РАҚЫШЕВТІҢ «КЕШ КЕЛГЕН МАХАББАТЫ»
Белгілі кинорежиссер Еркін Рақышев «Кеш келген махаббат» атты тағы бір киноны өмірге әкелді. Тағы бір дейтініміз... Иә, біз қазір Е.Рақышев түсірген кинолардың санынан жаңылып қалдық. Деректі филъмдері өз алдына бір төбе. Меніңше, Еркін есімін даңққа бөлейтін сол деректі филъмдері. Ол туралы әңгіме бөлек. Біздің айтпағымыз... Иә. «Кеш келген махаббат». Жалпы маман болмаған соң бұл киноны да толықтай талдағымыз жоқ. Тақырыбы жанға жақын болған соң... Махаббат емес. Ойы. Дұрысы – дінді қаузай кеткені.
Жә, әңгімені басынан бастайық. Ол өзі көп сериялы кино көрінеді. Бізге қысқартылған екі сағаттық нұсқасын көрудің сәті түсті. Кино көретіндей көңіл қошым жоқ еді. Еркіндікі болған соң... Дос болған соң... Теледидарға еріксіз телмірдім. Екі сағат зу ете қалды. Еркінді құттықтағым келіп, телефон тұтқасын көтердім. Сағатқа көзім түсті. Сағат тілі үштен ауыпты. Түнгі үштен. Еркіннің киносы менің бір түнгі ұйқымды ұрлады. Ойға бөледі. Мазамды қашырды. Нәтижесі – қолыма қалам алдым.
Кинодағы оқиға. Сәтсіз махаббат. Жеңіл өмір. Тығырыққа тірелген ата-ана. Тоғысқан тағдырлар. Бары осы. Тарқатып айтсақ, өмірде жарасымын таппаған жұптар аз емес. Екі жас қосылмай жатып ажырассын, не қосылған соң ажырассын, оның себебіне үңіліп жатқан адам аз. Мінездерінің жараспауы, әлеуметтік мәселелер, келін мен ене қатынасы, тағы да басқа сол сияқты толып жатқан себеп-салдарлар, байыбына барсақ, мұның бәрі біздің ұлттық болмысымызға тән мәселелер емес. Егер біз осы өзімізге тән емес проблемалардан арылсақ, таза ұлттық кейпіміз айқындалады. Ал ол кейіпте екі жастың ажырасуына себеп болған әлгі біз тізбелеп шыққан мәселелер атымен жоқ.
Сонда біз ол пәлекеттерді қайдан жұқтырдық? Дұрыс. Өзгеріске түскен өмірден. Рас, КСРО саясатында да кінәрат бар. Бүгінгі тілмен айтсақ, жаһанданудың ұлттық үрдісті өз ырқына бейімдеуі деген сияқты да бір ғылыми тұжырымды көлденең тартуға болады. Шынтуайтына келгенде, оның бәрі далбаса. Біздің ұлттық бейнемізді жоғалтудың бір-ақ себебі бар. Ол – Құдайсыздық. Біз Алладан ажырап қалдық. Шайтани мәселелердің алға шығуы сондықтан. Еркін «Кеш келген махаббатында» соны айтыпты. Және де кино тілімен келістіріп айтқан. Біз соған сүйсіндік. Көріңіз. Сіз де сүйсінесіз.
Құдияр БІЛӘЛ.
Абай.kz