Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 14579 0 пікір 3 Маусым, 2014 сағат 14:44

ЛӘЗЗАТ ҚАПЫШЕВА. АҚҚУ АРМАНЫМ

 

(новеллалар)

Аққу арманым

Менің Алматы қаласына келгеніме 3 күн болды. Қалашетіндегі «Алатау» шипажайына орналасқанмын, бірақ, ем-дом қабылдау, дем алу деген ойымда жоқ. Таңертеңнен кешке дейін сенделіп қала көшелерін кезіп, өзіңді іздеп жүрмін, Сәния. Қайда екенсің? Күн ұзаққа жаяу жүріп, әрбір жанға «сен бе» деп тесіле қарап шаршадым да. Жол бойындағы аялдамаға келіп отырып, бір сәт өзіңмен бірге жүрген, сонау алыста қалған ауылдағы кездерді қиялыммен шолып өттім. Мен Целиноград қаласындағы ауылшаруашылық институтын тамамдап ауылға оралғанда саған бірден көзім түсті. Менің таңертеңгілік ерте тұрып дене шынықтырумен айналысатыным бар еді. Бірде таңертең ауыл шетіне шығып,

жүгіріп жүргенімде өріске мал айдап шыққан үлкендердің арасынан сені көрдім. Марқұм ата-анаңды да, өзіңді де оқушы кезіңнен білетінмін. Қалай өзгеріп кеткенсің. Нәп-нәзік, аққудың көгілдіріндей талдырмаш, сұлу бойжеткен болыпсың.

Күнде таңертең алаңдап сені іздейтінді шығардым... Біздің жақта күз ерте түседі ғой, сондай бір қара суықта сен аулаға түсірген шөпті белің майысып, жалғыз өзің мал қораға тасып жүргеніңді көріп, шыдамай қасыңа жүгіріп бардым.

– Сәнияш, мен көмектесейін. Сен үйге барып жылынып ал. Жаурап қалыпсың ғой дедім. Алма жүзің шиедей болып қызарып:

– Аға, ыңғайсыз болар, өзім-ақ тасимын ғой, - дедің.

Сол күні саған көмектескеніме өзім ырза болдым. Соңғы уақыт әр нәрсені сылтауратып көршілерің Ахат досымның үйіне де жиі баратынды шығардым. Ахаттың анасы ақ жарқын адам еді. Үнемі сендерді мақтап отырады. Әр қылығыңа сүйсініп, еңбекқорлығыңды, ұқыптылығыңды, бауырларыңа деген қамқорлығыңды өзгелерге үлгі қылатын. Неге екенін білмеймін саған деген сезімім үдей түсті. Күнде сені көргім келіп, аулаңның қасынан өтетінмін. Сіздің үйдін мұржасынан ерте шыққан түтінді көріп қуанатынмын. Алғашқыда саған оянған аяушылық сезімімнің махаббатқа ұласып, өзіңді жақсы көріп қалғанымды да сезбей қалдым. Бір күні кешке сені киноға шақырып келгенімде:

– Аға, кешіріңіз, балалардың тамағын жасап, сабақтарына қарауым керек. оның үстіне үйдің де шаруасы бар. Киноға бара алмаймын және Гүлбаршын тәте көріп қалса ұят болар...

Жауап осы болды. Мен үнсіз төмен қарадым. Гүлбаршын екеуміз мектеп партасынан бірге жүрген, сезімімді білдірген сыныптасым еді. Институтта оқып жүріп хат жазысып, үйленуге де уәделескенбіз. Бірақ, өзіңді көргеннен соң Гүлбаршынды ұмыта бастағандаймын. Тек сені ойлаумен жүрдім. Гүлбаршынның әкесімен менің әкем бір ауданды басқарып отырған жақсы жора жолдас, кейінгі уақытта бірін бірі құда атап кеткен тату жандар еді. екі оттың ортасында жүрдім. Осыны сезген анам:

– Балам, «шеше қарғысы боқ, әке қарғысы оқ» деген, бір аудан бетіне қарап отырған әкеңді жерге қаратпа! Сенің ана жетім қыздың үйін жағалап жүргеніңді қазір бәріміз де білеміз.

Анамның дауысы қатаң шықты. Жүрекке әмір жүрмейді. Мен Сәнияны сүйемін, оны бақытты етіп, бауырларына көмектескім келеді деп, айтқым келетін. Әттең, айта алмадым. Әке мен шешенің қас-қабағына қарап өскендіктен оларға қарсы шыға алмай Гүлбаршынмен отау құрдым. Бәрі дұрыс. Ата-анам да, Гүлбаршын да риза. Ел-жұрт, ағайын-туысқан үшін аудандағы бақытты шаңырақтың біріміз. Бірақ, менің жүрегім сені іздей берді, Сәнияш! Сол жазда бауырларың мектеп бітірген соң Алматыдағы нағашыларың сендерді көшіріп әкетті. Кейін біздің ауылдан Алматыға барғандар көк базарда алма сатып жүргеніңді көрген екен. Міне арада 32-жыл өтті. Қазір қайда, қандай күйде жүр екенсің, Сәнияш?! Сені қайдан іздеп, қалай тапсам екен, Сәния? Мен осындай ой құшағында отырғанда қасыма ұзын бойлы сұлу жігіт келіп:

– Аға, мұрат аға, ассалаумағалейкум! Танымай қалдыңыз ба? Мен сіздің Ахат досыңыздың көршісі Бақытпын ғой. Сәнияның інісімін ғой, - дегенде көктен іздегенім жерден табылғандай қуанып кеттім. Бірақ сабыр сақтадым. Қал-жағдайларын сұрастырдым. Сенің атыңды атауға бата алмай тұр едім. Бір кезде Бақыт:

– Аға, сізді көріп, сонау ауылды көргендей болып тұрмын. Үйге жүріңіз. Болмаса бір мейрамханаға барайық, әңгімелесейік, - дегенде келісе кеттім. Мен үнсізбін. Бақыт Алматыға алғаш келген күндерін, басынан өткергендерін маған айтып отыр.

– Аға, Алматы деген қала біздің аудан емес екен.Алғашқы жылдары көп қиындық көрдік. Пәтер жалдап тұрдық. Сәния тәтем бізді оқыту үшін үй иесі тетя Клаваның алмаларын базарға апарып сататын. Әйтеуір тыным таппады. Ұйықтамады. Тұрмысқа да шықпады. Бізді асырап оқытты, тәрбиеледі, адам қатарына қосты. Тырнақтап жүріп тиын жинап, қала шетінен бір үй сатып алдық. Бізді көшіріп әкелген нағашым ауру болып қалды. Басқа сүйенеріміз де жоқ. Біз үш жетім тек Сәнияға қарап өмір сүрдік. Мен үйленіп, сәбилі болдым. Бір жылдан соң, «бөлек шықпадық, күйеуге шықпаған апаңмен бірге тұрмаймын» деп әйелім кетіп қалды. Осы соққы Сәнияға ауыр тиді. Тек менен кейінгі Азамат пен Айғаным жоғары оқу орнын бітіріп, өз өмір жолдарын тапқан соң тірлігіміз қайта түзеле бастап еді. Бірақ, соңғы уақыт Сәния көп ауыратынды шығарды. Жиі-жиі құлап қала беретін. Дәрігерге қаратсақ, басында қатерлі ісік бар екен. Кіші қарындасым Айғанымның ата-енесі адамгершілігі мол жандар. Атасы Астанада үлкен шенеунік болса да бізге қарасып, Алматының ортасынан үлкен сарайдай үй сыйлады. Кезінде кетіп қалған әйелім қазір үйден шықпайды. Бірақ менің бір суынған көңілім қайта жылынар емес. Бір жағынан баламды да қимаймын. Қазір үйге барғым келмейді. Оның үстіне үйде Сәния да жоқ. Оны Германияның Лейпциг қаласындағы бір клиникаға Айғаным қарындасым енесі Клара екеуі алып кетіп емдетіп жатыр. Біздің құдаларға деген алғысымыз шексіз. Олар құда-құдағи емес, әкеміз бен анамыздай қамқорымыз болды. Шүкіршілік деймін, тек Сәния аман-есен тәуір болып кетсе деген үлкен тілегіміз бар. Осылай Аға, осындай өмірді бастан кешіп жатырмыз..

Ол алдындағы шарапты тауысып ішіп қойды. Мен Бақыт бауырымның үйге жүр деген сөзіне уәж әйтып мекен-жайын, телефон нөмерін жазып алып, бауырыма ұзақ басып қимай қоштастым. Олардың жақсы азамат болғанына қуандым. «Жарлы байымай ма, жетім өспей ме, көкейіңді теспей ме?» деген сөз рас қой. Арқамнан үлкен бір жүкті түсіргендей болдым. Астанаға тезірек кеткім келді. Іштей Сәнияның сауығып кетуін тіледім.

- Сәнияш, сен қыз бала болып бұлғақтауды білмедің. Сен жар болып бала сүйіп, әйел бақытын сезінбедің. Сені шын сүйе тұрып, саған жар болып қамқорлық көрсете алмадым. Өзіңнің бейнеңді жүрегімнен өшіре алмай өтірік ғұмыр кешкендеймін де. Кешір мені, қалқам. Қайда жүрсең де аман бол. Сен менің қолыма қонбаған аққу арманым, айтылмаған әнім боп қалшы, Сәнияш!

 

Алыстаған күндерім

Аппақ ұлпа қарға оранған қала көшелерін аралап, ұзақ жүрдім. Алып-ұшқан көңілім сабасына түсіп, орнықпай, көңілсіздік жанымды баурады. Еңсем көтерілмей, жаным жабырқап, жанарға жас іркіле берді. Неге алаңдап, неге мазасызданып үрейленіп жүрмін, өзім де білмеймін... Жан-дүниемді жайлап, тағат таптырмаған сабырсыздық қыстың мына алай-дүлей соққан бораны сияқты суық ызғар қарып барады. Жылына алмадым, жадырай да алмадым, жүріп келем. Осы сәтте қайдан екені белгісіз шат-шадыман, у-шу дауыстар естілді. Жан-жағыма қарасам, мәз-мәйрам болып балалар қардан аққала соғып, алаңсыз ойнап жүр екен. Оларға ұза-аа-ақ қарап тұрдым. Сағынып кеттім. Сонау алыстап қалған қайран бақытты балалық шақ, кімдерден жырақтап кетпедің?! Ешкімге қиянаты жоқ, ешкімнің де саған жамандығы, қастығы жоқ, пәк те, періште шақтар алыстап қалдың-ау. Артқа шегініп, қайта жүгіріп, қусам да таппаймын. Мен сенен, сен менен алыста кеттің, балауса күндерім.

Ия... қайдағы балалық шақты айтамын-ау, одан кейін де жастықтың жалауы желбіреген қайран жылдарым жылжып өтіп кетпеді ме? Бүгінде қаншама ұйқысыз өткізген түндерім мен мазасыз күндерімнің ізін де таба алмай қалмадым ба?

Мұқағали ақын қалай айтушы еді, «Талай-талай қыр астым, досым екен деп доңызбен де мұңдастым» дейтін ба еді?Есіме түсіре алмай отырмын. Қазір ойлап отырсам, менде шындық пен өтіріктің, достық пен қастықтың, адалдық пен арамдықтың, барлық пен жоқтықтың ара-жігін кейде ажырата алмай, талай рет сан соққан кездерім де болмады ма? Жаныма жақын жандарым деп олармен сыйласып жүріп, жылаған да, қуанған да, қайран күндерім. Кейде асығыстық, кейде албырттық, кейде білместік сезімнің жетегінде кетіп, досымды жабырқатып, жақынымды мұңайтқан, ал дұшпанымды адал көңіл адамгершілік оймен жұбатқан, қайран күндерім. Бұл күнде сәл нәрсеге алданып, арнасынан асып-тасып шаттанған кейде күйіп-пісіп, алып-ұшқан жұдырықтай жүректің уақыт өте қағысы да өзгеріп барады. Мына түйткілі көп, түйіні жоқ тіршіліктің көш-керуеніне ілесіп, кейде бір-бірімізді, жақындарымызды жоғалтып, кейбір жат жандармен табысып жатамыз. Кешегі көп достар, бүгін маңайымда неге сиреп кетті? Ортамызды толтыратын ағайынның орны неге ойсырап қалды? Өткен жылы ғана қасымызда болған, жанымызда жүрген жақындарымыздың жарығы неге ерте сөніп, айналамыз сиреп барады? Ия, көкейде сауал да, сұрақ та көп. Не шешімі, не жауабы жоқ. Баяғыда үлкендер бір күні өтсе қапаланып жылайды екен, ал біздер ше? Өткен күнге, не айға, не жылға есеп жоқ, әйтеуір тез-тез бір-бірімізге де қарамай жүріп келеміз. Кей кезде ағайын-туыстың, дос-жаранның, құда-жекжаттың, көрші-көлемнің қал-жағдайын сұрап, бір-бірімізді «Қайдасың, бауырым?» деп, іздей де бермейміз. Өйткені, біздің уақытымыз жоқ, бір-бірімізге мейірім шуағымыз азайып барады. Ия, осылай! Дәл осындай ойдың жетегімен баяу жүріп келемін. Жанымнан әрлі-берлі өткен басқа халықтың бәрі асығыс-үсігіс. Неге десеңіз, ертең жаңа жыл, бүгін ескі жылдың соңғы баспалдақтары. Осы жылды улап-шулап қарсы алып, қуанғанымыз кеше ғана сияқты еді. Міне, бұл шақтар да қас қағым сәтте өте шығыпты-ау. Осы жылдың ішінде бір-бірімізді жоғалтып, болмаса табысқан сәттерімізде, мұңайған да, жылаған да, қуанған да кездеріміз болған шығар. Жаңа ай туғанда үлкендер тілек тілеп, «ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа, бала-шағамды, маңайымды аман ет, ел-жұртыма тыныштық, бақ-береке бер» деп тілек тілеуші еді. Біз де өтер жылдың соңғы күндерінде батар күннің атар таңы бар деп, бір-бірімізге жақсы тілектер тілеп, жақындарымызды ұмытпай, асылдарымызды ардақтап, барымызды бағалай білейік. Алыстап қалған күндер, жырақтап кеткен жылдар қайтып оралмай-ды, ол тек жүректерде сағыныш болып, алыстай береді....

 

 

Жалған дүние

Адам баласы күнәдән пәк, кінәдан таза сәби болып, періште қалпында өмірге келсе де, мына тіршілік пендені пақырлық кейіпке бой ұсынтады екен. Баяғыда үлкендер көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра деп жатушы еді, рас екен. Мен ұзақ ғұмыр кешпесем де өзім кейде бағасын білмеген бақытты ғұмырды, өз қолыммен жасаған баянсыз өмірді кешіп келемін. Басынан бастайын. Ата-анам орта шаруа, жұпыны тіршілігіміз бар, тату-тәтті шаңырақ иелері едік. Мектепте озат оқушы атанбаған, белсенді, өнерлі болып көзге түспеген, жуас та, тұйық қыз едім. Ағайын-туыс, көрші-көлеммен де аралас-құраласымыз жоқ, бізді де іздеп келер ешкіміміз жоқ еді. Мен 9-сыныпты оқып жүргенде үлкен ағам аяқ астынан көрші ауылдың қызын үйге алып келіп, той-томалақсыз үйленіп алды. Жеңгем Жамал үй шаруасына өте пысық, сөзінен де, қолынан да іс келетін өткір жан болды. Баяғы ілбіп-сылбып өмір кешіп жүрген біздің шаңырақта бір өзгеріс, серпіліс пайда болды. Әуелі үйдің сырты-іші тазаланып, киімдеріміз бүтінделіп, қонақ шақыра бастадық. Күн ұзақ жеңешем екеуміз түрлі тәтті тағамдар пісіріп, көрші-көлемге көйлек, кеудеше тігіп, құрақ құрап көрпеше тігеміз. Жатарда менің шашымды айран, қымызбен жуып, беті-қолыма қаймақ жағып, мені ұзататын қыздай күтіп баптайтын. Біз мәзбіз. Мен он жылдықты әупірімдеп бітірдім. Оқуға барып білім алуға, ынта-ниетім болған жоқ.

Бірде жеңгем ауыл шетіндегі бір апаның үйіне алып келді. Апамыз айналып-толғанып бізді құрметтеп күтті. Үйі мұнтаздай, дастарханда не жоқ, құрт, ірімшік, жент, таба нан, қаймақ түрлі кәмпит, мен бұрын көрмеген құрма, өрік-миіз әйтеуір бәрі бар. Жеңешем ол кісіні жақын нағашы апам Қалима деп таныстырды. Қалима апа жатын бөлмесіне кіріп кетіп, сурет алып шығып жеңгеме ұстатты.

– Жақында Сұлтан әлгі мәскеуге барыпты, сонда мына Жағыппардың қызы Сұлумен суретке түсіпті.

– Мәссаған, мен үнді киноларынан көріп жүрген әртістер сияқты сымбатты жігіт пен керемет ару қыз бір-бірімен жарасып, жадырап тұр. Неткен әдемілік еді. Бірінші рет қыз бала болып, жігіттің суретіне сұқтана қарадым. Жүрегім толқып өзімде түсінбейтін алай-дүлей күй кештім. Осының бәрін жете бақылаған жеңешем, жұмбақ күймен жымия қарады. Оның сол кезде жымысқы ойы, ішкі қулығы бар екенін мен түсінген де, сезген де жоқпын. Бұл қыз кім деп, сұрауға батылым бармады. Бірде үйдің төбесінде моржаларын тазалап жүріп, сүрініп кеткен Қалима апамыз құлап аяғын сындырып алды. Жеңгеміз екеуміз бәйек болып ауылдағы сынықшы Пазыл ағаға қараттық. Мен енді апаның қасында күтуші болып қалдым, шынын айтсам, Сұлтанның анасын аялап күту, өзіме қатты ұнайтын. Қыста демалыста ауылға Сұлтан келді. Суретіне қарап, таң қалып тамсанғаным бекер екен, өзім көргендегі сезімімді айтпасам да түсінікті ғой. Сұлтанның оқуының бітуіне жарты жыл қалыпты. Ол орнынан тұра алмай жатқан анасын қимай не кетерін, не қаларын білмей, қатты қиналды. Негізгі шешімді менің жеңгем айтты.

– Қалима апам ғана емес, бүкіл ауыл болып, аудан болып үміт күтіп отырған азаматсың, оқуыңды аяқта, біз елміз ғой, апамды жалғызсыратпаймыз, мына Әлима менің туған қайын сіңлім Қалима апама көмекші әрі серік болып осы үйде болсын сен жолыңнан қалма. Сонымен Сұлтан Алматыға оқуына кетті. Бәрін білгіш Жамал жеңгемнің үлгі-өнегесімен мен Қалима апамның үйінің шаруасын дөңгелетіп, өзін әлпештеп бағып, көктем шыға сауықтырып аяғынан тік тұрғыздым. Бар жайды тәтпіштеп баяндап Сұлтанға хат та жазып тұрдым. Бірде Сұлтаннан хат келді, осы жылы дипломмен бірге, келін алып барамын деп, суретін қоса жіберіпті, сол күні мен ағыл-тегіл жыладым. Олардың ойы болмайды деп жеңгем жұбатты. Не керек сол жазда диплом алып ауылға Сұлтан келді, Сұлуы келген жоқ. Ол шетелге оқуға кетіпті. Сұлтан бірден жұмысқа орналасты. Көпшілік ортада өте беделді, үлкендердің де мақтайтыны, мадақтайтыны, қыз біткеннің арманы Сұлтан болды. Мен оны қызғана бастадым, өйткені өзім оны баяғыда иеленіп қойғанмын ғой. Бір Алланың ісі ме, әлде Қалима апаның тілегі ме, әлде анасына шексіз беріліп көңілінен шыққанымды сезді ме, ол маған тұрмысқа шығасың ба дегенде мен құлап қалдым. Жеңгем мәз-мәйрам, бар арман тілегі орындалғандай жайнап кетті. Біз үйлендік, керемет кезеңді бастан кешіріп, бақыттан басым айланып та жүрді. Оқу-тоқусыз-ақ, алысқа бармайақ ел сұлу атайтын Таңсұлу сияқты мәскеуде оқымай-ақ, Сұлтанның жары болсам басқа не керек деп, алаңсыз жүре бердім. Сұлтанның қызметі сатылап өсе бастады. Үйге алыс-жақыннан келер сыйлы қонақтар да көбейді. Жұбайыма деген көпшіліктің құрмет-қошеметі мені есейтіп, мәртебемді көтеріп жіберді. Таң сәріден ерте жұмысқа кететін, үйге кейде кештетіп келетін, үнемі жолсапарда жүретін Сұлтанның қайда жүргенін сұрамаймын, жұмысына араласпаймын оған өрем де жетпейтін. Менің ағайын арасы, дүкенші, қоймашыларға әмірім жүреді, содан Алматыдан келіп кететін таныстарға,достарға, Финнің дейсің бе, Чехтың дейсің бе, аяқ киімдерін, үнді шәйлерін, әйтеуір сұраған қат дүниелерін тауып беріп жатамын. Біраз жыл өтсе де сәби көтере алмай жүрдім, оны да уайымдамадым, тек Қалима апам ғана анда-санда мазасызданатын. Сұлтанның жұмысы өсіп, қалаға да көшіп келдік. Баяғы Жамал жеңгемнің таусылмайтын жұмыстары бар, ызыңдап мазамды ала берді. Оның тілін бірде алсам, бірде алмаймын дәу бастықтың әйелі емеспін бе, «сендердің-ақ шаруаларың бітпейді» екен деп, ренжи бастадым, сол жылы аяғым ауыр еді. Уысынан шығып бара жатқаным, жеңгеме ұнамады. Бірде үйге келіп шу шығарды. «Әй сен қыз, болып-толып қалыпсың ғой, кімнің арқасында, кімнің ақылымен Сұлтанға қол жеткізіп едің, ұмыттың ба, онда есіңе салайын, Таңсұлудың мәскеудегі адресін алып, ауылда Әлима деген қызға үйленген, ауру шешесін бағып жатқанын ауылдастардың бәрі біледі деп телеграмма салып, Таңсұлудың шетелге кетіп қалуына мен себепкер болғанмын. Ауылда оқу-тоқуы жоқ сенің күң болмай, осылай ай мен күндей болып отыруыңа мен себепкер болғанмын, ұмыттың ба осыны, өйткені мен білдім Сұлтанның мықты азамат болатынын. Ол сенің теңің емес еді, мен едім бар айла-қулығымды асырған осыны ұмытып отырсың ғой». Мен жүрегімді ұстап отырып қалдым.

– Ия сол кездері айла-қулықты мен қайдан білейін теңім болмаса да Сұлтанға шын ғашық болып қалып едім. Әке-шешеме де, аға-жеңгеме де, ағайын-туысқа да Сұлтанға бірін айтып, бірін айтпай жасап жатқан жақсылығымыз аз емес еді. Ағамның түрі анау, қолынан не іс, не жұмыс келмейді. Әке-шешеме малдан басқа ештеңе керегі жоқ, ал мына Жамал жеңгем жанымды жеп жалақтай береді, жалақтай береді. Жеңгем далаға шығып кеткен сияқты еді қайта оралып келіп

– Сен үйде отырсың омалып, не оқуың, не жұмысың жоқ байың жеті сайын Алматыға барады. Ана Сұлудың да байы сен сияқты бір сүмелек дейді олар қосылып алса кім болғаныңды сонда көрермін. Үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Мен ол жайлы ұмытып кеткенмін. Енді жатсам да тұрсам да Алматы да тұратын Сұлу атты күндесім туралы ойлайтынды шығардым ерте, келсе де, кешіксе де, жол сапарға шықса да Сұлтанға тиісе бердім. Не бір дүкенде жоқ қат нәрселерді қоймалардан тауып, Алматыдағы таныстарыма жіберіп Сұлу туралы деректер жинадым. Үйде отырсам да бос уақытым жоқ қолымда телефон жан-жақтағы таныстарда маза бермейді үйге келушілерде көп. Кейде дауысым қатты шығып ашуланғанымда Сұлтан шапалақпен тартып-тартып жіберсе арманым болмас еді. Жоқ ол тек үнсіз жымиып қоятын, сондайда жалынатын тек Қалима апа ғана. – Әлима, қалқам, қөрінгеннің сөзіне еріп, жалғызымның мазасын ала бермеші, онсыз да жұмысы ауыр ғой, мынадай қиын кезде халықтың бабын табу оңай емес түсінсей, басыңда үйің бар бауырыңда балаң бар, Сұлтаның қасыңда ғой, бір-біріңе тіл тигізбе, бетің ашылып кетеді балам. Мен одан сайын долданып кететінмін, не деген ақымақ едім. Кейде ақылға келемін, дегенмен бір әйелдей бақыттымын, барар жеріміз де көп, елдегі, сырттағы біраз демалыс орындарында болдық, жалғыз ұлымыз Аслан да әкесіне ұқсап ержетті, шетелге оқуға кетті, бәрі жақсы тек кейде, Алматыдан әлгі достарымыз звондап, Сұлудың күйеуден ажырасқанын, Сұлтан екеуін Алматыда бірге көргендерін айтып, мені күйдіріп, пісіріп, өздері рахаттанып отырды ғой. Бізбен бірге қалаға көшіп келген жеңгемде Сұлудың елге келгенін теледидардан сан мәрте сөйлегенін оның ғылым кандидаты, атақты жан екенін айтып мазамды ала беретін. Тіпті бірде жеңешем:

– Сұлуға Қазақстанда ғашық емес жігіт жоқ екен, сондықтан күйеуі тастап кетіпті, ал Сұлу болса тек Сұлтанды ғана сүйеді деп қосып қоятын. Мен Сұлу жайлы өтірікте болса суық сөз, өсек айтқандар болса жаным кіріп, мерейім өсіп, сол өсектерді еселеп Сұлтанға айтып жаным жай табатын. Сұлтанның мәртебесі биіктеп, абыройы асқақтап тұр еді. Бірде ол жұмыс бабымен Алматыға көшетін болдық дегенде, сен Сұлуды іздеп бара жатырсың көшпейміз деп, шу шығардым, телефоннан ақыл айтушылар көп болды. Сұлтанның қызметін қызғанғандар оған тікелей бата алмай, мен арқылы өсектермен өшін алып жатты. Ол кезде дәл қазіргідей ақыл-ой менде жоқ, жанашыр ақылшым тағы жоқ. Сол кезде ақыл айтар Қалима апамда қайтыс болып кеткен еді. Жалғызсырап жүрген болатынмын. Алматыға көшіп келдік жақсы пәтерде тұрдық, одан коттеджге көшіп келдік, үйде күтуші де, бақшашы да, күзетші де әйтеуір қызметкерлеріміз көп. Қызғаныштың кесірінен мен бірінші қабаттан көтерілсемде, екінші қабаттан түссемде ауырып қала бердім. «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын» деген осындай болар. Бірде төсектен тұра алмай жатсам Жамал телефон шалды.

– Әй сүйінші, ана Сұлу онкологиялық институтта ауырып жатыр екен, қайтыс болыпты. Орнымнан ұшып түрегелдім.

– Рас па, қуанып кеттім, сүйіншің дайын үйге кел. Орнымнан ән айтып тұрып, ата-жауын жеңген батырдай рахат сезімге бөлендім. Осы сәт есік қағылып үйге Сұлтан кірді. Өң-түс жоқ қорқып кеттім.

– Сұлтеке ерте келдің ғой шәй қояйын ба? Бәйек болып жатырмын.

–Ауырып тұрмын, киімімді ауыстырып бір жерге баруым керек. Ол жұмыс бөлмесіне кіріп кетті. Ақырын басып барып қарасам, Әр газетке бір қарап, жылап отырғанын байқадым. ол Сұлу туралы қазанамаларды оқып отырғанын сездім де, шығып кеттім. Ас үйге кіргенімде бойымды бір дүлей жын буып, Сұлуыңды жоқтап отырсың ба деп ішке кірсем, ол жерде құлап жатыр. Есім шығып кетті. Жүгіріп жедел жәрдем шақырам дегенше қас-қағым сәтте жігіттің сұлтаны, елінің сұлтаны, өзімнің Сұлтанымнан айрылып, аңырап қала бердім. Өлмеген құлға келді жаз дегендей,

Сұлтанның қырқын да, жылын да бердік, Жылына дейін жан-жақтан келушілер көп болды. Әр келген қатарластары, жолдастары Сұлтанның жақсы қасиеттерін, білікті басшы, керемет адам деп мақтап отыратын. Үлкенге іні, кішіге аға бола білген менің Сұлтаным абыройлы азамат екен. Кейде қадірін түсініп, кейде түсінбеген қайран басым-ай! Осындай ойға шомылып отырып теледидарды қоссам, әлгі бізбен ДОС болып жүрген Жәкеннің әйелі Қанипа сөйлеп отыр.

– Мен балаларыма, келіндеріме достарыңа адал болыңдар өсек айтпаңдар, деп жиі айтамын...

Теледидарды сөндіріп тастадым. Күлкім келді. Кезінде маған түрлі өсек айтпай, жанашырлық сезіммен ақыл айтсаң қайда қалдың Қанипа, Сұлтанымнан айрылғаныма бір жарым жыл болды, досқа адал болсаң қасыма бір келмедің бе, Қанипа, – деп ашу-ызаға булықтым. Өкініштің өксігі жанарымнан сел боп ақты. Жан баласына айта алмаған сырларымды ақ қағазға түсіріп отырмын. Алдымда Сұлтан мен Таңсұлудың бір-біріне жазған хаттары, бірге түскен суреттері, оларға қазір қызыға қараймын, кешіре алсаңдар кешіріңдер мені. Бәрінде артынан естіп білдім ғой, Таңсұлудың ағасы Асхат дәл той болардың алдында сөз байласқан Жамалға емес, басқа қызға үйленіп кетіпті. Осыған ерегескен Жамал менің жуас ағамды айналдырып, үйімізге кірген соң Таңсұлудан өш алмаққа Сұлтанмен екеуінің арасына шоқ салған. Жамал жеңешемнің жоспарлы ойы іске асқанмен, мен басында білмеген ақиқаттың сыры осындай еді. Дәл қазір түрлі ойларға да берілемін. Олар оқыған мектепте екеуінің суреті, мектеп мақтаныштары тақтасында қатар тұрғанын естідім.

Сондықтан оқушыларға болашақта Сұлтан ағаларыңдай, Таңсұлу апаларыңдай білікті, білімді болыңдар деп арнайы стипендия тағайындауды, олар жайлы кітап жазуды қолға алмақшымын. Менің Қалима апамның бір өзі ақылы, ісі бір әлем ғой. Өзімде қазір сол кісіге ұқсап барамын ба, кейде келінімнің дауысы қатты шықса, "Марта қалқам, жалғызыма жазықсыз тиіспеші" деп жалынамын. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей, менің өкінішті кезеңдерім өзгелерге сабақ болсын, біреудің қызғанышпен айтқан өтірік, өсек, жала сөздеріне бола жақыныңды жазғырмай, жан сезімін түсіне білейік. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегізбей, мына жалған дүниеде жаныңда жүрген жақсылардың жүрегін жаралап, көңілін құлазытпайық. Өйткені өмір деген бір сәттік қана сәуле екен. Өшіріп алсаң қайта жанып, жарығын жан-жағына шаша алмайды. Мен өкінішке орай осының бәрін кеш түсіндім.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371