Талғат ЕШЕНҰЛЫ. ТАҒДЫР САПАРЫ
Тағдырым кейде жат,
Әй бір,
Жетім ботадай боздайды.
Кейде енді жанған от,
Әй бір,
Өртеніп кете жаздайды.
Боздағандағы жасымен
Өрт мінезімді өшірем.
Тағдырым, саған несіне
Еге болды екем осы мен?
Қуанса кейде баладай
Қолды-аяққа тұрмайды.
Түнерсе түкке қарамай
Соңғы күлкімді ұрлайды.
Біресе таудай өсірем,
Біресе жаудай өшігем.
Тағдырым, саған несіне
Еге болды екем осы мен?
Иідің, кейде қатайдың,
Сапарың жайсыз, зор қандай –
Аякөз бен Тарбағатайдың
Арасындағы жолдардай.
Иісең әндей есілем,
Қатсаң қайыстай кесілем.
Тағдырым, саған несіне
Еге болды екем осы мен?
Сапардың бар ма, тұрағы?
Естеліктерің зіл қандай –
Алыста, Алматыдағы
Жатақта қалған жылдардай.
Әр нәрсе түсіп есіме,
Әр нүктеге бір тесілем.
Тағдырым, саған несіне
Еге болды екем осы мен?
Шын, кейде өзі түн-ей бір!
Күн-ей бір, таңды шат қылған!
...Беймезгіл шақта кім-ей, бұл,
От алып тағы кеп тұрған?
Сенсің бе, тағдыр?
Досым ең.
Қойшы, бәрін де кешірем.
Жалқы ғұмырды несіне
Жетімсіретем осы мен!..
Абай.kz