Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5054 0 пікір 6 Маусым, 2014 сағат 11:11

АКЦИЯ: АҚСУДЫҢ АЖАРЫ КІРІП, АБЫРОЙЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Жыр Құлагері Ілияс іңкәр болып өткен арыны асау Ақсудың бойындағы ел азаматтары бұл күндері өз беттерінше тырбанып, игілікті істерге жұмыла кіріскені туралы abai.kz ақпараттық порталы өткенде жазған болатын (қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=499) «Туыңды туған жерге тік» деп аталатын акцияның аясында қазір біраз шаруа атқарылып үлгеріпті. Алда атқарылар істің ауқымы да кең көрінеді. Мысалы, Қолғанат Смағалиұлы деген азамат қараусыз қалған бұрынғы нан зауытын кешенді ғимаратқа айналдырса, Арай Әкенайұлы баламалы энергия көздерін орнатып, алыс қыстақтар мен елдімекендерді жарықпен қамтамасыз етуде.  Жанат есімді батыр қыз Алматы мен Ақсудың аумағындағы (территориясындағы) ауылдардың арасын автокөлікпен жалғастырып қойыпты. Ал, Марат Соқбаев «Көкөзек» ауылының жанындағы көлге балық жіберіп, балық өнімдерін шығаратын зауыт салуды қолға алуда. Осындай жан жадырататын әңгіменің қардағы ел жақтан естіліп жатқаны қандай қуанышты! Иә, қазақтың марғасқа ұлдары дүниеге келген бүгінгі Ақсудың ажары кіріп, абыройы арта бастағанға ұқсайды. Ендігісін төмендегі мақаладан оқыңыздар.  

(Жоңғар Алатауымен иықтасқан Алтыншаңырақ тауының басында осындай көл жатыр)

 

 «Ауданымызда бастама жасалынып, қолға алынған «Туған жерге туыңды тік» атты ізгілікті акция шаралары аудандағы және тыс жерлердегі, басқа қалалардағы азаматтардан дұрыс түсіністік тауып, белсенді қолдау қөрсетушілер қатары көбейіп келеді. Осы бағытта басқаларға үлгі етерліктей  нақты алғашқы шаралар да атқарылуда.

Солардың ең алғашқысы ретінде ауданымыздың Матай ауылының (теміржол стансасы) азаматы Самбетов Қолғанат Смағалиұлының есімі аталып отыр. Бұрындары осы теміржол жүйесінде басшылық қызметтер атқарған,  бүгіндері кәсіпкер ол, ауылда иесіз, қараусыз қалған бұрынғы нан зауытының ғимаратын жеке қаражаты есебінен қайта күрделі жөндеуден өткізіп, оны спорт және ойын-сауық  кешені ретінде  пайдалануға берді.  Үстіміздегі жылдың  наурыз  айының басында осы кешенді қайта жөндеу барысында 300 орындық мейрамхананың құрылысы толық аяқталып, мейрамхана бүгінгі өмір талабына, сұраныстарына толығымен сай келетін демалыс орыны ретінде ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Ғимарат ішінде караоке бары ұйымдастырылды. Осындай игілікті істерге риза болған жұрт  ғимараттың ашылу салтанатында үлкен ризашылық тілектерін білдіріп, құттықтауларын айтты. Бүгінгі күнге атқарылған жұмыстарға 45 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды.

Ендігі іске асырылатын жобалық жұмыстар көлемі 25 млн теңгеге есептелген. Алдағы кезеңде салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ауыл жастарынының спортпен кеңінен айналысуына арналған тренажарлық жаттығу залы, роллерлік, квадрациклдік, футбол, баскетбол ойындары алаңдары, үстел теннисі мен шахмат ойындары бөлмелері жасалып жабдықталатын болады. Одан кейін лимонад шығару және жүн тазалайтын, т.б. цехтар ашу көзделіп отыр.

 

*  *  *

Акция шарасында келесі ізгілікті шара ауданның Ойтоған ауылының тумасы, бүгіндері облыстың Ескелді ауданындағы  жолаушылар тасмалдаумен айналысып жүрген «Тасымал» ЖШС–нің бастығы, белгілі кәсіпкер Жолдағутова Жанат Сақыпжамалқызы тарапынан атқарылды. Ол аудан аумағында көп жылдардан бері күрделі мәселелердің бірі болып келген жолаушыларды автобуспен тасымалдау қызметін қолға алып отыр. Соның арқасында биылғы мамыр мейрамдары алдында ауданның екі қиыр шетінде орналасқан Суықсай және Ойтоған ауылдарынан бастап жолдағы елді мекендер арқылы Талдықорған, Алматы қалаларына екі маршрут ашылып, қатынау басталды.  Сол сияқты, тағы да екі автобус бөлініп, аудан орталығы –Жансүгіров ауылы ішінде де белгіленген маршрутпен тұрғындарды тасымалдау ұйымдастырылды. Жағымды жаңалық ретінде атқарылған шара аудан халқын қуантып, азаматымыз ел алғысына, ризашылықтарына бөленді.

 

P.S. Осы екі азаматтың атқарған игілікті шарасы және бұрындары да атқарған абройлы қызметі мен ел алдындағы нәтижелі еңбектері ескеріліп, оладың есімдері «Ауданның Құрмет кітабына» енгізілді.

(Әйгілі Қора-жайлау - Бүркітті)

 

*  *  *

         Жеке кәсіпкер Арай Әкенайұлы   акция аясында аудан аумағында баламалы энергия көздері қондырғылары - шағын қуатты жел генераторлары  мен күн панельдерін  орнату жұмыстарын  қолға алды.    

     Жел генераторлары желдің кинетикалық энергиясын электр энергияға айналдыра отырып, дербес тұтынушыларды 5-10 кВт мөлшерде электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Жел генераторларының қызмет ету мерзімі 20-30 жыл. Жел қондырғыларының артықшылықтары – қызмет көрестудің жеңілдігі әрі үнемділігі (20 жыл қызмет ету мерзімінде өтелімділігі- 4 жыл) және экологиялық тазалығы болып табылады.

Күн энергиясының басты қөзі - күн батареялары. Оларды фотоэлектрлік түрлендіргіштер, күн панельдері және күн модульдері деп те атайды. Күннің қоры сарқылмайды және сол себептен күн батареялары қайта қалпына келетін энергия көздерінің санатына жатады. Күн модулінің артықшылықтары: тұрақтылық, шусыздық, экологиялық және аса сенімділік, себебі олардың құрамында қозғалатын тетіктер болмайды. Заманауи технологиялар бойынша жасалған олардың қызмет ету мерзімі 25 жылдан кем емес. Қуатты жинау үшін Модульдік конструкцияларды қолдану арқылы жүйенің кез келген қажетті мөлшеріне жетуге болады.

Бүгінгі таңда осындай қондырғылар ауданның бірнеше мал қыстақтарында орнатылды. Қондырғыларды құрастыру цехы ашылып,    3-4 адам  жұмыспен қамтылатын болады.

*  *  *

     «Соқбаев М.М.» шаруа қожалығының төрағасы  Марат Соқбаев аудан аумағында бірнеше бизнес жобаларды іске асыруды қолға алды.

   «Соқбаев М.М.» шаруа қожалығының бірінші жобасы: Ауданның «Көкөзек» ауылындағы 6,5 гектар көлемдегі көлде осетр, карп, форель балықтарын тамақ өнімідері бағытында өсіру  және  тағамдық  уылдырық дайындайтын тауарлы ферма құру. Жобаны іске асыру мақсатында көл қамыстардан, балдырлардан, қайыр батпақтан тазаланып, 150 мың шабақ жіберілді. Көл маңына 1000 түп терек отырғызды. Көлге келетін жол жөнделіп, дамбысы көтерілді. Ауылдан 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобаның 5 жылдан кейінгі жылдық қуаты        2 тонна қара уылдырық, 100 тонн карп балықтары және 20 тонна форель өндіру. Жоба құны:  400 000 АҚШ доллары. Карп балықтары мен форельді тауар фермасын қаржыландыру басталғаннан кейін 2 жылдан соң, ал уылдырық дайындау фермасы 4 жылдан соң іске қосылатын болады. Жобаның толық өтелім уақыты 5 жыл. Қаржыландыру өз қаражаттары есебінен атқарылады. Одан ары көлдің тағы да 2 каскадын салу және қосқабатты балық зауытының құрылысы басталады. Сол сияқты, жер телімдерін алып, соя т.б.  балықтар азығын дайындау, адамдарға мәдени демалыс орнын ашу көзделген.

2-ші жоба: Астық дақылдары мен сояны  тазалау, тұқымдарын дайындауға арналған элеватор құрылысын салу. Элеватордың астықты тазалау мен кептіру қондырғылары орнатылған 25 х 12 шаршы метрлік 1000 тонна тазаланған тұқымға арналған бір жабық ангарының құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарланып отыр. 2015 жылы қажеттілігіне қарай тағы  2 ангар салынатын болады. 2015-2016 жылдары элеваторды соя зауытына алмастыру  көзделген. Жоба құны:  500 000 АҚШ доллары.

    3-ші жоба: Пескоблок өндіретін цех құрылысын салу  және іске беру. Тәуліктік өнімділігі300 дана пескоблок. Жылына 54 000 дана пескоблок өндіретін болады. Жоба құны10 000 доллар.

*  *  *

    Ауданның  Матай ауылының тумасы, «Механизированные работы» ЖШС басшысы  Сабыр Қадырұлы аудан орталығы – Жансүгіровтегі көп жылдардан бері бұзылып тұрған 20 пәтерлік қосқабатты және 30 пәтерлік 3 қабатты екі үйді қайта қалпына келтіріп, қайтадан қолданысқа бермекші. Пәтерлер аудан тұрғындарына жалдық, несиелік және сату жолдарымен берілетін болады. Жоба құны 380,0 млн тг.     Бұзылған ғимараттардың құжаттарын дайындау және тендер өткізу жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстары басталды.

 Серікбек Серпербаев, аудандық мәслихаттың хатшысы

Ақсу ауданы

Алматы облысы.

Abai. kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371