ҚАУЫМДАСТЫҚ, ЕКЕНСІҢ БӘРІҢ БАСТЫҚ...
Бүгінгі күнгі қазақ елінде көп нәрселер... КӨП. Сондай «көптердің бірі – аттап кетсең, аяғың шалынатын қаптаған «қауымдастықтар». Ассоциациялар, өркениет тілімен айтқанда. Біз неге мұны аяқ астынан «архивтен» көтеріп отырмыз? Бекерге емес.
Ағымдағы ақпараттармен тыныстап отырмаса, алпыс екі тамырына қан жүгірмейтін қазақстандықтар ұмытпаған болса, жақында ғана Астанада тұңғыш рет... құрылыс саласы мамандарының Еуразиялық конгресі болып өткен болатын. Осы конгресте еліміздегі ең ірі құрылыс компанияларының бірінен саналатын «БАЗИС-А» компаниясының басшысы, есімі «ханнан қарашаға» дейін жақсы білгілі бизнесмен Александр БЕЛОВИЧ деген мырза жап-жақсы идея тастады. Қонгресс делегациясының тура ортасына. Оның айтуынша, еліміздегі Құрылысшылар қауымдастығы, Қала құрылысының қауымдастығы, Мердігерлер қауымдастығы сияқты көптеген қауымдастықтар бірігіп, бір ғана ҚАУЫМДАСТЫҚқа топтасатын болса, бұл қоғам «бір терінің пұшпағын илеп жүрген» құрылысшылар үшін өте тиімді болатын көрінеді.
Әділін айту керек, Белович ұсынысы дер кезінде көтеріліп отыр, өйткені осы күні қауымдастықтан көп нәрсе жоқ. Олардың көпшілігінің немен айналастынын қарапайым адам түгілі, сол қауымдастықтарда «папка» арқалап жүрген пысықайлардың өздері де онша біле бермейді. Ресми мәліметтерге жүгінетін болсақ, дәл қазіргі кезде біздің елімізде бір ғана құрылыс саласына қатысты бақандай 18 (?) салалық қауымдастық бар екен. Сонымен бірге, осы салаға қатысты 38 мың субъект бар болса, соның жұмыспен қамтылып жатқанының саны 30 мың ғана екен. Бұл аз ба, көп пе – әзірге бұл сұрақтың жауабы жоқ. Бірақ, бір қызығы, жоғарыда аталған он сегіз салалық қауымдастықта 400-ге тарта құрылыс компаниясы мен ұйымы тіркеуде тұр екен. Бұл аз ба, көп пе – әзірге бұл сұрақтың да жауабы жоқ. Осы тұста амал жоқ, солтүстік көршіміздің құрылыс саласындағы аз-маз жаңалықтарынан оқырманымызды құлағдар ете кетейік: мәселен, жақында ғана Ресей Федерациясында құрылыс саласына қатысты барлық лицензиялардың күші жойылды. Енді бұдан былай қарай ол елдегі құрылыс рыногін құрылыс компанияларынан белгілі бір мөлшерде жарна жиып, өзін-өзі реттеп отыратын қауымдастықтар қадағалайтын болады. Бұл неге қажет? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Мысалы, қауымдастыққа мүше болып тіркелген құрылыс компанияларының бірінің жұмысынан «шикілік» шыға қалатындай болса, тапсырыс берушінің «тартқан зияны» осы қауымдастық жинаған жарна есебінен өтеледі. Бұдан әрмен қарай не болады десеңізші? Бұдан әрмен қарай... осынау қауымдастыққа мүше компаниялар өз қалталарынан жарна ретінде қып-қызыл ақша төлеп отырғандықтан «тірлігі шикі» әлгі әріптестерін құрылыс рыногінен кәдімгідей... қуып шығады. Әлбетте, мұндайдан кейін құрылыс сапасы да көңіл көншітерліктей жақсаруға тиісті. Мамандар осылай дейді. Жаны бар сөз, өйткені дәл осындай қадағалау жүйесі біздің елімізде де «қатарға қосылатын» болса, қайбір жылдары Қарағанды қаласында құлап қалған көпқабатты үй сияқты оқыс оқиғалар орын алмас еді. Солтүстік көршіміздегі аталып отырған жаңалықтың тағы бір бөле-жара айта кетерлігі – егер құрылыс рыногін қадағалап отырған қауымдастық рұқсат бермесе, Ресейдегі кез-келген құрылыс компаниясы ауыз толтырып айтарлықтай бір де бір тапсырысқа қол жеткізе алмайды. Бұл енді, шындығына келгенде, қос қолды көтеріп тұрып қолдайтын тамаша жаңалық, ал сонда мұндай жаңалықты неге біздің елімізде де қолданысқа енгізбеске, а?
Биылғы қой жылының қаңтарынан бастап қолданысқа еніп жатқан көптеген жаңалықтардан еліміздің құрылыс саласы да құралақан емес, мәселен: бұдан былай қарай салынып біткен тұрғын үйлерді эксплуатацияға МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯ емес... оның орнына бар болғаны төрт-ақ адам қабылдайтын болады. Олар – тапсырыс беруші мен мердігердің, сонымен бірге авторлық және техникалық бақылаудың өкілі. Міне, осы төрт адам ғана тұрғын үйді... эксплуатацияға қабылдайтын болады. Бұл дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па – құрылыс саласы мамандарының Астанада өткен алғашқы конгресінде көтерілген осынаусұраққа атақты Александр БЕЛОВИЧтің өзі де нақты жауап қайтара алмады. Ал біз алдағы уақытта жарияланатын кезекті мақаламызда «қазақ еліндегі құрылыс рыногіне қатысушылар қандай «Ереже бойынша ойнайды» деген сұраққа жауап іздейтін боламыз.
Марат МАДАЛИМОВ.
Абай.kz