Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
46 - сөз 8312 0 пікір 30 Мамыр, 2014 сағат 14:19

«Қазаққа ұлтжандылық, ұлтын сүю жетіспейді»

Тұрсынбек Кәкішұлы,
әдебиеттанушы, сыншы:

Біз жақсы болсын, жаман болсын, өтірік болсын, шын болсын, сол ескі жолмен жүріп келе жатқан елміз. Сондықтан социализм заманында көрген қорлықтарымызды айтуға жүрексінеміз. Неден қорқатынымызды өзі­міз де білмейміз. Ал енді, аштық пен қуғын-сүргін жайындағы Талас Омарбековтың зерт­теулері дұрыс. Басқалары киногерлер, т.б. осы салада жүргендер бір нәрсені көреді де содан өрбітіп алып кете береді. Ал Талас талай ел­дер­дің ар­хивтерінде болып, өте құнды дерек­терді жинап, түбегейлі еңбек жасағанын бі­ле­міз. Сондықтан біз көп жағдайда Талас­тың ой-пі­кір­леріне ойыс­қанымыз теріс болмас.
Мұндай қиын жағдайға қазақ халқы қа­лай тап болды дегенге келетін болсақ, бая­ғы­да Орталық Партия Комитетінің хатшысы Нұрымбек Жангелдин басшы болған тұста «Қазақ ұлт болып жетілмеген халық» дегенді айтқан. 1957 жылдардан бастап, Рах­манқұл Бердібаев және Орталық Партия Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының бірнеше қызметкерімен бірге, қазақ тілін, қазақ мектебін, мәдениетін жоқ­таған мақалалар жазған едік. Соған байланысты 1957жылы 10 желтоқсанда Орталық Партия Комитетінің керемет қаулысы шықты. Ол қаулы «Қазақ мәдениетін одан әрі өр­кен­детейік» деген атпен шықты. Бірақ оның бар­лығы біздердің жазған мақа­ла­лары­мыз­дағы кеткен қателіктерді айту, сөйтіп барып жөнге салу мәселесі еді. Ұлт болып жетілмеген халық дегеннен кейін күні бүгінге дейін ұлт­тық идеология жөнінде қаулы-қарар қабылдай алмай жүрміз. Ұлттық идеология халықтың сана-сезімі біріккен уақытында қалыптасатын дүние. Отаршылдар, әсіресе, орыс отаршылдары сонау Петрдан бастап әдейі бытыратып, бүлдіріп, қазақ халқының басын бірік­тір­меудің амалдарын жасады. Тағы бір айта ке­те­тін жайт, ашаршылық қолдан жасалған дү­ние емес. Ол жағдайды солай алып келген би­лік. Әсіресе, колхоздастыру кезінде қазақ­тың малын тартып алып, аштыққа ұшырату Голощекиннің саясаты деп жатырмыз ғой, шындығына келгенде отаршылдардың бая­ғы­дан бергі ұстанып келе жатқан саясаты. Оны мықтап жүзеге асырған Коммунизм бол­ды.
Қай тарихымыз болмасын түгел бұр­ма­лан­ған. Басқаның көзімен, басқаның ойымен жазылған. Өзімізге керекті нәрселерді, тари­хымыздағы болған трагедияларды ұмытып кететін кездеріміз өте көп. Көп жағдайда көріп тұрған іске емес, сөзге сеніп жатамыз. Ал отырықшы халықтар өзінің тарихын деректерге сүйеніп жазады. Біз де қазақ жырауларының еңбегін шығарып, «Жырау және тарих» деген зерттеу жасасақ, иә болмаса «Қазақ хандығы құрылғанға дейін­гі қазақ тарихы, одан кейінгі қазақ тарихы, совет заманындағы қазақ тарихы» де­ген тарауларды жеке-жеке жазып, ел-жұ­рт­­қа жеткізсек, оның барлығын терең ғылыми түрде архивке негіздеп отырып айтсақ, біздің санамызды өсіріп-жетілдіретін еді. Қазаққа ұлтжандылық, ұлтын сүю же­тіспейді.

Профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Қазақ әдебиет» газеті ұйымдастырған аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізген дөңгелек үстелде айтқан сөзі.

Дереккөз: «Қазақ әдебиеті» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963