Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6723 0 пікір 22 Қаңтар, 2015 сағат 16:43

Думан АНАШ. «АҒА» ДЕГЕН ЖАҚСЫ АТ!

Үстінде ұзын қара плащы, қолында қара портфелі, жауырыны қақпақтай, сұңғақ бойлы жігіт Казгуградты қақ жарып кетіп бара жатар еді. Соңынан темпеңдеп еріп алатынмын. «Сіз Нұржан Қуантайұлысыз ғой, иә? «Жас Алаш» газетіндегі «Рух» бетінің редакторы!». Сауалды ішімнен сан қайталап келе жатқанда ол комбинат питанияға қарай бұрылатын да, мен өз жөніммен кете баратынмын. Осы көрініс санамда жатталып қалыпты. Мектепте жата-жастана оқыған газеттің әсерімен бірінші курста бірден танығанмын. Университетте сабақ беретінін де білемін. Бірақ біздің курсқа дәрісін тыңдау бақыты бұйырған жоқ...
Есесіне «Алматы ақшамында» істегенде, универде оқи қоймаған қуыс қауашағымызды күннен күнге толтыра берді. Бірде Көктөбеге барасың деді. Онда не бар? Тасмағамбетов Ассамблеямен кездеседі. Жарайды дедік. Артынан ойландық. Әкім болса әкім шығар, Ассамблея болса Ассамблея шығар. Оларда менің нем бар? Ит өлген жерге барып неғыламын? Екі күн өткен соң кабинетке кел деді. Неге бармағансың? Барғым келген жоқ. Неге? Әкімді жазғанша жақсы сұхбат алайын, жақсы тақырыпта мақала дайындайын. «Әлі студент екенсің ғой...» Бір-ақ ауыз сөз. Ұқтық. Содан бері әкімдерді жазып келеміз )))

Нақтылықты, тиянақтылықты, сауаттылықты үйретті. Қай кітаптан қандай дүние оқу керектігін айтты. Материалды дайындау, тақырыпты тауып қоюдың жолдарын нұсқады. Былтыр баспадан шыққан «Әулет» атты кітабымда аздап Алаш тақырыбы қозғалғаны үшін ұсыныстар түсті. Соның бәрін Нұрекеңе қарай жібергім келіп тұрады. Өйткені ол шын мәніндегі ғалым, алаштанушы. Ғылым кандидаты деген атағы бар. Бұл дәрежеге бәрі ие ғой, Нұрекеңнің білімі кандидаттан жоғары деп ойлаймын өз басым. Қысқасы, газеттің майын ішкізді. Кейде шақырып алып, публицистика мен әдебиеттен әңгіме шертті. Білмейсің деп шұқымай, нұқымай-ақ қабылдау деңгейіміз жеткенше сіңіре берді. Ол мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын «Мұзартпен» бірге алғаны есімде. Өзі қатарластарының ішінде әдебиет пен журналистиканың мұзарты болды. Сөйткенше, Шығысқа ауысып кетті.

Одан бері де алты жыл өтіп кетіпті. Интеллектуал, ақын, жазушы, журналист, басшы ретінде биіктерден көрінген Нұржан аға «Шығыс-ақпарат» медиа холдингін заманға сай дамытты. «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттерін түрлі-түсті форматқа көшіріп, мазмұн һәм жеделдік жағынан республикадағы үздік үштікке кіргізді. Қос басылым «Алтын Жұлдызға» ие болды. Қызметкерлерінің қаламақысы жоғары болуы үшін жүгірді. «Алтайньюс» сайты 100-діктің ішіне еніп, елдегі кейбір қолы қысқа ақпараттық ресурстар жылт еткен жаңалығын көшіру үшін «аңдып» отыратын болды. Қазақстан Жазушылар Одағының Шығыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы ретінде талай әдеби жобаларды жүзеге асырды. Бір ғана «Өтүкен» журналы бүкіл түркі әлемі әдебиетінің конгресінде жоғары бағасын алды. Баспахананың материалдық-техникалық базасын нығайтты. Әрине, айта берсе, көп. Мұның бәрін соңғы екі жылда Алтайға келіп, күнде көріп, куә болған соң айттым. Әйтпесе, ол публиканың адамы емес. Жақсының өзі кішік, ойы биік болады. Кішілігімен ағалық қамқорлығын аямайтын Нұржан Қуантайұлын бүгінгі туған күнімен шын бейілден құттықтаймын! Шериаздан Елеукенов көке айтпақшы, «Аға» деген жақсы ат!

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364