АЛЕКСЕЙ СЕРЕБРЯКОВ РФ АЗАМАТТЫҒЫНАН БАС ТАРТТЫ
Ресейдің халық әртісі, актер Алексей Серебряков Ресей азаматтығынан бас тартып, Канада азаматтығын алуды рәсімдеген. Енді ол Ресейге жұмыс визасымен келмек. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Серебряков өз балаларының бейбітшілікте, білімді, еңбексүйгіштікті бағалайтын және "бір-бірін шынтақтан қағуға, арсыздыққа, ызақор болуға, адамдардан қорқуға мәжбүрлемейтін" елде өмір сүргенін қалайтынын мәлімдеп, өзінің отанынан бас тартуын былайша түсіндірген: "Ресейде батыс елдерінде адамдардың жасанды түрде күлімсірейтінін жиі айтып жатады. Бірақ маған шынайы ашу-ызадан жасанды күлкі артық. Бізде нағыз құлдық психология! Ал демократия - жауапкершілік. Бізде ең жақсы жағдайда халық өз арасынан біреуді билікке жіберіп жатады. "Міне, сені таңдадық - сен бәріне жауаптысың, мәселенің бәрін шеш" деп. Демократия - білімдердің негізінде қабылданатын шешім. Мен бүгінде адамдардың білім алуға, дамуға, біліктілігін арттыруға, жұмыс істеуге, жауапкершілікті алуға, соның ішінде, ел мен билік үшін жауапты болуға деген жаппай құлшынысын көріп тұрған жоқпын. Құлшынысы барлар - теңіздің тамшысындай ғана. Өркениетті елдің көше идеологиясы - мейірімділік пен төзімділік, Ресейге ол ауадай қажет. Өкінішке қарай, балаларымды қанша оқшауласам да, ашу-ыза мен арсыздықтан қорғай алмаймын. Оның бәрі ауада. Арсыз жеңді”
Алексей Серебряков 50 жаста. Ол "Белая гвардия", "Вечный зов", "Случайный вальс", "Афганский излом", "Плащ Казановы", "9 рота" және басқа да ондаған танымал картинада ойнады.
Абай-ақпарат