Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 7640 0 пікір 31 Шілде, 2014 сағат 11:51

Г.Джордж Уэллс. ТОҒАЙДАҒЫ ҚАЗЫНА

Герберт Джордж Уэллс

 

(1866 – 1946)

 

 

ТОҒАЙДАҒЫ ҚАЗЫНА

 

         Жеңіл қайық жағалауға таяп қалған. Алдан шығанақ көрінді, маржан құз түбіндегі ақ көбіктен көрінген айрық шағын өзеншенің теңізге құяр тұсы екенін аңғартады. Қалың, қара көк, жынысты тоғай сонау тау беткейінен еңіске қарай қаптай өскен. Тоғай жағалауға тиіп тұр. Алыстан мұнарлана бұлтқа ұқсап көрінген тау шыңдары кенеттен қатып қалған толқынға ұқсайды. Жыбырлаған ұсақ толқындар демесеңіз теңіз беті тып-тынық. Аспан шайдай ашық.

         Ескек ұстағаны тоқтай қалды. «Болса осы араның бір жерінде,» деді ол. Ескекті қайыққа шығарды да, қолымен алдыңғы жақты көрсетті.

         Қайықтың тұмсық жағында отырған екіншісі жағалауды обырлана шолып шықты. Тізесіне қойып алған бір жапырақ сары қағазы бар.

         -Бері келіп мынаған қарашы, Еванс. – деді ол.

Екеуінің де дауысы зорға шығады, еріндері кеуіп, кеберсіп кеткен.

Әлгі Еванс дегені шайқалақтай басып қайықтың екінші басына барды да, жолдасының иығынан төне қағазға қарады.

Қағаздың бейнесі түпнұсқа картаға келеді. Бүктей-бүктей әбден қырқылып, тілім-тілімі шыққан. Екіншісі түсі оңған бөліктерді жыртылған жерінен қайта құрастырды. Картаға қарап ондағы қарындашпен сызылып, өшуге айналған шығанақтың сұлбасын шамалауға болатын.

-Міне, - деді Еванс, - мынау маржан құз да, мынау айрық. – Сөйтті де саусағын карта бетімен жүгірте:

-Мына ирелеңдеген сызық болса өзен. Шөліміз қанатын болды! Ал мына жұлдызша біз іздеген жердің өзі.

-Мына үзік сызықтарды көрдің бе, - деді карта ұстағаны, - түп-түзу тартылған, маржан құздың аузынан басталып бір шоқ палма ағашына барып бір-ақ тоқтаған. Жұлдызша соның өзенмен түйіскен жерінде тұр. Мүйіске кірерде осы жерді белгіліп алу керек.

-Қызық, - деді Еванс, сәл тұрып, - мына бір белгілер не үшін салынды екен. Үй сияқты бірдеңенің бейнесіне ұқсайды. Біресе мына жақты, біресе ана жақты нұсқап тұрған мына ұсақ нүктелер ше, байыбына бара алар емеспін. Мынау неғылған жазу?

-Қытай иероглифы, - деді карта ұстағаны.

-Бәсе-ау! Ол қытай емес пе ед! – деді Еванс.

-Бәрі қытай болатын, - деді карта ұстағаны.

Бір орнында тербелген қайықпен бірге екеуі бірер минутқа дейін жағалауға тесіле қарап отырып қалды. Бір кезде Еванс ескек жаққа қарап:

-Гукер, енді сенің кезегің, - деді.

Жолдасы ақырын ғана картасын бүктеп қалтасына салды да, бір қырындап Еванстың жанынан өтіп, ескек есуге кірісті. Бүкіл күші сарқылып біткен адамдыкіндей қимылынан қажығандық байқалады.

Көзін сығырайта жұмып алған Еванс маржан құз түбіндегі ақ көбікке қадала қарап келеді. Күн тас төбеге келіп қалған, әуе жалын атады. Қазынаға қолсозым жер қалса да өзі күткендей көңілі өрекпи қойған жоқ. Ойға алған жоспарды орындау кезіндегі мазасыз арпалыс, азық-түліксіз жайдақ қайықпен құрылықтан шыққалы бері түні бойы тартқан жол азабы, оның өз тілімен айтқанда, қуанышын тып-типыл етіп еді. Әлгі қытайлық айтқан алтын кесектеріне ойын қанша бөліп, көңілін демегісі келгенімен, онысынан ештеңе шықпады. Ойына қайта-қайта шымырлай аққан мөп-мөлдір өзен суы келіп, ерінін кептіріп, тамағын құрғатқан шөл азабы маза бермеді. Маржан құзға соғылған толқынның бірсарынды шолпылы анық естіле бастады да, құлағына әсем үн боп жетті. Қайықтың бүйірін дамылсыз су соғады,   әр ескен сайын ескек суға шол-шолып тиеді. Осы кезде ол қалғып кетті.

Аралға келе жатқанын ұйқылы-ояу сезіп келеді, бірақ әлдебір түс құсаған бір шытырман ой-санасын шырмай берді. Тағы да сол Гукер қытайлықтардың құпиясының үстінен түсетін түн екен дейді. Ол ай нұрына малынған ағаштарды, лаулап жанған шағын алауды, арқа тұстары айдың күміс нұрына шағылып, жүздерін алаудың алқызыл жалыны шарпыған үш қытайлықты көрді. Әр өңірден келген үшеуінің шала ағылшынша сөйлесіп отырғандарын құлағы шалады. Әуелі әңгімелерінің аңысын аңдап алған Гукер ары қарай ынты-шынтысымен тыңдады. Кей жерінде әңгімелері естілмей кетеді, кей жері мүлде ұғынықсыз. Филипин аралдарынан шыққан әлдебір испан кемесі қайырлап қалады-мыс, сөйтіп кейін келіп алып кету үшін кемедегі қазынаны аралға көмеді. Апатқа ұшыраған кемені ауру жайлайды, кемедегілер бірін-бірі атып-шаба бастайды, ақыры тірі қалғандары қайықтарына мініп, теңізге шығады да содан қайтып хабарсыз кетеді. Сөйтіп Чаң Хи, осыдан бір жыл бұрын, жағалауда қаңғып жүріп, екі жүз жыл көмулі жатқан алтын құймаларының үстінен түседі. Содан арқалаған қоқысын тастай беріп, адам айтқысыз азапты көріп, жалаң қолымен қазынаны екшім таппайтын жерге қайта жасырады. Қазынаның қауіпсіздігі сонша оны бұдан басқа жан баласы білмейді. Енді қайтып барып сол қазынаны қазып алу үшін бұған көмек керек екен. Осы кезде әлдебір карта жарық ете қалды да, дауыстар тына қалды. Қалтасы қағылған ынсапсыз британдықтарға бұдан артық олжа болсын ба! Еванстың түсі Чаң Хидың айдарын қолына ұстап тұрған көрініске ауысты. Еуропалықтыкіндей қытайлықтың да жаны киелі де қасиетті. Сұрқиялық ұялаған Чаң Хидың кішкене жүзі әуелгіде шошынған жыландыкіндей қаһарлы да қатулы көрінсе, енді бірде жаншошырлықтай аянышты, сұмпайы түрге ауысты да, бүкіл түстің өн-бойына орнығып алды. Ақырында Чаң Хи мырс етіп күліп жіберді, онысы адам ұғып болмайтын таңғажайып күлкі еді. Кәдімгі түстерде болатындай, кенет бәрі миша араласып кетті. Чаң Хи әлденені шүлдірлей оны қорқытып тұр екен. Ол түсінде үйме-үйме алтынды көрді. Ал Чаң Хи жолын кес-кестеп алтынға қарай жіберер емес. Ол Чаң Хиды айдарынан шап берді – мына сарыбет кәззәбің қандай дәу еді және қалай қасқая қарсы тұрып, қалай ыржалақтай күледі десеңші! Оның денесі барған сайын ұлғая берді. Содан соң жарқыраған алтын үймесі гүрілдеген пешке айналды. Ал анау, қалай екені белгісіз, Чаң Хидан аумайтын еңгезердей әзәзіл алып қара құйырығымен мұның ауызын көмірмен толтыра бастады. Оның аузы тозақ отындай жанды. Сосын тағы бір әзәзілдің дауысы естілді: «Еванс, Еванс, аш көзіңді, зәнталақ!» - Әлде бұл Гукер ме екен?

Ол оянып кетті. Олар мүйстің аузына келген екен.

- Палма ағаштары осында. Мына бұталармен бір сызықтың бойында болу керек, - деп бастады жолдасы. - Қара. Егер бұталарға дейін барып, одан соң оны қақ жарып өтетін болсақ, ағысқа жеткен жерден көмбені де табамыз.

Міне, ағыстың теңізге құяр сағасы менмұндалай бастады. Өзенді көрген бойда Еванс түлеп сала берді:

-Жылдамдат, бауырым, жылдамдат! – деді ол. – Құдай біледі, әйтпесе, ащы екен демей теңіз суын жұтуға бармын. – Еванс қолын тістелей жартастар мен тоғай арасындағы жылтылдаған күміс сәулеге үздіге қарады.

Кенет, Гукерге ашулана жалт бұрылды да:

-Әкел бермен ескекті! – деді.

Ақыры олар өзеннің құяр аузына кеп жетті. Қайықты сәл жүздіріп барып қолымен уыстап су алған Гукер судың дәмін татты да, түкіріп тастады. Қайық тағы біраз жүзді де, әлгісін тағы қайталады.

-Ішуге жарайды, - деді ол, сөйтті де екеуі мейірлене суға бас қойды.

-Құрып кеткір! – деді Еванс кенеттен. – Шөлім қанар емес. – Сөйтті де жарты денесімен қайықтың тұмсық жағынан салбырай кетті де, суды аузымен сіміре жөнелді.

Олар шөлдерін әбден қандырып алды да, жүзіп барып өзеннің шағын тармағына кеп қосылды. Сол жерден олар тал-шілігі өзенге төне өскен қалың тоғайдың арасына барып түспек.

- Әлгі бұталарды тауып, көмбеге жаңылмай жету үшін жағалауға дейін тоғай арасымен барамыз.

-Одан да ағыспен барғанмыз дұрыс, - деді Гукер.

Сөйтіп олар кері шегінді де, ағыспен теңізге қарай жүзді. Жағалауды бойлай жүзіп бұталар өсіп тұрған жерге жетті. Сол жерде құрлыққа шықты да, жеңіл қайықты сүйретіп жағалаудан ары апарып қойды. Сосын, мүйіс пен бұталар бір сызықтың бойынан көрінгенше тоғайға қарай жүре берді. Еванс қайықтан өзімен бірге жергілікті тұрғындардың қайласын ала шыққан. L әрпі пішіндес сайманның көлденең басына қайралған жылтыр тас бекітілген. Гукер ескек көтеріп келеді.

-Осы жерден тура тарту керек, - деді ол. – Бұтаны көктей өтіп өзенге жеткенше жүреміз. Көмбені сол жерден іздейміз.

Олар қаулай өскен құрақтардың, алып усасырлар мен жас шыбықтардың қалың жынысына қойып кетті, әуелгіде жүру қиын болғанымен, кешікпей ағаштар барған сайын іріленіп, аяқтың асты көріне бастады. Жарқыраған күн сәулесінің орнын салқын көлеңке алмастырды. Ағаштар ұшар төбедегі жасыл қалытқыны көтеріп тұрған алып тіреулерге айналды. Күңгірт ақ гүлдер сабақтарынан салбырай өсіп, жербауырлаған өсімдіктер ағаш арасын кернеп алған. Көлеңке қоюлана түсті. Аяқ астындағы теңбіл мүк пен қызыл-қоңыр қынаның қарасы қалыңдай бастады.

Еванстың бойынан суық ызғар жүгіріп өткендей болды.

-Жағалаудағы ыстықтан кейін мына ара тіпті салқын екен.

-Әйтеуір тура келе жатсақ жарады, - деді Гукер.

Осы кезде олар сонау маңдай тұстарынан жарқыраған күн сәулесі шаншыла түсіп жатқан тоғайдың қою көлеңкесінен әлдебір өзекті көрді. Мұнда да айнала қалың өскен бұта-бүрген мен желекті гүлдер. Сосын құлақтарына өзен гүрілі кеп жетті.

-Мынау өзен ғой. Әйтеуір таяп қалған екенбіз, - деді Гукер.

Өзен жиегі қалың шіліктен көрінбейді. Зәулім ағаштардың түбін жайлай өскен, аты қойылып үлгермеген алып өсімдіктер желпуішті үлкен жапырақтарын көкке жая, биікке ұмсынады. Айнала құжынаған гүл, жапырағы жылтыраған шырмауық тәріздес әлдебір өсімдік гүл сабақтарына орала өскен. Қазына іздеушілер төне кеп тоқтаған жердегі өзеннің тынық айдынында сопақша келген жапырақтар мен тұңғиық гүліне ұқсас ақ сары, қызғылтым гүл қалқып барады. Одан сәл әріректе өзен арнасы кілт бұрлып, ағыс беті көпірши, жөңкіле гүрілдей ағып жатыр.

-Иә, не дейсің? – деді Еванс.

-Бағытымыздан сәл ауытқып кеткен екенбіз, - деді Гукер. – Мұндайда адаспай көр.

Ол бұрылды да мүлгіген тоғайдың қарабытқан суық көлеңкесіне қадала қарады.

-Өзенді жағалай азкем шарласақ оны-мұны көзге түсер.

-Сен айтқансың... – деп бастады Еванс.

-Қытайлық көмбе басында үюлі тас бар деп айтқан, - деді Гукер.

Екеуі бір-біріне тесіле қарап тұрып қалды.

-Әуелі ағысты құлдай іздейік, - деді Еванс.

Екеуі жан-жағын барлай қарап, ілби басып жүріп кетті. Кенет Еванс тоқтай қалды.

-Анау көрінген нағылған пәлекет? – деді ол.

Гукер оның нұсқаған жағына қарады.

-Бірдеңе көгереді. – деді ол.

Екеуі дөңестеу жерге кеп жеткенде алдарындағы көрініс анық көрінді. Гукер оның не екенін бірден аңғарғандай болды.

Ол алдыға қарай жүгіре басып қолы қайырулы жатқан өліктің қасына жетіп бір-ақ тоқтады. Қайла ұстаған қолы қарыса түсті. Мүрде қытайлықтыкі боп шықты. Етпетінен түсіп, серейіп жатқан жатысы оның әлдеқашан мүрдем қатқанын айтып тұрғандай.

Екеуі қатарласа кеп тұрды да, белгісіз мүрдеге үн-түнсіз үңіле қарады. Өліктің жанында қытай күрегі жатыр, одан сәл әріректе, жаңа қызылған шұңқырдың аузында шашылған тас үйінділері көрінеді.

-Мұнда біреу болған, - деді Гукер дауысы қарлыға.

Кенет Еванс аяғымен жер тепкілеп, қарғап-сілене бастады.

Гукер бозарып кетті, бірақ үндеген жоқ. Ақырын басып етпетінен жатқан өліктің жанына барды. Сонда байқады: мүрденің мойыны домығып көгерген, қолдары күп боп ісіп кеткен. «Түу!» деп бұрыла берді де, шұңқыр жаққа қарай беттеді. Кенет қуанғанынан айқайлап жіберді. Артынан ілби басып келе жатқан Евансты сыбай жөнелді.

-Нақұрыс! Ешкім алмапты. Осында екен.

Сөй деді де бұрылып қытайлықтың мүрдесіне қарады да, қайтып шұңқырға қарады.

Еванс салып ұрып шұңқырға жетті. Шұңқыр түбінде соры қайнаған қытайлық топырағын жартылай ғана ашып үлгерген күңгірт сары құймалар жатты. Еванс шұңқырдың аузына асыла кетті де, топырақты жалаңаш қолымен аршып жіберіп, қорғасындай ауыр құймалардың бірін жалмажан суырып алды. Осы кезде қолына әлдеқандай тікен қадала кетті. Гукер иненің жасуындай ғана тікенді саусағының ұшымен жұлып алды да, құйманы сыртқа шығарды.

-Мұндай ауырлық алтын мен қорғасында ғана болады, - деді ол аптыға.

Гукер өлген қытайлықтан екі көзін алар емес. Әлде бір ойдың соңында.

-Ешкімге айтпай жолдастарының алдын орамақ болған, - деді ақырында. – Ол мұнда бір өзі келген, сосын әлдебір улы жылап шағып өлтіреді... Менің білмейтінім, бұл жерді ол қалай тапты екен?

Гукер қолында алтын құймасы бар қарап тұр. Өлген қытайдың мүрдесінде тұрған не бар?!

-Бұларды бір-бірлеп құрлыққа жеткізу керек те, біраз уақытқа дейін сонда көміп қою керек. Қайыққа дейін қалай жеткізсек екен?

Гукер күртешесін шешіп жерге жайды да, құйманың бірнешеуін әкеп үстіне тастады. Сол бойда қолына тағы бір тікеннің кіргенін сезе қойды.

-Бұдан артығын көтеріп жүре алмаймыз, - деді ол. Сөйткенше болмай әлдебір ашумен бұрық ете қалды. – Мелшиіп қайда қарап тұрсың?

Гукер бұрылып жолдасына қарады.

-Қарауға тіпті дәтім бармайды.

Сосын қолымен мүрде жатқан жақты көрсетті.

-Түрі аумаған әлгі...

-Қайдағыны айтпа! – деді Гукер. – Қытайлар бір-біріне ұқсай береді.

Гукер жолдасына безірейе қарады.

-Не десең де, оны жерлеп бір-ақ кетем. Онсыз алтындарыңа саусағымның ұшы да тимейді.

-Ақымақ болма, Гукер, - деді Еванс. – таста сол жемтікті.

Гукер тосылып қалды, сосын айналадағы қоңырқай топырақты көзімен мұқият шолып шықты.

-Қарадай қорқып тұрғаным, - деді ол.

-Ең бастысы, - деді Еванс, - мына құймаларды не істейтінімізде. Осында көміп кетеміз бе, жоқ әлде келген ізімізбен қайыққа апарамыз ба?

Гукер үнсіз. Оның күдік ұялаған көздері зәулім ағаш діңдерінің арасын, ұшар биіктегі күн көзін көлегейлеген қалың жапырақ арасын кезіп кетті. Жүгірген көзі көгеріп жатқан қытайлықтың мүрдесіне түскенде тағы да түршігіп кетті. Енді ол ағаш арасындағы қоңырқай қойнауларға барлай көз тастады.

-Саған не болған, Гукер? – деді Еванс. – Ақылыңнан алжастың ба?

-Қайткенде де, алтынды бұл арадан әкету керек, - деді Еванс.

Гукер күртешенің жағасынан, Еванс етегінен ұстап, екеуін алтынды көтерді.

-Қалай жүреміз? – деді Еванс. – Қайыққа қарай ма?

-Қызық, - деді Еванс екі-үш қадам аттамай жатып, - ескек ескен қолдарым салдырап барады... – Құрып кетсін! – деді ол. – Көтертер емес. Тынықпай болмас.

Екеуі күртешені жерге қойды. Еванстың өңі қудай, шыпшып шыққан жалғыз тамшы тер маңдайында қатып қалған.

-Орман іші тымырсық боп кетті.

Сосын жын ұрғандай баж ете қалды.

-Бұлай тұра бергеннен не шығады? Қане, бол, тұрма! Қытайлықтың өлігін көріп ең жіпсіз балайндың да қалдың.

Гукер жолдасының бетіне бедірейе қарады.

Алтын салынған мешбетті қайта көтерді де екеуі тіл қатыспай жүз ярдтай жер жүрді. Еванстың тынысы ауырлай бастады.

-Тіліңді жұтып қойдың ба? – деді ол.

-Саған не болған? – деді Гукер.

Еванс сүрініп кетті де, ұстап келе жатқан күртеше қолынан ұшып түстті. Гукерге тесірейе қарап біраз тұрды, сосын тамағына әлдене кептелгендей дауысы ыңырана шықты.

-Жақындаушы болма маған, - деді де қасында тұрған талға барып сүйенді. Сосын орнықты дауыспен, - сәлден соң тәуір болам, - деді.

Кенет ағашқа сүйенген қолы босай бастады да, ағаш діңімен денесі сырғыған күйі жерге сылық етіп құлай кетті. Қарысқан қолдары қалш-қалш етеді. Азапты жүзі бұзылып кетті. Гукер қасына келді.

-Тиме маған! Жолама! – деді Еванс дауысы тұншыға. – Алтынды күртешеге сал.

-Көмегім керек емес пе?

-Алтынды күртешеге сал.

Гукер құймаларды ала бергенше болған жоқ, бас бармағының басына әлдене қадалғандай болды. Қарап еді, ұзындығы екі дюймдай сып-сидам тікен кірген екен.

Еванс түсініксіз ыңыранып барып, аударылып түсті.

Гукер аңырып тұрып қалды. Қолындағы тікенге біразға дейін бажырая қарап тұрды. Сосын ағаш түбінде екі бүктетіліп құрысып жатқан Евансқа қарады. Одан соң ағаш діңдері мен құжынаған өсімдіктердің арасынан, қарабытқан көлеңкеде әлі де анық көрініп жатқан көк киімді қытайлықтың мүрдесіне қарады. Оның ойына картадағы ұсақ нүктелер түсті. Сонда барып ол түсінгендей болды.

-Сақтай көр, Жаратқан! – деді ол.

Себебі қолындағы тікен дьяктардың үрмелі құралына салатын улы тікенннен айнымайтын. Чаң Хидың қазынаның қауіпсіздігіне неге сенімді болғанын сонда барып түсінді. Түсінде ыржиғаны тегін емес екен.

-Еванс! – деп баж етті.

Бұл кезде Еванс үнсіз, қимылсыз қалған. Қол-аяғы тартылып, серейіп жатыр. Тоғай ішін өлі тыныштық басты.

Бір кезде Гукер бас бармағының ұшындағы қызғылт ноқатқа сүліктей жабысып, обырлана сора бастады. Өлгісі келмей көп тыраштанды. Бірақ қолы мен иықтарының түсініксіз қақсап бара жатқанын сезді. Саусақтары илігуден қалды. Уды сорып шығарам деудің бос әуре екенін сонда ұқты.

Ол кілт тоқтай қалды да үюлі алтындардың жанына отыра кетті. Қолын тізесіне қойып, жағын таянған күйі жан шошырлық күйде жатқан жолдасына қарады. Чаң Хидың ырсиған түрі көз алдына келді. Тамағын бунаған ауыр азап барған сайын күшейе түсті. Ұшар биіктегі жапырақтарды әлсіз самал тербейді. Әлдебір беймәлім гүлдің аппақ күлтелері тоғайдың қараңғы түнегіне қалықтай түсіп келеді.

Ағылшын тілінен аударған Нағыз Қапшықбайұлы

Abai.kz

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295