«Әлем тарихында ана тілін ширек ғасыр «үйренген» ел жоқ»
Таяуда Астана қаласының онкология ауруханасында жазушы Адам Мекембаев ағамызды көріп қалдым. Қасына жақындап, амандық сұрасқаннан соң: «Айналайын, Жұмамұрат, жасым 74-ен асып барады, денсаулығым сыр беріп жүргенге біраз болды, менен сұхбат алып қалсаң болады», - деді. Соның сәті түсіп ағаның үйіне барып, сұхбат алдым.
- Ағамыз жазушы болса да сұрақты мен мына әңгімеден бастағанды жөн көрдім: Адам аға, қазақ тарихын қалай жазу керек деп ойлайсыз?
- Қазақ халқының тарихы әлі күні толыққанды жазылған жоқ. Өткен жылы мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің бастамасымен осы мәселеге орай жан-жақты жұмыс жүргізілуі керек еді, өкінішке қарай, сол бастаманың ғұмыры тым қысқа болды.
Біздің тарихшы мамандар қаншама елдерге барып, қазақ халқына байланысты тарихи деректер мен айғақтар жинап алып келіп еді, бұл тарихи ақпараттар Мәскеудегі лауазымды кісілерге ұнамай қалғанға ұқсайды – тақырыптың жабулы күйінде қалғанын тиімді деп шешіпті. Оны жарыққа шығару үшін біздің билік өзгеруге тиісті. Қазақ тарихы туралы екі кітап жаздым, біріншісі «Бір жарым мың жылдық қате» екіншісі «Түркістан» - оқырмандарым талап алып кетті. Кейбір тарихшылар көптеген деректерді менің жазғандарымнан ұрлады, пайдаланды, оны несіне жасырайын.
Адамзат тарихында талай империялар жер жүзінен жойылып кетті, өйткені өркениетке жеттік деп санап, өзінің шыққан тегін ұмытып, қазіргі қазақтар секілді ана тілін менсінбей, өзге тілде шүлдірледі, келесі ұрпағы үз-түзсіз өзгелерге сіңіп жоқ болды. Кезінде парсы мемлекеті де сондай дәуірде өмір сүрді, Фирдоуси ана тілінен мақұрым болып бара жатқан қандастары мен билікке таласа беретін әміршілерге арнап «Шахнама» деген дастан жазып, Махмұд Газневиге сыйға тартады. Ащы саяси сатира жазып, билеушінің қаһарына ұшырап, Фирдоусиды елден қуып жібереді. Араға жылдар салып, «Шахнаманы» оқыған сұлтан өз қылығынан ұялып, ақыннан кешірім сұрау үшін оншақты түйеге өңгерілген сый-сияпат жібереді.
Аңыз бойынша, ақын тұрып жатқан шаһардың қақпасынан керуен кіріп келе жатқанда, бір топ адамдар Фирдоусидың мүрдесін жерлеуге қақпадан шығып бара жатыпты дегенді бір кітаптан оқығаным бар. Сол Фирдоусидің «Шахнамасының» арқасында парсы елінің абыройы асқақтап, мерейі үстем болды, тарихы тереңде екенін әрбір парсы сезіп, елінің өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Қазіргі Иран мемлекеті АҚШ пен Батыстың қарсылығына қарамастан, атом бомба жасайтын заводтар құрып алды. Аштан өліп, көштен қалып жатқан Иран халқы жоқ. Бүгінгі таңда, бізді де осылай рухтандыратын сауатты түрде, тарих жазу кезек күтірмейтін мәселе.
- Осыдан шығатын сөз ғой, бізде мемлекеттік тілдің мұңы таусылар емес. Неге?
- Бұл биліктің тарапынан әдейі жасалып отырған сұрқия сұм саясат. Әйтпесе, әлем тарихында өз ана тілін 23 жыл үйренген ел жоқ. 2025 жылы Қазақстанның 95% халқы қазақ тілінде сайрап кетеді деп, аңқау қазақты тағы бір мәрте алдап отырғанына қалайша ұяламайды екен. Қазақ телеарналарын көрген сайын өкпемізге шаншу қадалғандай болады. Бағдарламаны жүргізушілердің көбі қайран қазақ тілінің басын жарып, көзін шығарып, көрер көзге мүсәпір, бейшара күйге түсіріп келеді. Оларға тоқтау айтатын зиялы қазақтың болмағанына қарным ашады. Енді ол аз десеңіз, бала бақшаға баратын немерелеріне ағылшын тілін үйретіп жатыр. Сонда қалай қазақ болатынымыз ақылға қонымсыз?..
- Осы орайда туындайтын сұрақ: оралмандарға азаматтықты тездетіп берген дұрыс па?
- Әрине, өз қандасыңнан аяғанды ит жесін. Үш ай бұрын Қырымға басып кірген орыстар көшеде отырып алып, 24 сағатта 3 миллионға жуық Украин халқына Ресей азаматы деген паспорт таратқанын төрткүл дүние көзімен көрді. Мемлекеттің мүддесі сынға түскен кезде бюрократиялық кедергілердің барлығы жойылып кетеді. Ал, бізде болса, біресе 5 жылдан соң, біресе 3 айдан соң азаматтық береміз деп ұлы көштің қадырін кетіріп, жүнін жұлған тауықтай етіп әбігерге салуда. Түк түсінсем бұйырмасын, бір білерім: қазақ билігі өз қазағының көкірегінен итеріп береке таппайтыны анық. Талғат Мамашев мырза биыл мамыр айында өткен жиында осы жылдың соңына қарай барлығы шешіледі деп уәдені үйіп-төгіп берді, қалғаны бір Аллаға аян. Сыртта жүрген 5 миллион қазақты тез арада Қазақстанға көшірмесе, аладғы 5-10 жылдан соң олардан да тегіс айырыламыз. Бұл кімге пайда, кімге зиян екенін түсіне алар емеспін. Жер бетінде жетімдік көрген бауырларымызды қолтығымызға тартсақ,басынан сипасақ, Алла бізді ,қазақ деген қаситетті ұлтты, басынан сипап, бағын асырар еді деп ойлаймын. Бұл—кез келген ұлт болып ұйысқан халықтың өзгелермен тең деңгейде өмір сүру талабы тудырған, баршаға ортақ табиғи қажеттілік
- Ал енді әдеттегі сұрақ: әдебиетке қалай келдіңіз?
- Менің балалық шағым екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі жылдардың жоқшылығында өтті. Бір үзім нанға зар болып, қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында ер жеттім. Мектепті бітіріп, Алматыға келген соң филология факультетіне түстім. 1965 жылы диплом алып, Қызылордада тілші болып өмір жолымды бастадым, отбасын құрып балалы-шағалы болдым. Осылайша өмір өтіп жатты. Бізден ұлт мүддесі тұрмақ, жалпы саясаттан бастап үйдегі ауыз суға дейінгі қордаланған мәселелер бойынша ешкім ештеңе сұраған емес.
Бізден ойлану, шешім қабылдау деген талап етілген жоқ. Біз үшін ойлайтын да шешім қабылдайтын да Мәскеу еді. Бізге тек соны орындау ғана қалатын. Бұл—үлкен проблема еді. Өз елінің ертеңіне өзің жауап беруің, осы жолдағы проблемаларды шешудің жолдарын өзің табуың, қиямет-қайым қиын шаруа болды. Содан бізге әдебиеттен басқа айналысатын шаруа қалмады. Әйтеуір бар білгеніңді ақ қағазға жазып, іштегі қуаныш-қайғыңды ақтарасың. Өмірімде 20-дан астам кітап жаздым. Келешек ұрпақ қажетіне жаратар деген үміттемін.
- Біздің шенеуніктерге көңіліңіз тола ма?
- Біздің шенеуніктерге көңілім толмайды, оны несін жасырайын. Өйткені, алдына барсаң, көпшілігі қазақ тілінде өмірбаянын айтып бере алмайды. Содан кейін одан нені сұрауға болады. Қарапайым қазақтың тілінде көсіліп әңгіме айта алмайтын адамның артынан қазақ ереді деген өтірік сөз, емексу ғана. Басым көпшілігі қазақ бола тұра, қазақтың тарихынан бейхабар, әдебиеті мен мәдениетінен мақұрым, жұрттың алдына шығып еркін сөйлей де алмайды. Сол лауазымды тұлғалардың мінбедегі сөзі мен ісі сай емес. Жеме-жемге келгенде столдың астына кіріп кетеді.
Соған қарамастан, Астана қаласының министрлер үйінің алдында жол ережелерін бұзған кейбіреулері ішкі істер қызметкерлеріне қызмет куәлігін көрсетіп қорқытатынға ұқсайды. Өткен жылы Ұлан деген жігіт бағдаршам жасыл жанғанда, арнайы жаяу жүретін жолмен өтіп бара жатқанда, ішімдікке тойып алған лауазымды шенеуніктің баласы джип көлігімен соғып өлтіріп, оқиға болған жерден қашып кеткен. Бір жыл өтседағы, қылмыстық іс қозғалмай отырғанын Еуразия телеарнасы хабарлады. Ертең сол шенеуніктің баласы тағы біреуді өлтіріп кетуі әбден мүмкін. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің елде сыбайлас жемқорлықтың шамадан тыс асқындап кеткендігінің айғағы.
- Адам аға, сұхбатыңызға рахмет, дертіңізге шипа тілеймін.
Сұхбаттасқан – Жұмамұрат Шәмші,
тарих ғылымдарының кандидаты.
Abai.kz