Жұма, 22 Қараша 2024
Сараптама 8337 0 пікір 27 Маусым, 2014 сағат 15:02

Билік пен килікте жүрген журналистер қауымының күні туралы диалог

28 маусым – Баспасөз күні. Жыл бойы әлеуметке қызмет қылатын журналистер қауымы туралы бұл күні не айтуға болады? Осындай сауалдың жетегімен белгілі ғалым-қаламгер Әбдірашит БӘКІР мырзаны әңгімеге шақырған едім.

 

–Әбдірашит мырза, «Өлмеген құлға әлі-ақ – жаз» дегендей, міне, жорналшы қауымның кәсіби мерекесі тағы бір айналып келіп қалды. Сіз де, негізгі кәсібіңіз философ бола тұра, бүгінде негізінен журналистиканы көбірек жағалаған жазарман атанып жүрсіз. Осы мереке сіз үшін «жетім қыздың тойындай» ғана бір дата сияқты емес пе? Өзінің тағайындалу мерзімі де беймағлұм бірдеңе – ай даладағы аузы-мұрыны жоқ ақ отау сияқты көрінбей ме?

– Шынымды айтсам, мен студенттік кезде құрылыс отрядтарына барған кезде, тамыз айының алғашқы жексенбісінде тойланатын құрылысшылардың кәсіби мерекесін әлі де ұмыта алмай жүрмін. Сол мереке маған қалғандарынан әлдеқайда жақын көрінеді де тұрады. Мүмкін, студенттерге әрбір мереке – «мереке» болған шығар.

Дегенмен, «құрылысшыларда» бір үлкен артықшылық бар: олар небір тамаша ғимараттар салып, өмірде әсемдікті туындатады! Осы ізгілікті жолда олардың барлығы тең − жоғары-төмені жоқ. Мен философ мамандығын алғандықтан болар, кейде «философтар күні де жақсылап тойланса екен...» деп қоямын... Бірақ солай деп ниеттенсем болғаны − көңілде небір күмәнді ойлар атой салады ғой: «Әй, сендер кімсіңдер? Қайсыбір даналығыңмен мойындатып едіңдер? Тойда не айтасыңдар?» дегендей... Сосын: «Жалпы, философтарға мереке қажет пе?» деп ойлаймын.

Шын философқа мерекелеуге, яғни − өзін «философ едім» деп, өзгеден ғана емес, өмірден бір сәт бөлектеуге еш болмайды. Себебі өмірден алшақтап кеткен, не болмаса философияны кәсіп көріп, оны «мерекеге» айналдырып алған философ – өлген философ. Ал «өлгенге» мерекенің қажеті қанша? Әрине, журналистика да соған ұқсас. Алайда олар адам жанының әсемдігімен қатар, өмірдің небір қырын күнделікті паш етеді. Олар − қоғам санасын құрушы құрылысшылар. Олардың философтардан айырмашылығы да сонда. Ендеше журналистерді төл мерекесінен ажыратуға болмайды. Себебі мұнда сабақтастықтың болуы маңызды. Соны үзіп алмау үшін де оларға кәсіби мереке − яғни, жыл сайын алған бағытты айқындап, жаңа мүмкіндіктерді саралап отыру қажет шығар. Ал философияға бұл мағынадағы сабақтастық аса қажет емес. Сондықтан нағыз философтардың өздерінің «төл мерекесінде» үнемі төбелесіп тарқасатынын талай көрдік қой...

– Негізінде осы кәсіби мереке күні ретінде қазақ баспасөзінің тарихына қатысты бір датаны таңдап алған жөн болмас па еді? Мәселен, «Дала уәләяті» немесе «Түркістан уәләяті» газеттерінің біріне байланыстырып, қазақ баспасөзінің тарихын өткен ғасырлардан бері тартса, біздің өткенімізге мұрынын шүйіре қарайтын басқаларға да ескерту сықпыты бола еді...

– Мүмкін. Бірақ кейінгі кезде біздің қоғам шамадан тыс «тарихиланып» бара жатқан жоқ па осы? Жалпы, тарихты орынды-орынсыз алға тарта беру – өздері тарихты жасай алмайтын әлсіздердің заманы деуге келеді. Енді ол – басқа әңгіме. Өзің де білесің, баяғыда туған күні жазылмаған ата-әжелердің туған күндерін не 1 қаңтарда, не 1 мамырда тойлап жататын едік қой. Меніңше, сол сияқты бұл мерекені қай уақытта өткізуді журналистер өзара дауысқа салып шешкені жөн сияқты. Бұл оларға аса қиынға соқпас деп ойлаймын.

– «Тарих» демекші, бұл күннің белгілену тарихын білесіз бе, Әбеке? Дәл осы күні, ұмытпасам, 1993–94 жылдардың бірі болуы керек, ел президенті тәуелсіз Қазақстанның «БАҚ туралы» заңына қол қойған еді.   Сол қабылданған заң да демократтық рухтағы, баспасөз бостандығына нағыз еркіндік берген заң болды. Кезінде, Алтынбек марқұм Сәрсенбаев министр болып тұрғанда, осы күнді «Баспасөз күні» деп жариялауға ұйтқы болған. Кейіннен бәрі өзгерді... Ақыры   заңға қол қойған күні Алтынбектің атына байланысты болып кетпесін деп, ол датаны маусымның соңғы жексенбісіне ауыстыртқан жандайшаптар шықты. Осылайша журналистердің күні тамыздың алғашқы жексенбісінде кәсіби мерекесін тойлайтын «Құрылысшылар күні» құрлы болмай қалды: «Мерекеміз қай күні еді?» деп, өз датасын айыра алмай, дал боп жүрген журналистер күні бүгінге дейін ортамызда жүр. Өз елінің, өз билігінің насихатын күйттейтін журналистерді тәлкек қылған бұл саясатты жәдігөйлік демегенде, не дейміз енді?

– Дегенмен, бұл саясаттың басқа да қисыны бар шығар. Әйтпесе «Қазақ» газетінің алғашқы саны шыққан күнді де «Баспасөз күні» деуге болмас па еді...

– Оның қисынын тереңнен іздеп, тіпті де шаршамаңыз, Әбеке! Оның қисыны сол – бүгінгі билікке қазақ журналистикасының қолбала болған жайы бар. Не көкісе – сонысын сөз еттіріп, елдің де, жорналшылардың да миын езіп тастады. Оның үстіне билік басының тікелей өзіне болмаса да, ондағы жеке тұлғаларға қатысты азу көрсетерлік қауһары қалмаған соң, бұ журналистер қауымын о билік итпісің-кісімісің десін бе?! Гәптің екінші басы журналистердің өзінен шығады. Маған салса, олардың өздеріне де сол керек: жүрсін солай – дөкейлер билеген дүниеде дал-дал дүбәрә боп!

Әбеке, одан да мынаны айтыңызшы: осы сіз мемлекеттік ресми басылымдарды оқисыз ба? Оны сұрап отырғаным: оған сарп еткен қайран уақытыңыз «жалко» емес пе дегенім ғой...

– «Ана тілі», «Қазақия» газеттерін, «Ақиқат» журналын жаздырып аламын. Қалған ресми газеттерге сайттар арқылы кіріп тұрамын. Онда да газетті шұқшиып оқымаймын. Тарихи-танымдық, не өзім білмейтін тұлғалар туралы материалдарды қараймын. Кейбір кезде «ресми газеттер кімді, нені мақтап жатыр екен» деген ракурспен оқимын. Өзім бір мақала жазарда осылай жасаймын. Себебі онда «мақтаймын деп мақтамен бауыздайтын» жағдай жиі кездеседі. Так что, жалко емес!

Сосын мен «ресми» деген атақты мемлекеттен қаржыландыратын басылымдардың не себептен «меншіктеп» алғанын түсінбеймін. Қаржы алғаны үшін бе? Болмаса «мемлекеттік тіркеуден» өткен барлық басылымдар «ресми» болуы тиіс емес пе?

– «Кім ақысын төлесе, сол – қызды құшақтайды» деген өңі өзгерген мәтел бар: өзінің сандырағын елге өткізу үшін, «мемлекеттік БАҚ» деген атау тағайындап, соларды асыранды етіп алған. «Хабардағы» Қазақстан» деген атау содан шығады...

Ал сіз қаламгер ғана емес, сонымен бірге ғалым ретінде айтар болсаңыз – бүгінгі қазақ журналистикасы қазақтың бітеу жараға айналған қотырын қаси алып жүр деп ойлайсыз ба? Мәселен, елдегі «қазақ мәселесі» биліктің қорасында отсыз-сусыз байланып қалған мәселе болған соң, әсіресе сол билікке бағынышты басылымдар осы тақырыпты тартынбай жазып жүргеніне дәлел келтіре аласыз ба?

– Қазіргі қазақ журналистикасында небір дүлділдер бар. Оларды халық біледі. Бірақ бізде тақырып немесе «мәселе плагиаттығы» өріс алған. Ол тақырып тапшылығынан туындайды. Себебі неде? Оған менің айтарым: журналистикада «информационный повод» деген ұғым бар. Ол – кез келген мәселеден оқырманды қызықтыратын түйін табу. Қазақша оны «сыни көзқарас» дегеннен гөрі «ілік іздеу» деген жөн сияқты. Міне, барлық мәселе сол – «ілік іздеуде» жатыр. Көп журналист «ілік» таба алмай әуре болады. Біреулер оны тіптен жаман қасиетке балайды. Біреулер «ілікті» көре тұра, айналып өтеді...

Неге? Егер осы сұраққа жауап тапсаңыз, онда өзіңіз қойған сұраққа жауап табарыңызға мен сенімдімін. Баяғыда ұстазымыз Ағын Қасымжанов айтушы еді: «Адамның басы қоқыс тастайтын жәшік емес» деп. Себебі бір-біріне байланыссыз ақпарат миға мейлінше көп құйылған сайын, мидың логикалық ойлау мүмкіндігі де әлсірей түседі екен. Ал логикадан ажырап қалған ой тиянақты бола алмайды. Сол сияқты қоғам да өзінің дамуында басты «логикасынан» ажырап қалса – тиянақты дамуға қол жеткізе алмайды. Ақпарат ағыны да осы заңдылыққа бағынады – алогикалық қоғамда бір мақсаттағы ақпараттық жүйе қалыптаспайды. Сондықтан қоғамдағы құбылыстарға сыни көзбен қарайтын «ілік іздеушілерді» − қоғамның көзін ашып, санасын түртіп, оятып отырушылар деп санау қажет те, «бәрі жақсы» деп ертегі айтушыларды − қоғамды «әлди-әлдимен» бесікке бөлеушілер десе болады. Ал ертегі мен шындықтың арасы жер мен көктей ғой. Әрі бесікке бөлене берген бала мешел болып қалатыны бесенеден белгілі жайт. Мәселен, мен кеше ғана ауылдан келдім. Онда нағыз «алогикалық» оқиғаға тап болдым − қызметі мен қоғамдық статусына сай заңды бұлжытпай сақтауы тиіс облыс көлемінде белгілі қайраткердің бизнесте заңды белден басып, ауылдың шарасыз шаруаларын сотқа жүгінуге дейін апарғанын, қарапайым халықты әбден ашындырғанын көзбен көріп, жиналысына қатысып қайттым... «Ресми» басылымдар осындай «алогиканы» неге көрмейді? Жиналыста біреуі қара көрсетпеді. Неге? Себебі «ілік іздеуден» қашады. Ал өзім танитын журналистерден мен астаналық Қуандық Шамақай, қазір ақтөбелік Өмірзақ Ақжігіт, алматылықтар Дәурен Қуат, Айдос Сарым, Бақыткүл Мәкімбай және қызылордалық Жеткер Жүсіп және бірқатар азаматтардың «железный логикасын» атап өтер едім.

– Дұрыс айтасыз – сіздің «ілігіңіздің» газет тілінде екінші атауы бар: оны «сары жағалдық» (орысшасы – желтизна) деп атайды. Қандай басылым болсын, ол биліктің газеті болса да, жон арқасында аздаған жағал болуы керек. Онсыз БАҚ атаулы тым «құрғақ» болып кетеді, ал құрғақ дүние тұтқыр болатынын білесіз.

Ал енді мына жағдайға ой жүгіртіп көріңізші: Еуразиялық экономикалық одақ мәселесіне қатысты жарияланымдар мемлекеттік басылымдар мен тәуелсіз газеттерде қарама-қайшы үрдісте өрбігенін өз көзіңіз көрді. Тіпті өзін «ел газеті» санайтын «Егемен Қазақстанның» өзі осы одаққа қарсылардың ләм-мим пікірін бере алмады. Осындай екі ұдай жағдайды сіз қалай бағалайсыз?

– Бұл өте күрделі сұрақ. Еуразиялық экономикалық одақ өзіне дейінгі Кедендік одақтың табиғи жалғасы екенін бәрі де біледі. Сонымен қатар Кедендік одақтан залалдан басқа ештеңе таппағанымызды да бәрі біледі. Соны ғылыми түрде дәлелдеп беруге тырысқан тәуелсіз басылымдар мен авторларды елемеу – олардың келтірген дәлелін іштей мойындау деп санаймын. Болмаса ашық түрде оларға қарсы өз дәлелдерін айтуға кім кедергі болды? Олар тіптен, «бұл одақтың тиімділігін халыққа жеткізе түсіндіру қажет» деген талабын да орындаудан бас тартты. Сол кезде осылардың орнында болсам, былай дер едім: «Еуразиялық экономикалық одаққа ену арқылы біз ресейлік кейбір күштер тарапынан ұйымдастырылуы мүмкін болатын Украинадағыдай жағдайдан құтылдық. Енді бұл одақты біз өзіміздің ұлттық мүдделермен алаңсыз айналысуға кепіл болатын тетікке айналдыруға ұмтыламыз. Осы мақсатта ұлттық бірігуді күшейте түсеміз. Біз өз тәуелсіздігіміз бен ұлттық бірегейлігімізді одақ аясында бұрынғыдан бетер қарқынды жүргізе бастаймыз. Теңдік пен достықты алға тарта отырып, мәдениетіміз бен тілімізді дамытуға сенімді кірісеміз. Экономикалық тәуелсіздікті нығайта береміз».

Олай деп ешкім айтпады. Мен де айтпас едім, себебі мен бұл одақты әлі де жасанды құрылым санаймын. Егер біздің билік менің көзқарасымды түбегейлі өзгертіп, жағдайды түзеп кетсе – алдымен мен қуанатын боламын. Бірақ мен айтпақшы болған істі коррупцияны шектей отырып, заңның үстемдігін сақтай отырып, дұрыс экономикалық тетіктермен әлдеқашан жүзеге асыруға болар еді. Олай болған жоқ, сол өкінішті. Оның үстіне ондай шындықты айту үшін кімге де болса алдымен «ұрандататын достық» пен «шынайы достық» дегендердің арасын ажыратып алу керек. «Ұрандаудан» жалыққан халықтың көбі әлі де одаққа сенімсіздікпен қарап отыр. Ол туралы деректі кеше ғана «Қазақ үні» газетінің сайты жүргізген сауалнамадан көрдім, дауыс берушілердің 70-тен астам пайызы Одақтың құрылуын қателік деп біледі екен. Енді ше – Украинадағы жағдай көз алдымызда өтіп жатыр ғой, әлі де тұрақтала қойған жоқ...

– Бұл арада сол мемлекеттік БАҚ-та қызмет қылып жүрген қазақ журналистерінің азаматтық ұстанымы (немесе ол ұстанымның жоқтығы мен солқылдақтығы) кезектегі басты мәселе болса керек. Мысалы, Украинадағы жағдайға байланысты жалған ақпарат таратып, ұлыорыстық шовинизнің шекпенінен шыға алмаған «Россия тудей» телеарнасының бірнеше журналисі тікелей эфир кезінде қызметтерінен кететінін мәлімдеп, жұмыстан шығып кетті. Бұл – жұмыссыздық мәселесі ушығып тұрған АҚШ-та болған жағдай. Ал бізде осындай азаматтық ұстанымын танытып, биліктің сыңаржақ саясатына наразылық білдірген бір қазақ журналисін есіңізге түсіріп көріңізші?

– Неге олай ойлайсыз? Мәселен, кейбір ресми аталып жүрген басылымдарда Еуразиялық экономикалық одақ пен Тәуелсіздік мәселесі тұрғысында әртүрлі пікірталас ұйымдастырылды. Онда бұл мәселе бүге-шігесіне дейін талқыланды да. Ендеше, ресми басылым тек бірнеше газетпен шектеліп қалмайды деп санау керек шығар. Сонымен қатар ФБ-тағы досымыз Дина Түлекова өз постында былай деп жазыпты: «Экспромт. Еуразиялық одаққа қарсылық таныттым. Басқа – басқа, бірақ тура осы жолы ЕО-ты өтірік көлгірсіп, мақтап, репортаж әзірлегім келмеді. Ішкі қалауым сол болды. Өзім 20 жыл бойы аузым тынбай «жырлаған» президентке осы одақтың авторы болғаны үшін де реніш білдірдім. Бұрыннан «оппозициямен сыбайлас» деп сыртымнан сыпсыңдап, жалған айтып жүргендердің сөзін расқа айналдырып, жалғанды жалпағынан басып, ішімде тығылған талай дүниені желіде өздеріңізге армансыз ақтардым. Содан не керек, жұмыстан кеттім...». Бұл не – көзсіз тәуекел ме, әлде саналы ерлік пе?

– Мен Дина қарындасымның бұл ерлігін естімеген екенмін. Енді тәнтімін: «Жарайсың, Динажан! Ел мен жұрт дегенде ойы мығым, ұстанымы ұлтқа сай адамға жұмыс табылады: ондай бұралқы БАҚ-тан кеткенің жөн болған екен» дегім келіп отыр.

Бұл ретте дәл осы сарындас тағы бір сұрақ туындайды: «қазақ мәселесі» туралы айтқанда, қазақ интеллигенциясы да «аузын буған өгізге» айналды. Жуықта біздің газетке сұхбат берген танымал ғалым Қанағат Жүкешев бұл жағдайды бүгінгі интеллигенцияның «ауылдан шыққан» синдромына байланыстырды. Ғалымның сол пікірін бір ауыз сөзбен айтар болсақ: ауылдан шыққан бүгінгі зиялы елге тұтқа бола алмайтын сияқты. Бір қызығы – «олай емес» деп, біздің газетке телефон шалған тым құрығанда бір зиялы болмады. Соған қарағанда, Қанағат аға сол «өгіздікке» айнымас диагноз қойған сияқты ғой...

– Қанағат ағаны рухани тұрғыдан ұстаз тұтамын. Көп нәрсеге көзімді ашып келеді. Бірақ аздаған ғана азат ойлы ақпарат көздерінен кесек-кесек сөздер айтушылар кім? Түгелге жуығы ауылдан шыққандар емес пе? Ендеше ауылдан шыққан интеллигенцияны басыбүтін «өгіздікке» қимаймын. «Ауыл синдромы» жалтақ интеллигенцияны туындатудың басты себебі бола алмайды. Өйткені біз «ауыл синдромын» шындық деп қабылдауымыз қажет. Сонымен қатар қазақтың өзін ауылдық резервацияда ұстауды, сол арқылы тежеуді, дамуын шектеуді де шындық деп қабылдауға тиістіміз. Сонда бәленің бәрін ауылға жаба салмайтын боламыз.

Меніңше, қазақ зиялылығының «ауыл синдромынан» құтылу заманы енді ғана басталып келе жатқан сыңайлы. Бұл әлі де ұзаққа жалғасуы мүмкін. Себебі оған мүдделі фактор – коррупциялық-кландық жүйе әлі де күшінде. Кінәні алдымен сол жақтан іздеу керек. Сондықтан мен «Абай.кз» сайтында жарияланған «Оян, қазақ, мәңгілік ұйқыдан» атты мақаламда «бізді демографиялық секіріс» құтқарады деп шарасыздықтан жаздым. Орта неғұрлым қазақылана түскен сайын, оның зиялылары да ортақ мүдде үшін қызмет етуді күшейте береді деп үміттенемін. Ол кезде мақсат ортақтығы қазақтың бұрыннан қауымдасып өмір сүру принциптерін оята келе, қазақ зиялылығын қазіргі шашыраңқы күйден, бойкүйездік пен жалғандықтан арылтып, жұдырықтай жұмылдыра бастайды. Ал қазақтың қауымдасып өмір сүру принциптері, негізінен, елді әділдік пен өрлікке тәрбиелеген. Қазақтың «жігіт», «ақсақал», «азамат» ұғымдарының мәнісін осындай мағыналар толықтыратыны бекер емес.

– Бұл пікіріңізді мойындаймын. Бірақ мен Қанағат ағаның «жағында» қалам... Бүгінде жекелеген сарапшылар қазіргі қазақ журналистикасын тұралаған жерінен, зиялы қауымды ұйқысынан тұрғызу үшін, кезіндегі кеңестік «қайта құру» сияқты саясат қажет дейді. Қоғамдағы саяси билік өзгермейінше, оның жетегінде желіп жүрген журналистика да жөнделіп кетпейді екен... Осы ретте сіз қандай пікір айтар едіңіз?

– Онда оның цензурасына да қайта оралайық... Әрмен кетсін! Онсыз да қазір цензура күшейе бастады. Дегенмен, сіздің айтқаныңызды «қайта оралудың алды» деп санауға болады екен. Бірақ мәселе онда емес, мәселенің ең маңыздысы – журналистердің «ішкі цензурасының» қалыптасуында жатыр. Ондай жағдай орнағанда, журналист өзінің әр сөзіне үлкен жауапкершілікпен, ұлттық деңгейдегі мағынамен қарауға үйренеді. Бұл қоғамда шынайы демократия орнауымен қатар өрбиді және сонда ғана іске аса бастайды. Онымен қатар ол кезде қоғамның әрбір азаматының сана-сезімінде шынайы түрдегі «Отан», «Ел мен Жер», «Халқым» және т.с.с. ұғымдардың бой көтеруі қарқын алады. Осы екеуі біріккенде – мемлекет пен тәуелсіздікті қорғаудың берік қалқаны пайда болады. Қазіргі журналистика ресми деңгейде тек қызмет түрі болса, ол кезде бұл – журналистің табиғи болмысы болмақ. Сондықтан мен қазіргі журналистерді жан-жақты біліммен қарулануға шақырамын. Қалам жүйріктігі ой тереңдігімен ұштасқанда – «жетекке жүргіштіктен» жетектегіш күшке айналарымыз хақ.

– Әбеке, дегенмен, сіз «саяси биліктің өзгеру қажеттігі» жөніндегі сауалдан жалтарып кеттіңіз. Сона-а-ау кеңестік кезде «Яблоко раздора» деген фильм болған. Сол кинода бір колхоздың төрағасы өз шаруашылығымның көлемінде коммунизм орнатам деп, бүкіл алқапқа алма егіп тастайды. Күзде жинаған алмасы мол болғаны соншалық, оны сақтайтын жер таппай, өзінің кабинетіне дейін төктіреді. Ақыры сол өнімнің барлығы шіріп кетеді. Кеңестік заманның өзінде батыл ой білдірген сол фильмнің желісімен айтар болсақ, жеке бір ауылда немесе салада «коммунизм орнату» мүмкін емес. Сол сияқты жалаңаш ұлттық ұстаныммен журналистиканы жарылқап тастаймын деу де – бос қиялдың қисыны болады. Қоғам және сол қоғамдағы саяси билік түбірімен өзгермейінше, журналистика да, сантехника да, басқа да оңалмайды. Менің сұрамағым – осы ой болған-ды.

Дегенмен, оқасы жоқ, Әбеке, бәлкім, мен қателесетін шығармын. Ал бүгін-ертең БАҚ беттерінде биылғы жылғы кәсіптік мейрамның билік тағайындаған лауреаттары атала бастайды. Олардың кейбірін қара қазақ түгілі, ақпарат әлемінің құрт-майын езіп ішіп жүрген сіз бен біздің танымайтынымызға күмәніңіз болмасын. Егер сізге нағыз журналистерді атау мүмкіндігі берілсе, сіздің қалауыңыздағы лауреаттар кім болар еді?

– Егер маған салса, онда өзім жоғарыда атап өткен журналистерді кезекпен-кезек марапаттай бастар едім. Биылғы кезекті журналист Дина Түлековаға беремін!

– Бәрекелді! Сіздің бір «сыйлығыңызды» екіге бөліп, жартысын Дәурен Қуатқа да берсек қалай болады?

– Дауым жоқ: «Абай.кз»-ны елге танытқан Дәурен – «менің лауреаттығыма» лайық журналист.

– Ендеше Динаның да, Дәуреннің де, билік пен килікте жүрген басқа журналист қауымының да кәсіби мерекесі құтты болсын!

Ермұрат БАПИ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 25 (249) от 26 июня 2014 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321