Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6177 0 пікір 8 Қаңтар, 2015 сағат 12:40

ЕАЭО: ДҰРЫСЫ ҚАЙСЫ, БҰРЫСЫ ҚАЙСЫ?

Сонымен, Еуразиялық Экономикалық Одақтың толыққанды мүшесі болып, «қоңырқай қой жылының» алғашқы аптасын бастадық. Байқала ма бірдеңе? ЖОҚ. Әрине, бірден бірдеңе байқала қоймайды. Бәрі де жайлап-жайлап байқала бастайтын болады. Саясат та, саясатсыз адым аттай алмайтын бүгінгі күннің әлеуметтік-экономикалық саласы да.

Рас, көзіміз көрген көптеген сарапшылар Еуразиялық Экономикалық Одақ өмірінің ұзаққа бармайтынын айтып жатыр. Расында солай ма? Мысалы, осынау Одаққа мүше елдерде өткізілген әлеуметтің сауалнамаларға назар аударатын болсақ, жап-жаңа ұйымның өмірге келуін посткеңестік кеңістіктегі тұрғындардың көпшілігі құптап отырған көрінеді. Әйтсе де олардың көпшілігі осынау ОДАҚ шіркініңнің қандай «катастрофаларға» даңғыл жол ашатынын онша-мұнша түсіне қоймайтын тәрізді. Жасыратыны жоқ, аталып отырған Одақ туралы ырың-жырың әңгіме қозғалғалы бері ортақ валюта жөніндегі әңгіме де бір сәтке толастаған емес. Міне, біреулер асыға күткен, ал енді біреулер мүлде күткісі келмеген Еуразиялық Экономикалық Одақ та есігімізден енді. Біреулер қалап, біреулер қаламаса да! Хош дейік, сонда ортақ валюта мәселесі не болмақ?  Ортақ валюта... мұнай бағасы мен орыс рублінің «опырыла құлап жатқан» бүгінгідей беймаза уақытында ортақ валюта жайлы әңгіме қозғаудың мүлде мәні жоқ, қысқасын қайырып айтқанда.

«Жасыратыны жоқ, Еуразиялық Экономикалық Одақ өз жұмысын өте күрделі саяси-экономикалық жағдайда бастап отыр, сондықтан Одақ жұмысының жемісті болуы негізінен Ресей Федерациясына тікелей байланысты, өйткені оның экономикалық потенциалының 80 пайызы Ресей еншісінде болып отыр»  дейді батысқазақстандық бір білгіш.

Жаны бар сөз сияқты.

«Кез-келген жаңа бастамада тәжірибесі аз Одақ мүшелері үшін өмірдің өзі кезекті сынақ мерзімін белгілеп отырған сияқты. Мәселен, Ресейге қатысты батыс елдерінің санкциялары мен рубльдің құлауы да, сол сияқты әлем бойынша шикізатқа деген сұраныстың төмендеуі де көзімізді бақырайтып қойып орын алып жатыр, әгәрәки осының барлығынан Одақ мүшелері ойдағыдай өтіп кететін болса, одан ары қарай Экономикалық Одақ шын мәнінде өз жемісін бере бастайтын болады» дейді шығысқазақстандық бір білгіш.

Жаны бар сөз сияқты.

«Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің қаржылық жүйелерінің өзара ұқсастығы жер мен көктей болғандықтан, аталып отырған Одақтың болашағы бұлыңғыр. Ал енді Армения мен Қырғыз елі туралы айтатын болсақ, олар тап-тақыр кедей елдер, олар дамушы елдер емес, олар – дамымай жатқан елдер, сондықтан мұндай мәселелерде тек миграциялық саясатты ауыстыра салу керек. Бітті! Ашығына келетін болсақ, біздің еліміздегі қаптаған ЖШС-лар, Ашық және Жабық акционерлік қоғамдар мен қоғамдық ұйымдардың барлығы да іс жүзінде ресейлік әріптестерінің екпініне шыдай алмайды. Сөйтіп бірден банкрот болады» дейді оңтүстікқазақстандық бір білгіш.

Жаны бар сөз сияқты.

«Бұрынғы Кеңес Одағына ораламыз деп зарлай бергенді қою керек, күн сайын айтылып жатыр ғой бұл – саяси одақ емес, таза экономикалық одақ деп. Бұл жерде ешқандай идеология да жоқ, бұл жердегі басты мақсат – шекараларды ашып тастап, еркін саудаға кеңінен жол ашу. Басқа ештеңе де емес. Егер осынау Одақтан өздеріне тиесілі экономикалық пайданы байқамаса, Армения мен Қырғыз елі де Одаққа кіру мәселесін жедел түрде күн тәртібіне қоймас еді» дейді солтүстікқазақстандық бір білгіш.

Жаны бар сөз сияқты.

 «Егер Армения мен Қырғыз елі болмағанда, Одақтағы дауыстар өзара тепе-тең болар еді. Бұл екі ел, шынтуайтына келгенде, әлімсақтан бері Ресейдің қолтығына кіріп, күнін көріп отырған елдер, сондықтан олар Ресейге, бір жағынан алып қарағанда, қарыз да сияқты. Экономикалық Одақтағы бір мемлекет - бір дауыс болып есептелсе, дауысқа салу кезінде аталып отырған екі мемлекет автоматты түрде Ресейді қолдап шыға келеді» дейді орталыққазақстандық бір білгіш.

Жаны бар сөз сияқты.

«Экономикалық Одақ – өте жақсы нәрсе, сондықтан оны құлатып алмауға тырысу керек. Ең бастысы – осынау Одаққа мүше болып отырған елдер Одақ шеңберінде өз мүдделерін қорғай білуге тиісті» дейді астаналық бір білгіш.

Білмейміз, миымыз қатып кетті. Білгіштер де қателеседі ғой!

Сонда дұрысы қайсы, бұрысы қайсы, а?

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369