Бразилия-Германия: бір қақпаға ойнады
Өз жерінде, өз алаңында футболдан әлем чемпионатын өткізіп жатқан Бразилия құрмасы жартылай финалда Германиядан 7-1 есебімен күйрей жеңілді. Ойынның 18-ші минутында Бразилия қақпасына 5 гол соғылды. Бейнелей айтқанда, екі команда жабылып бір қақпаға доп соғып ойнағандай әсер қалдырды. Сарапшылар футболда мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған деп жатыр.
Айта кетейік, шетінен футбол ойындарының жанкүйері болып табылатын Бразилия халқы әлемдік чемпионаттың елде өтуіне қарсылық танытқан еді. Қарсылық танытқандардың дені стадиондардың айналасында шерулетіп жүр. Енді мына есептен кейін олардың ашу-ызасы еселене түсері анық. Олимпиада ойындары болсын, өзге де ауқымды шараларды өткізу болсын қазіргі заманда қып-қызыл шығын ретінде есептеледі. Ең бай, төрт құбыласы түгел дейтін мемлекеттердің өзі осы күні «алты адамның» басын қосатын жиыннан бойын аулақ ұстауға тырысады. Мысалы ішкі жалпы өнімі 350 млрд доллар Норвегия мен жан басына шаққанда жылына 40 мың доллар тауып отырған Швеция (ІЖӨ 337 млрд) 2022 жылы өтетін қысқы олимпиада ойындарынан бас тартпақ. Алайда 2017 жылды эксполатып шығарып салатын Қазақстан ақ олимпиаданы өзінің «ауласында» өткізуге өзгеше құмар болып отыр.
Abai.kz