ҰЛТТЫҚ БАНК ҚАУЕСЕТ ТАРАТҚАНДАРДЫ СОТҚА БЕРЕДІ
Қазақстанның Бас прокуратурасы девальвация туралы қауесет таратудың жауапкершілігі туралы ескертеді. Бұл туралы Tengrinews.kz бас прокуратураның мына мәлімдемесіне сүйеніп хабарлады: "Соңғы күндері әртүрлі байланыс құралдары (БАҚ, әлеуметтік желілерді, СМС-ті қоса алғандағы интернет-хабарлар) арқылы жақында ұлттық валютаның құнсыздану мүмкіндігі туралы ресми расталмаған ақпарат таратыла бастады. Аталған хабарлар халық арасында айтарлықтай шу шығарып, ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздану қаупін туғызды. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2014 жылғы 23 сәуірде еліміздің Қылмыстық кодексіне көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік белгілейтін норма (242-1 бап) енгізілгенін еске салады. Осыған байланысты уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми деректеріне негізделмеген теңге бағамын түзету туралы ақпараттың одан әрі таратылуына жол бермеу туралы ресми түрде ескертеміз. Сондай-ақ БАҚ өкілдерінен қарастырылып отырған мәселені хабарлау кезінде тексерілген фактілер мен мәліметтерге ғана сүйенулерін және шындыққа жанаспайтын ақпараттың жариялануына жол бермеулерін сұраймыз".
Естеріңізге салсақ 31 шілдеде ел аумағын ақшаның құнсыздануы туралы қауесет шарлап кетті. Атап айтсақ Астананың айырбас пункттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды, кейбір пункттерде доллар таусылып қалды. ҚР Ұлттық банкі 1 тамыз күні девальвацияның екінші толқыны туралы қауесеттерді жоққа шығарды. Ұлттық банк қауесет таратушылар үстінен шағымданатын болса, жаңа Қылмыстық кодекс бойынша жалған дақпырт жасаушылар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Абай-ақпарат