ТЫМ ҚҰРЫСА, СИЫР ҚҰРЛЫ БОЛМАҒАН...
-Не болыпты, сонша бізге жалынар,
Күн туар ма, тексіздерден арылар?
Неге бұлар орындарынан кетпеді?
-Себебі ме, бұлар –ұры-қарылар!
-Неге бізді басынады тексіздер,
Билік, тақтан, Қазақ, неге шетсіздер?
-Себебі ме, бұлар дінсіз, тілсіздер,
Жалпақ тілмен айтсақ, нағыз бетсіздер!
-Мен шындықты шырқыратып жазайын,
Намыссыздың көрін терең қазайын...
-Шыныменен біз Ұлт болсақ Намысты
Неге олардың тартқызбаймыз сазайын?
-Бұл сұрақтың себебіне жетсем ғой?
Көргенімше бұл қорлықты, кетсем ғой...
Біздің Қазақ – 24 жыл ішінде
Жасып, құрып, әбден құл боп кеткен ғой.
-Сол құлдарды оятуға қиын ба?
Былтыр солай, тағы солай биыл да...
Бір мөңіреп қоюшы еді мұндайда,
Ыңыранып, сиыр екеш – сиыр да?
Ешқашан да түзелмейді - оңбаған,
Себебі ме, жатырынан - ол надан.
Бұл Қазаққа соншалықты не болған,
Тым құрыса, сиыр құрлы болмаған!..
Жұмаш КӨКБӨРІ,
24.08.2014 жыл.
Abai.kz