ДҮРБЕЛЕҢ ТУДЫРҒАН ТАНКІ МЕ ӘЛДЕ ТІЛШІ МЕ?..
Суретте: әскери даңқ музейі кешенінде тұрған Т-34 танкі
Керекуде патшалық-кеңестік құндылықтарды қызғыштай қорғаушы топ бар екені жұртшылыққа құпия емес. Олар қала құрылысы мен тарихына қатысты және облыстағы ономастика, тіл, кадр саясаттарына байланысты өз ұстанымдарын дәріптеп, орыстілді тәуелсіз басылымдар мен әлеуметтік желілер арқылы өзге пікірдегі жеке адамдарды да, ресми тұлғаларды да сынап-мінеуде, сөйтіп жергілікті билікке ықпал етуді көздеуде.
Мәселен, былтыр аймақ басшылығына Қанат Бозымбаев тағайындала сала бұрынғы әкімнің тұсында Әскери даңқ музейі кешеніне көшірілген кеңестік Т-34 танкісін, сондай-ақ Ленин мүсінін бастапқы орнына қайтару жөнінде мәселе көтерді. Мұнымен тынбай, патша заманында салынған, бұдан ондаған жылдар бұрын пайдалануға жарамсыз болып апатты жағдайға түскен, тарихи ескерткіштер санатына жатпайтын «Россия» қонақ үйінің қирандысын жергілікті бюджет есебінен бастапқы қалпына келтіруді көздеп сын мақалалар жариялады, көпшіліктің жария хатын да ұйымдастырды.
Өкінішке қарай, сол кезде жергілікті зиялы азаматтардың арасынан я лауазымды шенеуніктер ішінен нақты жағдайды Қанат Алдабергенұлына түсіндіріп, дұрыс жол сілтейтін біреу шықпаған тәрізді. Қалай болса да, жаңа әкім әлгілердің айтқанына көніп, ыңғайына жығылған сияқтанды.
Осындай ой түйген керекулік ұлт жанашырлары «Жас Алаш» газеті, «Абай кз», «Ұлт» порталдары арқылы «Керекуде ұлт араздығын қоздыруға неге тиым салынбайды?!» деп, орынды наразылығын білдіріп, аймақ басшыларын сынады («Тәуелсіздік және танк», «Керекуде текетірес басталды! Жаңа әкім кімдердің сөзін сөйлейді?»).
Осыдан соң Қ.А. Бозымбаевтың даулы мәселенің ақ-қарасын өзі байыптап, әділ байлам жасауға бел байлағаны байқалды, бұл әрекет баспасөз беттерінде көрініс тапты. Ақыры екі тарап: патшалық-кеңестік құндылықтарды дәріптеушілер және егемен елдікті, ұлттық, мемлекеттік құндылықтарды ұлықтаушылар сабыр тауып, саяси астары бар түйіннің сәтті шешімін күтті.
Бірақ жуырда «Караван» газетінің облыстағы тілшісі Ризабек Исабеков «Как аким Бозумбаев ветеранам отвечал» деген мақала жариялап, Т-34 танкісін Ленин көшесіндегі әуелдегі орнына қайтару жөнінде қайта мәселе көтерді!.. Бұдан бұрынырақ кеңестік сұрапыл соғыс қаруы туралы «Символ Победы на задворках» деген хабар да жариялаған екен.
Себебін кім білсін, жерлес тілші әлемнің демократиялық күштері «Зұлымдық империясы» деп бағалаған Кеңес одағын және «Халықтар түрмесі» атанған патшалық Ресей империясын құрметпен еске түсіретін секілді. Мәселен, былтыр «Уж не сгоряча ль убрали Ильича?» деген ақпаратында коммунистік қоғамның, большевиктер партиясының жарнамасы іспеттес В.И. Лениннің мүсініне деген сүйіспеншілік сезімін жасыра алмаған. «Юбилей Павлодара прошел незаметно…» деген мақаласында Павлодардың патша заманында қала мәртебесін иеленгеніне 150 жыл толуы салтанатпен аталып өтілмегеніне кейістік танытыпты. «Потерянный Павлодар» деген жазбасында өткен ғасырларда қала орталығында орыс көпестері салған ескі үйлер мен ғимараттардың түгелдей толық сақталмағанына өкінішін сезімін білдіріп, Италиядағы әлемге әйгілі Колизейді мысалға келтіреді...
Енді бір жарияланымына қанағаттанғандық сезіммен «Павлодар не переименуют» деген атау қойып, «Кереку – Коряковка форпосының қазақша нұсқасы» деген өз топшылауын жазыпты. Шындығында, «Кереку – Махмұт Қашқаридың «Сөздігіне» енген ежелгі түркі сөзі екенін, «үй», «шатыр» деген мағына беретінін білмейтін автор өзінің оқырмандарды шатастырғанын сезбейтін сияқты.
Ең сорақысы, облыстың гербінде бейнеленген арқар жануарын орысша «козел» деп атап, облыс әкімі айтпаған әрі айтуға дәті жетпейтін сөлекет сөздерді оның аузына салып қойыпты («Аким Бозумбаев: И до козла доберемся!»). Сондай-ақ өзінің Ерлан Арыннан гербтің мән-мағынасы жөнінде түсініктеме беруін бірнеше рет сұрағанын, бірақ жауап ала алмағанын жазады. Сөйте тұра Р. Исабеков неліктен гербке қатысы жоқ әкімге әлгі сұрағын қойғанын айтпапты. Бәлкім ол гербтің жобасын Е. Арыннан бұрынғы әкім Бақытжан Сағынтаевтың мақұлдап, облыстық мәслихаттың сессиясына ұсынғанын және жобаны депутаттардың қабылдап бекіткенін білмейтін шығар немесе «Жығылғанға – жұдырық» деген оймен эксәкім Е. Арынды қаралауды ғана көздейтін болар... Әйтеуір, бұл мәселелерде оның кәсіби біліксіздігі мен ниетінің таза еместігі сезілетін секілді.
Өкініштісі, «Караван» басылымында Ризабек Исабековтың осы тақылеттес жазбалары еш талғаусыз жариялана беретіні. Солай десек те, редакция басшылығы алдағы уақытта оның материалдарына сын көзімен қарап, автордың қандай да бір топтың жұртшылық арасына жік түсіретін ұстанымын әспеттеуіне тосқауыл қояды деген үміттеміз.
Арман ҚАНИ,
«Ертіс дидары» газетінің редакторы,
Қазақстан Жазушылар одағы
Павлодар облыстық филиалының директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Abai.kz