Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 4128 0 пікір 17 Қаңтар, 2015 сағат 11:43

КОММУНИСТЕРДІҢ КӨҢІЛІ НЕГЕ ТОЛМАЙДЫ?

Осы айдың аяғына қарай мәжілісмендерді де, олармен қоса құзырлы орган қызметкерлерін де әңкі-тәңкі қылған «Жол жүру ережесі туралы» Заң тармағына байланысты дүркіреген дау-дамайға нақты нүкте қойылуы мүмкін. Әлбетте, әгәрәки халық қалаулылары мен аталып отырған орган қызметкерлері «өзара бейбіт келісімге» келе алатындай болса! Ашығын айту керек, заң шығарушы орган өкілдері қандай да бір заң тармақтарына өзгерістер енгізетін кезде ешкімнен «РҰҚСАТ» сұрамайды, сондықтан да бұл жерде біздің «өзара бейбіт келісімге келе алса» деп отырғанымыз артықтау да шығар, алайда аталмыш ережедегі 54-ші тармаққа келгенде кейбір мәжілісмендер (дәлірегі – коммунистер фракциясы) мен жол полициясы өкілдерінің өзара түсіністік таба алмай отырғаны тіпті де өтірік емес. Сонда бұл тармақ НЕ ДЕЙДІ?

Өткен жылдың жиырмасыншы қазаны күні күшіне енген жол жүру ережесінің жаңа заңының жаңа тармағына сәйкес... ішкі істер органының қызметкері тоқтата қалған жағдайда жүргізуші өз көлігінен түспеуге толықтай құқылы... егер жол-полиция қызметкері талап етпесе. Дұрыс-ақ дейік, өйткені бұл мәселенің өзі заң қабылданған қазан айынан бері көпшілік арасында әлсін-әлсін көтеріліп, көтерілген кездерде қызу да қызу талқыланып жатты. Талқыланып жатыр да. Қысқасын айтайық, қазанда қабылданған заң тармағы бойынша... полиция қызметкері тоқтатқан уақытта автокөліктен жүргізуші ғана емес, жүргізушімен бірге көлік ішіндегі жолаушы да... рұқсатсыз шықпауға тиісті. Бұл жерде жүргізушіге деген мәжілісмендердің бір ауыз қарсылығы жоқ, ал енді жүргізушінің жанындағы жолаушы неге полиция қызметкерінің рұқсатынсыз көліктен шықпауға тиісті, а? Мәжілісмендердің міне, заңның дәл осы тармағына көңілдері толмай отыр. Өзіңіз бойлап қараңызшы, жүргізушіні тоқтатып, болмаса оны көліктен шығарып алған полиция қызметкері онымен қанша уақыт сөйлесуге тиіс? Бір минут па, екі минут па? Бір сағат па, әлде екі сағат па? Бұл жағы ережеде нақтыланбаған. Сонда дейміз-ау, егерде аяқ астынан болған оқыс бір жағдайға орай полиция қызметкері жүргізушімен «ұзақтау әңгімелесіп» қалатын болса, сонда қалай – жұмысына, болмаса басқа да бір тірлігіне асығып бара жатқан көліктегі жолаушы да жіпсіз байланып, «полицияның рұқсатын» күтіп, көлік ішінде отыра беруге тиіс пе?

Комммунист-мәжілісмен Айқын ҚОҢЫРОВТЫҢ айтуына қарағанда, бұлардың фракциясы заңның осы тармағына әу баста-ақ қарсы болыпты, алайда аталмыш тармақ көпшілік дауыспен қабылданып кеткен екен. Енді міне, айналдырған екі-үш ай ішінде қайтадан дау-дамайға ұласқан осынау тармаққа ішінара өзгерістер енгізу жөніндегі мәселені тағы да коммунистер көтеріп отыр. Кімнің бүк, кімнің шік болатыны қаңтар айының соңында белгілі болады, коммунистер фракциясының ойынша. АЙҚЫН мырзаның айтуынша, мынадай да мәселе бар: елімізде қабылданған Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясындағы 379-шы бапта «...билік өкіліне бағынбау» деген жолдар бар. Кодекстің бұл бабын бұзған азамат жүз айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмыстарға тартыла отырып 120 сағатқа, болмаса қырық бес тәулікке қамалуға тиіс. Әйтсе де дәл мұндай қатаң жаза тәртіпті өте өрескел бұзған жағдайда ғана қолданылуға тиісті. Мәселен, жүргізуші қатты ашу үстінде полицейдің погонын немесе қызметтік жетонын жұлып алса деген сияқты. Ал егер жүргізуші аңдамай... үйреніп қалған әдетпен... полиция қызметкерінің рұқсатынсыз көлігінен шыға қалатын болса, онда мұндай жағдайда ол бес айлық (9910 тг) есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеу үшін әкімшілік жазаға тартылады.

«Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды»  дегендей, қалай болған күнде де бұл жолғы коммунистер фракциясы ұсынысының көңілге қонатындай жөні бар. АЙҚЫН мырза да ашығын айтып отыр. Алайда аталып отырған өзгерістер «өндіріске ойдағыдай ене» қоя ма, жоқ па – және белгісіз. Өйткені осынау заң тармағының қабылдануына бірден-бір мүдделі болған Ішкі істер министрлігі мұның екінші қайтара ылдым-жылдым өзгере қоюына пәлендей қызығушылық танытып отырған жоқ. Тіпті ашықтан-ашық қарсы болып отыр. Қысқасы, КОММУНИСТер мен ПОЛИЦЕЙлер тартысына, амандық болса, айдың аяғында нүкте қойылатын шығар? Уақыт төреші.

Марат МАДАЛИМОВ.

 

Абай.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417