Түркия қазақтары: Елге сәлем, Елбасыға өтініш
Түркия қазақтары: Елге сәлем, Елбасыға өтініш |
Түркия қазақтары қоры 2014 жылы, 28-31 шілде күндері Ыстамбұлда ұйымдастырған кіші қазақ құрылтайы жұмысын табыспен аяқтады. Құрылтай үш күн ораза айтына дөп келгендіктен және Түркияда ресми демалыс болғандықтан 28-30 шілде күндері 8 футбол командасы «Ер Жәнібек Батыр» атындағы достық және бауырластық додасы үшін сайысты. Сайыста Гүнешлі Қазақкент ауылының командасы жеңіске жетті.
Құрылтайдың соңғы күні, яғни 31 шілде күні таңертен Басминистр Аднан Мендерес пен Президент Тұрғыт Өзалдың кесенелеріне барып Құран оқылып дұға істелді және түрік халқына қазақ халқының алғыс сезімдері атап өтілді. Өйткені 1952 жылы, 13 наурыз күні басминистір Аднан Мендерес басқарған Түркияның министрлер кабинетінің қаулысымен бүгінгі түркиялық қазақтардың аталары Түркияға қабылданған еді. 1991 жылы 16 желтоқсан күні болса, Президент Тұрғыт Өзалдың жетекшілігіндегі Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін екі сағаттың ішінде таныған еді.
Түстен кейін “Түркия қазақтарының кешегісі, бүгінгісі, ертеңгісі және атамекен Қазақстанмен байланысы" деген тақырыпта құрылтай жиыны өтті. Оған Қазақстан, Қытай, Түркия және Еуропа елдерінен келген қазақ қоғамның белгілі азаматтары: ғалымдар, журналисттер мен басқа да кәсіп иелері қатысты.
Кешкісін “Ер Жәнібек Батыр” додасын тапсыру рәсімі және концерттік бағдарламамен құрылтай жұмысы аяқталды. Құрылтай жұмысы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “құрылтай тойлау емес, ойлау” сөзіне сай құрылтайға қатысушылар Түркия қазақтары және Қазақстан туралы ойларын ортаға салды.
Құрылтайда Түркия қазақтарының келешегінің жарқын екендігі баса айтылды. Өйткені олар тұрған Түркия елі соңғы жылдары экономикалық тұрғыдан қарқынды өсіп, экономикалық тұрғыдан 16-шы орынды иеленіп отыр. Бауырлас түрік елі қазақтарға жылы шыраймен қарайды. Екіншіден, атамекен Қазақстан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саяси-іс шараларының арқасында дамып, Орталық Азияның жарық жұлдызы атағына ие болуда. Түркия қазақтары ретінде құрылтай делегаттары Қазақстанға тек алғыстарын айтатындарын білдірді. Ең бастысы, Қазақстан бүкіл қазақтардың бірегей отаны, тарихи мекені және шетел қазақтарына әр қашан қолдау көрсетіп қамқоршылық жасап келеді. Түркия қазақтары Қазақстанды арқаланады. Үлкен күш сезінеді. Сондықтан осындай екі күшті мемлекеттің қамқорлығындағы түркиялық қазақтар үшін материалдық тұрғыдан ешқандай алаңдаушылыққа орын жоқ сияқты.
Бірақ құрылтай делегаттары диаспораның ұлттық болмысына, болашағына қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Өйткені Түркия қазақтарының жас ұрпағы ана тілінен жұрдай болып өсіп келеді. Осы келеңсіздікке жол бермеу үшін нақты іс-шараларды қолға алудың қажеттілігі аталып өтілді. Құрылтай жиналысында мынадай ұсыныс пікірлер айтылды: 1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдауында өте маңызды мәселелер көтерілді. Әсіресе “Мәңгілік ел” идеясы Түркия қазақтарын елең еткізіп отыр. Құрылтайға қатысушылар бұл идеяны толық қолдады және оны іске асыруға атсалысудың барша қазақтың бірінші мақсаты болу керектігін атап өтті. 2. Түркия қазақтарының ұрпақтарының ұлттық болмыстарын сақтау үшін Қазақстан үкіметі нақты шаралар жасауы қажет. Атап айтқанда, түркиялық жастарға ана тілін үйрететін мұғалімдар жіберу, курстар ашу, ең бастысы мектеп оқушыларын және жастарды Қазақстанға қысқа уақытқа болса да саяхаттап бару мүмкіншіліктерін туғызып, атамекенмен және ондағы құрбы құрдастарымен танысып араласуына жағдай туғыз. Сонымен қатар, түркиялық қазақтардың ана тілінде газет-журнал шығаруларына жан жақты қолдау көрсетілсе, пайдалы болмақ. 3. Әлсіз диаспораның Қазақстанға пайдасын тигізе алмасы анық. Диаспораны күшейтіп, олардың қатарындағы озық ойлы, білімді адамдарды көбейту үшін әлемнің үздік университеттерінде қазақстандықтардың білім алуы туралы “Болашақ бағдарламасына” Түркия және өзге шетел қазақтарының да жастарына квота бөлу. 4. Түркия қазақтарының атамекенмен байланыстарын нығайту аса маңызды. Өйткені атамекенін жақсы танып білмеген диаспораның отаншыл бола алмайтыны ақиқат. Сондықтан оларды наурыз мерекесі, Астана күні, Алматы қаласы күні, тәуелсіздік күні сынды мерекелік жиындарға жүйелі түрде шақырып елмен араласуларын қамтамасыз ету пайдалы болар еді.
5. Түркия қазақтарының бірыңғай қазақ тұратын бір-ақ ауылы бар. Ол Нигде қаласындағы «Алтай» қазақ ауылы. Бірақ ауыл кейбір себептермен құлдырап тұр. Осы қазақ ауылының басшылығы ауылды сақтау және көркейту үшін Қазақстан үкіметінен жәрдем күтеді.
6. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары шетел қазақтарының атамекенмен байланыстарында маңызды рол атқаруда. Сондай-ақ ол атамекенде өзге елдерде тұратын қандастарымен танысуына да мүмкіншілік беруде. Сондықтан дүниежүзі қазақтары құрылтайларын жүйелі түрде өткізу орынды.
7. Кіші құрылтайлар қайсы бір елдегі қазақтардың өзара бас қосып ынтымағының нығаюына, ұлттық сана-сезімінің күшеюіне, атамекен және басқа елдерден келетін зиялы қауым, өнерпаз және басқа кәсіп иелерімен танысуларына мүмкіндік беруде. Сондықтан бұл құрылтайлар жыл сайын болып тұруы қажет. Бірақ, өкінішке орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылы Астана құрылтайында айтқан “кіші құрылтайларға Қазына-Самұрық әл ауқат қоры демеушілік жасауы” туралы тапсырмасы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан толық орындалмай келе жатыр. Сондықтан кіші құрылтайды өткізетін мәдени орталықтардың демеушілік туралы Қазына-Самұрық әл ауқат қорымен тікелей байланысуына мүмкіншілік беру орынды болмақ.
Түркия қазақтары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мынадай өтініштерін білдіргісі келеді:
A). Түркия және өзге шетел қазақтары туралы Қазақстанда сүйіспеншілік пен ынтымақтастықты күшейту барысында үгіт-насихат шараларына көбірек маңыз берілсе екен. Өйткені, шетел қазақтарына немесе Қазақстанға көші-қонмен оралған қазақтарға заң жүзінде немесе сіздің тікелей бұйрықтарыңызбен қолдау болғанмен, кейде жауапты қызметкерлердің оларды толық орындауға селқостық танытатыны байқалады. Мұның бірден-бір себебі: шетел қазақтары туралы мәліметтердің аздығы немесе жаңсақ пікірлерден болуы әбден ықтимал. Сондықтан Қазақстанда шетел қазақтарына деген ыстық-ықыластың, сүйіспеншіліктің көбейуіне септігін тигізетін олардың тарихы мен мәдениетін танытатын іс-шараларға көбірек орын берілсе екен.
Ә). Қазақ халқының үштен бір бөлегін құрайтын – диаспора Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігін баянды етуге және сіздің “Мәңгілік ел” идеяңызды іске асыруға атсалысуды өзіне абырой санайтыны сөзсіз. Олардың осы ұлы мақсат жолындағы іс-қимылдарын бір арнаға түсіріп қолдау барысында бір диаспора министрлігі құрылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Б). Түркия қазақтары атамекенде жарық көрген кітап, газет және журналдарға зәру. Бірақ кирил әріптерін білмегендіктен оқи алмауда. Сондықтан Қазақстанның латын әліпбиіне өту жайындағы сіздің шешіміңізді қуанышпен қарсы алып отыр. Осы шешіміңіздің тез арада іске асуын қалайды.
D). Түркия қазақтарының биылғы құрылтайы ораза айтқа дөп келді. Түркияда және басқа мұсылман елдерінде ораза айтта үш күн ресми демалыс беріледі. Қазақстанда да осы мейрам күндері демалыс болса екен деген тілегін атап өтеді.
Құрылтай жиналысына Түркия қазақтары қоры төрағасы – Фазыл Топлы, Мұстафа Шоқай Француз-Қазақ Достық Қоғамының төрағасы – Яшар Дініш, Қоня қаласы қазақ қоғамы төрағасы – Абдуахап Қылыш, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, т.ғ.д. – Әбдіуақап Қара, «Қазанат» журналы басредакторының орынбасары – Дәурен Мұқанов, журналист Әмірболат Құсайынұлы, Мюнхен қазақ қоғамының бұрынғы төрағасы – Әлихан Жаналтай, Вена қаласы қазақ қоғамының бұрынғы төрағасы – Әкбер Қыран, Нигде қаласы «Алтай» қазақ ауылының әкімі – Абай Орхұн, Гүнешлі қазақ кент ауылынан кәсіпкерлер: Мүбарек Чалышкан, Разақ Елші, Үрімші қаласынан дәрігер – Хадиша Құсайынқызы, Кельн қаласынан ақсақал – Ислам Зенгин және басқа да азаматтар қатысты. Әбдіуақап Қара Ыстамбұл, Түркия. Abai.kz |