ҚАРА ТАС, СЕНЕН ҚОРЫҚПАЙМЫН...
Мынау суреттегі қара тас жұрттың бәріне таныс. Бұл – Алматыдағы Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан аядай ғана саябақтың шығыс жағында тұрған тас белгі. Қара тастың орнына 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнату жоспарланған. Ол жоспар 22 жыл бойы жүзеге аспай келеді. Енді келіп, қара тасты қаланың сыртына шығару туралы «бастама» көтеріліпті.
Қара тасқа қарсы «бастама» көтеріп, қала әкімшілігіне қайырылғандар саябақ маңындағы тұрғындар көрінеді. 22 жыл бойы ешбір пенденің зәресін алып, қорқытпаған қара тастан аяқ астынан біреулер шошынып, жастарға теріс әсер етіп жатыр депті. Ал, қалалық әкімшілік болса, шошынып қалған тұрғындардың өтінішін қарап жатыр екен. Бірақ, әкімшілік қара тасқа қарсы адамдардың аты-жөнін жария етпей отыр.
Тап осы мәселенің төңірегінде бірнеше сауал туындайды.
- 22 жылдан соң ғана барып, қара тастан шошынып, жастардың қамын ойлаған ол қандай тұрғындар?
- Мемлекет пен ұлт тарихының ең қасіретті һәм қайғылы тұсы – ашаршылық құрбандарының рухына қарсы шығып, олардың мыңдаған ұрпақтарының намысына тиетін істе қала әкімшілігі шағымданушылардың аты-жөнін жарияламай неге жұмбақ жасырып отыр?
- Қара тастың орны басқа БІРЕУДІҢ болмаса әлдебір РУДЫҢ батырының бюст немесе ескерткішіне қажет болғандықтан әкімшілік қара тасқа қарсы тұрғындарды 22 бойы іздеп, ақыры тапты ма екен?
- Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің әлі күнге орынатылмай келгенін әкімшілік қалай түсіндіреді?
Бұл сауалдарға тұрғындардың шағымын қарап жатқан әкімшілік қызметкерлері жауап берер деп ойлаймыз.
Ал, біздің білетінімз мынау: қара тас қала сыртына көшсе, қала әкімшілігі осы әрекетімен тарихқа қарсы қастандық жасап, ашаршылық құрбандарының аруағын күңірентіп, қазақ халқының қарғысына қалады және қоғамның наразылығына тап болады. Сөйтіп, қара тасқа қарсы шыққан әкімшілік болып, тарихқа енеді.
Сондықтан, тарихтың алдында қарабет болудан қала әкімшілігі сақтанады деген ойдамыз.
Үміттіміз!..
Төменде Алматы қаласында орналасқан және жастарға нағыз теріс әсер беретін әрі адам шошығанды қойып, көрсең, қазаққа қарсы жасаған қылмыстарынан жаның түршігетін советтік тұлғалардың ескерткіштерін беріп отырмыз.
Міне, нақ қала сыртына шығарылатын ескерткіштер осылар.
Және бір сөз. Қала аумағында ескерткіш орнату мәселесін қарайтын комиссия мүшелері, ескерткішті бюджетке кіргізетін жауапты мемлекеттік қызметкерлердің ата-бабалары ашаршылық көрмеген болуы мүмкін немесе ол адамдар тарихты жете білмеуі де ғажап емес. Сондықтан қала бойынша ескерткіштер орнату мәселесін қарайтын, оны шешетін, шешім қабылдайтын әкімшілік қызметкерлерге режиссер Қалила Омаровтың 1931-1933 жылдардағы ашаршылық тарихынан түсірген «Нәубет» деректі фильмін арнайы ұсынып отырмыз.
http://www.abai.kz/post/view?id=1419
Көріңіздер, бәлкім ойланарсыздар.
Cіздер, қара тастан қорықпаңыздар! Қара тастан шығар оттан қорқыңыздар...
Abai.kz