ӨЗБЕКТІҢ СІРІҢКЕСІ...
Мынау – Өзбектің сіріңкесі (1-сурет). Өзбекстанда өндірілген. Қазақстанға импортталған. Біз – 180 теңгеге сатып алдық. Өзбектер өндірген сіріңкенің өзіндік үш ерекшелігі бар.
- Сіріңке қорабы сыртындағы жазу – латын әліпбиінде. Яғни, орысша, ағылшынша түсіндірме жоқ. Бәріне ортақ – түсінікті тілде.
- Өзбекстанның халықаралық телефон коды өзгерген екен. Ұлттық қауіпсіздік мәселесінің ішіндегі байланыс қауіпсіздігін басты орынға шығарып, шешіп тастапты.
- Импорт тауар. Көршілес елдерге саудалап отыр.
Сіріңке күнделікті тұрмысқа қажетті зат болғандықтан сұраныс жоғары. Демек, өзбектің импорттық саудасы Қазақстанда қызып тұр. Қырғыздың шалбары, байпағы сықылды. Оны да біз тұтынып отырмыз.
Қазақстанда сіріңке өндірілмейді. Сіріңке былай тұрыпты, тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттар мүлдем шықпайды деуге болады. Себебі, біздің ел дамыған елу елдің қатарына кіріп, енді озық отыздың ортасына қарай қадам басып отырғандықтан, сіріңке-міріңке секілді майда-шүйде заттар өндірмейміз. Оның пайдасы аз. Біз негізінен, ірі, әлемдік жобалар және мұнай-газ, түсті-металл сықылды қазба байлықтарды импорттаумен ғана айналысамыз.
Өзіңіз ойланыңызшы, ақ тер, көк тер болып сіріңке жасағанша, Қытайдан келетін керуен толы тауарды көзді жұмып өткізіп, үстінен түсетін миллиондаған ақшаны бір сәтте таба салмаймыз ба?!. Сосын әлгі әлемдік жобаларымыз бар. Көк тиын пайдасы жоқ болса да, атағы дардай. Сол үшін ғой ...
Сондықтан, өзбектің сіріңкесін, қырғыздың шалбарын тұтынып, нанотехнологиямен шұғылданып жарқын болашаққа қарай жүре береміз.
Сіріңке дейді ғой... Сіріңкеге сіңбіргіміз де келмейді. Солай...
Abai.kz