Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4970 0 пікір 6 Мамыр, 2010 сағат 12:56

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ХАТТАРЫ

Жуырда "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша "Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы" атты екi томдық кiтап жарық көрдi. Бұл рухани қазына негiзiнен Шоқайдың қуғында, алыс шет елдерде жүрiп мұраттас серiктестерiмен жазысқан хаттарынан тұрады. Олардың арасында эмиграциядағы әзiрбайжан, татар, башқұрт, өзбек, ұйғыр, Кавказ халықтары өкiлдерiнiң жетекшiлерi Аяз Исхаки, Заки Валиди, Әбдулуақаб Оқтай, Тахир Шағатай, Мәжидаддин Делил, Юсуф Ақшора, Алимардан Топчибаши т.б. көптеген тұлғалардың хаттары бар. Елу баспа табақтай көлемдегi екi томдыққа 276 хат берiлген. Оның түпнұсқалары негiзiнен шағатай және орыс тiлдерiнде. Атап айтқанда: 151-i шағатай, 99-ы орыс, 7-i ағылшын, 13-i француз тiлiнде. Хаттар түгел қазiргi қазақ тiлiне аударылды. Бұл орайда кiмдердiң еңбек еткендiгi туралы құрастырушы Ғазиза Исахан алғысөздiк мақаласында арнайы атап көрсетедi.

Оқырман қауым Мұстафа Шоқайдың бұл мұралары әлi күнге дейiн қалайша жарияланбай келген деп ойлауы мүмкiн. Бұған басты себеп көзден таса, елден жырақ жатқандығында едi.

Жуырда "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша "Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы" атты екi томдық кiтап жарық көрдi. Бұл рухани қазына негiзiнен Шоқайдың қуғында, алыс шет елдерде жүрiп мұраттас серiктестерiмен жазысқан хаттарынан тұрады. Олардың арасында эмиграциядағы әзiрбайжан, татар, башқұрт, өзбек, ұйғыр, Кавказ халықтары өкiлдерiнiң жетекшiлерi Аяз Исхаки, Заки Валиди, Әбдулуақаб Оқтай, Тахир Шағатай, Мәжидаддин Делил, Юсуф Ақшора, Алимардан Топчибаши т.б. көптеген тұлғалардың хаттары бар. Елу баспа табақтай көлемдегi екi томдыққа 276 хат берiлген. Оның түпнұсқалары негiзiнен шағатай және орыс тiлдерiнде. Атап айтқанда: 151-i шағатай, 99-ы орыс, 7-i ағылшын, 13-i француз тiлiнде. Хаттар түгел қазiргi қазақ тiлiне аударылды. Бұл орайда кiмдердiң еңбек еткендiгi туралы құрастырушы Ғазиза Исахан алғысөздiк мақаласында арнайы атап көрсетедi.

Оқырман қауым Мұстафа Шоқайдың бұл мұралары әлi күнге дейiн қалайша жарияланбай келген деп ойлауы мүмкiн. Бұған басты себеп көзден таса, елден жырақ жатқандығында едi.
2001 жылы елiмiз егемендiгiнiң он жылдығы тойланып жатқан күндерi бүкiл түркi әлемiне мәшһүр қайраткердiң алты мың парақтан астам мұрағаттық қоры Франциядан өз Отанына оралды... Бiрақ, әрине, түпнұсқалары емес, көшiрмелерi. Онда да мемлекетаралық мәмiле, келiссөздер арқылы ғана қол жеткiзiлген дүние. Бұл рухани құндылығымызды елге әкелуде сол кезгi үкiмет басшысы, мемлекет қайраткерi И.Тасмағамбетовтiң атқарған рөлi айрықша. Сонымен қатар Қазақстанның Франциядағы елшiсi А.Х.Арыстанбекова, мұрағатшылар өкiлi, мұрағат комитетiнiң бас маманы Г.Исахан да елеулi еңбек сiңiргенiн айта кету лазым. Шоқайдың шет елдегi бұл мұрасы өз Отанына шағын фильмдер (микрофильм), компьютерлiк кассеталар (бобиналар) түрiнде жеттi. Құжаттық микрофильмдерiн жасаған Францияның Нейи-сюр-Марн қаласындағы Инженерлiк жұмыстар және микрофильмдер өндiрiсi компанясы.
Мұстафа Шоқайдың 1922 - 1941 жылдар аралығындағы хаттары мен жазбаларын, кiтаптарын жұбайы Мария Яковлевна Горина-Шоқай 1953 жылы Франциядағы "Жаңа Сорбонна-Париж III" университетi кiтапханасына, дәлiрек айтқанда, осы университетке қарасты Шығыс тiлдерi мен өркениеттерi институтының университетаралық кiтапханасына тапсырған екен. Бұл туралы сол жылы "Мiлли Түркiстан" атты эмигранттық журналға "Мұстафа Шоқайдың архивi мен кiтаптары" деген тақырыппен мақала да жарияланыпты. Оның авторы кезiнде "Яш Түркiстан" журналының жауапты хатшысы болған Әбдулуақаб Оқтай. Әйтсе де Мұстафа Шоқайдың шетелдегi бұл мұрағат қоры көп жылға дейiн зерттеушiлерге беймәлiм күйiнде қалып келген. Тек жиырма бес жылдан соң барып шетелдiк ғалымдар назарын аудара бастаған. Бұл туралы кiтап алғысөзiнде тарих ғылымдарының докторы Көшiм Есмағамбетов былай деп жазады: "Ширек ғасырдан кейiн ғана осы мақаланы (Оқтайдың мақаласын) ұшырастырған Нью-Орлеан университетiнiң (АҚШ) профессоры Э.Лазеррини М.Шоқайдың мұрағаттық қорын толық жүйелеп, ондағы құнды құжаттар мен деректердiң ғылыми айналымға қосылуына жағдай жасайды. Бұл жөнiнде ғалым француздың "Кайэ дю монд рус э совьетик" журналында "Мұстафа Шоқай бейдiң мұрағаты" деген мақала жариялайды. Американдық ғалымның осы мақаласынан кейiн шет елдегi Шоқай мұрасы туралы там-тұмдап әңгiме қозғала бастаған. Бiрақ бұл тақырып бiз үшiн күнi кешеге дейiн жабық боп келдi. Тек егемендiк алғаннан соң, онда да он жыл уақытты алға салып барып жол ашылды. Бұл мұраның белгiлi бiр бөлiгi кiтап түрiнде оқырмандар қолына тигенше де он жылға тарта уақыт өтiп кеттi. Бұған түрлi себептер бар едi. Соның ең бастысы, Қазақстанда шағатай тiлiн қолжазбадан танып, оқи алатын және оны қазақ тiлiне аудара алатын адамдардың таптырмауында едi. Араб, парсы тiлдерiн меңгерген мамандарымыз шағатай тiлдi жазбаларды оқи алмайтын болып шықты. Бұл мәселенiң үлкен проблема екенiн сол кезде бiр-ақ бiлдiк. Қазақстан мұрағаттарындағы шағатай тiлдi құжаттардың ең соңы осы Шоқай құжаттары. Басы Бөкей хандығы құжаттарынан басталады. Сонда XVIII ғасыр мен XX ғасырдың орта шенiне дейiнгi шағатай тiлiнде жазылған қыруар құжаттарды кiм оқиды? Тек орыс тiлдi құжаттармен ғана жұмыс iстеу, соларға ғана сүйенiп кiтап жазу, ғылыми еңбектер дайындау ұлттық дүние бола ала ма?
Жалпы, шағатай тiлi деген не дегенге келсек, бiздiң пайымдауымызша, оны - араб, парсы тiлi аралас түркi тiлi деп түсiндiруге болады. Бiрақ бұл "араластық" әр кезде, әр заманда әрқалай сипат алған. Одан әр ұлттың өз тiл ерекшелiгi де көрiнiс берiп отырады. Мәселен, өзбек жазса - өзбек тiлiне, татар жазса - татар тiлiне жақын болып тұрады. Ал қазақ жазса - не өзбекшеге, не татаршаға ұқсайды. Бiздiң өз тiлiмiздi менсiнбеу атам заманнан келе жатқан дерт пе дерсiң. Бұл проблеманы шешу мәселесiн зиялы қауым ойластыруы тиiс. Мәселен, қазiр тарих факультеттерiнде мұрағатшылар (архивистер) даярлайтын бөлiмдер бар. Олардың студенттерiн, тым болмағанда бiрлi-жарымын мiндеттi түрде Бұхара, Ташкент, Самарқанд қалаларындағы ұқсас оқу орындарына жiберiп үйрету керек. Бұл тiлдi оқып тани бiлу тарихшы ғалымдарға бiрiншi кезектегi мiндеттi iс болуға тиiс деп ойлаймыз. Мәселен, Кенесары тақырыбын жазатын тарихшы оның шағатай тiлiнде жазылған хаттарын, болыс, би, сұлтандардың арыз-шағымдарын оқымай жазу бұрынғы дүниелердi қайталау ғана болып шығар едi. Ал Кенесарыға қатысты том-том iстердiң тең жартысынан астамы шағатай тiлiнде жазылған дүниелер. Тiптi кешегi кәмпеске құжаттарының көз жасы тамған қыруар хаттарының өзi оқылмай жатыр. Ол шағатай тiлiнде емес, қазiргi қазақ тiлiнде-ақ. Бiрақ араб әрпiмен, төтеше жазылған. Соның өзiн де оқитын адам сирек. Кезiнде кәмпеске кәмиссиясы ол хаттарды оқымастан шешiм шығара берген. Өйткенi бұл "механизмдi" басқарушылардың басым көпшiлiгi бөтен ұлттан едi. Қазiргi зиялыларымыздың да солардан артықшылығы болмай тұр. Оларды оқуға талпыныс жасап жатқандар байқалмайды.
Мұстафа Шоқайдың бұл мұрасы Қазақстандағы өзiмiз аңғармай келе жатқан үлкен бiр проблеманы - шағатай тiлi мамандары проблемасын нақты көрсетiп бердi. Оны көп ұзатпай ретiне қарай қолға алу құзырлы орындардың иелiгiнде.
Бұл жаңа дүние тек қазақ халқының ғана емес, сонымен бiрге азiрбайжан, өзбек, татар, башқұрт т.б. түркi халықтарының да ортақ рухани мұрасы болып табылады. Өйткенi мұнда олардың да ұлтым деп өткен ұлы тұлғалары жазған, бүгiнгi күнге дейiн еш жерде жарияланбаған хаттары бар.
Бүгiн бiз әлi оқырмандар қолына тие қоймаған осы екi томдықтан Шоқайдың бiрлi-жарым мұрасын назарларыңызға ұсынамыз.

Әбiлхан ӘБIЛАСАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

 

* * *

№ 12. Мұртаза Шоқайұлы - М. Шоқайға
2 қыркүйек, 1923 жыл.
Мұстафа ағайға.

Сiздiң 29-мамырда Сұлутөбеге Мырзекенiң атына жазған ашық хатыңыз һәм сонымен барабар Берлин арқылы жiберген заказной хатыңызды да алдым. Менiң өз атыма жiберген бiр хатыңыз бар екен, 16-мамырда. О да келген екен. Ол хатты алуға Ақмешiтке келiп ем, ауылға берiп жiберген екен. Ол менiң қолыма тиген жоқ. Бiрақ сөзiнiң жөнiн естiдiм. Бiздiң аман-жаманымыздан хабар алыпсыз ғой. Тағдырдың iсi де, осылай болдық.
Сыдық ағам да зәммәттi 19-жылы желтоқсан айында асфi (түпнұсқада осылай. Асфi - оспа болу керек. - Құраст.) деген кеселден 9 күн жатып қайтты. Мақаш та 21-жылы сол кеселден 7 күннен соң кеткен. Әшiм бейшара Мақаштың алдында күздi күнi екi айдай безгек кеселiнен өлген. Оспан марқұм 21-жылы Сарысуда көкiрек ауруынан кеттi. Аптабашы 18-жылында обадан өлдi. Пұсырманқұл 21-жылында аз ауырып өлген. Айтқандай, 18-жылғы обадан Әшiркүл, Сейiтжаппарлар да өлген. Мұны айтпаған шығармын.
Басқа даладағы, ауылдағы туғандар аман. Жер-су, қыстау, мекенiмiз - бұрынғы жерi. Менде бұл күнде аяқты мал азайды. Сауын сиыр, жұмсарлық өгiз, басқа мал тұқымы жоқ. Онан өзге малдарды өлгендердiң өздерiне әлiнше жаратқанмын. Тiршiлiгiм - диқаншылық. Мұнан да мазаны арттырып жүргенiм кем. Сөйтсе де, айналдырғаным - осы. Шүкiр, сонда да бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн болып жүрмiз. Онша тым айтқан жүдеушiлiкке бара қойған жоқпын.
Бұл күнде екi үйдi бiрiктiрiп, үлкен үйге кiрiп отырмыз, симайтұғын бұрынғыдай көп бас болмаған соң. Жазудан болды ма, бiр-екi iстеген бiр түрлi жұмыстарым бар. Естiгенмен, кейiме. Себепсiз қамкөңiл болған бала, жан-малдармен шығыса алмаған себептi рұқсат берiп, Бибiсұлтанды қоя бергенмiн. Айтуға да аузым бармайды. Бармағанмен амал бар ма, айтайын. Оспанның әйелi бұл күнде бiздiң үйге кiрген.
Сыдық ағам өлгенде бiр жасар бiр бала қалған. Аты Әбiлбашар. Бұл күнде азамат боп кеттi. Құдайдың құдiретi, аузынан түскендей, қаралығы, домалақтығы бейшараның нақ өзi. Көргендер айтпай таниды.
Бұрынғылар айтқан ғой: "Өзiңнен iлгергiнi көрсең - пiкiр қыласың, кейiнгiнi көрсең - шүкiр қыласың" деп. Бұрынғылар еске түссе пiкiр қылып, заманға қарай ойланып, шүкiрлiк қылып жүрген жайымыз бар, Мұ-ағай.
Былтырдан берi шегiртке шығып, жұрттың тым-ақ жайын кетiрiп тұр. Биыл да бiрсыпыра егiндердi жеп кеттi. Бұрынғыдан жұрттың мал шаруасы төмендеген. Қой-ешкiсi қотырдан қырылған. Мысал үшiн бiздiң 3-ауылдың ортасында 35 түйе қалыпты. Былайғы жұрттар да сол сияқты. Қай мал болса да төмендеген. Ағайын арасының баяғы мiнездерi. Бiрде олай, бiрде бұлай. Осы кезде ел арасында түрлi аурулар бар. Безгек, адам қотыр болған екi үйдiң бiрi. Құдай сақтасын, бұл кеселдерден әзiр аманбыз. Бiзден басқа өзiмiзге қараған тегiс безгек - еркек, әйел демей.
Фазылдың уақыты жүдә жақсы деп естiдiм. Бiр барып қайтсам деп жүрмiн. Хат жаза қойсаңыз, бұл жақтың мәнiсiн айтарсыз.
Хат жазып тұрармын. Ендiгi жазған хатыңызды Тартоғайға жазыңыз. Тартоғай стансасы базар болған. Сәрсенбi, бейсенбi күнi - базар. Соған көп қатынап тұрамыз.
Хайыр, сау болыңыз. Құдай күлiп-ойнап көрiсуге жазсын.
Тiлектеспiн, Мұртаза.
1923 жыл, 12 шiлде. Шаһар Ақмешiт.
Сiздiң хатыңызды алғанда қыпшақ, найман жақсылары тегiс едi. Бәрi де Сiзге сәлем айтып жатыр. Айрықша Жорабек ағаң.
CARTON I. Dossier 8 - b2. P. 1-4 . Түпнұсқа. Қолжазба. Қазақ тiлi. Араб әрпi.
№ 214. В. Каюм - М. Шоқайға
24 мамыр, 1939 жыл.
Құрметтi Шоқай мырза!

Шын жүректен сәлем.
Қайсы күнi Сiзге ұзақ хат жазып, уақытыңызды алған едiм. Ендi бүгiн және бiр өтiнiшпен назарыңызды аударуға мәжбүр болдым. Менiң осында орналасқаным Сiзге мәлiм болса керек. Әйткенмен жаңа тұрмысқа кiрiгу үшiн де қолда бiрқатар қағаздар болуы қажет екен. Мәселен: өзiмiздiң жынысымызға сәйкес қағаз, өз атамыздың, анамыздың және бабамыздың туған, үйленген, онан соң дүниеден өткен уақыттарына байланысты қағаздар керек. Мұндай қағаздар әрбiр алманның қолында болады екен. Өлгендi, туғанды, үйленгендi немесе жынысын куәландыратын қағаздар бар. Мұндай нәрселердiң бiзде жоқ екендiгiн бұлар бiлмейдi. Бiз өлсек те, тусақ та, үйленсек те қолымызға ешқандай қағаз берiлмейдi. Ондай кепiлдеме жоқ. Мен үшiн қиын болып отырған жерi - мұндай қағазы жоқтарға жаңадан отбасын құруға рұқсат етпейдi екен.
Бiр жарым жылдан берi осы жөнiнде әрекет етiп келемiн. Бiрақ әлiге дейiн ештеме шықпады. Осыдан 1,5 жыл бұрын ағамнан бiр хат алған болатынмын. Советтер бiрер қағаз жiберуге рұқсат бермегенiн жазған едi. Ендi көптен берi туғандарымнан еш дерек жоқ. Не болғанын бiлмей, қайран болып жүрмiн. Өткен күнi Standsаmt-қа - үйлену үшiн алдын ала жазылатын мекемеге барған едiм. Бүгiн бұл мәселемен тағы бiр рет сөйлесiп қайттым. Маған және бiр кеңес бердi. "Тiптi болмаса (егер бұл жерде үкiметтiк өкiлеттi орындарыңыз да болмаса) "Түркiстан Ұлттық комитетiнен", "Яшлығыңыздан" Өзiңiз жөнiнде бiрер қағаз әкелсеңiз, тағы бiр рет әрекет жасап көремiз" дедi. Сол үшiн Сiзден көптен-көп қиылып өтiнерiм - "Түркiстан Ұлттық бiрлiгiнен" немесе "Яш Түркiстан" атынан маған төмендегiдей мазмұнда бiр қағаз жiберсеңiз екен. "Вали Каюм Алимхан-оғлы - Ташкентте (1904-шi жылы 15-шi шiлдеде) туған, түркiстандық бiр түрiк. Бүтiн әулетi (анасы, атасы, бабасы) түркiстандық таза қанды түрiктер және ислам дiнiндегiлер...".
Жаным түркiстандық екенi, Ташкентте туғаным, түрiктiгiм, бүтiн әулетiмiз түркiстандық түрiктер екендiгi, олардың ұстанатыны ислам дiнi болатыны Сiзге және бүкiл түркiстандықтарға мәлiм ғой. Туысым (ағам) Оқтайдың ағасымен бiрге өскен, әрi менiң әулетiм де Түркiстан саудагерi әулетiнен болғандықтан, Тахир да, басқа жолдастар да жақсы бiледi. Бұл жөнiнде мұнан әрi жаза беруiмнiң қажеттiгi бола қоймас.
Құрметтi мырза! Бұл хатты үлкен бiр мәжбүрлiк қыспағында қалғандықтан жаздым. Ғафу етерсiз. Егер маған осы жолда жәрдем берiп, жоғарыда айтылған қағаздарды жiберсеңiз, Сiзге шексiз риза болар едiм. Ұмытылмас көмектерiңiздiң тағы бiрi болар едi. Еуропада, әсiресе Алманияда әрбiр нәрсе жөнiнде қолда бiр-бiр қағаз (кепiлдiк) болу керектiгi баршамызға мәлiм ғой. Мұндай бiр қағаз табу, оны елден алдыру мүмкiн еместiгi жөнiнде, бұл турасында жасаған әрекеттерiм нәтижесiз қалғаны жайлы жоғарыда жаздым. Сiзден асыға жауап күтушi, қолыңызды қысып, Өзiңiзге әрқашан саулық тiлеушi - Вали.
Қосымша: Туған күнiм мен жылым туралы қолымдағы паспортта жазылған.
CARTON III. Dossier 1. P. 135, 136. Түпнұсқа. Қолжазба. Шағатай тiлi. Араб әрпi.
Шағатай тiлiнен аударған Әбiлхан Әбiласан.

<!--pagebreak-->
№ 275. М. Шоқай - В. Қаюмға
Қазан, 1941 жыл.

Мен бұл хатты тек өзiңiзге ғана арнап жазып отырмын, мұны өте құпия ұстауыңызды өтiнемiн. Бұл хаттың мазмұнын сенiмдi қарым-қатынаста болып жүрген жақын достарымызға ғана айтуыңызға болады, онда да әскери тұтқындар лагерьлерiндегi сырт көзден тыс "құпиялар" туралы бiлгiсi кеп, ынта бiлдiрiп жатса ғана. Өзге қандай жағдайда да мұнда айтылғандардың бәрi аса құпия қалпында қалуы керек.
Қазiр бiздiң әскери тұтқын болған отандастарымыздың хал-жайы өте ауыр екенi баршаға мәлiм. Олар барлық жерде тамақтың нашарлығын, киiм-кешектiң жоқтығын айтып шағынады. Бас сауғалар баспана болмағандықтан, қыруар адам жартылай жалаңаш күйi қайда барарын бiлмей теңселiп жүр (мiне, қазiр қазан айы - жағдайлары әлi солай). Көп жерлерде адамдар күндiз ашық аспан астын, ал түнде өздерi қазып алған "iндерiн" паналайды. Ең бiр қасiреттi жайт сол, лагерь әкiмшiлiгi оларды адам құрлы көрмейдi. Болмашы нәрсеге атып тастай салады. Лагерь тәртiбiнен сәл ғана ауытқушылық, әлдебiр нәрсенiң орындалмауы - "қылмыс". Ал бұл "қылмыстың" арты қайғылы жағдайға ұласады. Ол әдеттегi көрiнiске айналған. Сұмдық.
Түркiстандық алғашқы көптеген тұтқындарды еврейлермен сырттай ұқсастықтарына қарап... табанда атып тастай берген. Мұны мен өзiм аралаған барлық лагерьден естiдiм. Түркiстандықтардың әлемдегi күллi мұсылмандар сияқты сүндетке отырғызылатыны да, оларды еврей деп тануға себепшi болған. Өз ерiктерiмен, қолдарына немiстердiң "шақыру" парақтарын ұстап келген түркiстандықтар да әлгi бiр "белгiлерiне" бола, сол немiстердiң қолынан түгел оққа ұшқан. Бұл - майданда болған қайғылы жағдай. Оқ пен оттың арасында қан кешiп жүрген қай жақтың әскерi болсын, адамгершiлiк қағидаларын, гуманизм ережелерiн сақтай бермесi анық. Өкiнiшке орай, мұндай жағдай ендi майданнан алыстағы лагерьлерде де орын алып отыр...
Тұтқындарды ата беруге өзге де себептер табылып жатыр екен. Ол - отандастардың коммунистiк партияға, комсомолға қатысы және өте сирек болса да бiздiң түркiстандықтардың қайсыбiрiнiң саяси жетекшi болғандығы (болыпты-мысы).
Сувалкадағы жағдай есiңiзде ме, бiрге болып едiк қой. Ондағы түркiстандықтар тобының (олардың қатары 2000 адамнан асатын) бастығы орыс офицерi-тiн. Оны советтiк тұтқын генерал Богданов тағайындаған. Сол Богданов "тап бүгiн" (немесе ертеңнен қалдырмай) түркiстандық 5 белсендi коммунист табуға тапсырма берген. Әрине, ондайлар "табылған". Бiз сол кезде совет генералының бұл секiлдi әрекетiне ара тұрдық. Есiңiзде болар, лагерь күзетушi офицерлер бiздiң сөзiмiздi тыңдап, ажал күткен екi жас түркiстандықты босатты. Сөйтiп, бiздiң қолымызға бердi. Бұл жас офицерлердiң мейiрбандық әрекеттерiн ешқашан ұмытпаймын. Бiрiнiң аты - Шрадер болатын. Олар менiң әрқашан есiмде жүредi.
Эбенродта әскери тұтқындардың арасынан бөлiп алынып, дербес тұтқындалған 40 түркiстандықты көрдiм. Бейшаралар қасап қолына түскен жануардың ажал алдындағы мiскiн халiн елестеткендей. "Сiздердi не үшiн мұнда бөлек орналастырған?" - деп сұрадым мен олардан. Бәрi бiр ауыздан "бiлмеймiз" деп жауап бердi. Бiразының үнi көз жастарына тұншыққандай, дауыстары құмығып шығады. Оларды мұнда не үшiн отырғызғандарын өзгелер де бiлмейдi. Лагерь әкiмшiлiгi бұл жөнiнде ешқандай түсiнiк бермей қойды. Егер олар коммунистiк белсендiлiктерi үшiн отырған болса, лагерь әкiмшiлiгi оны жасырмас едi, бiрден-ақ айтар едi... Басқа тұтқындар оларды еврейлер ме екен деп отырғызған болуы мүмкiн дейдi. Бiрақ олар еврей нәсiлiне ешқандай да ұқсамайды. Нағыз "азияттық тип". Тiптi олардың iшiндегi де ұсқынсыздаулары. Мен бұларды немiстер "мiне, "большевиктiк жұқпалы дерттi" тасымалдаушылар - осылар" деп көрсету үшiн бөлектедi ме екен деп ойладым. Германияда әр кеш сайын кино басталар алдында экраннан осындай нәрселер көрсетiледi. Оны күн сайын сан миллиондаған адам көрiп жатыр... Мына жайттың мәнiсi не екенiн бiле алмадым. Көңiлiме лагерь әкiмшiлiгiнiң "қорқынышты ештеңе де болмайды" дегенiн медеу тұтамын. Соған сенгiм келедi.
Барлық лагерьлерден көргендерiмдi тiзе берсем, ұзақ-сонар әңгiме болар едi. Жалпы, көрiнiс бiр: шағым, шағым, шағымдар.
Әскери тұтқындарға арналған тағам туралы бiрер сөз. Оларға берiлетiн рацион, аштан өлтiретiндей емес, адам тiршiлiгiн күнделiктi демеп отыруға жетерлiктей дәрежеде. Егер әскери тұтқындардың жылы киiмi, бас сауғалар орны болса, олар аштан өлмес едi. Олар тұтқынға "советтiк жұмақтан" әбден титықтап келiп түсiп отыр ғой. Түркiстандық тұтқындар маған советтiк казармалар тамағының адамға азық болып жарытпайтынын айтып берген болатын. Әсiресе әскерге соғыс басталғаннан кейiн алынғандардың жағдайы қиын екен. Оларды ешбiр дайындықсыз бiрден майданға, алдыңғы шепке жiберiп жатқан көрiнедi. Алыс Түркiстаннан майдан даласына жеткенше, жолда ешбiр ыстық тамақсыз келген. Шошқаның етiн бергенмен, олар оны жемейдi. Консервiлер болса бұзылып кеткен. Майданға келген соң, қатқан нан да тимей қалған... Арнаулы "сухарилерге" 5 күнге дейiн ешкiмнiң қол тигiзуге құқы болмапты. Далалық асхана олардың соңынан iлесе алмаған. "Запасқа" ("сухарилерге") қол созуға ешкiмнiң батылы бармайды. Өйткенi азықты мерзiмiнен бұрын тауысқанға ату жазасы бұйырылады. Жаттығу кезiнде де түркiстандықтар дұрыс тамақтандырылмаған. Өйткенi олар әлi нағыз қызыл әскерлер емес, винтовканы қолдану тәсiлдерiн жөндi бiлмейдi дейдi екен. Осылай жаттығуда ашқұрсақ боп көп жүргендiктен, бойларынан әл-қуаты кетiп қалған. Сондықтан олар көбiрек тамақтануды талап етедi. Әскери тұтқындарға арналған рационның оларға жеткiлiксiз болуы содан. Майданға келген алғашқы күндерден-ақ тұтқынға түскендердiң жағдайы мұнан басқаша.
Простоктағы орыс тұтқындары арасында "адам жегiштiк" оқиғасы орын алғаны жайлы дәрiгерлер айтқан әңгiме есiңiзде болар. Бiздiң бауырлар ондайға бара қойған жоқ, оған ешқашан бармайтынына сенемiн...
Соңғы уақытта мен болған лагерьлер iшiнде Ярослау мен Дебадағы жағдай салыстырмалы түрде алғанда - дұрыстау. Деба лагерi "жұмысшы командасы" деп аталады екен. Мұнда бiздiң отандастар жайлы лагерь әкiмшiлiгi қай жерде де мақтау сөздер айтып жатыр. Олардың моральдық келбетiн, мiнез-құлқын мақтайды. "Лагерь тiршiлiгiне қатысты ережелер мен талаптарды дұрыс сақтайды, бұлар тарапынан өрескел тәртiп бұзушылық болған емес", - дейдi. Қашуға әрекет ету тiркелмеген. Көптеген лагерьлерде, жоғарыда айтқанымыздай, қит етсе атып тастай салу дегенiңiз әдеттегi көрiнiске айналған. Бiрақ олардың ешқайсысы да жауапқа тартылған емес. Өзге лагерьлерде аурудан өлу дерегi де жиi кездеседi. Лагерь тiршiлiгi, дегенмен, мұнда да ауыр.
Ең сұмдық көрiнiстi мен Дебис лагерiнде көрдiм. Мұнда тек кавказдықтар, түркiстандықтар және едiл-оралдықтар, яғни немiс кинотеатрларында "вохеншаулық" үгiт-насихат күнде қақсап айтатын "большевиктiк жұқпалы дерттi" тасушы жабайылар тұрады екен. Мен мұны бекер айтып отырған жоқпын. Төменде iстiң мән-жайына көз жеткiзесiз.
Мен Дебиске 19 қазан, жұма күнi таңертең комиссияның өзге мүшелерiнен ертерек келдiм. Олардың келуiн күтпей-ақ, Гейбельмен және лагерь әкiмшiлiгiнiң шендiлерiмен бiрге тұтқындар орналасқан жаққа қарай кеттiк. Әскери тұтқындардың бәрi колонналарға бөлiнiп, жиналып тұр екен. Бiз олардың арасымен жүрдiк. Жол-жөнекей кейбiреулерiмен әңгiмелесiп қоямыз. Түркiстандықтар менi бiрден таныды. Олардың ешқайсысы, әрине, менi өмiрiнде көрген емес. Әйтсе де, бәрi мен екенiн бiлдi. Көбi-ақ көздерiне жас алып жатыр. "Бiздi құтқара көрiңiз. Бұл жерде бiз бәрiмiз де құримыз. Бiздi атып тастайды..." деген дауыстар естiледi. Мен оларға "қорықпаңдар, сендер Германиямен арадағы достық көпiрi үстiнде тұрсыңдар" дегендей әңгiме айтып жұбатамын. Байқаймын, бiрақ бұл сөздерiм оларды тыныштандыра алар емес. Топтан бiрнеше адам маған әлденендей бiр қағаздарды ұсынып жатты. Сөйтсем, бұл алмандардың қызыл әскерлердi тұтқынға берiлу туралы үндеген парақтары екен. Мұнда Германия оларға жақсы қарайтынына, жарылқайтынына уәде берiптi...
Бұл түске дейiнгi болған жайт едi. Түстен кейiн лагерьге мен бiр өзiм қайтып келдiм. Лагерь меңгерушiсi маған бауырларымыздың мiнез-құлқына әбден риза екенiн, жұмысқа тек түркiстандықтарды ғана алатындығын айтып жатты. Олар нағыз жұмыскерлер, жақсы адамдар дейдi...
Менiң бауырлармен бетпе-бет кездесiп, тiкелей әңгiмелесуiм алдымнан лагерь өмiрiнiң нағыз шындығын, сұмдық көрiнiсiн ашып бердi. Қырғын ату екен.
Бауырлар өздерiнiң хал-ахуалы жайлы жасырмай ашық айтып, бұл жердегi жағдайлары тiршiлiктен күдер үздiрiп отырғандықтарын бiлдiрдi.
- Бiздi қайтадан Ярослауға жiберуiн сұрасаңыз екен, ол жақтан алып келгенiне үш-төрт-ақ апта болып едi, - дейдi.
Бауырларымыздың, тұтқындағы татар, кавказ халықтары өкiлдерiнiң әңгiмелерiне қарағанда, мұнда келген 40 мың адамның 25 мыңы ғана қалған. Басқасы түгел өлтiрiлген.
Ешқандай дәрiгерлiк көмек жоқ. Басқа барлық лагерьлерде, мысалы Сувалкада, Пагегенде, Лембергте, Эбенродта әскери тұтқындарға дәрiгерлiк көмек көрсетiледi. Олардың арасында дәрiгерлер жұмыс iстейдi. Фельдшерлер түгел жұмылдырылған. Ал мұнда, Дембицте дәрiгерлер көпшiлiк әскери тұтқындар секiлдi алба-жұлба күйi жүре бередi. Мұнда бауырларымыздың арасындағы дәрiгерлерден екi-үшеуi ғана және бiр санитар "медперсонал" болып саналады, бiрақ олардың мiндетi өлгендердi шешiндiрiп, киiм-кешектерiн күзету ғана болса керек. Әрине, олар өлгенге дейiн шешiндiрiлiп қоймаса...
Әскери тұтқындардың өздерiн адам ғұрлы көрмей, сұраусыз атып тастай беретiндiгi туралы шағымдарын естiп, мен оларды мынадай мағынадағы сөздердi айтып жұбатқан болдым: "Совет үкiметi әскери тұтқындар туралы халықаралық келiсiмге кезiнде қол қоюдан бас тартқан болатын. Сол арқылы тұтқын деген ұғымның өзiн заңнан тыс қалдырды. Советтiк Ресейден жеткен мәлiметтерге қарағанда, большевиктер тұтқын немiстердi айуандықпен зәбiрлеп, қол терiлерiнен "қолғап" алып (қол терiлерiн сыпырып) жатқан көрiнедi. Германия болса, мұндай көлемде (2,3 миллион адам) тұтқын болатынын ойламаған, оларға алдын ала тым болмаса барақтар да дайындалмаған..." деген секiлдi дерексымақтарды келтiрiп жатырмын.
Бiрақ, байқаймын, менiң сөздерiмдi олар "дипломатия" сипатында ғана қабылдаған сияқты. Сөйтiп маған өз ренiштерiн бiлдiргендей былай дедi:
- Бiз Сiздi әкемiздей, құдайдан кейiнгi жалғыз қорғанышымыздай көремiз. Сондықтан да бiз Сiзбен ашық әңгiмелескiмiз келедi.
Сондағы олардың маған айтқан наразылық сөздерiнiң ұзын-ырғасы мынадай едi:
- Ия, немiс солдаттарын большевиктердiң айуандықпен зәбiрлейтiнi рас болса, рас шығар. Бiрақ бұл арада бiздiң, түркiстандықтардың кiнәсi қанша? Бiз орыс емеспiз ғой, большевик те емеспiз, тiптi олардың қарсыластарымыз ғой... Бiздiң көпшiлiгiмiз - тiптi қолымызға винтовка ұстап көрмеген адамдармыз. Талайымыз-ақ бұл жаққа өз еркiмен өткендермiз. Бiрқатарымыз үндеу-парақтарды алғаннан кейiн, немiстердiң уәделерiне сенiп, оны қолына ұстап келгендермiз. Бiз өзiмiзге бұлай қарайды деп тiптi ойламадық. Адамша сөйлесер деп едiк.
Сталиндiк үкiметтiң әскери тұтқындар туралы халықаралық конвенцияға қол қоймауы Германияны бұл тұрғыда адамгершiлiктен аттай берсiн деген сөз емес қой.
Сiз бiздiң халқымыздың большевиктердi қалай жек көретiнiн бiзден гөрi тереңiрек бiлесiз. Немiстерге айтсаңызшы. Түсiндiрiңiз. Бiздi мұнда қит еткенге ата бермесiн.
Осы әңгiме үстiндегi олардың жүзiне қарасаңыз, жаныңыз түршiгедi. Бәрiнiң де түрiнде қорқыныш пен сұмдықтың iзi бар.
Мен лагерьден шыққанда сағат 6-ның шамасы едi. Әскери тұтқындар менiмен "ертеңге" дейiн қоштасып жатып: "Оған дейiн өлiп қалмасақ, атып тастамаса..." дегендi қосып қояды.
Қақпадан шыға берер ауызда түркiстандықтардың бiрнеше мәйiтi жатқанын көрдiм. Олардың бас сүйектерiнен милары шашылып жатыр. Бiрiнiң маңдайынан, ендi бiрiнiң желкесiнен атқан. Өзiмнiң не болғанымды бiлмей қалдым. Ауыр ойлар еңсемдi басып, бараққа оралдым. Ярослаудан комиссияның өзге мүшелерi де келiп отыр екен. Оларға өзiмнiң алғашқы тым ауыр әсерлерiмдi айтып бердiм.
Барлық лагерьде де тәртiп қатал. Ол солай болу да керек. Бiрақ мына Дембицте қаталдық қатыгездiктiң шегiне жеткен. Менiң лагерь әкiмшiлiгi әрекеттерiн сынауға құқым жоқ. Бiрақ өз пiкiрiмдi айта аламын.
Барлық лагерьде де әскери тұтқындардың сым қоршауға жақындауына рұқсат жоқ. Бұл үшiн қатаң жаза алады. Ал Дембицте бiрден атып тастайды. Ешқандай ескертусiз. Бiрде мен келгенде, әскери тұтқындардың бiрiн атып өлтiрiп, екiншiсiн ауыр жаралады. Оқ менiң құлағымның түбiнен ысқырып өттi. Мен түркiстандықтардан жұмыс үстiнде бауырларымыздың қалай, қандай жағдайда атып өлтiрiлгенi туралы сұрастырдым. Олардың айтқаны мынау болды.
Күрекпен жер қазып жатқан бiр өзбек мұғалiмнiң әл-дәрменi құрып, қимылы баяулай берген екен. Күзетшi мұны "саботаж" деп ұққан да, оны әуелi бiр оқпен "жазалаған". Өзбек аяғынан жаралы болған. "О, Алла!" деп жұмысын әрi қарай жалғастыра бередi. Қимылы әлi де ұнамай, екiншi рет атқан. Бұл жолы оқ иығынан тиiп, жерге құлаған кезде үшiншi оқпен оны жайратып салған...
Ендi бiрде жұмыстан қайтып келе жатқан түркiстандық бiр студент жүруге кедергi болған балтыр орағышын байлауға еңкейе бергенде, "строй" тәртiбiн бұздың" деп, сол жерде атып тастаған...
Дембицадағы сұраусыз ату оқиғаларын айтып жеткiзу мүмкiн емес. Миы шашылып жатқан бiрнешелеген мәйiттердi лагерьге әр барып шыққан сайын көрiп жүрдiм.
Кавказдықтар арасынан атылғандар iшiнде әсiресе грузиндер өте көп. Қазанның 20-сынан 21-не қараған бiр түннiң iшiнде лагерьдегi кавказдықтардың 50-iн пулеметпен атып өлтiрiп, соншасын жаралаған.
Бiр жағдай менiң есiмнен кетпейдi. Маған бауырларымыздың бiреуi жақын келдi. Бiр аяғы қатты ақсайды екен. Лагерьде жараланыпты. Оқ аяқта қалған. Ол маған жылап тұрып, құтқаруымды өтiндi. Әйтпесе ертең атып тастайтынын айтты.
"Ертең ататынын қайдан бiлдiң?" - деймiн мен.
Ол былай дедi: "Ертең бiздiң топ моншаға барады. Менiң де баруым керек. Ал менiң халiм мынау, ақсаймын ғой, "стройда" жұртпен қатар жүре алмаймын, олардан қалсам, жолда атып тастайды... егер моншаға бармай қалсам, "изоляторға" жiбередi, онда да - өлiм. Құтқара гөрiңiз"...
Ендi мен Сiзге өзiме қатысты болған жайтты айтып берейiн.
20-қазан күнi таңертеңгi сағат 8-дер шамасында бiз офицерлер казиносы бағытына қарай келе жаттық. Бiз тұратын барақ пен казино арасы бiр шақырымдай жер. Жол орман iшiмен өтедi. Бiздi әрқашан бiр унтер-офицер қорғап жүрдi. Әдеттегiдей соқпақ жолмен қаздай тiзiлiп жүрiп келемiз. Мен Ахмед Темирмен бiрге соңғы жақта едiм. Кенет алдымыздан велосипед мiнген бiр солдат (Ес-Ес-Ман) шыға келдi. Ол да бiздiң соқпақпен жүрiп келедi екен, қарама-қарсы кездесiп қалдық. Оның бұрылмай тура тартатынын байқаған соң, бiр жағыма қарай ығыса бердiм. Әйтсе де ол менi велосипедiнiң рулiмен жеңiл қағып өттi. Сосын бiрнеше қадамдай жерге өтiп барып велосипедiнен түстi де, маған келiп аты-жөнi жоқ айқайлай бастады. Мен қарыма байланған шүберектi көрсеттiм, ол менiң жүзiме бағжия қарап, жұдырығын көтерген бойы бар пәрменiмен бетiмнен перiп кеп қалды. Тағы да ұрмақ боп оқталып барып, жынын шашқан күйi әрi кеттi. Мен орнымнан тұрып, қорғаушы унтер-офицердi шақырдым. Сөйтiп, онымен бiрге әлгi солдатты iздеуге шықтық. Менiң жолсерiгiм, қақтығыстың куәсi Ахмед Темир қорқып, алға жүгiрiп кеттi. Барақтардың бiрiнен бiз ол солдатты таптық. Қорғаушы "унтерiмiз" бен тағы бiр офицер маған қол жұмсап, балағаттаған солдатты сыбай бастады, арасында менiң комиссия мүшесi т.б. екенiмдi айтып жатыр. Солдат оған қарайтын емес, өзiнiң құқығын бiлдiрiп бет бақтырмайды. Болмаған соң, оны кезекшi офицерге жiбердi. Бiр сағаттан кейiн оны маған жiберiптi. Келiп кешiрiм сұрады. "Мен сiздi еврей екен деп қалып едiм", - дегендi айтты.
"Еврейлiктiң" бұл жерде ешқандай қатысы жоқ. Ол менен еврей "повязкасын" көрген жоқ қой. Менiң кiм екенiмдi айтқанда да, қателiгiн мойындамаған болатын. Евреймен шатыстырып, сол үшiн ғана ұрған болса, олай емес екенiн бiлiсiмен табанда кешiрiм сұрамай ма? Жоқ, ол олай еткен жоқ. Менiң бейне бiр "еврейге ұқсауымның" бұл жайтпен ешбiр байланысы байқалмайды. Мәселе бұл жерде-басқада. Өкiнiшке орай, ахуал тым қиындап барады (әрине, бiздер үшiн). Осы оқиғадан бiр күн бұрын бiз жергiлiктi киноға бардық. Сеанстың алдында Германияның барлық киноларындағыдай дыбыс күшейткiш арқылы жабайы азиаттар туралы, Батыстың тыныштығын бұзып, мәдениетiне қауiп төндiрiп отырған большевиктiк жұқпалы дерт иелерi туралы айтып жатты. Осы кiрiспеден кейiн экранда "азиаттар" арасынан әдейi таңдап алынған кескiн-кейiптерi келiспейтiн аш-жалаңаштар, тобырлар көрсетiле бастайды... - Мiнеки, қараңыздар, - дейдi дыбыс күшейткiштегi дауыс, - большевизм мен совет өкiметiнiң тiректерi, "плутократияның" одақтастары осындайлар...
Мынадай радиохабарламаны тыңдағаннан кейiн лагерьлерде бiздiң бауырларымызға деген терiс көзқарастың себебi "түсiнiктi" бола бастады. Егер орыс большевизмнiң сұмдық дертiн таратып жүргендер осылар болса, әрине немiс солдаты кез келген жерде олардан батыс өркениетi мен өзiн арашалауға мiндеттi...
Мен болсам, мiне, осы "ортаазиялықтың" өкiлiмiн. Дебицада күн сайын экраннан әлгiндей насихатты тыңдап жүрген Ес-Ес-Манның қайдағы бiр "азиат" өзiн алыстан көрген бойда-ақ тақ тұрып құрмет көрсетiп, жолдан тез шығып кетпегенiне наразылығы орынды да болуы ықтимал. Ашуының шектен шығуы, бәлкiм, содан. Сондықтан да мен Ес-Ес-Манның бұл жерде ешқандай кiнәсi жоқ деп ойлаймын. Дебицада бұл жөнiнде айттым да, бәрiнен, соның iшiнде штаб бастығынан да бұл солдатты жазаламауларын сұрадым...
Осы бiр кiшкентай оқиға бiздiң әскери тұтқындар қасiретi неден шығып жатқанын ұқтырып тұрғандай. Олардың қайғы-қасiретiн, лагерь қақпасы алдында атып тасталғандардың мәйiттерiн көргенде, мен өзiме тиген соққыны ұмытуға тырыстым...
Бiздiң әскери тұтқындар қолындағы жақсы уәделерге толы үндеу-парақтардың, шынтуайтына келгенде, ешбiр мәнi жоқ болып шықты. Дембицада мен бiр офицерге осы үндеудi көрсетiп едiм, ол ешбiр ойланбастан қысқа ғана жауап бердi: "Әскери тұтқын болған әрбiр еврейдiң дерлiк қолында тап осындай үндеу бар, сондықтан оған мән берудiң қажетi жоқ...".
Бiз бұл үндеулерге олай қарай алмаймыз.
Мiне, Дембицадағы жағдай осындай. Өзге лагерьлерде көргендерiмiз де оңып тұрған жоқ, бiрақ бұнымен салыстыруға болмайды. Дембицадағы әскери тұтқындардың жалғыз ғана өтiнiшi "өзге лагерьге ауыстырса" дейдi. Басқа ештеңе де сұрамайды. "Атып тастайды" деген қорқыныш бойларын билеп алған. "Бiздi Ярослауға апарса екен" деп жалынады олар.
Бұлар Ярослауға жеткiзiлдi ме, жоқ па, бiлмедiм. Лагерь коменданты майор Захс түсiнiгi бар адам секiлдi көрiнiп едi. Дембицаның әскери тұтқындарынан қаншасы тiрi қалды екен...

* * *

Қымбатты Вали, бiз сұмдық ауыр жағдайдамыз. Әскери тұтқын болған бауырларымыз халқымыздың большевиктер билiгi қол астында құрып бара жатқанын, ұлт ретiнде жойылып бара жатқанын жеткiзiп жатыр. Бiз бұл туралы бұрын да бiлгенбiз, 20 жылдан астам уақыт бойы большевизмге, оның бiр қаруы орыс большевизмiне қарсы тынбай күрес жүргiзiп келемiз.
Бiз мұндағы лагерьлерден өз халқымыздың, құлдық бұғауынан арылмаған байғұс Отанымыздың ұлдарын көрiп отырмыз...
Түркiстандық әскери тұтқындар, менiң ойымша, Германия қолындағы аса маңызды капитал болып табылады.
Мыңдаған түркiстандықтарды оларға тағдырдың өзi жеткiзiп отыр. Бұл әскери тұтқындар арасында большевизмнiң бiтiспес қарсыластары жеткiлiктi. Олардан жаңа демократиялық әлемдiк тәртiп жолындағы тамаша күрескер-насихатшы мамандарды даярлауға болар едi. Егер жағдай өзгермесе, кино экрандарынан "ортазиялық жабайыларға" қарсы үгiт жалғаса берсе, оның нәтижелерi Дембицадағыдай оқиғаларға әкелiп соқтырып отырса, онда мен мұның салдары бiз үшiн ғана емес, бiздiң халқымыз - бiздiң елiмiз үшiн де қатерлi ме деп қорқамын...
Бiзде өзiмiз жүрiп келе жатқан жолдан басқа жол жоқ. Бiз оған өз халқымызды әрқашан үндеумен келемiз. Айтпақшы, Пагегенде және Дембицада "Яш Түркiстанды" оқығандар да кездестi. Олардың екеуi (бiрi - жазушы, екiншiсi - ұстаз) маған былай дедi:
- Сiз бiздi үнемi Еуропаға бет бұруға үндеп келесiз. Мiне, - Еуропаңыз. Бiз сонда тұрмыз. Көрiңiз ендi, олар бiзге қалай қарайтынын...
Ия, бiзде антисоветизмнен басқа жол жоқ. Советтiк Ресейдi, орыс большевизмiн жеңуден артық тiлек жоқ. Бұл жол бiздiң еркiмiзден тыс Германия арқылы салынды. Ол және - Дембицада атылғандар мәйiтiне толы.
Бiздiң мiндеттерiмiз ауыр, қымбатты Вали. Бiрақ бiз алған жолымыздан қайтпаймыз, өз мiндеттерiмiздi жүзеге асыруды одан әрi жалғастыра беремiз.
Дембицадағы сұмдық оқиғалардан кейiн басқасының бәрiн ұмыту керек деп бiлемiн. Өйткенi бұл сұмдықтың қасында өзгесi ойыншық боп қалды. Украиндық дiндарлардың Лембергте аштықтан зардап шеккен түркiстандықтарды "тамақтарың жақсарады" деп сендiрiп, мойындарына крест таққандары да ендi мұның қасында түкке тұрғысыз нәрсе секiлденiп көрiнедi.
Бейшара түркiстандықтар соны тағып жүрдi ғой...
Адамдардың бақытсыз, шарасыз жағдайларын жалдаптықпен пайдалану - адамгершiлiктiң ең бiр ұсақтаған түрi бұл. Мұны және "батыс мәдениетiн қорғау әрi ортазиялық жабайыларды адам қылу" деп отыр... Мұнысын бiлмесек, бұл жайды тiптi елемеуге де болар едi.
Есiңiзден шығармаңыз, Вали, бұлардың бәрi тек өзiңiзге ғана арналып жазылып отыр.
CARTON II. Dossier 4. Р. 1-11. Төлнұсқа. Машинкалық жазба. Орыс тiлi.

«Түркістан» газеті. №17 (823) 29 сәуір

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364