Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5953 0 пікір 19 Маусым, 2014 сағат 11:28

Тұрсын Жұртбай. «ЕЛІҢДІ СЫЙЛАУДЫ ТАЛАП ЕТ!..» (жалғасы)

Мұндағы бірлік  – «малға бірлік емесс» (Абай), рухани бірлік. Ал рухани бірліктің ұйытқысы – төртінші және киелі идея – тіл, дін, діл тәуелсіздігі. Осы үштік тоғыстың тұтастығы үшін «Мәңгілік ел» ұстынында   «түрк елін сыйлауды талап етті», сол үшін түрк жұртының “басын идiрiп, тiзесiн бүктiрмедi...». Өйткені  “Тәңiр жарылқады». Елдіктің – елдік кепілі – Рухани азаттық.   Бұл кесірге ұшыратқандар «түрк бектері атын жоғалтып, табғаш бектерінің атын, табғаш атын тұтынғандар», солардың сатымсақтығының, Абай айтқандай, “Қолына алып, Пәле салып, аңдығаны өз елi” болған “төрден үрген итке ұқсағандардың” салдарынан, тағы да «түркі халқы елдігін жойды,» «бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды».

Рухани азаттыққа   қарсы тұру – өз бақытына, өз елiне, өзiңнің рухына қол салу. Бұл үш тоғыс – “мәңгiлiк ел” нысанасының ең басты киелі қасиеті. Сондықтан да оған ешкімнің сұғын қадауға, сұғына килігуіне, сұқ саусағын сұғуға қақысы жоқ! Біртұтас алаш идеясында да тәуелсіз  мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі анық салтанат құруы тиіс. Х.Досмхамедов айтқан «ұлттық мәдениет үстемдігі» дегеніміздің мағынасы да осы мәңгі тасқа қашалған «түркі елін (алаш жұртын) сыйлауды талап ету», сол үшін түркі жұртының “басын идiрмеу, тiзесiн бүктiрмеу...» (рухани тәуелді етпеу), “Тәңiрі жарылқау» (дінін сақтау) деген ұстаным. Осы үстемдік «Мәңгілік ел» ұстанымда сақтала ма, жоқ па?

Біз тіл мәселесін әу баста  «түркі елін (алаш жұртын, қазақ тілін) сыйлауды талап етудің» құралына айналдырмай,  саясасаттандырып алдық.  Бүгінгі ұлтшыл деп жүрген адамдарымыз ол кезде өзінің ұзақты ойлай алмайтындығын байқатты. Яғни «белсенді коммунистен» белсенді ұлтшыл шықпады. Мен бір-ақ нәрсе айтайын. 92-ші жылы бірінші Конституция қабылданған кезде қазақ тіліне бүгіннен бастап кірісу керек деді. Кірісіп кетуге болатын еді. Үлкен қайшылықтар да туындауы мүмкін еді. Бірақ қиналып барып жеңетін едік. Сол кезде Олжас Сүлейменов айтты: «Жоқ, бұл нәрсені ойланайық. 1949 жылы қабылданған халықаралық келісім бар. “Отарлаудан босанған елдерге өз тілін игеру үшін 10 жыл мүмкіндік берілсін” деген. 1949 жылы Израилға 10 жыл берілді. Иврит деген тіл – өлі тіл болатын. Олар бір жылдың ішінде мемлекеттік тілде сөйлеп шыға келді. Біз де он жыл уақыт берейік. Он жылдан кейін қазақ тіліне бәленбай күні, бәленбай сағатта көшеміз. Ол күні бүгінгі бірінші сыныпқа барған бала оныншы сыныпты бітіреді. Ертең ол қазақ тілінсіз күн көре алмайтынын біледі. Бүгінгі отыз жастағы адам қырыққа келеді, мемлекет ісіне араласады. Елу жастағы адам зейнетке шығады. Оған мемлекеттік тілдің онша керегі жоқ. Біз осылай шешейік” – деген еді. Ойпырмай, “Олжас дегенің – орысшыл, сатып кетті”– деп «қағаз жолбарыстың» бәрі жамырады. Мен, Олжас ағаға барып: «Мұныңыз не?»  – деп сұрап едім... “Бұл нәрсе осы бетімен кетсе, енді жиырма жылдан кейін де Қазақстанда қазақ тілі жалпыға ортақ мемлекеттік тіл болмайды. Өйткені, онда тіл саясатқа айналып кетеді. Ал саясатта ешқандай нақты шешім болмайды. Бүгінгі айтып жатқандар айта берсін, негізі солай болғаны тиімді. Мен дүние жүзін аралап жүрмін, білемін ғой. Әлемдік саясатты пайдалануымыз керек”,– деді. Құрып кеткенде, соған ие бола алмай қалдық. Саясат өзінің  түпкі шешіміне сендіру керек. Онсыз саясат «қу тілмен қулық сауғанның» (Абай) кәсібі ғана болып қалады. Ал біз, міне, ширек ғасыр болды, тіл саясатын жылдан-жылға суалған сиырдың желіні сияқты «қу сөзбен сауып келеміз». Осыдан кейін саясатқа қандай сенім болмақ? 

Ал ертеңгі күні не күтіп тұр, бір Аллаға ғана аян.  Қырым оқиғасынан кейін бойымыз түршігіп қалды. Мемлекетаралық  ұлттық саясат  тұрақты, өтімді, пайымды болса керек еді. Ал имериялық өктем де озбыр пиғыл арандатумен аранын аралап отыр. Ал енді  біздегі казактар Қазақстанда «өз армиямызды құрамыз», орыстар: «орыстардың партиясын құрамыз» деп шапқылап жүр. Осы ретте қазақ ойының қормалы Айталы оқымыстының мына пікірін назарға іліктіре кетейін:

«Мәселе, Австралия одағы туралы болып отыр. Австралия мен Қазақстанның тарихы әр түрлі болғанымен, оларды көп ұлттылығы жақындатады. Австралияның негізгі халқы Еуропадан, Америкадан қоныс аударға ағылшын тілділер, оларды австралиялықтар деп толық айтуға болады, өздеріне тән құндылықтары, өмір салты, мінез-құлқы, мәдениеті қалыптасқан. Бертін келе, ХХ ғасырдың 70-жылдары демографиялық дағдарыс және экономиканың дамуы шетелдің жұмыс күшін пайдалануды талап етті. Австралияға ағылып арабтар, вьетнамдықтар, қытайлықтар, басқалар қоныс аудара бастады. Оларға қойылатын басты талап – Конституцияны мойындау, ағылшын тілінде сөйлеу. Қоныс аударушылардың мәселелеріне байланысты мемлекет қыруар қаржы бөлді: ұлттық тілдерде кітапхана, мектеп, БАҚ жұмыс істеді. Бүгін Австралияда радио 68 тілде, ледидар 60 тілде хабар таратады. Бұл азөдық етіп, диаспораларға парламентте, үкіметте, оқу орындарында квота бөлінді, диаспора кәсіпкерлеріне салықтардан жеңілдік берілді. Австралияға қоныс аударушылардың саны одан сайын көбейді. Енді бюджет оларға деген шығында көтере алмайтын жағдайға жетті. Елде қылмыс көбейді және ол этностық сипат алды: вьетнамдықтар геройин сатумен, арабтар әйелдерді сатумен айналысса, қытайлықтар мемлекеттегі лауазымды қызметтегілермен ауыз жаласып, қылмыстық топтар құрды. Сонымен бұл ұлттық саясатқа елдің басым көпшілігі қарсы болды, себебі, бірте-бірте байырғы еуропалықтарн шеттетіле бастады, елді сенімсіздік пен күдік жайлады, ал диаспоралар Австралия мемлекетінің тұтастығын ұмытып, өзара бәсекелестікке түсті» («Егемен Қазақстан», 19 сәуір, 2008 жыл).

«Мәңгілік ел» ұстанымын жүзеге асырамыз және соның ұйытқысы алаштың аманатын адал жүзеге асырамыз десек, Айталы дегдарды алаңдатып отырған қос өкіметтік саяси құрылым, Қазақстан жағдайында халқы ассамблеясын өзінің «мәдени орталық» деңгейіндегі орынына қоймай, қазақ қоғамында тыныштық болмайды. Халық ассамблеясы жалған ғылым, жалған идеология, жалған насихатты дамытып отыр. Қазіргі кезде қоғамдық пікірді мысымен емес, пысымен басып, наразылық пен кірбің қабақ етіп, алаңдаушылық тудырып отырған осы ассамблея «толеранттық» дегенді бетіне бүркеу емес, шіркеу етіп, әр түрлі деңгейдегі саяси науқандарды белсене ұйымдастырып, мемлекет құрушы ұлттың төзімін (толерантность) егеп келеді. «Ел бірлігі» доктринасындағы қазақты этностың қатарында болса да атап өтпей, «қазақстандық ұлт жасаймыз» дегені не масқара? Америкалық үлгідегі ұлт жасау үшін байырғы үндістердің кебін құштырып,   бүгінде Қазақстанның халқының 77 пайызын құрап отырған қазақтарды қырып тастау керек пе. Осыдан біраз бұрын Амангелді Айталы ағамыз айтқандай, халық ассамблеясы 5-6 жылда емес, парламентке дербес депутат сайлау арқылы билік басына бүгін шығып алды. Неге мемлекет оларды басқару аппаратымен бірге бюджеттен қаржыландырып отыр? Неге ол қоғамдық бірлестік бола тұра, мемлекеттік идеологияға  араласып, Қазақстанның болашағын анықтайды? Неге ұлттық мүддені қозғайтын  доктриналар немесе әлдебір үлкен саяси науқан «Нұр отаннан» бұрын   әуелі халық конгресінде талқыланады. Сонда мемлекет құрушы ұлттың  өкілдерінің  дауыс беру құқын қамтамасыз ететін баламалы саяси ұйым қайда, партия құру керек пе?    Мұның басты себебі не және қайдан басталды дейсіз бе? Ашық айтайын, ол – ұлттық-азаттық бағытты ұстанған алғашқы мәжіліс депутаттарын таратып, соның орынына келген «Ли көкем»: «Сенің жауың – өз ұлтың, сенің досың – біз» деген ұранды ұстанған және оны санаға сіңірген, сөйтіп, бүгінгі күнде  билік жүргізіп отырған Халық ассамблеясының құрылуынан басталды. «Халық ассамблеясы өмір сүріп отырғанда қазақ ұлты толық рухани бостандыққа жетпейді» – деп осыдан бес жыл бұрынғы «халықтық доктрина» мен дін туралы заңның алғашқы жобасы дайындалған тұста айтқан едім. Сонда менің бір сенатор және екі депутат досым маған «Тұрсын Асанқайғы» деп атақ тағып еді.

Міне, барлық күдік пен кәдік осыдан туып отыр. Олар өзімен өзі тегін кетпейді, солардың шылауына ерген, Шәмшіге емес, «Битлзге» Көктөбеден ескерткіш қойған, Алматыны – Алма-атаға өзгертуге өзеуреген, Қазақстанда  мұсылман дінін насихаттамау туралы баспасөз құралдарына нұсқау берген «рухы шоқынғандар», «төрден үрген ит» құсап «федеральдатып»,  «конгрестетіп»   шыға келмей ме. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім», – деп Сара ақын айтқандай, бұған келгенде менің де үнім шықпай қалады.

Осындай ырықсыз ықпалдың кесірінен қазір біздің діліміз: қала мен дала қазақтары, дәулеттілер мен дәулетсіздер және шала қазақтар боп үшке бөлініп кетті. Дәстүрсіз ұрпақ қалыптасты. Сағыз шайнап отырып емтихан тапсырады. Ал, бұрыш-бұрышта емес, тура дәлізде: екі бұтын ашып жіберіп, жақтауға шалқая қалатын қыздар мен оның екі бұтынын арасына аяғын тығып жіберіп, күйлеп жатқан ұлдардың бес-алтауын өзім ажыратқаным үшін, бұл әңгіменің ақыры әке-шешесінің араласуымен аяқталған еді. Сонда шешесі қызының көзінше: «Ну, что же...» – дегені бар. Ақырында, мұны әкесі түсініп, қызына да, әйеліне де тиым салып, тындым етті. Иә, ұсақ мәселе. Бірақ көргенсіз мәселе. Қазіргі ұрпақтың санасын жаулап бара жатқан рухани індеттің, «Күлтегін» жазуындағы: «Тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатты. Жақын қонып, сосын (олардан) әдепсіз қылықтарды үйрендің...» – деген салындылықтың нақ өзі. Ол – ар, ұятқа, дәстүрге қарсы «індет» емес, «қазақ» деген сөзге жиіркенте қарататын мерез.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттік мекемелердің қолданымынан шеттетіліп отыр. Қазақ мектептерінің оқушылары орыс тілінде қабырға газетін шығарады. Орыс тілін үйрену үшін немеремізді қазақ балабақшасына беретін болдық. Демек, қазақ мектептерінде, бастауыш қазақ сыныптарында ұлттың мәйегі ұйымаған. Кезінде, осыдан жиырма бес жыл бұрын Ә.Әлімжанов: «Ей, Тұрсын! Сен қазақты рушылдығы құртады дейсің. Ал мен осы: «орыс тілді қазақ, қазақ тілді қазақ» боп бөліне ме деп қорқамын. Қала даланы жұтып қояды. Сонда ұлтсыздықтың көкесі басталады», – деп еді. Дегдарым-ай, сол күдігің – күдік күйінше қалмай, шындыққа айналып бара жатыр ма, мен соның куәсі болып отырған жоқпын ба. Мәдени тексіздікке ұшырап кеткен жоқпыз ба? – деп қамығамын. Шағынып отырғамын жоқ, қорланып отырмын.

Мысалы, Астанадағы мен тұратын орамда бір мың жанұя тұратын болсақ, соның 999-ы қазақ. Бірақ ауладағы ойын алаңында екі-үш үйдің балаларынан  басқалары қазақша сөйлемейді. Немересімен бірге мыж-мыж болған кемпір мен шалдар қоса шүлдірлесіп жүреді. Тым болмаса, не «кәлимаға», не «спаси наш отчьимға» тілі толық келсеші.  «Түркі жұрты, аздың, тоздың, бір тойсаң аштықтың қадірін білмейсің, ұмышақсың ғой сен» деген Иоллық тегіннің назасы да сондай күйініштен туғаны анық. Әнуар Әлімжанов ағамыз айтқандай, дала мен қаланың баласы  тіл табыса алмайтын күйге жетті. 

Жерге, тілге, дінге  ие болмаған соң діліміз бұзылды. «Саудасы – ар мен иманы» – деп Абай айтқандай, дін – саясат пен бизнестің құралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отыр (Жаңа заң жобасы солай деуге негіз қалайды). Мұсылман дінін насихаттамау туралы нұсқау шығыпты. Әй, мұндай нұсқауды кім берді? Ондай идеологияны басқарып отырған кім? Әрине... Біздің ислами фундаментализге қарсы күресіміз, жігіттің бес тал сақалымен, жіліншігіне көтерілген шалбардың балағымен, қыздардың шәші мен балтырын  жапқан қапамен шектеледі. «Көргенсіз ұл әкесінің сақалымен, шешесінің етегімен алысады» дегенді мемлекеттік тиым саятына айналдырды деген осы емес пе. Әдепті сақтауға мәжбүр еткіміз келсе, онда шалқайса – кіндігі, еңкейсе – таңы көрінетін, қарауға көз ұялатын әдепсіздікке неге заң арқылы тиым салмаймыз?!. 

Осындай жөнсіз жосық көрсетуімен мемлекет – өз ұлтынан ажырай бастады. Халық пен мемлекет екеуінің ойы да, жолы екі басқа. Енді ол екі жолдың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам.  «Кітап шығарудың қажеті қанша. Оны кім оқиды. Электрондық нұсқа бар» – дейтін ақпарат министрі мен ректорлар пайда болып, кітаптың өзінен жерінген «ағартушылар» оқу-ағарту саласына вирус боп кіріп кеткен заманда, үміттенудің өзі күпірлік сияқты. Егер қоғамның дамуы осы бетімен кете берсе, күні ертең біз алыс-жақынымызға арналған  «Құранды» да орыс тілінде оқыттыратыншығармыз. Онда сол тілмен, ділмен, дінмен бірге «Мәңгілік ел» ұстанымы да әдірә қалады.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394