ишандық мектепті қайта жаңғыртқан жөн.
Егер біз ишанға анықтама бере алсақ, қазақтың ұлттық діни ұстанымы айқындала түседі. Тіпті біздің ұлттық мінезіміз де, ашық-шашық көрінетін қалпымыз да діни ұстанымымызға тікелей байланысты. Оның негізі – ишандық мектептен бастау алады. Сонымен ишан деп кімді айтамыз? Білген жөн, діндардың бәрі ишан бола алмайды. Бүгінгі діни түсінік тұрғысында сараласақ, ишандық өткен тарих еншісінде қалғандай әсер қалдырады. Себебі, ишандыққа дайындайтын жоғары оқу орны жоқ. Ондай оқу орны бұрын да болмаған. Жалпы ишандық оқу арқылы қалыптаспайды. Ол – беріледі. Ишандықтың тағы бір анықтамасы – пірлік. Пірге байлану біздің табиғатымызға тән. Пір және мүрид. Тарихты қаузамай-ақ көнекөз қариялардың сөзіне құлақ салсақ, ишансыз ауыл болмағанына көз жеткізесің. Олардың қай-қайсысы да «біздің піріміз Пәленше», «біз түгеншенің мүридіміз» деп жатады. Жалпы пірлік ауыл-аймақтан басталып, үш жүздің басын қосуға дейінгі деңгейге көтерілген. Оны пайғамбар әулетіне деген құрметтен де аңғаруға болады. Оған дәлел – сайын далада бой көтерген кесенелер.
Шынында да ишандық мектеп бізде әлі күнге дейін жабулы күйінде қалып келеді. Бұл тұрғыда тек белгілі ғалым Н.Нұртазинаның ғана еңбектерін айтуға болады.
Ишандық мектеп... Біз оны қалай қабылдап, қалай түсініп жүрміз? Шынтуайтына келгенде ишандық мектеп – біздің дәстүрлі дініміз. Өкінішке қарай біз әлі күнге дейін дәстүрлі дініміздің өзін толықтай түйсініп, сезіне қойған жоқпыз. Әзірге біз тек шариғат төңірегіндегі мәселелермен ғана шектеліп келеміз. Бір сүйсінерлігі, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өз ұстанымдарын ә дегеннен-ақ дәстүрлі дінімізге негіздей қалыптастырды. Бұл тұрғыда бұрынғы бас мүфтилер Рәтбек пен Әбсаттар қажылардың еңбектері зор болғандығын айта кеткен жөн. Рәтбек қажы өзіне тән адуынды мінезбен сыртқы күштердің дінімізге ықпал етуіне бой бермесе, Әбсаттар қажы Діни басқарманың мәдени деңгейін көтеріп, имамдар мектебін қалыптастырды. Бағымызға қарай қазіргі мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы да сол қалыптасқан ұстанымды әрі қарай өрбітіп келеді. Діни басқарманың «Дін мен дәстүр» атты көп томдық кітаптарды шығара бастауы соның айғағы. Алайда діни басқарманың дәстүрлі дініміздің ішкі иірімдеріне үңілетін кезі келді. Себебі ол – біздің ұлттық болмысымыз.
Дәстүрлі дініміздің ішкі иірімдері дегеніміз... Шынтуайтына келгенде ол біздің өмір салтымыз. Өкінішке қарай кейінгі кездері біз оны дін, дәстүр, мәдениет деп бөлшектеуге кірістік. Бір қарағанда жеті шелпек пісіруі мен ислам құндылықтары арасында ешқандай байланыс жоқ сияқты. Сол сияқты келіндердің сәлем салуы мен отқа май құюы да кейбір «жаңашыл» діндарларға ұнамасы анық. Ал әруақ ауызға алынған жерде тыпыршып отыра алмай кететін «діндарлар» тіпті күн санап белең алып барады. Соның бәрі кезінде ен даламызда салтанат құрған ишандық мектептің жабылып қалуына байланысты туындап жатқан келеңсіздіктер.
Біз бұл күнде өзіміздің дәстүрлі дініміздің мән-мағынасына дендеп бойлай алмайтын жағдайға келдік. Күн санап белең алып бара жатқан жат ағымдарға тосқауыл қойып, көпшілік қауымға дәстүрлі дініміздің өзіндік ерекшелігін ұғындыра алмай жатқандығымыз да сондықтан. Себебі біздің дәстүрлі дініміздің өзіндік ерекшелігін діндарларымыздың өзі жете ұғындыра алмайды. Оны ұғыну үшін дәстүрлі дініміздің ішкі иірімдерін қайта саралаған жөн. Өкінішке қарай ол «иірім» тұңғиығына шому көп діндардың маңдайына жазыла бермеген. Ал кезінде бүкіл қазақ сол бастаудан сусындаған еді. Нәтижесі – ұлан-байтақ даламыздағы қадам басқан сайын кездесетін әулие-әмбиелер кесенесі. Егер біз ишандық мектептен көз жазып қалмағанда кесенелерге көз сүзбей, әулиелерді әр ауылдан кездестірген болар едік. Бүгінгі медреселер, тіпті араб елдеріндегі мүйізі қарағайдай жоғарғы діни оқу орындары әулиелік түсінікті шәкірт бойына дарыта алмайды. Соған орай әулиеге деген сенім де тарих қойнауына кетті. Себебі әулие – ишандық мектептің жемісі. Сонда ишандық мектепте бүгінгі діни оқу орындары бере алмайтындай қандай тәлім, қандай жасырын сыр бар? Бұл сауал жауабын Имам Раббанидың «Мактубынан» (Хатынан) және Жалал-ад-дин Румидың «Мәснауиынан» (Егіз шумақтар) табуға болады. Рас бұл екі кітап өзге ел діндарларына да жат емес. Бірақ олар бұл қос кітапты көркем шығарма ретінде ғана қабылдайды. Бұл кітаптарды саралау үшін кімге де болсын адамзат баласының алдына ұдайы көлденең қойылып келген материя бірінші ме, жоқ әлде сана бірінші ме деген сауалға жауап беруіне тура келеді. Әрине қай діндардың да Аллаға сенетіндіктен сана бірінші деп бірден-ақ жауап қайтаратыны күмәнсіз. Алайда ол солай дегенімен әлгі кітаптарды бәрібір қабылдай алмайды. Себебі, материалистік түсінік өз таным шеңбері ауқымынан арғыны көре алмайды. Жер бетіндегі дінге қатысты келеңсіздіктердің күн санап өршіп бара жатқандығы соған байланысты. Дінге қатысты материалдық көзқарас – ислам құндылықтарын тәрк етті. Дін бар асылынан, гауһарынан айырылды. Алайда ол жоғалып кеткен жоқ. Біздің мақсатымыз – соны қайта жаңғырту.
Адамзат баласына қойылып келген мәңгілік сауалды діни тұрғыда сараласақ, ол – жан бірінші ме, жоқ әлде тән бірінші ме дегенге келеді. Жауап айқын – жан бірінші. Солай дегенмен біз жоғарыда тілге тиек еткен екі кітап бізге бәрібір құпиясын ашпайды. (Айтпақшы, ол кітаптар қатарына Яссауидің «Хикметін» де жатқызуға болады). Себебі ол кітаптар хал іліміне орай жазылған. Хал ілімі – біздің жан дүниеміз. Яғни біз жан дүниемізге қатысты жайтты түсіне алмадық. Демек біздің көзқарасымыз, жанды бірінші деуіміз – өтірік. Біз бәрін көрініп тұрған нәрсемен – тәнмен, материямен өлшейміз. Бір сөзбен айтқанда материалдық көзқарастан ажырай алмай келеміз. Өзіміздің материалист екенімізге көз жеткізу үшін мына бір жайтқа назар аударайық. Біз кәміл мұсылман адам деп кімді қабылдаймыз? Дұрыс. Діндар, исламның бес парызын орындайтын, ұдайы мешітке барып тұратын адам. Жарайды ол адам құран жаттаған қари, ойын-тойға бармайтын, күмәнді тамақ ішпейтін, мұсылман адамға үйлеспейтін өзге жат әдеттерден аулақ тақуа жан болсын. Бірақ солай бола тұра мұның бәрі материалдық өлшем. Біз ол адамды материалдық көзқарас арқылы таразылап, бағаладық. Ал жан – өлшемге сыймайды. Сондықтан біз оны материалдық көзқараспен түсіне алмаймыз. Ұғынықтылық үшін мына бір жайтқа назар аударайық. Құран Кәрімде айтылғанындай Алла адамды өзіне ұқсатып жаратқан. Бұл – хал ілімі. Осы ұғымды материалдық тұрғыда түсініп, талдасаң – кәпір боласың. Сол сияқты біз материалдық тұрғыда кәміл мұсылман деп баға берген діндар да сол материалдық ғибадатымен шектеліп хал ілімін қабылдай алмаса – мұнафық (екіжүзді) адамнан еш айырмашылығы болмайды.
Иә. Алла адамды өзіне ұқсатып жаратқан. Бұл жерде материалдық көрініс өлшем емес. Себебі Алла жаратылған нәрселерге ұқсамайды. Алла тек Өзіне ұқсайды. Демек адам... Иә. Өзі. Біз Өзі деп кескінді, суретті, форманы, тәнді айтып отырғанымыз жоқ. Тән – материя. Біздің күретамырымыз да материя. «Алла сендерге күретамырларыңнан да жақын» деген аят бар. Демек біз тән емеспіз, Алла да тәнде емес, жанда. Тән, яғни материя, мына 18 мың ғалам Алладан тысқары тұрады. Алладан тысқары тұрған нәрсе, ол мейлі ғибадат болсын, ешқашан қабыл болмайды.
«Өзіңді танысаң – Алланы танисың». Белгілі жайт. Біз Алланың жанымызда екенін білдік. Демек бізге материалдық көрініс бергізіп тұрған – жан. Жан, яғни Алла болмаса біз жоқ болып кетеміз. Жоқ болу – біздің түсінігіміздегі өлім. Өлім – материалистік түсінік. Ажалға қарсы тұру, қайғыру, қамығу, түңілу – шынтуайтына келгенде материалистік ұғым-түсінік шеңберінде қалып қойғанымызды әйгілейді. Біздің негізіміз – жан. Ал ол мәңгілік. Сол сияқты біз білетін, білмейтін 18 мың ғаламның да негізі бар. Сол негізге үңілмей 18 мың ғаламды қанша шарласаң да Алланы таппайсың. Негізді танысаң – Алланы танисың. Ол негіздің шынайы аты – әруақ.
Біз әруақты тек өлген адамдардың рухы деп қана түсінеміз. Ол түсініктің өзі жындар әлемімен астасып, тіпті басқа бағытқа бұрылып кетті. Болмаса әруақсыз Алланы тану әсте мүмкін емес. Егер біз әруақ туралы түсінігімізді қайта қалыптастыра алсақ, онда өзге бағыттағы діни ағымдарға да тосқауыл қойып, еліміздегі бүкіл мұсылман қауымын дәстүрлі дініміз төңірегінде топтастыра алған болар едік. Бәрінен бұрын көпшіліктің дінге деген көзқарасы өзгеріп, кім де болсын жан мен тән, сана мен материяның ара жігін ажырата алатын дейгейге көтеріліп, шынайы ғибадат мәнін ұғынар еді. Сонда ғана ислам дініне теліне айтылатын барлық келеңсіздіктердің дінге мүлде қатысы жоқтығын түйсініп, ата-бабаларымыз қалыптастырған ұлы даладағы ишандық мектептің соншалықты ұлықтығын, оның деңгейіне өзге елдердегі бір де бір оқу орнының шендесе алмайтындығына көз жеткізген болар едік. Бұл – өзімізді асыра дәріптеу емес, біз айтып жеткізе алмай жүрген шындық. Қайталап айтайық, бар гәп – жан мен тән, сана мен материяға қатысты қалыптасқан түсінікке байланысты. Біздің ата-бабаларымыз жан, яғни хал ілімін (хузири ілім) меңгерді де біз болсақ материалистік түсінік деңгейінде қалып қойдық. Қанша жерден ғұлама, қанша жерден діндар болсақ та. Өзімізді босқа күстәналағандай болмас үшін ишандық мектеп деңгейін шамалы саралай өтейік.
Құран Кәрімде әруақ туралы «Рух – Алланың әмірінен» деген аят бар. Өкінішке қарай, бұл аят мәнін ашатын «кілт» ишандық мектеппен бірге ғайып болды. Ал кейінгілер ол «кілтті» іздемек түгілі әруақтың өзін жоққа шығарып, таза материалистік бағытқа бұрылып кетті. Шынтуайтына келгенде сана бірінші ме, жоқ әлде материя бірінші ме деген мәңгілік сауалдың жауабы «Рух – Алланың әмірінен» деген аятта тұр.
Пайғамбарымыздың «Алла әуелі менің нұрымды жаратқан» деген хадисі бар. Жоғарыдағы аятта айтылған рух – осы нұр. Демек әмір осы нұрға беріледі. Бұдан нұрдың әмірді орындаушы екендігі мәлім болады. Орындаушының шынайы аты – құл.
Барлық діндарлар мойындайтын мынандай ақида (көзқарас) бар. Абсолютті бар нәрсе ол – Алла. Алла әуелі Аршыны жаратты. Аршыдан Күрси жаратылды. Алла – бар. Оны білеміз. Аршы деп отырғанымыз Пайғамбарымыздың хадисінде айтылғанындай ең әуелгі жаратылыс – нұр. Нұр – ол рух. Аятта айтылғанындай рух – Алланың әмірінен. Әмірге бағынған рух өмірге Күрсиді алып келді. Күрси – материалды әлем. Осы жүйеге сенген адамды біз мұсылман дейміз. Сөзіміз дәйекті болу үшін кәлима шаһадатты қайталап айтайық «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы, әрі елшісі». Осы кәлима шаһадатта біз жоғарыда айтқан үш тізбекті жүйе көрініс береді. Бірінші – Алла. Иә. Одан басқа тәңір жоқ. Екінші – құл. Бұл – әмірді орындаушы рухани әлем. Үшінші – елші. Елші (Күрси) – материалды көрініс.
Жалал-ад-дин Руми өзінің «Мәснәуиында» «Мына әлемнің үстінде тағы бір әлем бар. Қолыңды көрпенің астына тық. Біз оны Әбу Һурайраның қалтасы етеміз» дейді. Әбу Һурайраның қалтасы – Пайғамбарымыздың мұғжизасы. Оның іші бос болып көрінгенімен, қолыңды салып қалағаныңды ала бересің. Жалал-ад-дин Руми Пайғамбарымыздың осы мұғжиза-сүннетін біз де орындай аламыз дегенді айтады. Және де ол түгесілмес қазынаның мына материалды әлемнің сыртындағы әлемге тән екендігін «Мына әлемнің үстінде тағы бір әлем бар» деп ұғындырып тұр. Ол әлемді Имам Раббани өзінің 290-шы мактубында «Кенеттен мен көзге көрінбейтін жасырын әлемге еніп кеттім. Жоқтық әлемнің шеті түріліп еді, мен жападан жалғыз шексіз, ұшы-қиыры жоқ бір тұңғиық теңізге сүңгіп кете бардым. Осы теңіз кеңістігінде ғаламат үлкен ғаламшардың, галактикалардың жер бетіндегі шаңның тозаңындай тым көп екендігіне көз жеткіздім. Жаратылыстарды құрап тұрған барша әлемдердің, ғаламшарлардың, галактикалардың барлығы бір сурет қана екенін көрдім» дейді.
Біз бұл мәселелерді уақыты жеткен соң айтып отырмыз. Бағымызға орай ишандар мектебі жетістігін діндарлар емес, қазіргі ғылым дәлелдеп отыр. Квант физиктері мына әлемнің жай ғана иллюзия, оның негізі – антиматерия екендігін әлемге жария етті.
Квант физиктері жаңалығына қарсы тұрар қауқар таныта алмаған атеистер мен бүгінгі теріс бағыттағы діндарлар жұмған ауыздарын аша алмай: «Мен де аң-таң, апам да аң-таңның» күйін кешіп отыр. Әйтсе де олардың өз бағыттарынан бұрыла қоюы неғайбыл. Сондықтан бізге дәстүрлі дініміздің негізі – ишандық мектепті қайта жаңғырту қажет.
Құдияр БІЛӘЛ,
«Ақпарат саласының үздігі»
Abai.kz