САЯСИ СИПАТ: ТРЕНДТЕР МЕН СЦЕНАРИЙЛЕР
Өткен Жылқы жылы «үйретілмеген асау аттай, мөңкіп-мөңкіп» өте шығып еді. «Өткенге салауат» дегендей, жақсысы мен жаманы, «үркегі мен үйреншіктісі» қабат-қабат келіп, көзімізді ашып-жұмғанша тарих қойнауына сөйтіп аттанды да кетті. Ал есігімізден енген биылғы Қой жылы... қойдай момақан бола қоймайтын сияқты - өткен Жылқы жылының мінезіне салғандай, шым-шытырық оқиғаларымен шыңғырып кірді есігімізден.
Бұған бір ғана ПАРИЖ ЛАҢКЕСТІГІН мысалға алсақ та жеткілікті болар деп ойлаймыз. Ал енді «айқайлап басталған» биылғы жылдың саясаты қандай болмақ – күні кеше ғана Алматыда «Қазақстан саясаты-2015: тренділер және сценарийлер» деп аталатын дөңгелек үстел басына жиналған РЕСМИ тілді саясаткерлер осынау сұраққа жауап іздеп көрді. Жиналғандарды әлбетте, өткен-кеткен оқиғалар емес, сол өткен-кеткен оқиғалардан сабақ ала отырып «биылғы жыл несімен қуантып, несімен қапаландыруы мүмкін?» деген сұрақ әжептәуір мазалағанға ұқсайды. «СТРАТЕГИЯ» саяси-әлеуметтік зерттеулер қоғамдық қорының президенті Гүлмира ИЛЕУОВА ханымның айтуына қарағанда, биылғы жылы біздің мемлекетіміз ақпараттық-насихаттық бағыттағы негізгі қызметін күшейтетін көрінеді, өйткені есігімізден енген жылқы жылының мойнына артылып отырған «саяси салмақ» жеңіл емес. Мәселен, биылғы жылы еліміздегі саяси тұрақтылықтың негізгі фундаменті болып отырған... болып келе де жатқан (кейбіреулердің ойынша) Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толады екен. Қабылданған Конституциямызға да 20 жыл толады екен. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне 70 жыл толады екен. «Толады екендер» көп. Мұны аздау десек, ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫның іргетасының қаланғанына 550 жыл толады екен. Сөз жоқ, айтылып отырған атаулы даталардың ішіндегі ерекше назар аударып, ерекше көңіл бөлінуге тиісті дата ол – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫның 550 жылдығы. Алдыңғы үшеуіне қарағанда, бұл датаның айрықша атап өтілуінің қазақ халқы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағындағы елдер үшін ғана емес, бүкіл әлем алдындағы маңыздылығы аса зор. Сондықтан да жыл сайын аталып өтіп жататын Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жеңіс мерекелерінің орны бір бөлек те, Қазақ хандығының мерекеленуінің орны бір бөлек. Ал осынау даталардың қалай аталып өтетіндігі, олардың қазақ үшін қаншалықты жемісті болатындығы – бұл енді биылғы жылдың еншісіне жазылған негізгі жүк болмақ. Мұны уақыт көрсете жатар. «Алайда биліктің осында айтылып отырған ақпараттық-насихаттық ресурсы қаншалықты тиімді болмақ дегенге келетін болсақ, бұл өте үлкен мәселе, - дейді «АЛЬТЕРНАТИВА» актуальды зерттеулер орталығының директоры Андрей ЧЕБОТАРЕВ мырза, - өйткені өткен жыл бойына біздер Украина мен Сириядағы және Ирактағы соғыстардың, сонымен бірге Ресейге қатысты санкциялар орын алған сыртқы факторлардың ықпалының негізінде өмір сүрдік. Ал дәл қазір біздер үшін «отандық саяси өнімдерді жедел өндіру» уақыты келіп жетті. Бұған деген алғышарттар бізде қазірдің өзінде бой көрсете бастады. Мәселен, жақында ғана еліміздегі Фермерлер одағы өздерінің саяси партияларын құратындығын мәлімдеді. Бұл, бір жағынан алып қарайтын болсақ, өте-мөте түсінікті де, өйткені еліміз Парламентінен орын ала қалған жағдайда бұлар өз мүдделерін өздері қорғауға көшетін болады... әйтсе де болашақта орын алатын саяси жағдайлар еліміз Президентінің алға қандай мақсаттар қоятынына тікелей байланысты...»
Міне, Чеботаревтің сөздеріне ден қоятын болсақ, биылғы жылдың сайлауалды жыл болу-болмауы да дәл осы Президент алға қоятын негізгі мақсаттарға байланысты көрінеді. Қай жағынан алып қарайтын болсақ та, Чеботарев сөздерінің қисыны бар сияқты, өйткені 2016-шы жылы кезекті Президент сайлауы өткізілуге тиісті. Ал енді биылғы жылы бола қалуы мүмкін-ау деген парламенттік сайлауға келетін болсақ, саясаттанушы Данияр ӘШІМБАЕВ бұл мәселені қозғай қоюға қандай болмасын себеп жоқ дейді. Оның үстіне, Әшімбаевтың айтуына қарағанда, өткен жылы жүргізілген үкіметтік реформаларға биылғы жылы ҮЛКЕН ТЕКСЕРУЛЕР жүргізілуі мүмкін көрінеді. Дөңгелек үстел барысында қозғалған осындай да осындай ойлардан кейін биылғы жылы болуы мүмкін еліміздің сыртқы экономикалық ситуациялары жөнінде «МИР ЭВРАЗИИ» қоғамдық қорының жетекшісі Эдуард ПОЛЕТАЕВ мырза әңгімеледі. ЭДУАРД мырзаның болжамына қарағанда, биылғы жылдан бастап жұмыс істей бастаған Эуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елдердің интеграциялық қарым-қатынастар жүйесінде ешкім ойламайтындай өзгерістер болуы ғажап емес. Мысалы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының форматы Еуразиялық Экономикалық Одақ көлеңкесінде қалып кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне, бүгінгі күні Еуразиялық Экономикалық Одақ пен Еуразиялық Одақ арасын жақындастыру мәселелері қаралып жатқанға ұқсайды. Рас, мұндай мәселенің нақты қай жерде, нақты қандай деңгейде қарастырылып жатқанын Полетаев мырза ашып айтпаса да, мұның әбден мүмкін мәселе екені көзі ашық, көкірегі ояу адамға бүгінгі күннің өзінде-ақ белгілі бола бастады. «Жақында Тунис елшісі өз елінің Кедендік одаққа кіргісі бар екенін мәлімдеді, - дейді Эдуард Полетаев жоғарыда айтылған пікірлерін нақты дәлелдермен шегелегісі келгендей, - олардың осынау ойлары фантастика тәрізді болып көрінгенімен, Түркия, Вьетнам, Индия сияқты елдердің Кеден одағындағы елдермен еркін сауда аймағын құруға ұмтылып отырғанын ескеретін болсақ, Тунис тарапынан айтылып отырған ұсыныстың жүзеге асып кетуі де әбден мүмкін...»
Ішкі экономикамыздың болашағына да болжам жасалмай қалған жоқ, дөңгелек үстел барысында. Мәселен, экономикалық шолушы Денис КРИВОШЕЕВтің айтуына қарағанда, соңғы кездері біздің елімізде презентациялық экономика қатты белең ала бастаған көрінеді. Презентациялық экономика дегеніміз, жалпақ тілмен айтатын болсақ, мынау: мысалы, біздегі ондаған-жүздеген бағдарламалар не үшін ТҰСАУКЕСЕРІН жасайды? Халық үшін бе, әлде Президент үшін бе? Өзіңіз де жақсы білесіз, Құрметті оқырман, әлбетте Президент үшін. Президентті қалаға, болмаса бір облыс орталығына алып келіп, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсету үшін. Содан кейін, яғни Президент келіп кеткеннен кейін «тұсауы кесілген кәсіпорынға» қайтадан ТҰСАУ тағылады. ДЕНИС мырзаның пікірінше, біздегі бүгінгі күннің ең қауіпті де өзекті мәселесінің тағы бірі ол - теңгенің рубльге деген тәуелділігі. «Бұдан қолымыздан келгенше қашуға тырысуымыз керек!»дейді Кривошеев.
Дұрыс-ақ! Естір құлақ болса, еңіретіп тұрып айтты – экономика шолушысы. Рубльдің көлеңкесі теңгеге тыныш өмір сыйламайды. Әділін айту керек, дөңгелек үстел барысында айтылған пікірлер мен болжамдар салмағы түрлі-түрлі ойларға да жетеледі. Негізі, жап-жақсы «ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ» отырысы болды. Салмақты да салиқалы ойлар, бағытты да батыл болжамдар жасалды. Олардың дұрыс-бұрысын Қой жылын қорытындылағанда білетін боламыз. Ал көңіліміздің бір ортайғаны – мұндай дөңгелек үстелдер мен түрлі-түрлі тренд-сценарийлердің ресми тілде көп өткізілетіндігі. Жасыратыны жоқ, еліміздегі қаптаған қорлар мен үкіметтік емес ұйымдардың көпшілігі ресми тілде «сөйлейді». Ал енді НЕГЕ осындай саяси-экономикалық, әлеуметтік тренд-сценарийлер мен пікірсайыстарды қазақ тілінде де өткізбеске? Рас, өткізбе деп ешкім айтып жатқан жоқ - бұған біздің белсенділігіміздің төмендігі, тәуелсіз болсақ та, тәуелділіктің қанымызға сіңіп қалғандығы... кінәлі. «Ресми тілде өтті...» деп өзімізше ренжиміз, ал солар ресми тілде болса да Қазақ елінің болашағына болжам жасап, қазақ елі үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін талқандап-талдап жатыр ғой. Ал біз ше?
Ал біз АСХАНАда... әңгіме айтқанды жақсы көреміз. Шәй ішіп отырып...
Марат МАДАЛИМОВ.
Абай.kz