Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 11531 0 пікір 3 Қаңтар, 2015 сағат 10:43

АЛАШ.МЕМЛЕКЕТШІЛДІК ИДЕЯСЫНЫҢ ҮЗІЛМЕГЕН АРҚАУЫ

Алаш – Қазақстанның бүгінгі «Мәңгілік Ел» ел мұратын өз тұсында саясат пен руханият тұрғысынан тереңдеткен, айшықтаған кезең атауы.

Алаш – Қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілдік мүддесінің үзілмеген арқауы.

Алаш  Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының батыл да бастамашыл білік пен парасат, білім мен жауапкершілік тарихына қараған айнасы. 

Бұйырса, енді үш жылдан кейін Алаш Орда үкіметінің немесе Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толады. Мұның қапталында қазақ қайраткерлері құрылуына тікелей қатысқан Түркістан автономиясының немесе мұхтариятының ғасырлық тарихын байыптаймыз. Осының бер жағында 2016 жыл – Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы.

Бұл аса маңызды тарихи даталар ұлт мерейі ретінде мемлекетімізді, зиялыларымызды қатты толғандыруы тиіс. Оразды жұрттарда мұндай шараларға кемі 5 немесе 10 жыл бұрын даярланады. Жоспар құрып, бағыт-бағдар түзейді. Оқығандары ақылдасады, саясаткерлері заңдастырады, халқы қолдайды, әлем әсерленеді.

Біз де жақсылықтан үміттенеміз. Өйткені, бастамашыл ғалымдарды былай қойғанда, тарихқа ынтызар, елге жауапкер Елбасымыздың «Тарих толқынында» атты кітабында: «Алаш зиялылары… сол айтулы есімдердің білімдарлық һәм азаматтық тәлімдерінде кейде көріне бермейтін де арналар бар. Оның бағасын ұрпақтары, бүгінгі қазақ зиялылары беруге тиіс. …Бұлар – тарих толқынындағы мәдениетіміздің кіндік тұлғалары» деп жазылған (Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, 1999. – 156-179 б.).

Осы бір ауыз сөзге көп мағына сыйып тұр.

«Көріне бермейтін арналар…».

«Бағасын ұрпақтары мен зиялылар беруге тиіс…».

«Мәдениетіміздің кіндік тұлғалары…».

«Кіндік тұлғалар» дегеннен бастайық. Бұл – нағыздың нағызы, ұлттың жүрегі мен қаны, жаны мен ары деген сөз. Адамзаттың дамуы да, үрім-бұтағы да кіндікпен жалғасып, кіндіктен тарайды. Алаш тұсында «центр» дегенді «кіндік» деп аударған. Ол бұған да сәйкес келеді. Ендеше, кіндік тұлғалар туралы елге кеңінен мағлұмат беру, тағылымды әңгіме айту – маңызды іс.

Алаш зиялыларын біз қаншалықты баға­ласақ, байыптасақ, ұлт тарихын да сон­шалықты бағалап, байыптай алғанымыз. Ал, егер оған атүсті қарасақ, бұл кезеңді «көп кезеңнің бірі» деп шешсек, онда өзіміздің жер болғанымыз. Тарихи баға туралы мәлі­мет алып, халық санасы қабылдайтын тұжырымдама жасау – жауапты жұмыс.

Алаштың көріне бермейтін арналары шаш-етектен. Ол неге көрінбейді? Неме­се біз оны қалайша көре алмай жатырмыз? Көрінбейтін себебі – бүгінде көп заман­дастарымызға оны көре алатындай сана, тіпті қарапайым көзілдірік жетпей тұр. Бәлкім бұл да асыра айтқандық шығар, дұрысы, ниет болмай тұр. Ал, жалпы жұрттың көруіне кедергі келтіріп отыр­ған нәрсе – құлықтың жоқтығы, кең насихат­тың жетімсіздігі, мәселеге кешенді түрде қарамаушылық. Әрине, таңның ататыны секілді, бұлай бола бермейтіні де ақиқат. Сондықтан да Алаштың көріне бермейтін арналары туралы зерделі ой айтып, қағидатты пікір білдіру – жай талап емес, мемлекеттік һәм мемлекетшілдік талап.

Жалпы аса ірі тарихи құбылыс туралы ой түйіндеу – түйенің жүгінен де ауыр батпан­даған жұмыс. Алаштың дара тұлғасы Әлихан Бөкейханнан қалған мынандай бір сөз бар: «Өзің түйеден өткен жетекшіл болсаң, саған ақыл не керек?». Мұның бүгінгі кері – Алаш туралы шектеушілікке барып, «ұлт тарихын жақсы білемін, сондықтан баға бере аламын» деп, жоғары-төмен жұртты алдаусырату.

Бұл ретте екі сәтті айта кетуіміз керек. Бірінші, «Алаш» деген ұғым қалай пайда болды және оның тарихтағы орны қандай болды? Жалпы, «Алаш» деген ұғым «алты Алаш», «алаш халқы», «алаштың баласы» деген мағынада бұрыннан бар. Десек те, әр дәуір әр ұғымға өзінше сипат береді. XX ғасырдың басында, яғни 1907 жылы қазақтардың Ресейдің мемлекеттік Думаға сайлану құқығынан айырылып қалуы халықтың намысына қамшы боп тиді. М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» дейтін тұсы – осы кезең. Ақылға салып көріңіз, 6 миллион қазақтан Думаға бірде-бір депутат сай­ланбаған. Бұл – заң шығарушы органда қазақтың сөзін сөйлейтін бірде-бір адам болмаған деген сөз. Сол кезде Ресейдің дәрежесінде оқыған, шетелде білім алған қазақ азаматтары мұны қорлық деп білді. Өйткені, бұған дейінгі күшпен тарқатылған екі Думада да жұмыс істеген азаматтар аяқ астынан өздерінің керексіз болып қалғанына наразы болды. Шынында да, кеше ғана халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған адамдар енді сол халықтың сөзін сөйлеуден қалды. Мұның себебі не?

1891 жылы «қазақтың жері – қазынаның жері» болып жарияланып, Ресей империясы­ның меншігіне өтеді. Сөйтіп, қазақтың жерін тартып алған империя қазақтарға отырықшы елге айналып, 15 десятинадан жер алуды ұсынады. Мұны қазақ зиялылары құп көрмейді. Егер қазақтар он бес десятинадан жер алса, мыңдаған жылдар бойы жайлау, қыстау, күзеу деп көшіп-қонып жүрген халық әп-сәтте ұлан-ғайыр жерден айырылады.

Ал, патша жерге қатысты акцияны ұзаққа созды. Сөйтіп, қазақтарға «Біз сендерге жер ұсындық, өздерің жерді алмадыңдар. Қазір сендердің жерлерің жоқ» деп қоқан лоқы салды. Патша қазақ жерінің тарихи топонимикасын былай қойғанда, қазақтың жерінде қазақтың бейіті бар екендігін, бейіттерде бабалардың сүйегі жатқандығын да ескерген жоқ. Нәтижесінде, қазақтар өз ата-бабаларының жерінде тұрып, цыгандар секілді жері жоқ халықтың санатына енді.

1906 жылы қазақ азаматтары Мемлекеттік Думаға алғаш рет сайланды. Сол жылы 17 қазанда манифест жариялаған патша өкіметі шет ұлттарға баспасөз бостандығын беріп, ұлт мектептерінің ашылуына мүмкіндік туғызды. Мұндай оқиға бұған дейін тарихта болған жоқ.

1861 жылы Ресейде крепостниктік право жойылғаны мәлім. Бұған дейін Ресей өзін өзі құлданған мемлекет болатын. Біздің ғалымдар архивтен ХІХ ғасырда қазақ ұл-қыздарының құны қанша тұрғаны жөнінде деректер тауып отыр. Бұл – Сібірдің құл базарының тарифі. Өз-өзін құлданған империя шет жұртты аясын ба! Сол кезде теңсіздікке алғашқылардың бірі болып Қырым татарлары бас көтерді. Өйткені, олардың көшбасшысы Исмаил Гаспринский Еуропамен байланыста болды, жалпы түріктің жоғын жоқтап «Тәржіман» газетін шығарып тұрды. Ресейдің өз көрін өзі қазып жатқандығын, түптің түбінде құрдымға кететінін айтқан да осы татарлар болатын. Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы ұстазымыз деп есептеген осы Гаспринский Францияда, Шығыста оқып, ағартушылық бағытта көп кітап, оқулық жазған. «Орыс-Шығыс келісімі» атты еңбегінде Ресей империясының қарамағындағы 20 миллион түрік-мұсылманды (оның ішінде 6 миллион қазақ та бар) надан қылып ұстап, шоқындыруға тырысқан империяның әрекетін сынға алады. Осының бәрі айналып келгенде Алаш қозғалысының басталуына түрткі болды. Алаш оянуы деген кезде біз XX ғасырдың басындағы ұлт құқының аяққа тапталуына қарсы жұмылған зиялылық күшті айтамыз. Ал, 1917 жылғы төңкеріс күтпеген оқиға болды. Ресей осы құрдымға жайлап аяңдап келе жатқан болатын. 1914-1918 жыл аралығында бірінші Дүниежүзілік соғыс болды. Патша өкіметі дегенін қылып, қол астындағы халықтардан әскер жасақтады. Осы екі аралықта бітіспес шайқас басталды. Большевиктік партия империяның құрып бара жатқанын мықты пайдаланды. Бірақ тап осы кезде Кавказдың, Финляндияның, біздің зиялылар «большевиктер билік басынан қысқа мерзім аралығында кетіп қалады» деп мақалалар жариялады. Алайда, большевиктер билік басынан кеткен жоқ. Керісінше, тұрақтап қалды. Сол кезде бұған дейін кезең-кезеңмен орындалады деп жоспарланған жұмыстарды тез арада іске асыру керек болды. Сөйтіп, күн тәртібіне «автономияны қай жерде жариялаған жөн?» деген сауал шықты. Орынборда жариялайын десе, ол большевиктердің қолында. Ташкентте Түркістан автономиясын жариялайын дегенде, большевиктер бұл шаһарды да басып алды. Сол себепті Түркістан автономиясы Қоқанда жарияланды. Тарихта «Қоқан автономиясы» деп қате кеткен. Негізі ол Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы немесе мұхтарияты. Басқаша айтқанда, Түркістан халықтарының автономиясы. Ол қазаққа да, түрікменге де, өзбекке де, қырғызға да, тіпті тәжікке де ортақ. 1917 жылдың аяғында құрылған автономияның ғұмыры небәрі 3-ақ айға созылды. Үш айдан кейін большевиктер Қоқанға келіп, бар жұртты қырып тас­тады. Өздері күшпен құлатқан Түркістан автономиясының орнына тура сол атаумен 1918 жылы Ташкентте «советтік» автономия құрды. Ал Орынборда 1917 жылы 13 желтоқсанда Алаш Орда үкіметі жарияланады. Сол кезде үкімет деген аты болмаса, ол «Алаш автономиясы» болатын. Үкіметтің өмірі 1917 жылдың аяғынан 1919 жылдың ортасына дейін созылды. Бұл көп уақыт емес. Дегенмен, осы аралықта қазақ халқының қазіргі мемлекеттік нышандары мен негіздері қалыптасты. Әскер құрылды, заң шықты, үкімет құрамы жасақталды, Алаш Орданың мемлекеттік атрибуттары пайда болды.

Айта кету керек, сол кезде Алаш Орда үкіметі мен Түркістан автономия­сы жарияланбағанда, қазір біз Ресей Феде­ра­циясының құрамындағы Татарстан, Башқұртстан сияқты автономиялық респуб­лика болатын ба едік. 1917-1919 жылдар аралығында қазақ қайраткерлері Сталинмен, Ленинмен қайта-қайта келіссөз жүргізіп, шекарамызды анықтады, бүгінгі республиканың негізін қалыптастырды. Біз сөз етіп отырған тарих – бұралаң, қиын болғанымен, өте жарқын тарих. Қалай дегенде қазақтың еуропалық дәрежеде қайта оянуы, ендігі дамуын әлемдік үдерісте парықтауын айрықша өсу деп қабылдаған жөн.

Алаш Орда үкіметінің жасақталуы, құрылу үдерісі қазір кейбір азаматтар тарапынан кейде көтеріліп қалатын парламенттік-прези­денттік билікке келеді. Кезінде Әлихан Бөкейхан үш үміткердің арасынан сайланып, Алаш Орда үкіметінің төрағасы қызметін атқарған. Әлемдік демократиялық жаңа сая­си үдеріске сәйкес, сайлауда жеңіске жеткен партия премьер-министрді сайлап, сол елді басқаратын билік күші болып жатты. Алаш Орда да тура осылай істеген. Яғни, партия төрағасы үкімет төрағасы қызметін қоса атқарған.

Ал енді партияның сипаты, бағыты қандай десек, бүгінгі ұғыммен айтқанда, бұл – либералдық-демократиялық партия. Негізгі ұстанымы елдің демократиялануы, шұғыл реформалар және бір жаққа бұра тартпай, орта әрі икемді бағытты темірқазық тұту.

Кеңес өкіметі кезінде «қазақ зиялы­ларының басы бірікпейді, қазақтың жауы – қазақ» деген түсінік пайда болды. Абайдың өзіндік контексте пайдаланған сөзі сыртқа шығып, елге басқаша мағынада тарап кетті. Жалпы қателікті қағидатқа айналдыру өте зардапты. Мысалы, кеңес тарихы Кенесарыны халықтың жауы етіп көрсетті. «Өзіне қосылмаған халықтың бәрін қырып тастады» деп айыптады. Мысалы, М.Сералиннің «Топжарған» деген поэмасында бір жігіттің тағдыры арқылы Кенесарының оқиғасы айтылады. Осы поэмаға кейінгі заманның баспагерлері көп зияндық жасаған. «Кенесары кіріп келген кезде жиналған жұрт үйдің төрін ұсынады» деген мағынадағы сөз бұрмаланып, «хан кіріп келген кезде елдің бәрі шулайды» деп өзгерген…

Кезінде «Айқап» өмірге өзінен кейін келген «Қазақ» газетін қолдап мақалалар жазды. Артынан саяси топтар оларды бір-біріне қарсы қойды. Дегенмен, олар бір-біріне қарайласпай кеткен жоқ.

Кеңес тұсында және кейде қазір де бәз біреулер Батыс Алаш Орданы Шығыс Алаш Ордадан бөліп, бірін-біріне қарсылықтан пайда болған бөлініс деп топшылағанын білеміз. Бұл да – жаңсақ пікір. Ол – территориялық бөлініс қана.

Алаш зиялыларының дүрдараздығы белгілі бір пікірталас аясында ғана болуы мүмкін. Ал, ұлттық деңгейдегі келіспеушілік олардың арасында болған емес. Ұлттық ұйысудың негізі – Алашта жүйелі және айқын көрінеді. Өйткені, олардың ауызбіршілігі өте мықты еді. Тіпті, олар бір-біріне хат жазғанда «Жаным, құшақтап сүйдім» дейді. Бүгінгі зиялылар бір-біріне дәл осылай хат жаза ала ма? Екінші бір мәселе, қазақ зиялыларының бірлі-жарымы ғана эмиграцияға кетті. Оның ішінде М.Шоқай мен Р.Мәрсекұлы бар. Елден жырақ кету туралы ұсыныс Міржақыпқа да, Әлиханға да айтылған. Бірақ олар мұны қабылдамаған. «Не болса да елмен көреміз» деп шешкен. Бұдан кім ұтты – бұл намыс пен адалдықтың құпиясы, бәлкім шындығы. Әлихан атылды, Міржақып Сібірде айдауда қаза болды… Олардың өлімі де тағылымды.

Қазіргі біздің қоғамда тәуелсіздік талаптарынан туындайтын жақсы үдерістер жүріп жатыр. Біріншіден, қазақ ұлттығына келіп, елдікті таныды. Тарихтың ащы сабақтарын білді. Ендігі бір ескерер жайт: осы өткенді қорыта отырып, оның жақсылықтарын бүгінгі қоғамға жарату мәселесінде бейжай күйдің де барын жасыруға келмес. Елбасымыз таяудағы Ұлытау сұхбатында осы дерттің емін жақсы көрсетті.

Танымдағы кемшілік себебі, замндастары­мыз­дың белгілі бір дәрежеде Алаш қайраткерлерінен, зиялылардан қандай сабақ алу қажеттігін сезінбеуінде шығар деп ойлаймыз. Мынадай ой келеді. Біздің әріптестеріміз, ғалымдар Алаш зиялыларының еңбегін том-том қылып шығарды. Бірақ бұл кітаптар тек сөреде тұратын жылтыраған дүние болып қалмауы тиіс. Алаш зиялыларының бейнесі де, олардың шығармаларының оқылуы, насихатталуы бүгінгі ұрпақтың олжасына айналуы керек. Осы тұрғыдан келгенде «Мұның қандай пайдасы бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, Алаш рухын насихаттау сол зиялылар секілді елдікті ойлауға, кез келген нәрсені салмақтап, оған ұлт мүддесі тұрғысынан баға беруге үйретеді. Екіншіден, қазақтың әсіреқызылдыққа, көшірмешілікке баруын тыю жағынан да пайдасы мол. Алаш арыстары шығарған «Қазақ» газетін қараңыз. Бұл газет оқырмандарына сол заманның әлемдік деңгейдегі іргелі ғылым мен қайраткер азаматтарын таныстырып отырды. «Қазақ» газетінің нышанында қазақтың киіз үйі тұр. Оның түндігі Батыстан ашылған, бұл қазаққа сәуле батыстан келсін дегенді білдірді. Бірақ бұл сәуле келгенімен оның мазмұны ұлттық болуы тиіс. Сол себепті таразы, парасат, талғам болсын деп, үйдің есігіне ұлт атын жазып қойды. Бұдан батыстық үлгідеге нәтижеге тез жететін форманы пайдалана отырып, мазмұнын қазақыландырып, ұлтқа қызмет етуге жұмылдыру тиіс деген ой айшықталды.

Тағы бір мәселе: кез келген қоғам үшін діннің орны ерекше. Рухани құндылықтар, адами мәдениет тек дінмен суарылады. Біз­дің мың жылдан астам тарихымыз, әдебиетіміз өзіміздің хақ дініміз – дәстүрлі ислам құндылықтарымен біте қайнасып жатыр. Қазақтың 50-60 пайыз сөздерінің өзі дін арқылы енді. Сабыр, зейін, әділет деген сөздерді тарқатсаңыз, ар жағынан бәрібір ислам ұлықтайтын жақсы дүниеге алып келеді. Ал осы ұғымдарды Алаш зияылары қалай терең түсіндіреді десеңізші. Сондықтан да біз қазір «бізге Абай мен Алаш тұлғаларының парасатынан өткен ислам керек» дейміз.

Алаш қайраткерлерінің түсінігінде діндар адамның бүкіл болмысы иманды болуы тиіс. Мәселен, Мұстафа Шоқай бір еңбегінде «Менің бірталай әріптестерім бұл дүниеде жасаған күнәсінің о дүниеде алдынан шығатынын біледі. Осындай адамдардың бар екеніне қуанамын» деп жазады. Яғни, саяси тұлға иман мен ардың, обал мен сауаптың бар екендігін білуі тиіс. Сондықтан да, дін үшін «жай ғана садақа беріп, құрбан айтты атқара салу» дұрыс емес. Бұл бүкіл қоғам тіршілігіне енуі қажет. Тура осы мағынадағы дүниені Шәкәрім, Ғұмар Қараш секілді Алаш арыстарының шығармаларынан көреміз. Адамның жаны мен тәні, ойы мен ісінің екіге бөлінгеніндей болмауы тиіс. Бәрі жұп-жұмыр болып бір жерден табылса игі. Осындай сабақтардың қоғам үшін де, ұлт үшін де пайдасы зор болатынына күмән жоқ.

Алаш арқауы – біздің мыңдаған жылғы елдік арқауымыздың жалғасы, сапалы кезеңі. Біз тарихымыздың бұл шағын, Жаратқан бұйыртқан елдік рухы биік, отаншыл қағидаты айқын, Елбасымыз айтқандай, кіндік тұлғаларын әрқашан мақтан тұтамыз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.

Абай.kz

Дереккөз: http://egemen.kz/?p=46417

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308