Жұма, 22 Қараша 2024
Экономика 7170 0 пікір 26 Тамыз, 2014 сағат 10:42

"ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ" АШЫҚ ӨТЕДІ

«Жекешелендірудің екінші толқынында әрбір нысанның сатылуы ашық, жария жағдайда жүзеге асуы керек. Конкурстың қалай өткенін, кімнің қандай нысанды иеленгенін, кімнің нені жасаймын деп уәде еткенінен халық хабардар болуы тиіс. Біріншіден, бұл мемлекеттің бизнестің жұмыс істеуіне жағдай жасауы. Екіншіден, сатылған нысандардың бәрі нарықтық ортаға өтеді, соның нәтижесінде іскер адамдардың саны көбейіп, экономика жеңілдеп, бюджетке қаражат құйылады»,- деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 6 тамызда Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Елбасының тапсырмасына орай, отандық кәсіпкерлер Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстелде Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдеріне жекешелендіруді жүзеге асыру барысындағы өз ұсыныстары мен ескертулерін ашық айтты. Әсіресе, олар мемлекеттік органдар электрондық сауда, жекешелендірілетін нысандар жөніндегі ақпаратты толық бермейтініне көңілі толмағанын жеткізді. «Қандай да бір жылжымайтын мүлікті сатып алған адамның аты-жөнін неге ашық айтпайсыздар? Біз өркениетті елде өмір сүріп отырған жоқпыз ба? Сондықтан, ашықтық пен жариялылық ауадай қажет?» деп сауал жолдады «Паскаль» ЖШС-інің директоры Ғалымжан Масанов. Оның пікірінше, жекешелендіру үдерісінің ашық өткізілмеуі ірі-ірі нысандарды жекешелендіруге мүдделілік танытқан кейбір компанияларға аса тиімді.

Осы сауалға жауап берген Қаржы министрінің орынбасары Руслан Дәленов кез-келген кәсіпкердің аты-жөнін ашық жариялауға жұрттың барлығы бірдей келіспейтінін алға тартты. «Бұл жерде коммерциялық құпиямен және ақпаратты жария етпеуге қатысты біздің мойнымызға алған міндеттемелерімізбен байланысты заңдық және этикалық жағдайлар бар. Әр адам өзінің мүлкін жариялауға міндетті емес. Сондықтан, бұл мәселені заңды және азаматтық тұлғалардың өздерімен келісіп, шешейік»,- деді ол.

Жалпы алғанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да мемлекет меншігіндегі нысандарды сатып алу үшін отандық кәсіпкерлерге берілетін ақпарат жеткіліксіз деген пікірде. Мәселен, ҰКП-ның төрағасының орынбасары Жаннат Ертілесованың пайымдауынша, тек қана қаржылық есеп жөнінде ақпарат беру дұрыс емес. – Қандай да бір нысанның қаржылық есебіне қарап, оны сатып алу жөнінде шешім қабылдау мүмкін емес. Қаржыға қатысты емес: сатылым көлемі, сол компанияда жұмыс істейтін адамдардың саны және т.б. мәліметтер де болуы тиіс,- деп түсіндірді Ж. Ертілесова.

Бүгінге дейін көрініп қалған кемшіліктерді жою үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы билік пен қоғамның арасында екі жақты байланыс механизмін іске қосуды ұсынып отыр. – Бұл жердегі мәселе – жекешелендіру үдерісіне қоғамды түгелдей қатыстыру болып табылады. Біз бұған дейін Қаржы министрлігіне хат жазып, бірыңғай электрондық сауда алаңында «Шағымдар мен өтініштер» деген бөлім ашуды ұсындық. Бірақ мұндай бөлім әлі де ашылған жоқ,- деді ҰКП-ның төрағасының орынбасары. Ол сондай-ақ, жекешелендіруді тек ақшалай аукцион тәсілімен өткізуді ұсынған болатын. Яғни, ашық аукционда кез-келген ақшасы көп адам ұсынылған нысанды сатып алады. Жалпы алғанда, бұл ұсыныс қолдау тапқан. Алайда, Жаннат Жұрғалиқызы www.gosreestr.kz сайтына кірген адамның аукционнан бөлек сатылымның басқа да түрлері бар екенін көретінін мәлімдеді.

 

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270