Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 7542 0 пікір 23 Шілде, 2014 сағат 11:10

ТӘЖІАЯҚОВ ТУРАЛЫ АЙТАРЫМ

"Америкадағы Тәжіаяқов туралы не ойлайсыз?" деп сұрап жатыр. Баяғыда бір-екі рет айтып едім, қайталайын.
Өкінішті жағдай. Балаға, оның туыстарына обал. Бірақ, Дәурен Қуат досым айтпақшы, "Әр қазақ менің жалғызым, бірақ досым емес". Бүгін әлдебіреулер бұған "АҚШ кінәлі, арнайы жасады" дегендей алыпқашпа әңгіме айтып жатыр. Бұндай әңгіме мәселені одан әрі ушықтыра түседі. Ана балаға да, әке-шешесіне де, жалпы қоғамға да бұндай әңгімелер еш пайда әкелемейді. 
Түсінікті болу үшін басқаша айтып көрейін. Мысалы, Тәжіаяқов емес, Вася Иванов деген студент Қазақстанға келіп оқып жатыр делік. Васяның әке-шешесі ауқатты, қалада тұратын, өзге мәдениетті ұқпайтын адамдар делік, тәрбиесі де солай болсын. Қазақстанға келген соң әкесінің ақшасымен түскен ҚазҰУ-ға барып жарытпайды. Өзі сияқты балалармен достасып, түнгі клубтарды кезді, оқудан қалып жүрді делік. Онысы аз болғандай, Вася қазақтарды иттің етінен жек көретін топтармен дос болады. Арнайы крутой мәшіне сатып алып, оған жораның жолақтарын тағып алып, "Сепаратист нөмір 1" деген жазба салады. Түптің-түбінде Васяның бір әпербақан досы барады да Алматының ортасында жарылыс жасап, полициядан қашады. Артынан сол досы түк болмағандай Васяға келіп, қаражат алып, пана сұрайды. Вася да жас бала болғандықтан "өтірік достығына" басып, әлгіге көмек береді, қылмысқа қатысы бар заттарды тыға бастайды. Дәл осы тұста оны қазақ полициясы тұсаулайды...
Ал осыдан кейін Вася қылмыскер ме, әлде, халық батыры ма? Вася бір емес, заңның бірнеше бабын бұзып жатыр: қылмыскерді жасыру, қылмыс туралы ресми органдарға хабарламау, қылмысты әшкерелейтін заттарды тығу, не жою, тағысын тағы. Өз елінде емес, мәдениеті, салты, заңы өзінікінен мүлдем басқа елде! Егер мен қазақ болсам, менің елімде Васялар бомба жарып жатса, мен не істеуім керек? Қаншама адамның қанын кешіріп, "Вася жас бала ғой, ақымақтық жасады" деп рахмет айтып, үйіне қайтаруым керек пе? Жоооқ, әр нәрсенің құны мен сұрауы болуы тиіс. Достоевскийдің "Қылмыс пен жазасы" осы болар. 
Не істеу керек дегенге қатысты айтайын енді.
1. Біздің ресми органдар, елшілік, консулдық Тәжіаяқовтың тағдырына бей-жай қарамауы тиіс. Түрмедегі жайына қатысты, денсаулығына қатысты үнемі ресми органдарды түртпектеп отыруы тиіс. Егер саяси жолы, реті келіп жатса, ана баланы Қазақстанға әкеліп түрмеге отырғызу мәселесін алдыға қою міндет. Әгәрәки АҚШ азаматтары елімізде қылмыс жасап, сотталып жатса, оларды Тәжіаяқовқа алмастыру мәселесін де ескеру қажет.
2. Қоғам болып сабақ алуымыз керек сияқты. Шетелге баласын оқытуға жіберіп жатқан ата-аналар мықтап сабақ алуы тиіс осыдан. Барған соң бала сабақ оқуы керек. Барған елдің заңдарын бұлжытпай орындау керек. Әкем бай, шешем бастық деген әңгімелер ол жақта көк тиын. Ел ішінде кең тараған бандиттік, пацандық менталитетті тастап, тыныш жүріп, есі дұрыс, оқу-білім іздеген адамдармен достасып, тәлім алуы керек. Тәжіаяқов сияқты балалардың 30 пайыз кінәсі өзінде болса, қалған жетпісі ата-анасы мен ортасы берген тәрбиенің кінәсі дер едім. 

Ойым осы.

(Айдос Сарымның фейсбуктегі парақшасынан)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322